Жақсылыққа үндеп, жамандықтан тыю

Сенбі, 26.04.2022

«Араларыңнан кім жамандықты көрсе оны қолымен түзетсін. Бұған күші жетпесе, тілімен түзетсін. Бұған да күші жетпесе, жүрегімен айыптасын. Бұл – иманның ең әлсізі» (Хадис)

 Дініміздің негізін сақтаушы басты жолдардың бірі – жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю (әл-Әмру биль-мағруф уә нахиу әнил-мункәр). Мағруф – ақыл мен дініміз тұрғысынан жақсылық деп қабылданған нәрселер болса, мункәр – ақыл-санамыз бен дінімізге қайшы құбылыстар.

Құран, иман келтірген мұсылмандарды мағруфқа шақыруды бұйырады:

وَلْتَكُن مِّنكُمْ أُمَّةٌ يَدْعُونَ إِلَى الْخَيْرِ وَيَأْمُرُونَ بِالْمَعْرُوفِ وَيَنْهَوْنَ عَنِ الْمُنكَرِ وَأُوْلَـئِكَ هُمُ الْمُفْلِحُونَ

«Сендердің араларыңда мынадай жамағат болсын, олар басқаларды игілікке шақырып, жақсылыққа үндесін. Жамандықтан тыюға тырыссын. Міне, осылар нағыз мақсатына жеткендер» . 

Аятта адамдардың арасында жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыятын бір топ болсын деп әмір етілген. Жақсылыққа, туралыққа шақыратын адамның өзі әуелі осы қасиеттерді жүріс-тұрысымен дәлелдеп, адасқандарға бағыт-бағдар бере білетін темірқазықтай болуы керек. Егер қоғамда жамандықтан тыяр көкірек көзі ояу тұлғалар жоқ болса, ондай қоғамның құлдырап шөгуі заңды. Адами құндылықтар аяққа тапталған қоғамның алысқа ұзап бара алмайтынына тарих куә.

Аллаһ Тағала жақсылықты кең жайып жамандықтан тыйғандардың мерейін үстем қылса,  Оның әмірінен аттап, адасушылыққа бой ұрып, азып-тозған қоғамдарды жермен-жексен қылған. Бұл – Аллаһтың бұлжымайтын заңдылығы (Һуд, 102). 

Басқа бір аятта Аллаһ Тағала «Жақсылыққа шақыр, жамандықтан тый»  деп бұйырады.

Пайғамбарымыз бір хадисінде:

مَنْ رَأى مِنْكُمْ مُنْكَرًا فَلْيُغَيِّرْهُ بِيَدِهِ فَإنْ لَمْ يَسْتَطِعْ فَبِلِسانِهِ فإنْ لََمْ يَسْتَطِعْ فَبِقَلْبِهِ وَ ذَلِكَ أضْعَفُ الايمانِ

«Араларыңнан кім жамандықты көрсе, оны қолымен түзетсін. Бұған күші жетпесе, тілімен түзетсін. Бұған да күші жетпесе, жүрегімен айыптасын. Бұл – иманның ең әлсізі» дейді. 

Адамның баянды өмірін бұзып, қоғамды жегі құртша кеміріп жатқан нашақорлық, зинақорлық, ұрлық, ішкілікке салыну сияқты бейбастықтардың қоғам келешегіне қандай зиян екенін көріп біле-тұра не істеу керек? 

Егер мұндай келеңсіз жайттар ислам кең тараған мемлекеттерде орын алған болса, мұны мемлекет заң шеңберінде тоқтатады. Бұл – қолмен түзету. Ал заң тұрғысынан тыйым салынбаған жерде ешкімді де қолмен түзету мүмкін емес. Оны айтасыз, тіпті, оған әншейін саусақ безегенің үшін өзің айыпқа жығылып, сотқа тартыласың. Қолмен түзете алмайтын болсақ үгіт-насихатымызбен, жазып-сызуымызбен бұл вирустардың қоғамды кеміріп бітіретін зияндарын айтып, ғылыми тұрғыдан дәлелдеп, халықты олардан жиіркендіріп, жан-жақтан жалмайтын жамандықтардан арылту үшін атсалысу керек.  

Бір қоғамда мұндай жамандықтарды мемлекет заңмен тыймаса, адамдардың бәрі тегіс ол жамандықтарға бой алдырып кетіп жатса, ол қоғамның көсегесі көгермейтіні айдан анық. Егер қоғамда аталмыш дерттермен күрес болмаса, Аллаһ олардың басына ауыр азап жіберуі мүмкін. Бұған да тарих куә.

Сондықтан да Құран Кәрім мен Пайғамбарымыздың хадистері қоғамдағы індеттердің алдын алудың жолдарын көрсетіп, жақсылықты уағыздап, жамандықтан тыюға шақырады. 

Осындай хадистердің бірінде: «Мүміндердің күші басым ортада қандай да бір келеңсіздік орын алса, осы келеңсіздікті тудырған адаммен бірге бұны көре-біле тұра оны тыюға атсалыспаған жақсы-жайсаңдар да бірдей жазықты болады. Осыған орай тартатын жазалары да бірдей болмақ»,-делінеді. 

Ал, мына хадисте осынау абыройлы міндет дер кезінде жүзеге асырылмаса қоғамның ауыр жағдайға ұшырайтыны былайша ұғындырылады:

وَالَّذِي نَفْسِي بِيَدِهِ لَتَأْمُرُنَّ بِالْمَعْرُوفِ وَلَتَنْهَوُنَّ عَنْ الْمُنْكَرِ أَوْ لَيُوشِكَنَّ اللَّهُ أَنْ يَبْعَثَ عَلَيْكُمْ عِقَابًا مِنْهُ ثُمَّ تَدْعُونَهُ فَلَا يُسْتَجَابُ لَكُمْ

«Жанымды уысында ұстаған Аллаһқа ант етейін! Адамдарға жақсылықты жайып, жамандықтан тыясыңдар, олай етпеген жағдайда Аллаһ Тағаланың жіберетін азабы тым жақын. Одан соң қаншама жалынып-жалбарынсаңдар да дұғаларың қабыл болмайды!» .          

Өздері жақсылық жасап, алайда, оны басқаларға уағыздамаған адамдардың жағдайын Пайғамбарымыз: «Олардың жағдайлары түскен жеребе бойынша бір жартысы астында бір жартысы кеменің үстіне отырған жолаушыларға ұқсайды. Астында отырғандар үстіндегілерден су сұрап, олардың мазасын алады. Алайда, үстіндегілер астындағылардың бұл өтінішіне тас кереңдік танытып, құлақ аспайды. Астындағылар, амал жоқ, қолдарына балта алып кеменің түбін тесе бастаған кезде төбедегілер келіп «бұл істеп жатқандарың не?» деген кезде төмендегілер «біз су алар кезде сендерді мазаладық, алайда, біз суға мұқтажбыз. Енді сіздерді мазаламай-ақ суға қол жеткіземіз» дегенде үстінде отырғандар оларды тоқтатса әрі өздерін, әрі төмендегілерді де құтқарады. Егер оларды тоқтатпаса  өздерін де, төмендегілерді де өлімге итермелейді» ,- деп көркем бейнелейді.Сондықтан үстіндегілердің төмендегілерге қолұшын беруі әрі-беріден соң өздері үшін қажет. 

Қоғамды кеме деп алсақ, осы кемедегілердің тағдыры ортақ болғандықтан олар бір-біріне  көз жұмып қарамауы керек. Шырақтың отымен келесі шырақты тұтатсаң, бұдан бірінші шырақтың оты кеміп қалмайды, керісінше, екі шырақ жанса жарық та жылу да мол болады.    

Бір хадисте: «Кімде-кім жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйса сол адам жер бетіндегі Аллаһтың, Кітабының және Расулының халифасы» , - деп Аллаһтың өзінің жер бетіндегі халифасы етіп жаратқан адамның осы ұлық дәрежеге лайық болу міндетін айтады. Бұл – біздің Аллаһтың разылығына бөленуімізге септігін тигізетін аса маңызды себеп. Бұған дәлел ретінде мына бір хадисті де келтіруге болады: «Пайғамбарымыз құтба оқып тұрған кезде мешітке бір адам кіріп, Одан: «Адамдардың ең жақсысы кім?» деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз: «Ол жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйған, көп оқыған, әрі сол оқығанын көңіліне тоқыған, Аллаһтан қорқатын және туыстық қатынастарын үзбеген кісі»  деп жауап берген. Бұл істің маңыздылығына байланысты Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Адамдардың арасында олардың азаптарына көніп, олармен бірге болған, олардың ыстығына күйіп, суығына тоңған мұсылман олардан оқшау тұрып қиындықтарына төзе алмаған мұсылманнан артық мол сауап алады» ,-дейді. Бұл хадистен түсінгеніміздей, жамандықтың кең етек жайып, қоғамның әбден шіруге жақын қалған кезінде бәрінен жырылып, құлшылық етуден артық іс – осы жақсылықты жаю ісі. Егер бұл қасиетті міндет басқа құлшылықтардан артық болмағанда Аллаһтың елшісі үйінен шықпай, үнемі Аллаһтан келген нұрлы шағылдардан ләззат алып отырар еді. Алайда, бұл жауапты міндет болғандықтан Пайғамбарымыз дінді жатпай-тұрмай насихаттаумен болды. Бір хадисінде Пайғамбарымыз «дін – насихат» деп үгітсіз діннің болмайтынын айтқан-ды .  Айтып қана қоймай бүтін болмысымен дәлелдеп, іс жүзінде көрсете білді.

Аллаһ Елшісі өмірінің соңғы деміне дейін адамдарды жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыюмен болды. Ол бұл қастерлі міндетті кемшіліксіз орындады. Бүкіл әлемге рақым алып келген Ұлы елші имансыздықтың қараңғы қапасындағылардың иманның нұрлы даңғылына шығуы үшін бір сәт болсын тыным таппай бар күшін жұмсады. Бір адам болса да оған ақиқатты насихаттамайынша көңілі жай таппай, мазасыз күй кешетін. Тіпті, тамақ ішіп-жеуге зауқы да соқпайтын. 

Қай жерде көпшілік жиналса, сол жерге барып адамдарды хақ жолға шақыратын. Бұл жолда талай мазаққа ұшырап, қорланса да ешқашан мойымады. Оның адамдарды құтқарсам деген алып-ұшып, толқыған көңілін басу үшін Құран «Олар иман келтірмеді деп өзіңді-өзің жеп бітіре жаздайсың»  немесе «Бұл Құранға сенбеді деп, арттарынан қалмай күйзеліп біте жаздайсың»  дейді.

Адамдарға ақиқатты жеткізсем деген асыл ниетпен Таифқа жасаған сапарында ол жердің халқы ақиық елшінің сөздеріне құлақ аспақ түгілі оның өзін таспен атқылап, үсті-басын қан жоса қылған еді. Сол кезде көңілі жүдеп қалған рақым пайғамбары  ағаштың көлеңкесінде қолын жайып, Аллаһқа мұңын шағып дұға етіп жатқанда, қасына біреу үнсіз жақындап келіп, табағындағы бір шоқ жүзімді Аллаһ елшісіне (с.а.с.) ұсынады. Екі әлем сардары қолын табаққа созып, «Бисмиллаһ» деп бастайды. Жүзімді ұсынған Аддас атты құлдың құлағына бұл сөз мүлдем өзгеше естіліп, ол қатты таңырқап: «Сен кімсің?», – дейді. Аллаһ елшісі (с.а.с.): «Ақырғы Елші әрі ақырғы Нәбимін!» – деп, жауап қатты. Аддас сан жылдар бойы көктен іздегені қасынан табылғанына таңғалып әрі қуанып, сол мезетте иман келтіреді .

Егер осы жайт болмағанда, Пайғамбарымыз (с.а.с.) Таифтен мұң мұхитын кешіп  қайтар еді. Бұл мұң өзіне жасалған жәбірден туған мұң емес. Бұл мұң ең болмағанда бір адамға болса да ақиқатты жеткізе алмағаннан туған кесе түбіндегі судай  мөлдір мұң болатын. Алайда, Ол Аддастың ақиқат ауылына жалт бұрылған шалт қимылына сүйсініп қайтты. Пайғамбарымыздың жанарынан жылт еткен қуаныш жасы күзгі желдің өтінде қалтыраған жапырақ өмірден бақиға үзіп алып қалған тәбәрік тәрізді... Рақым пайғамбары Аддасты осылайша тапты. 

Тіпті, ол өзіне қастандық ойлап, өлтіру үшін неше түрлі айла-тұзақ құрған дұшпандарының өзінің есігін қаншама рет қақты десеңізші. Әбу Жәһил мен Әбу Ләһәбтарға да сан рет барып, ақиқатты қабылдатуға тырысқан-ды. Не керек, мелшиген жақпар тастай меңіреу мейірімсіздіктің тот басқан есігін айқара ашу қиын көрінді. Ақиқатқа жүрек сарайларын тас қылып бекіткен бақытсыздар иманнан нәсіптерін сол күйі ала алмай кетті.

Пайғамбарымыз немере ағасы Әбу Тәліптің иманға келуін жан-тәнімен қалайтын.  Әбу Тәліп өлім төсегінде жатқан кезде қасына барып: «Лә иләһә илләлаһ» деп айтшы, ақиретте саған шапағат етейін» дейді. Бірақ, Әбу Тәліп ол қасиетті сөзді айта алмай жан тапсырады. Соған қарамастан Рақым пайғамбары: «Маған Аллаһ тарапынан тыйым салынбайынша саған жарылқау тілеуді үзбеймін»  дейді. Алайда, Аллаһ Тағала: «Пайғамбар мен мұсылмандарға мүшіріктердің жаһаннамдық екендігі айқындалғаннан кейін олар өз жақындары болса да жарылқау тілей алмайды»  деп Пайғамбарымызға тыйым салған-ды.

Әбу Тәліптің мұсылман болуын қалағаны сияқты басқа да өзінің жұмсақ жүрегіне сызат түсіріп, сына қаққан қаншама адамдардың һидаятқа (тура жол) келуін қалап, оларды исламға шақырған болатын. Пайғамбарымыздың жан серігі, Аллаһтың арыстаны, айбарлы Хамзаны (р.а.) өлтірген Уахши, мұсылмандарға дұшпандығы мен қастандығы әкесінікінен екі есе асып түсетін Әбу Жәһилдің баласы Икрима, Ұхұд шайқасында жетпіс шақты хас сахабаның шейіт болуына себепкер болған Халид ибн Уәлид, мүшіріктердің айлакер саясаткері Амр ибн Ас сияқты тұлғалар әуелі Аллаһ, содан кейін Аллаһ елшісінің талмай, үмітін үзбей һидаятқа шақыруының нәтижесінде ислам шуағына бөленген еді. 

Кімнің мұсылман болып-болмайтынына байланысты біз өз пікірімізді кесіп айта алмаймыз. Басында дұшпан болған көптеген адамдар өмірінің соңына дейін, әйтеуір бір тәубеге келіп, мұсылман болуы әбден мүмкін. Жоғарыда айтылғандар бұған айқын куә. Тіпті өмірінің көп бөлігін мүшірік болып өткізген меккелік мүшіріктердің беделді тұлғасы Әбу Суфиян және Исламға дұшпандығымен танылған оның әйелі Һинд те соңында мұсылман болған жоқ па еді?! Сондықтан ешкімнен күдер үзуге болмайды. Уақыты келгенде кез-келген жанға Аллаһ тура жол нәсіп етуі бек мүмкін.

Осыған байланысты Хакам ибн Қайсанның оқиғасын айта кеткен жөн. Миқдат ибн Амр былай деп әңгімелейді:

Мен Хакам ибн Қайсанды тұтқынға алдым. Қолбасшымыз оны өлтіргісі келді. Мен оған «Оны өлтірме, Аллаһ елшісіне алып барайық» дедім. Оны Пайғамбарымызға алып бардық. Пайғамбарымыз оны үнемі исламға шақыруын қоймады. Бұл жағдай тым ұзаққа созылды. Сонда да Хакам мұсылмандықты қабылдамады. Хазірет Омар: «Уа, Аллаһтың елшісі! Неге бұл адаммен сонша сөйлесесің. Ант етейін, ол ешқашан да мұсылман болмайды. Маған рұқсат бер, басын шауып жанын жаһаннамға жіберейін» деді. Аллаһ елшісі бұны құптамады. Оған жауап та бермей сабырлық көрсетті. Ақырында Хакам мұсылман болды. Омар «таңғаларлық мына іске қараңыз, әлгі адам мұсылман болды. Мені осылайша бір қызартты. Өз-өзіме «Аллаһ елшісінің менен жақсы білген мәселесінде қалайша оған қарсы шықтым. Алайда, менің бар мақсатым – Аллаһ пен Оның елшісіне қызмет ету еді» дейді. Хазірет Омар тағы да: «Хакам мұсылман болды және мұсылмандығы да құрыштан құйған болаттай берік еді. Аллаһ жолында соғысып, Мауна құдығының маңында шейіт болды. Аллаһ расулы одан риза болып, ол жаннатқа қанат қақты»  – дейді.        

Адамдарға ақиқатты талмай насихаттау – біздің міндетіміз, ал һидаятты (тура жол, иман) нәсіп етуші – Аллаһ. Неге қабылдамады деп ада-күде күдер үзуімізге хақымыз жоқ. Аллаһ Пайғамбарымызға:

إِنَّكَ لَا تَهْدِي مَنْ أَحْبَبْتَ وَلَكِنَّ اللَّهَ يَهْدِي مَن يَشَاءُ

«Сен жақсы көргендеріңді тура жолға сала алмайсың. Бірақ Аллаһ қалағанын тура жолға салады»  дейді. Пайғамбарымыз адамдар ақиқатты қабылдамай, тіпті, қасақана теріс айналып жатқанда торығып, дағдарып, басқаларға кінә артпай, міндетін үзбей жалғастыра берген. Біз кімнің иман ететінін, немесе етпейтінін біле алмағандықтан адамның соңғы деміне дейін дінді уағыздау – міндетіміз. Десек те, мынадай араға жарықшақ түсіретін жаңылыс түсінік болмау керек: «Мен айттым, болды, міндетімнен құтылдым» деп қалай болса солай, ретсіз жүрдім-бардым айта салу адамды тура жолға шақырғанға жатпайды. 

Адамға тарту етілер ең қымбат сыйлық – һидаят (тура жол, иман). Бізді біреу туған күніне шақырса, оның көңілінен шығатындай сыйлық алу  үшін қаншама ойланып ізденеміз. Кісі жүрегіндегі иманды ояту ісінде сыйлық іздегендей бас қатыруымыз керек қой! Шын мәнінде, адамға иманнан артық сый жоқ. Бұл тұрғыдан алғанда Пайғамбарымыз (с.а.с.) бен сахабалардың өнегеге айналған өмірлері – бізге тура жол нұсқап тұр. 

Хайбар шайқасында туды хазірет Әлидің қолына табыс еткен нұр пайғамбар (с.а.с.) оған: «Айқасқа кіріспес бұрын асықпай, абайлап әрекет жаса. Оларды әуелі исламға шақыр. Егер мұсылман болса, мал-жандарын аман сақтайды. Ақиреттегі жағдайлары Аллаһтың қолында. Ей, Әли! Аллаһқа ант етейін, сенің себепкерлігіңмен бір кісінің болса да тура жолға келуі жер беті толған қызыл түйені Аллаһ жолында беруіңнен де артық»  деп һидаяттың қандай қымбат және оған берілетін сыйдың да баға жетпес екенін білдірген-ді. 

Соғыспастан бұрын қарсы шептегілерге әуелі исламды уағыздап, исламға кіру арқылы осы дүниедегі өмірлерін сақтап, бақилық өмірлерін құтқару үшін ұсыныс жасалатын. Егер исламды қабылдамаған күннің өзінде онда мұсылмандардың қол астына кіріп, тек алым-салық төлеуі талап етілетін, осылайша әділдікпен басқарылып, зұлымдықты тоқтатуға шақырылатын. Егер бұған да көнбесе, амал жоқ, соғысуға тура келетін. Бұл дәстүрді Пайғамбарымыздың өмірі мен әділ халифалар және басқа да мұсылман басшыларының өмірінен айқын көре аламыз . Осыған дәлел ретінде Халид ибн Уәлидтің исламды уағыздауын келтіре кеткен жөн.  

Хазірет Халид Нәжрандағы Харис ұлдарына Исламды уағыздауға жіберілді. Халид оларға ислам негіздерін барынша шынайылықпен айтып жеткізді. Нәтижесінде Харис ұлдары исламды қабылдап, мұсылман болды.

Халид ибн Уәлид қатысқан шайқастарында Аллаһтың разылығын алуды көздейтін. Ол Ярмук соғысында гректердің қолбасшысына исламды былайша уағыздаған еді. Екі жақтың әскерлері бел суытып жатқан мезгілдің бірінде қарсы жақтың қолбасшысы Халид ибн Уәлидтің әскери тәжірибесіне таңғалып, онымен сөйлескісі келді. Византиялық қолбасшы Георгий Халидтен:

– Уа, Халид, шындықты айт. Азат адам жалған сөйлемейді. Аллаһ сендердің пайғамбарларыңа көктен қылыш түсіріп, саған оны берді ме? Оны кімге сермесең де қақырата қаусататын көрінесің?! Халид:

– Жоқ.

– Олай болса, неге «Аллаһтың қылышы» деп аталдың? 

– Аллаһ бізге пайғамбар жіберді. Біздің арамызда кейбіреуі оны мойындаса, кейбіреуі оның алып келген ақиқаттарын жалғанға шығарды. Мен де сол жалғанға шығарған адамдардан болатынмын. Соңында Аллаһ жүректерімізді исламға бұрып, бізді елшісі арқылы тура жолға түсірді. Біз де оған мойынсындық.

Пайғамбарымыз маған дұға етіп: «Сен Аллаһтың қылыштарының бір қылышысың» – деді. Осыдан кейін мен «Аллаһтың қылышы» деп аталдым.    

Византиялық қолбасшы:

– Сендер халықты неге үндейсіңдер? – деді. Халид:

– Бір Аллаһқа және исламға.

– Бүгін исламды қабылдаған адамға сіздерге берілгендей сауап пен сый беріле ме? – деп сұрады. Хазірет Халид бүкіл жан дүниесімен:

– Иә, бәлкім, ол бізден де жоғары болуы мүмкін.

– Сендер бұл дінге бұрын кірсеңдер, бұл қалай болады? – деді таңырқай.

– Біз Расулаллаһпен бірге өмір сүрдік. Оның мұғжизаларына куә болдық. Біздің көргенімізді көріп, естігенімізді естігендердің мұсылман болмауы ақылға қонымсыз. Сендер оны көріп, тыңдаған жоқсыңдар. Сол себепті де сендер ғайыпқа (көзге көрінбеген нәрселер) сенген боласыңдар, егер шын ниет әрі ықыласпен исламды қабылдасаңдар, сауаптарың мол болады.

Византиялық қолбасшы тұлпарымен Халидтің қасына тақап келіп:

– Уа, Халид, маған исламды үйрет, – деді. Ол Халид арқылы жүрегі алып-ұшып, исламды қабылдады. Екі бас намаз оқығаннан кейін өзінің бұрынғы жақтастарына қарсы соғысып, шейіт болған еді .  

Дінді айтып жеткізу – Аллаһ елшісінің бірінші міндеті еді. Міне, сондықтан Оның көрсеткен табандылығының нәтижесінде Оның әрбір ізінен жаңылмай басқан сахабалар жамағатында да бұл сезім нық орныққан-ды. Осының нәтижесінде Аллаһ та оларды қорғап, дінді көркейтті. Сахабалар төрткүл дүниеге дінді жеткізе білу үшін жақсылық жолында бір-бірімен жарысқан-ды. Кейбір сахабалардың білгендері бірнеше сүре мен бірнеше ғана хадис болды. Бірақ, олар сол білгендерімен шынайы амал етіп, соны әлемге жаюға тырысқан-ды.  

Ақиқатты шартарапқа жаюда Мусғаб ибн Ұмәйрдің, жаны жаннатта шалқысын, орны бір төбе. Мұсылман болған кезде не бары он жеті жастағы жігіт болатын. Соған қарамастан жүрегінде бүршік жарған иманы тыным таптырмады. Мәдиналықтар Пайғамбарымыздан дінді үйрету үшін ұстаз сұрағанда адамзаттың ардақтысы бұл аса жауапты іске Мусғабты тағайындады. Меккеден Мәдинаға Аллаһтың дінін жаю мақсатында тәуекелге бел буып, жалғыз өзі аттанды.  Меккеден келген қадірлі қонақты Мәдинада Әсәд ибн Зурәрә өз үйіне түсіреді. Ел-жұртын тастап келген Мусғаб ибн Ұмәйр мәдиналықтарға ислам негіздерін бар ықыласын салып үйретеді. «Мәдиналықтарға ақиқатты қабылдату күшпен емес, санасын оятып, көздерін жеткізу арқылы ғана мүмкін» дейтін қағиданы берік ұстанды. Тек күштінің ғана дәурені жүріп, оның стратегиялық маңызға ие болған кезеңінде уағыздау ісін өз деңгейінде алып жүре алған ер тұғын. Алдына келгендерді көркем мінезімен исламға  шақырып, иман келтіртуге себепкер болған еді. Өзіне келгендерге Хазірет Мусғаб:  «Бауырым, алдымен менің не дейтінімді тыңда. Егер ұнаса, қабыл етерсің, ұнамаса, міне – мойным, шабам десең өзің біл. Мен ешқандай қарсылық көрсетпеймін»,- дейтін. Осылайша қылышын білеп, қаһарын төгіп келгендердің жүрегі иман нұрына шомылып қайтатын. Қабағынан қар жауып келгендердің онымен сұхбаттасқан соң мұз боп қатқан көңілдері елжіреп шыға келетін. 

Мәдинадағы танымал адамдардың көпшілігі Мусғаб ибн Ұмәйрдің уағыздауымен Исламды қабылдады. Олардың арасында Үсәйд ибн Хүдәйр, Сағд ибн Убәдә, Сағд ибн Муаз сияқты  атақты сахабалар бар еді . 

Ислам әлеміне аты әйгілі Әбу Һурайра да ең алдымен Аллаһқа иман келтіруді өз жақынынан бастағанды жөн көрді. Ол ислам уызының ләззатынан анасының да мақрұм қалмауын қалады. Жөргегінен әлпештеп, аялап, әкесінің жоқтығын сездірмей тәлім-тәрбие берген анасының исламды қабылдауы үшін қолынан келгенін аямады. Алғашында анасы, қас қылғандай, қасарысып бақты. Әбу Һурайра исламның әсемдігін айтқан сайын анасы Пайғамбарымыздың мүбарак атына тіл тигізіп, ауыр сөздерді қарша борататын. Көп уақыт осылай өтті. Жанындай жақсы көретін анасының қараңғылықтың тар қапасында қалуы оның жүрегіне инедей шаншылып, шөңге боп қадалды. Қалай айтса да, анасын көндіре алмады. Амалы таусылған Әбу Һурайра тілектері сөзсіз қабыл болатын Аллаһтың сүйіктісіне уайымын ақтарып: «Расулаллаһ, анамды қаншама рет исламға шақырдым, иілетін түрі жоқ. Онысымен де қоймай, сіздің қасиетті атыңызға ауыр сөздер айтады. Бұдан былай шыдай алар емеспін. Анамның тура жолға түсуі үшін Аллаһқа дұға етуіңізді өтінемін» – деді.

Адамзаттың ардақтысы (с.а.с.)  оның өтінішіне құлақ асып, дұға жасады. Оның дұғасын Аллаһ Тағала аяқасты етпейтінін жақсы білген Әбу Һурайра үйіне құстай ұшып жетіп, есікті қағады. Іштен анасының “күте тұр” деген жарқын даусын естіп, жүрегі атша тулап бөгеліп қалады. Иман келтіргеннен кейін бой дәрет алу керектігін де үйренген анасы осыларды орындап болған соң ұлына есік ашып, “Балам, мен де сенің айтқандарыңды қабылдаймын: «Лә иләһә илләллаһ, Мухаммадур-Расулуллаһ» деп тілін кәлимаға келтіреді. Мұны естіген Әбу Һурайраның төбесі көкке жетті. Бір сағат бұрын Аллаһ Расулына (с.а.с.) мұңын төгіп жыласа, енді  сүйінші сұрау үшін оған қарай құстай ұшты .

Бұл – қасиетті пайғамбарлық жолы. Бұл жолға шақыруда адам ақылы мен ар-ожданы, жүрегіндегі мейірімі мен парасаттылығын қатар қосып қолданғанда табысқа қол жеткізуі мүмкін. Хақ дінге сенгендер үшін бұл пайғамбарлардан мұра боп қалған сара жол. 

Атақты қолбасшы Амр Ибн Астың (р.а.) өлім аузында жатқан кезінде айтқан сөздері де біздерге ерекше ғибрат берерлік. Ол баласына «Балам, менің өмірімде мені елеңдеткен ерекше үш кезең бар. Алғашқы кезеңім күпірлік ішінде өтті. Аллаһтың елшісі мен мұсылмандарға көрсетпеген дұшпандығым қалмады. Әр кездескенімде оларға қарсы тұрдым. Эфиопияға қоныс аударған кезде ол жерге де барып мазаларын қашырдым. Бірнеше шайқаста мұсылмандарға қарсы қылыш сермеп соғыстым. Сол кездері менімен бірге болғандардың біразы күпірлікпен өліп кетті. Аллаһ Тағала мені аман сақтап, тура жол несіп етті. Міне, өмірімнің сол алғашқы кезеңінде өліп кетпегенім үшін күндіз-түні Раббыма мадақ айтып шүкіршілік еттім.

Екінші кезеңде үнемі Аллаһ елшісімен бірге болдым. Одан ешқашан ажырамадым. Міне, бұл кездегі өмірім кіршіксіз таза еді. Көптеген сахабалар осындай мөлдір кезеңдерінде жан тәслім етті. Ал мен болсам, өлмей қалдым. Сол кезеңде өлмегенім үшін «әттең-ай, өлім маған сол кезде келсейші» деп үнемі қайғырумен болдым. 

Үшінші кезеңде Пайғамбарымыз Ұлылардың Ұлығының жанындағы бақилық мекеніне көшіп кетті. Ол ортамызда жоқ еді. Туындаған шиеленісті жағдайлардың шешімін өзіміз табуға тырыстық. Бұл кезеңде  көңілімді  мазалаған  кейбір  уақиғаларға   араластым. Міне, өлім маған осындай бір кезеңде келді. Сондықтан да қобалжудамын...» деп іштей маза бермеген шерін жеткізген-ді .  

Осы жерде мына бір оқиғаны баяндай кеткен жөн. (Түркияда 80 жылдары солшылдар мен оңшылдар арасында қақтығыс болып, қаншама жас өскін идеологияның нақақ құрбаны болған). Жаңадан мұсылман болған бір жас жігіт иман нәріне сусындап жүрген күндердің бірінде сұхбат үстінде жолдастарының біреуі қарсы топтың көрсеткен қиындықтарына шыдай алмай күйініп: «Олардың бәрін тегіс бауыздау керек!» дейді. Бұл сөзді естіген жаңадан мұсылман болған жігіт реңі бұзылып, әлгі ашулы досына сұқтана қарап: «Бауырым, олай деме. Егер бірнеше күн бұрын осындай асығыс, ағат шешім қабылдап, іске асырғандарыңда  мен сендердің араларыңда отырмай мәңгілік жаһаннамға лайық бақытсыз болар едім. Алайда, бүгін сендермен біргемін, ол қарсы топтағы адамдар да мен сияқты мейірім шуағына мұқтаж. Қантөгіс бізге де, оларға да жақсылық әпермейді!» деген екен. Осы сияқты кейіннен мұсылман болған көптеген адамдардың айтқан ортақ бір сөздері бар, ол: «Егер де кеше бүлікшілердің арасында жүрген кезімде көз жұмған болсам, иманның шекер-шәрбат дәмін татпаған болар едім...» 

Бұлардан біздің алатын сабағымыз, осы жандар сияқты өзінің һидаят уақытын күтіп жүрген қоғамда қаншама жандар бар десеңізші. Амр ибн Ас сияқты жандардың өмірлерінің екінші және үшінші кезеңінің таза болуына себепкер бола алсақ, олардың маңдайлары сәждеге тиіп, шарқ ұрып жүріп соңында тапқан Аллаһқа шүкір еткендеріне куә болар едік. 

Иман нұрына таңсық қаншама таза жандар бар. Ешбір пенде өз қалауымен бақытсыздыққа душар болуды қаламайды. Жалған өмірдің көзбояушы құмарлықтары көптеген жандардың көздерін арбап, өзіне тартуда. Алайда, бұл өткінші дүниенің алдамшы бақыты мәңгілік бақытқа құштар адам баласының рухани сұранысын толық қанағаттандыра алмайды. 

Жақсылыққа шақыру жауапкершілігі – Аллаһ алдындағы міндетіміз. Олай болса, иман еткен әрбір кісі бұған өзіне жүктелген міндет ретінде қарап, намазға ұмтылғандай осы іске де ұмтылуы керек. Әсіресе, бұл міндет жамандықтың кең тамыр жайған кезінде жеке парыздардың да алдына шығады. Ал бұл істі сезініп орындаған адамның бұл дүниесі де, ақиреті де жемісті болады. Біреуі кітап жазып түсіндірер, біреуі көркем тілімен уағыздар, біреуі тамаша мінезімен өз бойынан көрсетер. Әркімнің шама-шарқы жеткенше бұл істі жасауы – мойнындағы борышы. Жақсылықты жаю – мұсылмандықтың нышаны. Ал, кім қалай жайса да, мұндағы басты мақсат – Аллаһтың разылығын көздеу болып табылады. Әйтпесе, бұл қасиетті іс жеміс бермейді, жеміс бермек түгілі ақиретте зардабы да тиюі мүмкін. Аллаһ тек Өзінің разылығы үшін жасалған ықыласты амалдарды ғана қабылдайды.    

Мына аятта Аллаһ бұл істің маңыздылығы мен үнемі жалғасу керектігін:

كُنتُمْ خَيْرَ أُمَّةٍ أُخْرِجَتْ لِلنَّاسِ تَأْمُرُونَ بِالْمَعْرُوفِ وَتَنْهَوْنَ عَنِ الْمُنكَرِ وَتُؤْمِنُونَ بِاللّهِ

«Сендер адамдардың арасынан шығарылған жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыятын, Аллаһқа сенген қайырлы үмбет болдыңдар» ,- деп білдіреді. 

Құран Кәрім бүкіл ғасырлар мен қияметке дейінгі келетін үмбеттерге түсірілген кітап болғандықтан ондағы дәстүрлердің бәрі әрқашан өз жалғасын табады. Сондықтан бұл аятқа зер салып қарасақ, өзіміз үшін маңызды көп нәрсе аламыз. Бұл аяттағы «кунтум» сөзі «болдыңдар» деген мағынаға келеді. Аятта «сондай едіңдер» демей «болдыңдар» сөзінің таңдалуының өзі жай емес. Яғни, әуел баста сондай емес едіңдер, кейіннен болдыңдар. Әуел бастан сондай болу бұл сипаттың оларда үнемі бар болғанын білдіреді. Алайда, ондай «қайырлы болу» кейбір шарттарға байланысты, солар орындалған кезде үмбет қайырлы болады, ал орындалмаған кезде уахидің берекеті кесіліп, керісінше қайырсыз үмбет болады деген мағынаға да саяды. Олай болса, қайырлы үмбет болудың шарттары не? Құран бұған сол аяттың өз ішінде жауап береді: «Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю». Міне, осы міндет орындалған кезде үмбет әрқашан да басқа адамдардан артық, қайырлы болып, бүкіл адамзатқа игілік пен адалдық жолында ұстаздық жасайды. Исламның әлемдік мәдениетке үлес қосуы осы міндеттің дұрыс орындалғанына байланысты. Сахабаларды да тарихта үстем қылып, қайырлы еткен осы сипат болса, бұдан кейін келетін ислам үмбетінің қайырлы болуының шарты да осыдан келіп шығады.      

Пайғамбарымыздың: «Күн мен түн болған барлық жерге бұл дін жетеді. Аллаһ бұл дінді лайдан және жүннен жасалған барлық күркеге кіргізеді. Ұлылар ұлылығын, қорланғандар қорлығын табады. Бұл сондай бір ұлылық – Аллаһ онымен ислам мен мұсылмандардың даңқын арттырады. Ал күпірліктің ішіндегілерді қорлап, дәрежесін төмен қылады» ,- деген хадисі исламның бүкіл әлемге өркен жаятынын паш етеді. Пайғамбарымыздың бұл айтқандары басқалар қаласа да, қаламаса да, біздер уағыздасақ та, уағыздамасақ та келері анық. Аллаһ бізге емес, керісінше, біз Оған мұқтажбыз. Олай болса, бұл қасиетті керуеннен тыс қалмауға әрекет жасап, Аллаһ разылығын көздеуіміз керек. Ол өзінің разы болған құлдарына сөзсіз жоғары мәртебелерді несіп етеді.      

Аллаһ, дінінің көркейіп жайылуына қызмет еткен адамға көмек береді. Бұл турасында аятта: «Егер Аллаһқа жәрдем етсеңдер, ол да сіздерге жәрдем етеді» – деп кепілдік берілген.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде «Аллаһты құлдарына сүйдіріңдер, Аллаһ та сендерді жақсы көріп, басқаларға жақсы көргізеді» деу арқылы Аллаһқа сүйікті құл болудың Оны өзгеге танытып, сүйдірумен жүзеге асатындығын білдіреді. Аллаһтың разылығына бөлену – Оны сүйдіруге байланысты. Бір құдси хадисте «Құлымның ғибадатының маған ұнамдысы Мені танытуы мен Менің атымнан насихат етуі» деуі – біздер үшін көрсетілген ең жоғарғы меже.  

Заманымызда әмру биль-мағруф, нәхию әниль мункәр (жақсылыққа үндеп, жамандықтан тыю) –өткен ғасырлардан да ауыр мойнымызға жүктелген борыш. Өйткені адамзат тарихы дәл қазіргідей деңгейде осыншалық дінсіздікке, имансыздыққа душар болған емес.

Бұл жол – Адам атадан басталып кейінгі бүкіл пайғамбарлардың жалғастырған сара жолы. Жер бетінде жақсылықты жайып, жамандықтан тыю мен дінге қызмет етуден артық қызмет жоқ. Егер бар болса, Аллаһ өзінің таңдап жіберген елшілеріне осы қасиетті міндетті жүктер еді. Жақсылықты жаю көктегі жарқыраған күндей адамдарға жарық беріп, Аллаһты таныту және адамдарды өздерінің таза табиғатына қауыштыру тұрғысынан пайғамбарлар үшін ең жоғарғы мәртебе және Аллаһтың алдындағы ең таза міндет. Біздің намаз оқуымыз, ораза ұстауымыз, зекет беруіміз, қажылыққа баруымыз жеке мойнымыздың міндеті болса, жақсылықты жаю – қоғам алдындағы борышымыз. Басқаларға ақиқатты қабылдатқызудың ең сенімді және ең тиімді жолы – сөзіміз бен ісіміздің бір жерден шығуы әрі көркем мінезді бойымызда көрсете білу. Иә, айтқан нәрселерді бойымызға сіңіріп, алдымен өзіміз іс жүзінде көрсетпесек, Пайғамбарымыздың Миғраждан қайтып келген кезінде сол жақта көргендерін жеткізген «еріндерінің оттан жасалған қайшымен кескіленгендердің санатында» боламыз. Олардың еріндері айтуға келгенде алдына жан салмай, істеуге келгенде бойкүйездік танытқандықтан кескіленеді.  Аллаһ бізді мұндайдан аулақ қылсын. 

Бұл мәселеде де Пайғамбарымыз (с.а.с.) бен сахабалар және олардан кейінгі ислам ғұламалары осы қасиеттерімен ерекшеленген-ді. Абдуллах Ибн Рауаха Пайғамбарымыздың бұл қасиеті жайлы: «Егер ол ашық мұғжизалармен келмеген күннің өзінде Оны бір рет көру – Оған сену үшін жеткілікті болатын»  десе, яхудилер ғалымы Абдуллаһ ибн Сәлам: «Бұл жүзде иненің жасуындай да жалғандық жоқ»  деп мұсылман болған-ды. Иә, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) әр қимылы, сөзі оның Аллаһтың елшісі екеніне куәлік ететін. 

Оның жетілдірген шәкірттері де айналасына нұр шашқан үлгілі жамағат болатын. Эфиопияға һижрат еткен бір топ мұсылманның бойынан көрген ерекше қасиеттер олардың өзін-өзі ұстаулары мен сөздеріндегі салмақтылық пен шынайылықтары сол елдің патшасы Нәжәшиге ерекше әсер етіп, мұсылманшылықты қабылдауына себепкер болған-ды. Ол Пайғамбарымызға сәлем жолдап: «Уа, Расулаллаһ, қаласаң дәл қазір жаныңа барайын. Қаласаң, осы жерде қалып халқымды дінге шақырайын» десе, тағы бірде Аллаһтың елшісімен бірге болу тілегін: «Әттең, бұл патшалықтың орнына Аллаһ елшісінің қызметшісі болсам ғой» деп тілге тиек еткен-ді . Меккелік мүшіріктер мұсылмандарды қаншалықты жамандап бақса да, парасаты биік билеуші мұсылмандардың бойындағы қасиеттерге тәнті болып, мүшіріктердің айтқанын қабылдамай мұсылмандарды өз қорғанына алған болатын. Міне, осылайша Пайғамбарымыздың тәрбиелеп, жетілдірген жамағаты аса көркем мінезді тұлғалар болғандықтан аз уақыттың ішінде дүниенің түкпір-түкпіріне ислам шуағы тарап, қараңғы қалтарыстарға жарық түскен-ді.

Алау Әділбаев

 

 

 

Оқылды 1678 рет
JoomShaper
Top