ОБАЛ. САУАП. БОРЫШ.

Сенбі, 27.09.2021

 Қазақ даласында жас ұрпақты тәрбиелеудің ешкімге ұқсамайтын ерекше бір жолы болған. Сөздің жөнін білетін ағалар жаңа өсіп, қатарға қосылып келе жатқан жас өрендерді қасына шақырып алып, оларға небір ұлы құндылықтар жайлы ұқтырып отырған. Бұл процесс кейде бата беру арқылы, кейде сұраққа жауап бергізу, жұмбақ шештіру арқылы, тағы бірде толғанып отырып тарихтан тәлім беру арқылы, ал кейде жай ғана білмегенді үйрету арқылы жүріп отырған. 

«Балам, сұрағым бар еді, шешіп берші», «сенен сұрайтын екі ауыз сөзім бар», «мына бала болайын деп тұр екен», «Шырағым, ақылың әлі алқымыңнан аспапты ғой» деген секілді тәрбиенің тірек сөздері жалпақ даламыздың түкпір-түкпірінде айтылып отырған. Баланың ақыл-ойы, зеректігі, парасат-пайымы, дүниетанымы, тәлім-тәрбиесі осылай қалыптасып отырған. Баланы үйлендіргенде, қызды күйеуге берерде де екі жастың ақыл-парасаты осындай тапқыр сұрақтар арқылы сыннан өтіп отырған. Қазақ халқының ұлттық тәрбие мектебінің іргетасы осылай қалыптасты.

Солардың бірі мынау еді:

Малайсары би бірде қасына келген жас Сырымға былай дейді:

Асусыз тауға кездестім,

Арылмас дауға кездестім,

Аямас жауға кездестім,

Өткелсіз суға кездестім,

Елсіз шөлге кездестім,

Табылмас жоққа кездестім

Дауасыз дертке кездестім, - осы жеті жұмбағымды шешіп бер дейді. Сонда Сырым былай деп жауап қайырады:

Асусыз тауға кездессеңіз –

Тізеңіз қалтыраған болар,

Таяқ ұстаңыз – таяныш болады.

Арылмас дауға кездессеңіз –

Балаңыз тыңдамайтын болар,

Аямас жауға кездессеңіз –

Келініңіз сыйламайтын болар.

Келін мен балаға керең болыңыз,

Тілсіз, үнсіз терең болыңыз.

Өткелсіз суға кездессеңіз –

Көзіңізді мұнар шалған болар.

Елсіз шөлге кездессеңіз –

Қатарыңыз аз қалған болар.

Табылмас жоққа кездессеңіз –

Орындалмаған арман болар.

Дауасыз дертке кездессеңіз –

Опасыз жалған болар, - деп шешіпті. Сонда Малайсары: «Тауып айттың, шыны солай. Енді есіңе сақтайтын үш сөз бар: обал, сауап, борыш. Осы үш сөзді есіңнен шығармасаң, айналаңнан ел кетпес, елің кетпесе сыртқы дұшпан ештеңе етпес, одан кейінгі ақылым – жақынды жаралама, алысты қаралама!»- дейді. Байқап отырсаңыз сұрақ-жауаптың соңы тәрбиеге толы ақылға ұласып кетті.  Обал, сауап, борыш, жақынды жараламау, алысты қараламау – бүгінгі қоғамға да ауадай қажет ұғымдар. Сондықтан осы бір ұғымдарға біршама тоқталып өтпекпіз.

Негізінде, «обал» - Ислам шариғатынан  алынған сөз. Оны құрайтын түбір сөздің мағынасы «Мақайисул - луғат» деген сөздікте «бір нәрсенің өте қатты күшейтілуі», «бір нәрсенің жинақталуы» деп білдірілген. Араб тілінде «нөсерлеп, қатты жауған жаңбыр» да кейде осы обал деген сөзбен аталады. Ал енді шариғат терминологиясында «обал» деген сөз «артында өте ауыр азабы бар іс-әрекет, күнә, қылмыс, азғындық» деп түсіндіріледі. Қасиетті Құранда: «Олар жасаған істерінің обалын тартады» деген аят бар. («Хашыр» сүресі, 15-аят). Бұл аятты мұсылман ғалымдары «Адамдар жасаған күнәлі істерінің жазасын бұл дүниеде де, ақиретте де тартады» деп түсіндірген. Міне, осы жағдайды жақсы ұғынған бабаларымыз жастардың құлағына «обал» деген ұғымды құйып отырған. Нанның қиқымын шашсаң обал болады, күшікті немесе мысықты бекерге қинасаң обал болады, малды ұрып-соқсаң обал болады, көктеп тұрған бұтақты сындырсаң обал болады. Бұл, әрине, жас балаларға үйретілетін обал категориясы болатын. Ересектерге келгенде, обалдың аясы мен шеңбері кеңейе түседі. Адамдарға қиянат жасау, малын ұрлау, қызын зорлау, артық асты далаға төгу – бәрі де обал категориясына кіреді. Кезінде, апа-әжелеріміз «ойбууй, обал-дағы-ай!» деген сөзді өте көп айтатын. Өйткені олар шариғатты білетін, жүректері жұмсақ болатын, Алладан және ақиреттен қорқатын. Ал бір-ақ күнімен өмір сүретін, қиямет түгіл ертеңін ойламайтын адамдарға заттың обалы жайлы түсіндіру қиынның қиыны. Өкінішке қарай, бүгінде түрлі-түрлі обал істі жасап алып, бедірейіп түк болмағандай отыра беретін безбүйректер әр жерден қылаң бере бастады. Мұның алдын алмасақ, бүгін де, ертең де жақсылыққа жете алмасымыз хақ.

Сауап та мұсылман дінінде ең маңызды орындағы ұғымдар қатарына жатады. Сөздіктерде «сауап» сөзінің түбірі «қайту, оралу» деген мағыналарды беретіні айтылған. Араб тілінің түсіндірме сөздігінде бұл сөзге «түпкі табиғатына қайту» деген мағынаны білдіреді. Ал шариғатта «жасалған жақсылық үшін Алла тарапынан берілетін қарымта сый» деген терминдік мағынада қолданылады. Алла разылығы үшін жасалған әрбір жақсы іс сауап болып есептеледі. Мысалы, кұлшылық жасау, сабақ оқу, ғылыммен айналысу, біреудің қажеттілігін өтеу, қарыз беру, сәлемдесу, аш адамды тойдыру, шөлдегенге сусын беру, кішілерге қамқор болу – бәрі де сауап істер қатарына жатады. Сондықтан елімізде «сауап үшін» дегенде, жақсылық жасаушы ақша, төлемақы күтпейді. Өйткені ол ісінің бұл дүниедегі көзге көрінбес берекесі мен ақиреттегі шексіз мол сыйын Алладан күтеді.

Борыш деген ұғымның аясы да өте кең. Алла алдындағы, ата-ана алдындағы, туған жер, отан алдындағы, отбасы алдындағы борыштарды аға ұрпақ жастардың бойына сіңіріп отырған. Борыш өтелмесе, оның артында сұрауы бар екенін жақсы білген халықпыз. Борыш ұғымы шариғат терминологиясындағы «парыз» деген терминге сай келеді. Парыз деп – шариғат иесінің, яғни Алла Тағаланың міндетті түрде орындалуын талап ететін іс-әрекеттерді айтамыз. Қазақ ұғымындағы қырық парыз, елу екі парыз деген тәлімдердің мағынасы өте терең. Оларды құлшылықтағы парыздар, тазалықтағы парыздар, қоғамдағы парыздар деп топтастыруға да болады.  Жинақтай айтқанда, қазақтың обал, сауап, борыш деген сөздерінің астарында ұшан теңіз мазмұн жатыр. Малайсары бидің «Есіңнен шығарма!» деп Сырымға қатаң тапсыруының бір мәні осында болса керек. Алла Тағаладан сұрайтынымыз обал-сауапты білетін елдігімізен ажыратпасын.

 

 

Асылбек Әуезханұлы

 

Оқылды 4058 рет
JoomShaper
Top