Дінге күштеп шақыру - үлкен күнә

Сейсенбі, 17.03.2022
Дінге күштеп шақыру - үлкен күнә

Баршамызға мәлім, ислам сөзі «амандық, есендік, бойсұну, бағыну» ұғымын білдіреді. Яғни, ислам амандық пен бейбітшілік діні деген сөз. Бұл Алла тағаланың «Сәлам» деген көркем есімімен сабақтас. Ал шариғи мағынасы «толық мойынсыну», «Алла алдындағы бекітілген парыздарды орындау», «одан басқа құдайларға табынбау» болып табылады.

Пайғамбарымыз «Мүддәссир» сүресінің түсуімен адамдарды төзімділікпен, шынайы және бейбіт түрде ислам дініне шақыра бастаған еді. Дінге шақыру, Құран үйрету – білетіндер үшін парыз амал болып саналды. Алайда, дінге шақыру шариғат аясына сай келуі керек.

Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде «Дінде зорлық жоқ, туралық азғындықтан айқын бөлінді» дейді («Бақара» сүресі, 256-аят).

Шынында да, дінде зорлық жоқ. Алла Тағала ешкімге дінді зорлықпен қабылдатпайды. Себебі, дін күштеу арқылы өз қағидасын қабыл еттіретін жүйе емес. Діндегі басты мақсат – иман. Ал, иман болса ар-ұждан мен жүрекке қатысты дүние. Кез-келген зорлық-зомбылық жүрек пен ар-ұжданға билігін жүргізе алмайды.

Сондықтан, біреудің қысым көрсетуімен жасалған иман – шынайы иман емес. Күш қолданудың нәтижесінде оқылған намаз да, намаз емес. Ораза да, қажылық та осы секілді... яғни, шын көңіл мен игі ниет болмастан жасалған амал ғибадат болып саналмайды. Себебі «Амалдар ниетке байланысты».

Олай болса, дінде зорлық болмағаны секілді, дінде қантөгіс те, адам өлтіру де жоқ. Дін – Адам атадан бері ешбір адам баласын еш уақытта зорлық-зомбылыққа, соғысқа әділетсіздік пен азғындыққа шақырмаған.

Зорлық – өзгені күпірлікпен айыптаушылардың құралы болған. Олар адамдарды діндерінен шығару мақсатында зорлыққа жол берген. Алайда, ешбір мұсылман бір кәпірді мұсылман болуы үшін оған зорлық көрсетпеген.

Тарихи деректерге қарайтын болсақ, Пайғамбар дәуірінде, Төрт халиф кезеңінде, одан кейінгі Ислам әлемі басшыларының барлығының өзге сенім иелеріне құрметпен қарағандығын байқаймыз.

Ар-ождан еркіндігін әкелген Құран ешбір жанды зорлықпен дінге кіргізуді әмір етпеген. Алла Елшісіне (с.ғ.с.): «Сенің міндетің тек қана естірту» («Әли Имран» сүресі, 20-аят; «Нахыл» сүресі, 82-аят; «Шура» сүресі, 48-аят), деп Пайғамбардың уазипасы адамдарды мәжбүрлеуші емес, естіртуші, насихатшы екендігін айтқан.

Осы ар-ождан еркіндігін ұстанған мұсылмандар басып алған немесе ислам дініне кірген жерлердегі басқа діндерге қатысты ғибадатханалар мен қасиетті орындарды қиратпаған. Мысалы, мұсылмандармен тығыз әлеуметтік, мәдени қарым-қатынаста болған христиандардың шіркеулеріне зиян келтірмеген. Бұл – тарихтан белгілі.

Сонымен қатар, шариғат соғыс кезінде әйел, бала-шағаның, қарусыз адамдардың, дін адамдарының өлтірілуіне, діни ғибадатханалардың қиратылуына рұқсат етпеген. Бұл туралы алғашқы халиф Әбу Бәкірдің Усама ибн Зәйдке «...өздерін ғибадатқа арнаған қауымдарды кезіктірсеңдер, оларды өз жөндеріне қоя беріңдер» деп айтқан өсиеті дәлел.

Ислам тарихында екінші халифОмар бин Хаттаб төсек тартып жатқанда: «Пайғамбар тарапынан қорғалған халыққа (яғни мұсылман болмағандарға) дұрыс қарауды ескертемін. Олармен жасалған келісімді толық орындаңдар. Оларға шектен тыс салық салмаңдар» дегені бар.

Көшеде күн көріс қиындығынан қайыр тілеген, қартайған зиммиді(өзге дін өкілі) көрген хазірет Омар (р.а.) «Жас кезінде жизия салығын алып, қартайғанда көшеге тастауға болмайды» деп, мемлекет қазынасынан оған арнайы жәрдемақы тағайындатқан. Өзінен кейінгілерге де зиммилердің құқын қорғауды, оларға пана болуды табыстаған болатын.

Атақты қолбасшы Амр ибн Астың жеңіс нәтижесінде шіркеулерден еш нәрсе алмағандығы, тіпті талан-таражға салмағандығы айтылады.

Сондай-ақ, тарихта 70 жыл Римдіктердің тегеурінді соққысына ұшыраған яһудилер мен олардың қасиетті деп есептеген ғибадатханалары күл талқан болған-тын. Қазіргі «жылау қабырғасы» ретінде қызмет атқарып тұрған сол ғибадатхананың қоқыс пен үйіндінің астында қалғанын көрген Осман халифасы сұлтан Сүлеймен әл-Қануни, Иерусалимдегі Осман басшысына әмір беріп, сол жерді тазартып, яһудилердің зиярат етулеріне рұқсат еткен екен.

Себебі, Ислам дінінде күштеп шақыру қағидасы жоқ. Әркім өз қалауымен дінге келуі керек. Иман мен ізгі амал күштеуге емес, көркем таңдау мен көңіл ризалығына бағынышты болғандықтан, сенім үшін мәжбүрлеуге жол жоқ. Тек ұсыныс жасалып, дінге шақырылады. Құранда «Егер Раббың қаласа еді, әрине жер жүзіндегілердің барлығы түгелдей иман келтірер еді. Адамдарды иман келтіруге сен зорлайсың ба?» («Юнус» сүресі, 99-аят) деген аят бар. Сол себепті дінге кіруі үшін ешкімге күш қолданылмайды. Өйткені, мәжбүрлі түрде жасалған иман – Алланың алдында шынайы иман болып саналмайды.

Діннің ерекшелігі зорлық көрсету емес, керісінше зорлық-зомбылық көруден қорғау. Сол себептен, Ислам діні шынайы үстемдік еткен жерде зорлық-зомбылық болған емес.

Иман еткен адам бақытқа кенеліп, қарсы келген адам жазаланатындығына шүбә жоқ. Мұндай нәтиже өз қалауларымен, өз еңбектерімен болады және мәжбүрлеу мен күштеу әрекеті бұдан тыс. Бұл мынаны көрсетеді: «Дінде зорлық жоқ» дегенді «ешбір жанға жауапкершілік, жаза және азап берілмейді» деген сөз емес. Әлбетте, ақиқаттың адасушылықтан нақты айырылуы – дінге қайшы әрекеттер де жазаланатындығының көрінісі.

Яғни, анық болғанындай күш көрсету – іс әрекеттен бұрын келіп, іс-әрекет үшін ерік қалауға кедергі болып, нәтижедегі іс-әрекет ризашылықпен болмағандықтан, жасалған жақсылық немесе жамандық, жасаушының әрекеті болып саналмайды. Жауапкершілігі мәжбүрлеген адамға тиісті болып, мәжбүрлегеннің қолында мәжбүрленген адам бір «құрал» іспеттес болады. Көрініс берген іс-әрекет, жасаған адамдікі емес, оны мәжбүрлеген адамға тиесілі болып қалады. Бірақ, күш көрсетпестен жасалған жоққа шығару мен зұлымдықтың, пасықтық пен қарсылықтың, өз қалауымен жасалған «өз еңбегі» екендігіне күмән жоқ. Оның жасаған әрекетінің қажетті жазасы мен азабы да жасаушының «өз еңбегі». Бұл жерде ешқандай зорлық жасау әрекеті жоқ. Ол жазаланған жағдайда өзіне-өзі зұлымдық еткен болады.

Бүгінгі таңда, Ислам дінінің гүлденіп, кеңінен таралуының өзі мұсылмандардың мұсылман мен мұсылман еместерге жақсы қарым-қатынаста бола отырып дінге шақыруының нақты жемісі. Алла Тағала соңғы пайғамбарына адамдарға дінге зорлықты күшпен емес сүйспеншілікпен шақыруды міндеттеген. Жүректе мейірім, істе шынайылық боламаса адамдарды хақ дінге шақырудың мүмкін еместігін де көрсеткен. Бұл туралы  Құран Кәрімде «... әрине, олар сенің қасыңнан тарқап кетер еді..» деп ескертеді («Әл Имран» сүресі, 19-аят).

Яғни, кейінгі Әмәуилер, Аббасилер, Селжұқтар, Османлы кезінде өзге наным-сенім иелерінің құндылықтарына құрметпен қараған мұсылмандардағы парасаттылықты пайымдататын жайттар көп кездеседі. Бұл ислам дінінің жер бетіне мұсылмандардың адамгершілігі мен төзімділігінің арқасында жайылғандығын білдірсе керек.

Сөз соңы аталмыш оқиғалар Исламның басқа дін өкілдеріне қаншалықты ілтипатпен қарағанының және ислам дінінің шексіз мейірім діні екенінің айғағы. Адамдардың Ислам қолдамайтын қантөгістерге жол ашуларының өзі «Дінде зорлық жоқ» деген Құран қағидасын толық түсінбеулерінде жатыр.

Қалмахан ЕРЖАН,

т.ғ.д. PhD, доцент

Оқылды 1260 рет
JoomShaper
Top