Аманат

Жұма, 13.05.2022

Аманат –  бір кісіге сеніп, тапсырып қойған заты немесе бір кісінің екінші кісіге сеніп айтқан құпия-сыры. Аманаттың бірнеше түрлері бар. Аманаттың қай түрі болмасын, қиянат қылмай өз иесіне бастапқы қалпында қайта табыс ету міндет.

Алла Тағала Құранда былай деп әмір еткен:

«Негізінен Алла сендерге аманаттарды өз лайықты орнына тапсыруларыңды және адамдардың арасына билік қылсаңдар, әділдікпен билік қылуларыңды әмір етеді. Расында Алла сендерге нендей жақсы уағыз береді. Шексіз Алла толық естуші, тым қырағы» «Ниса: 58».

«Ей, мүміндер! Аллаға әрі елшісіне опасыздық қылмаңдар. Тағы біле тұра аманаттарыңа қиянат қылмаңдар» «Әнфәл: 27».

Ислам тарихына назар салар болсаңыз, мұсылмандардың аманатқа қандай жауапкершілікпен қарағанын байқайсыз. Олар адамның бойындағы сенімділікті, аманатқа қиянат жасамау, берген уәдені орындау сияқты т.б. қасиеттерге көп көңіл бөлген. Біріншіден, бұл Алланың әмірі болса екіншіден, мұндай қасиеттер мұсылманның сипаты еді. Мысалы, мүміндердің әмірі Омар ибн Хаттаб (р.а.) халифалығы кезінде түн жамылып, халықтың жай-күйімен танысып жүретін әдеті бар еді. Ол осындай кезекті түндердің бірінде сүт сатушы мен қызының арасындағы әңгімеге куә болады. Сүтке су қосқалы жатқан анасына қызы:

– Уа, анашым! Мұсылмандарды алдап, берген сертті бұзып,  мүміндердің әміріне өтірік сөйлеп жатсың ба? Патшамыз бұлай жасауға тиым салған жоқ па? – дейді.

Анасы:

–  Қане қызым, мүміндердің әмірі мені көріп тұр ма? – деп сұрайды.

Қызы:

– Бізді мүміндердің әмірі көрмесе де, әлемдердің Раббысы көріп тұрған жоқ па? – деп жауап береді.

Омар (р.а.) дауыс естілген тарапқа тездетіп жетіп барады. Ретін тауып, әлгі қыздан сұрап, ол сүт сатушы әйелдің қызы екенін біледі.

Бұл қызды өзіне келін қылғысы келген халифа ұлдарын жинап:

– Сендердің қайсы бірің сүт сатушының қызына үйленесіңдер деп сұрайды. Мұнан кейін сүт сатушының қызын Асим ибн Омарға қалындық етіп алып береді.

Екі жас жақсы өмір сүріп, бұлардан Ләйлә есімді қыз туылады. Бұл қызға Абдулғазиз ибн Маруан үйленеді. Сөйтіп, ислам әйлеміне әйгілі патша Омар ибн Абдулғазиз дүниеге келеді. Негізінде халифа Омар әлгі сүт сатушының қызын аманатқа беріктігі үшін өзіне келін қылып алған еді. Осылайша қарапайым сүт сатушының қызы бойындағы аманатшылдық қасиетінің арқасында сарайға келін болып түсті.

Мұсылман адамды өзгелерге мұсылман етіп танытатын оның мұсылманша аты (есімі) емес, үстіндегі киімі емес. Сізді мұсылман етіп көрсететін сіздің бойыңыздағы жақсы мінезіңіз. Мысалы, сізге аманатқа тапсырылған затқа қиянат жасау мұнафықтың белгісі. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алланың елшісі (с.ғ.с) былай деп айтқан: «Мұнафықтың үш аламаты бар – сөйлесе, өтірік айтады; уәде берсе, орындамайды және сеніп аманат тапсырылса, (оған) қиянат жасайды» (Бұһари, Мүслим).

Келесі хадисте Анас ибн Мәлик (р.а.): «Алланың елшісі (с.ғ.с) бізге: «Аманатшылдығы жоқ адамның иманы жоқ. Уәдесін орындамайтын адамның діні де жоқ», деп жиі насихат  айтар еді», – деген риуаятты келтіреді (Ахмед, Табарани және Ибн Хаббан).

Хадистерге қарасаңыз Алла елшісінің (с.ғ.с.) жиі айтатын насихаты аманатқа қиянат жасамау, берген уәдені орындау, өтірік сөйлемеу. Осы қасиеттердің барлығы жақсы адамның бейнесін сомдайды. Яғни, мұсылман адам – жақсы адам. Аманатқа қиянат жасамау мұсылманның бойынан табылуы қажет сипат. Алла Тағала бізге аманат тапсыру арқылы біздің қаншалықты мұсылман екенімізді сынайды. Ол аманатты бізге көршіміз, бауырымыз, өмірлік жарымыз тіпті, бейтаныс біреу алып келуі мүмкін. Бастысы сол аманатқа қиянат жасап қоймай, өзіміздің аманатқа берік мұсылман екенімізді көрсетуіміз шарт.

 Гүлнар Жаладинқызы, дінтанушы

Оқылды 529 рет
JoomShaper
Top