Діндегі шектен шығушылық деген не?

Жұма, 13.11.2021

немесе ифрат-тәфрит ұғымдары туралы

Исламда немесе ислам ғылымдарында «ифрат» және «тәфрит» деген екі ұғым бар. Бұл екі сөздің ислам дініндегі терминдік мағынасына тоқталудан тілдік мағыналарын түсіндіріп өтелік. Ислам ғылымдарында ғана емес, басқа да ғылымдарда белгілі бір терминге ғылыми анықтама жасаудың алдында, сол сөздің тілдік мағынасын, қай тілден шыққандығына тоқталады. Біз де осы үрдістен таймай,«ифрат» және «тәфрит» сөздерінің тілдік, кейін терминдік мағыналарына тоқталуды жөн көрдік. Себебі, кез келген ұғымның тілдік және терминдік мағыналарының арасында байланыс бар. Тілдік мағынасын түсінсек, терминдік мағынасын түсіну жеңіл болады.

«Ифрат» пен «тәфрит»–араб тілінде «фарата» етістігінен шыққан туынды сөздер. «Ифрат» сөзі араб тілінде «бір істе шектен шығу» деген мағынаны береді.  Бұл анықтаманы араб лексикографиясында ең танымал түсіндірме сөздіктердің бірі «Әс-Сихахтың» авторы, өзіміздің Отырардан шыққан ғалым имам Әбу Наср әл-Жауһари (һ.ж.б. 400 жылы қайтыс болған) жасаған. Ал «Лисан әл-араб» сөздігінің авторы Ибн Манзур: «Ифрат – асығыстық, алға ұмтылу, ысырап жасау, талап етілгеннен артық орындау, бір істі орындауда шектен шығу»деп, ол сөздің бірнеше мағыналарын берген. Араб тілінде және діни мәтіндерде бұл сөзге синоним ретінде «ғулу» сөзі де қолданылады. Ал шариғатта құлшылықтарды жасауда шектен шығу, өз деңгейінен асырып жіберу – «ифрат» деп аталады.

Құранда «фарата» етістігінен шыққан туынды сөздер сегіз рет кездескен. Мысалы, «Таһа» сүресінің 45-аятында: «Екеуі (Мұса мен Һарун): «Раббымыз! Шынында, оның бізді бас салып жазалауынан, не шектен шығуынан қауіптенеміз» деді» және «Анғам» сүресінің 31-аятында «Алламен кездесуді жалғанға санағандар зиян шекті. Ал қашан өздеріне Сағаты (Қиямет күні) кенеттен жеткенде, олар: «Онда (дүние тіршілігінде) шектен шыққанымыз неткен қасірет!» дейді. Һәм күнәларын арқаларымен көтереді. Көтерген нәрселері неткен жаман еді!» деп келген. Осы аятта «ифрат» сөзінің түбір етістігі қолданылған.

Құранда «ғулу» сөзі екі рет кездеседі. «Ниса» сүресінің 171-аятында «Уа, Кітап жұрты! Діндеріңде шектен шықпаңдар, Аллаға қатысты ақиқаттан басқа ештеңені айтпаңдар» және «Мәйдә» сүресінің 77-аятында «Уа, Кітап иелері (яһудилер мен христиандар)! Діндеріңде (ешбір) ақиқатсыз шектен аспаңдар» дейді. Яғни, діни мәселеде шектен шығу исламға дейінгі діндерде де болған. Алла тағала мұсылмандардан басқа да үмбеттерді діни мәселеде шектен шығудан қайтарған.

Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с.) хадистерінде «ғулу» сөзі бірнеше рет кездескен. Мысалы, имам Ахмад пен Ибн Мәжәһ, Абдуллаһ ибн Аббастан (Алла әкесі екеуіне разы болсын) риуаят еткен хадисте Алла Елшісі (с.а.с.):«Уа, адамдар! Дінде шектен шықпаңдар! Расында, сендерге дейінгілер дінде шектен шыққандықтан құрдымға кетті»деген. Бұл сөздерді Алланың Елшісі (с.а.с.) қажылықта жамаратқа тас лақтыратын кезде лақтыратын тастарды алақанына салып, адамдарға ұсақ тастармен шайтанға тас лақтыратынын ескертіп тұрып айтқан. Яғни, құлшылық жасау барысында да шектен шығуға болмайды.

«Тәфрит» сөзі араб тілінде «немқұрайдылық», «селқостық», «қысқарту» және «бір нәрсені орнынан кетіру» деген мағыналарды береді. Жоғарыда біз атап кеткен араб сөздіктерінде, яғни «Сихах» пен «Лисан әл-араб» сөздіктерінде «тәфрит» сөзіне осылай анықтама берілген. Ал шариғатта құлшылықтарды жасауға немқұрайды қарау, өз деңгейінде атқармау – «тәфрит» деп аталады.

Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) хадистерінде де «тәфрит» сөзі бірнеше рет кездеседі. Мысалы, ұйқыда немқұрайдылық жоқ. «Немқұрайдылық келесі намаздың уақыты жеткенге дейін (сол уақыттағы) намазды оқымауда»деген (Муслим). Осы хадистегі біз «немқұрайдылық» деп аударған сөз араб тілінде «тәфрит» сөзімен келген. Осы Құран аяттарында, Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с.) хадистерінде және араб сөздіктерінде кездесетін мағыналардан «ифрат» пен «тәфриттың» дін істерін орындауда шектен шығу және оларды орындауға селқос, немқұрайды қарау екендігін түсінеміз.

Имам әл-Аузағи: «Алла бір нәрсені бұйырса, шайтан оған екі түрлі сипатпен қарсы шығады. Осы екеуінің қайсысы орындалса да ол үшін бәрібір: шектен шығу (ғулу) және немқұрайдылық (тақсир)» деген. Алла тағаланың «Қолыңды мойныңа байлаулы да қылма (сараң болма), барынша ашып та жіберме (ысырап қылма). Олай істесең, кінәланған, бейшара халде отырасың» (Исра: 29) деген сөзінің мәнісі де осы. Аятта келген екі сипаттың екеуінде шариғат қолдамайды. Кез келген мәселеде шектен шықпау қажет екендігін ескертеді.

Жалпы, шектен шығуды ақида және құлшылық мәселелерінде деп екіге бөлуге болады. Ақида мәселелерінде шектен шығудың мысалы – әртүрлі күнәлар үшін адамды күпірлікте айыптау, әулие-әнбияларды құрметтеуде шектен шығу.Құлшылық мәселелерінде шектен шығуға мысал ретінде, төменде келетін үш кісінің қиссасын келтіруге болады. Осы жерде Алла тағаланың: «Расында, Алла сендерге жеңілдікті қалайды, ауыртпалықты қаламайды» (Бақара: 185) және «Алла ешкімге шамасы келмегенді жүктемейді» (Бақара: 286) деген аяттарын айтудың  сәті түсіп тұрғандай. Яғни, жеңілдік – ислам шариғатының басты сипаты.Енді, осы мәселені бүгінгі күнімізбен байланыстырып, сөзімізді жалғасақ. Бүгінде ислам үмбеті өз тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірін басынан кешуде. Осы келеңсіздіктердің ішіндегі екі мәселе жанға батуда. Оның бірі ифрат болса, екіншісі, тәфрит.

Діни үкімдерді орындаймыз деп, шектен шығып, фитнаны жиһад деп, халық арасындағы қантөгісті залымдарға қарсы төңкеріс деп, өзі түсінген бұрыс түсінікті Алланың түсірген заңындай қабылдап, өзгелерге сол түсінігін тықпалап, қоғамда бейберекет, хаос орнатуда. Ең сорақысы, олар өздеріне қарсы шыққандарды күпірлікте, екіжүзділікте, бидғатта айыптап, өздерін ғана шынайы Құран мен сүннетті ұстанушы ретінде таныстыруға тырысуда. Олар өздеріне қарсы айтылған уәждерді, шарғи дәлелдерді құлақтарына да қыстырмайды, терең ойланып, ақыл таразысына да салмайды. Пір тұтқан ұстаздарының айтқандарын ақиқат деп, қарсы пікірді қате деп қабылдайтын зомбилерге айналған. Шектен шығушылардың бұл қылықтары талай адамдарды исламнан қашыруда, ал іс-әрекеттері адамдарды діннен жеріндіруде. АллаЕлшісінің (с.а.с.):«Дінді (орынсыз)қатты ұстанушылар құртады» деген (имам Муслим, Ибн Масғудтан риуаят еткен) сөзі соларға қатысты айтылғандай. Жалпы, хадистерде дінді орташа ұстауға қатысты нұсқаулар өте көп. Мысалы, Алла Елшісінің (с.а.с.) күнделікті өмірдегі тірліктері туралы Айша анамыздан (Алла оған разы болсын) сұраған үш адам Пайғамбар (с.а.с.) істерін азсынып, бірі: «Мен әрдайым ораза ұстаймын» дейді, екіншісі: «Мен өмірі үйленбеймін» дейді, үшіншісі: «Мен түнімен намаз оқимын» дейді. Ол үш адамның бұл сөздері Мұхаммед пайғамбарға жеткенде, ол кісі: «Мен сендердің араларыңдағы Алладан ең көп қорқушымын. Соған қарамастан, кейде ораза ұстаймын, кейде аузымды ашып жүремін, кейде түнде намазға тұрамын әрі ұйықтаймын және мен үйленемін. Кімде-кім менің сүннетіме разы болмаса, ол менен, яғни мұсылмандардан емес» деп (имам әл-Бұхари мен Муслим риуаят еткен), дінде шектен шығуға болмайтындығын ескерткен.Алайда Алла Елшісінің (с.а.с.) сүннетін жетік білмейтін, дүмше діндарлардың бүгінде дінге пайдасынан гөрі, зияны көбірек тиюде. Дінде, діни үкімдерді орындауда шектен шығушылар туралы сөз қозғағанда, олардың қарама-қарсысы дінге, діни үкімдерді орындауға немқұрайды қарайтындар туралы айтпай кету ақиқатқа қиянат жасау сияқты. Себебі, шектен шығушылардың пайда болуына әсер ететін факторлардың бірі – дінге, діни бұйрықтарды орындауға селқос қарайтындар.

Дәл осы шектен шығушыларға қарама-қарсы тараптағы дінге немқұрайды қарайтын мұсылмандар да дінге жеткілікті дәрежеде зиянын тигізуде. Тіпті, олардың арасында мұсылмандардың ілгері дамымай қалғанына дінді кінәлайтындары да бар. Өкініштісі сол, олардың арасында, яғни тәфрит жасаушылардың кейбіреулері дінді барлық фитналардың, терроризмнің, лаңкестіктің қозғаушы күші деп түсінеді және түсіндіреді. Олар Алланың Құраны мен сүннеттен келген бұйрықтарын шекесімен тыңдайды не өз ойларына салып, өзіне, нақтырақ айтқанда, өз әуейілігіне тура келетін қылып бұрмалап алады не бұрмалап алуға тырысады. Діни үкімді арабтардың салты, қазаққа қатысы жоқ әдет ретінде түсіндіргісі келеді. Осылардың бұл сөздерін естіген, қылықтарын көрген ифрат жасаушылар оларға дінбұзар, екіжүзді ретінде қарайды да, дінді берік ұстану мақсатында жекелеген мәселелерге қатысты дәлелдерден діни негіз жасап алады және артынан ерушілерге сол дінге немқұрайды қараушылардың істері мен сөздерін мысалға келтіріп, артынан ілесушілердің санын арттыруға тырысады. Дәл осыған керісінше, дінге немқұрайды қарайтындар әлгі шектен шыққандардың сөздері мен істерін мысалға келтіріп, кейбір діни бұйрықтарды орындаудан адамдарды қашырады не селқостық танытады. Шіркін, осы екі топта жүргендердің барлығы Алла Елшісінің (с.а.с.) сүннетімен қатар, өмірбаянын, өмір жолын, басқалармен қандай қарым-қатынаста болғанын терең үйренсе, бүгін болмаса да ертең әрбір істеген ісі, айтқан сөзі үшін Алланың алдында жауапқа тартылатындығын білер еді.

Мұсылман үмбетін ифрат пен тәфритке ұрындырудың нәтижесі не? Оның нәтижесі – дінді қаралау, жаман атты ету, елді діннен бездіру.Осы аталғандардың ішіндегі ең қауіптісі, екі топта да өзін ғалым, дін істерінің білгірі санайтындар толып жүр. Себебі, олар діни дәлелді өз мақсаттарына пайдалануда қарапайым мұсылмандарға қарағанда шебер келеді. Осы аталғандардың ішіндегі ең өкініштісі, олар ертең тура жолдан адасқандары үшін ғана емес, басқа адамдарды тура жолдан адастырғандары үшін де Алланың әділ сотына тартылатын болады.

Сөзімді Алла тағаланың мына аятымен: «Сендер (уа, мұсылмандар) адамдар үшін шығарылған үмбеттің ең қайырлысы болдыңдар: ізгілікке бұйырып, жамандықтан тыясыңдар, Аллаға сенесіңдер» (Әлі Имран: 110) және Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с.) мына хадисімен: «Расында, бұл дін – жеңіл. Кімде-кім дінді қатты ұстанса, дін одан үстем түседі» (имам әл-Бұхари риуаят еткен) аяқтауды жөн көрдім.

 

,Рашид МҰХИТДИНОВ

,филология ғылымының кандидаты

 исламтанушы 

Оқылды 810 рет
JoomShaper
Top