Дінге жаппай бет бұруымыз - діни сауатымыздың жақсарғанынан

Дүйсенбі, 21 Сәуір 2014 05:42

АСТАНА. 21 сәуір. E-ISLAM.KZ – Бақытжан ӨТКЕЛБАЕВ, «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы:

ДІНГЕ ЖАППАЙ БЕТ БҰРУЫМЫЗ – ДІНИ САУАТЫМЫЗДЫҢ ЖАҚСАРҒАНДЫҒЫНАН

Жастар арасындағы діни ахуал қай ата-ананы да алаңдатады. Бұл – қоғамдағы түйінді мәселелердің бірі екені де рас. Өйткені, ұл-қыздарын мешітке жіберуден қорқатын болды олар. Десе де, құбылаға қарап тізе бүккен, Жаратушысын таныған кейінгі буынның, ата жолын ұстанған ұрпақтың көбеюі көңіл қуантады. Ал, олардың бағыты қандай, жат пиғылды ағымдардың жетегінде емес пе, неге жаппай діншіл болып кеттік? Осы сауалдардың жауабын білгіміз келіп, Астанадағы айшықты құлшылық орны – Әзірет Сұлтан мешітінің наиб-имамы, дінтанушы Бақытжан Өткелбаевпен сұхбаттасқан едік...

– Бақытжан Мүптіәділұлы, бүгінде ел ішіндегі жастардың дінге бет бұруы жиілеп кеткені рас. Бұл талай жыл бодан болған жұрттың азаттық алғаннан кейін дінге шөліркегендігі ме, әлде, шынымен діни сауатымыз артып келеді ме?

– Кеңес заманындағы бодандығымыздың кесірінен дінге шөліркегендік деуге де болады. Дегенмен, тоқсаныншы жылдары халық исламға еміне түскенде, көпшілігіміз дінді құлшылық деп қана танитын едік. Ал қазіргі таңдағы мұсылмандардың түсінігі, білім деңгейі бұрынғыдан биікте. Олар ислам мәдениетін, ислами өмір сүру салтын жақсы біледі. Яғни, бүгінгі жастар дінге құлшылық үшін ғана емес, өмірлік ұстаным ретінде де бет бұруда. Бұлай деуімнің себебі, бүгінде кейінгі буын арасында өмір қиындығына кезіккендер оның шешімін исламнан, мешіттен тапқысы келеді, имамдардан сұрайды. Тірліктің түйінін шешу жолдарын діннен іздеу – қуанарлық жайт. Бұл жұртшылықтың исламға деген құрметін, әсіресе, отбасылық мәдениет тұрғысынан шариғи өмір сүру салтын қалағандығын айғақтайды. Бірде, құптан намазынан кейін, түннің бір уағында апалы-інілі өзге діннің өкілдері келді. Бұл уақытта шіркеудің жабық екенін айтқан олар өз сауалдарының жауабын исламнан тапқысы келетіндерін жеткізді. Інісінің болашағына бал ашып берген бір тәуіп «Сенің жолың болмайды, байланған» депті оған. Содан қорыққан ол маңызды бір сапарынан бас тартады. Әпкесі інісіне балгердің сөзінің жалғандығын дәлелдегісі келіп, мешітке бас сұғыпты...

Аллаға шүкір, бүгінгі таңда ислам діні ел ішінде, жастар арасында үлкен мәдениет, салауатты өмір сүру қағидасы ретінде қалыптасуда. Мешіттердің ресми сайттарын қолданатын, діни мақалаларды ықылас қойып оқитын, бейнероликтер көретін оқырмандардың дені әр түрлі салада қызмет ететін жастар немесе студенттер. Бірақ олардың бәрі намазхан емес, орамал тартып жүрген жоқ, әрине. Бірақ ислами тұрмысты, мәдениетті, өркениетті қалайды. Мұны бүгінгі буынның діни сауаты ашылып келе жатыр деп айтуға әбден болады. Ал, тоқсаныншы жылдардағы ахуал – дінге шөліркегендік. 

– Мешітке жаппай бет бұрған қазіргі буынның арасында жат ағымдардың жетегінде, ықпалында кеткендер аз емес. Оларды дәстүрлі дінімізге қайтару жолдары мемлекет деңгейінде қаралуда. Сіздер де ат салысып жатырсыздар. Десе де, осы ахуал ұлттың ертеңіне алаң тудырмайды ма?

– Қазіргі жат ағымдардың артында үлкен саясат тұрғаны жасырын емес. XVIII ғасырда басталған үрдіс дінді пайдаланып, елдің тұрақтылығына, ынтымағына, діни бірлігіне, ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүріне, салиқалы билікке сызат түсіруді мақсат етеді. Мұндай ағым өкілдерімен, терроризм, экстремизммен күрес жолында мемлекет тарапынан жоспарлы түрде жұмыс жүргізілуде. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының әрбір имамы мен қызметкері бұл жауапкершілікті жете сезініп, шама-шарқынша атсалысуда. Осы бағытта былтыр Қазақстан Үкіметі терроризм мен экстремизмнің алдын алуға арналған (2013-2017 жылдар) бес жылдық бағдарлама қабылдады. Бұл жобаға мемлекет қазынасынан 200 миллиардтай қаражат бөлінген. Құжатты бастан-аяқ оқып, танысып шықтым, ауқымы – кең, бағдары – көңілге қонымды. Демек, билік жат ағымдардың қауіпті екенін жете сезінді. Сондықтан олардың алдын алуда үлкен шараларды қолға ала бастады. 

1990-2000 жылдары жат ағымдар мен дәстүрлі дініміздің ара-жігін ажырата алатын мамандар өте тапшы еді. Қазіргі таңда Дін істері агенттігінен басқа да мекемелерде діни сауатты мамандар көп болмаса да, баршылық. Және олар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен өте тығыз байланыста жұмыс істеуде. 

Мен еліміздегі бүгінгі діни ахуалдың жағдайы аса күрделі деуге келмейді дер едім. Бұл мәселенің ауыздыққа көнбей кеткені 2000 жылдардың төңірегінде қалды. Тәубә, осыдан үш-төрт жыл бұрын тұрақтай бастады. Қазір радикалды ағымдар сол кездегідей кітапшаларын еркін тарата алмайды, аудио, бейне дискілерін, әдебиеттерін сата алмайды. Өйткені, құзырлы орындар тарапынан бақылау қатаң. Дін істері агенттігі барлық діни материалдарды сараптамадан өткізіп, ақ-қарасының тізімін жасап қойған. Мұның өзі үлкен жетістік. Әйтпесе, екі жыл бұрын ғана теріс пиғылдағы ұйымдар зиянды дүниелерін дүкендерде емін-еркін сататын еді. 

Енді діни сайттарға бақылау күшеюде. Бұл іске прокуратура да бел шеше кірісіп, радикалды ағымдардың мүддесіндегі интернет көздерін жауып жатыр. Ал діни басқарманың әр облыста қазақ, қазақ-орыс тілдеріндегі жиырма-шақты сайты жұмыс істейді. Бұл да ағымдармен күресуде беделді күш деп білуіміз керек. Бұдан бөлек, фиқһта Ханафи мәзһабын, сенімде Матуруди сүнни жолын, төл дінімізді насихаттайтын қаншама кітаптарымыз басылуда. Қазір, Құдайға шүкір, дінімізді дәстүрлі жолмен сусындатып, Алланы, Пайғамбарымыз Мұхаммедті (с.ғ.с) тануға шақыратын, діни салада кәсіби білікті мамандар даярлайтын тоғыз медресеміз, имамдардың білімін жетілдіретін бір институтымыз, халықаралық талаптарға сай жоғары білім беретін бір университетіміз бар. Бұлар да оқу-ағарту саласында жат ағымның жайылмауына, дәстүрлі дініміздің тарқалуына, жастарды дұрыс жолға шақыруға айрықша септігін тигізіп келеді. Сонымен қатар діни басқармаға алыс-жақын шет елдерде және өз елімізде білім алған білімді әрі білікті, ғалым-мамандар жұмысқа тартылуда. Олардың кейбірі жат ағымдар жиі паналаған батыс өңірлерге жіберілсе, енді бірі орталық аппаратта қызмет атқаруда. Мәселен, өздеріңізге жақсы мәлім ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Ершат Оңғаров пен Атырау облысының өкіл имамы Батыржан Мансұров – ғылым докторлары, осы облыстың әкімдігіне қарасты Дін істері басқарманың басшысы Еркінбек Шоқай – белгілі теолог, Маңғыстау облысының өкіл имамы Смайл Сейітбеков – ғылым кандидаты,  ҚМДБ Пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Сансызбай Құрбанұлы мен Жезқазған аймағының өкіл имамы Жұмабеков Қабылбек – әлемге аты әйгілі Мысырдағы Әл-Азхар университетінің түлектері. Бүгінгі буын арасында да дәстүрлі дінімізді түрлі жолдармен, әлеуметтік желілерде, ғаламторларда, БАҚ беттерінде қал-қадірлерінше насихаттап жүргендер аз емес. Нәтижесінде, радикалды ағымдардың кейпін ажырата алатын замандастарымыз көбейіп келеді. Осыларға қарап, үкімет пен діни басқарма діни ахуалдың тұрақсыздығын тізгіндеді, мықтап бақылауға алды десек, қателеспейміз. Әрине, тарихын XVIII ғасырдан тарататын жат ағымдарды әп-сәтте ел аумағынан мүлдем жойып жіберу мүмкін емес нәрсе. Діни кеселден арылуымыз үшін, түбегейлі тазалануымыз үшін әлі біраз уақыт керек. 

– Бақытжан Мүптіәділұлы, өзіңіз дін маманы ретінде, радикалды жат ағымдарды құрықтаудың қандай жолдарын ұсынар едіңіз?

– Өте орынды сұрақ. Жат ағымдармен күресу жолында біз ең алдымен діни кадрларды дайындауға аса мән беруіміз қажет. Білімді, білікті, заманауи технологияны жетік меңгерген, қоғамның әр сатысымен жұмыс жасай алатын сауатты дін қызметкерлері ауадай керек. Діни басқарманың қарамағында 2300-ден астам мешіт бар, әсіресе, білімді имам-молдалардың қатарын көбейткеніміз абзал. Содан кейін олардың жағдайын жасап, әлеуметтік мәселелерін шешіп беретін болсақ, ағымдар өзінен өзі жоқ болып кетер еді. Халық кімді тыңдайды, кәсіби білікті имамды тыңдайды.

– Яғни, бізде имамдар жеткіліксіз ғой?...

– Имамдар жеткілікті, бірақ, діни ағымдарға тойтарыс бере алатын әріптестерім жетіспейді. 

– Жаңа өзіңіз айтқан еліміздегі діни білім беретін оқу орындарының – бір университет, бір институт, тоғыз медресенің білім беру сапасына көңіліңіз толады ма? Олар сауатты мамандармен қаншалықты қамтамасыз етілген?

– Мен біраз жыл жоғары оқу орнында қызмет атқарғанмын. Оқу-ағарту саласында тәжірибем бар. Арнаулы білім беретін орта кәсіптік мәртебесіндегі медреселерде де білім беруге бес-алты жылымды жұмсадым. Олардың оқу бағдарламаларын жасауға, мемлекет тарапынан заңдастырылуына бір кісідей ат салыстым. Сондықтан бұл сала маған таныс, мұндағы жүйелерді жақсы білемін. Осы ретте, оқу орындарында ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер бар деп толық сеніммен айта аламын. Сауатты оқытушылар, ұстаздар білікті мамандар дайындалуда. Үш жылдық медресенің өзін бітірген түлек біраз нәрсені біліп шығады. Еліміздегі оқу орындарын тәмамдаған білімгерлер арасында өңірлерде жауапты қызметтер атқарып жүрген мамандар бар. 

Осы білім беру барысының өзін жетілдіре түсуге, дамытуға болады. Ол үшін оқу орындарына, ондағы ұстаздарға мемлекет тарапынан қамқорлық пен жағдай керек. Діни білім ордалары бүгінде жекелеген қалталы азаматтардың, кәсіпкерлердің демеушілігімен, қолдауымен күн кешуде. Бұларды бітірген түлектерді шалғай аудандарға, ауылдарға жіберу үшін, оның да тұрмыстық ахуалын түзеп берген жөн. Өйткені, кейбір діни мамандардан айырылып қалып жатырмыз. Қалай? Жас маман ауылға барады, бір жыл, жарты жыл жұмыс істейді. Содан кейін тұрақты жалақысы болмағаннан кейін күн көрісі қиындайды, нарықтық заман ғой. Оның үстіне ол үйленеді, үй болады. Әлеуметтік жағдайы тағы қыса түседі. Содан кейін жас имам амалының жоғынан ұстазынан кешірім сұрап, өзін асырай алатын кәсіпке ат басын бұрады. «Сіз оқыттыңыз, тоқыттыңыз, бірақ менің өмір сүруім қиындап кетті, табысы бар жұмысқа ауысамын» десе, қай ұстаз немесе имам тежей алады оны, қалтасынан бөліп беретін қаражаты жоқ болса. Міне, дін мамандары жоқ емес, бірақ оларды ұстап қала алмай жатырмыз. 

– Қазір имамдарға жалақы төлеу мәселесі жолға қойыла бастады...

– Иә, игі бастаманы діни басқарма әкімдіктермен бірлесіп, Атырау, Ақтөбе сияқты кейбір облыстарда қолға алуда. Аталған өңірлерге барып қызмет етіп жүрген астаналық имамдар да бар. Яғни, бұл жоба оң нәтижесін беруде. Алайда, мұның өзі облыс орталықтарында ғана, бұл – жеткіліксіз. Ал бізде білікті мамандар тапшы қаншама аудан, ауыл бар?! Солардың бәрінің имам-молдалары жалақымен қамтамасыз етілуі керек деп ойлаймын. Түркия сынды зайырлы мемлекеттер дәстүрлі дінді қолдауды, демеуді осылай бастаған. Әйтпесе, 1950-жылдары сол бауырлас мемлекетте дін құлдырап кеткен еді. Алпысыншы, жетпісінші жылдары оларда да дәл біздегідей проблемалар туады. Сонда түріктер не істеді? Мемлекет дінді қолына алды да, діни басқарманы қаржыландырды, дін мамандарын оқытты, оларды жұмыспен қамтамасыз етті, әр мешітті, медресені білікті кадрларға толтырды, әлеуметтік мәселелерін шешті. Қазір түркиялықтар жүз пайыз имам ағзам Әбу Ханифа мәзһабын ұстанады. Жат ағымдардың бірен-саран өкілдері болғанымен, үні шықпайды олардың. Осы сияқты жүйе, бағдарлама, қаржылай демеу бізге де қажет. Сонда ғана алаңдатқан ахуалдың түйіні тарқайды. 

Тереңірек үңіле түссек, дәстүрлі дінімізді жетілдіру үшін, ағымдарды құрықтау үшін әлеуметтік желілермен жұмысты күшейткен жөн. Мысалы, діни басқарма төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының тапсырмасымен бүгінде барлық имам-молдалар «facebook», «twitter» сынды жастар көп қолданатын әлеуметтік желілерден парақша ашқан. Сол арқылы халықтың сауалдарына жауап беріп, асыл дінімізді насихаттап отырады. Сонымен қатар дұрыс жолға үндейтін мақалалар, діни сарындағы бейне және аудио уағыздар жариялайды. 

Сайттардың жұмысын жетілдіру де үлкен күш деп білемін. Қазіргі жастардың ұзын-ырғалы материалдарды, кітаптарды, тіпті, кітапшаларды оқып отыратын уақыты жоқ немесе оқығысы да келмейді. Тек интернет көздерін шарлайды. Соның өзінде өте қысқа-нұсқа дүниелерге мән береді, назар салады. Сондықтан қысқа метражды фильмдер, бейнероликтер түсіріп, республика аумағында дайындауымыз керек. Блогерлер мен журналистер осы бағытта, яғни, дәстүрлі исламды дәріптеуде тәулік бойы жұмыс істесе, ілгерілеуіміз жеделдер еді. Өйткені, жат ағымдардың да блогерлері, журналистері бар. Оларға төтеп беретін қауқар қажет. Діни әдебиеттер мәселесі де кезек күттірмейтін жайт. Мұның бәрі, әрине, қаражатқа келіп тіреледі. 

– Діни әдебиет дегеннен шығады, жуырда «Ислам және ғылым» деген ғылыми еңбегіңіз жарық көрді. Онда оқу ордаларының тарихы, жүйесі, ислам тарихындағы тұлғалардың ғылымға қосқан үлесі туралы айтылады. Осы дәстүрді бүгінгі буын жалғастыра алады ма? Мәселен, жақында ғана саударабиялық жас мұсылман намаз оқуға үйрететін құлтемір ойлап тапты...

– Көпшілігіміз исламды белгілі бір құлшылықтармен ғана шектейміз. Бұл – дінді дұрыс, өз деңгейінде түсіне алмағанымыздан. Мен «Ислам және ғылым» кітабын жазуда исламның үлкен мәдениет, ғылым екенін жеткізуді мақсат еттім оқырманға. Орта ғасырларда сөніп қалған ислам ғылымының ізін жандандыруға үлес қосқым келді. Бүгінде ғылымы мен техникасы шырқау биікке шығып үлгерген батыс ғұламалары мен халқы ислам дініне борыштар, негізі. Өйткені, орта ғасырларда Еуропаның өзі аталарынан қалған дүниені ұмытты. Сол тұста Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өмірге келуі, сахабаларға бағыт-бағдар көрсетуі, ғылымға білімге үндеуі мұсылмандардың бір-екі ғасырда-ақ тілдерді меңгеруіне, ғылымға үлкен қадам басуына, оған елеулі үлес қосуына септесті. Физика, химия, алгебра, математика, медицина, жағрафия-сынды адамзат баласына қажетті ғылымдар қарыштап дамыды. Аралдық бабамыз Әбу Абдулла Мұхаммед ибн Мұса әл-Хорезмидың «Әл-жәбр уәл-Мұқобәлә» деп аталатын алгебра ғылымына арналған үлкен еңбегі бар. Алгебра деген ғылым атауы, міне, осы еңбектің атымен аталады. «Әл-жәбр» сөзіндегі үшінші «ж» әрібі еуропалықтарға «г» әрібімен ауысқан. Отырардан шыққан екінші ұстаз Әл-Фараби, Ибн-Синалардың мұралары жеті ғасыр бойы Еуропада оқытылған ғылымның нағыз құндылықтары. Бұл үрдіс XVII ғасырға дейін үзілген жоқ. Өйткені, оған дейін батыста саясатты дін басқарып келді... Кейін дінге көзқарас өзгеріп, ғылым алға озды. Яғни, ренессанс басталды. «Осы күнге дейін дін бізді артқа тартқан екен» деп дінді (христиан дінін) менсінбеушілік басталды. Мұсылмандардың ғылымнан артта қалуының негізгі себептерінің біріншісі – иманнан, діннен қол үзіп қалуында, екіншісі – бұрынғы ғалымдар жазған еңбектерге тек пікірлер жазумен шектелді де, жаңа ғылыми зерттеулермен айналыспады. Және жоғарыдағы ренессанстың да мұсылмандарға әсері тимей қоймады. Содан кейін дінді тек белгілі бір құлшылықтар түрімен шектейтін болдық. Міне, бұл – мұсылман жұртының ғылым саласында батыстан қалып қоюының негізгі себептері. Ал қазіргі таңдағы кейбір деректерге қарасақ, сол батыс ғылымы өкілдерінің, яғни, ғалымдардың алпыс пайызы Алланы танығандар, Мұхаммедті (с.ғ.с) мойындайтындар, құлшылық ететіндер. Мысалы, әйгілі  «НАСА» Ұлттық ғарыш агенттігінің бас ғалымы Уәлид Абдуллати 2010 жылы мұсылман жұртынан сайланды. Осы ұйымның тағы бір мүшесі Мажда Әбурас – саударабиялық әйел. Олардың бәрі мұсылман болғанымен, батыста қызмет етіп жүр, сол жақтың нанын жеп, суын ішуде. Сондықтан Еуропаның атынан танылады әлемге.

Бұл айтылғандар қазақ халқының ой-өрісінің төмендігін көрсетпейді. Бүгінгі халықаралық олимпиадалардың нәтижесіне көз салсаңыз, жаратылыстану, техникалық ғылымдар бойынша жеткіншектеріміз алдыңғы саптан жиі көрінеді, үнемі жүлделі орындарды қанжығалайды. Жуырда ғана Мұхтарбай Өтелбаев ағамыз әлем ғалымдарының алдында тұрған «мыңжылдық проблеманы» шешті. Қазіргі таңда шет мемлекеттерде, ғаламтор беттеріндегі мәліметтерге сүйенсек, біздің 232 жас ғалымымыз жұмыс істеуде. Әрине, оларды қазір тиісті министрліктер Қазақстанға қайтару әрекетін жасап жатыр.  

Осындай мәліметтерден нені түйеміз? Ғылым саласында Еуропа елдері мұсылман мемлекеттерінен басып озғанымен, жекелеген мұсылман ғалымдар арасында тайталасуға дәрмен бар. Енді жас ғалымдарды Отанды сүюге, патриотизмге, имандылыққа тәрбиелей алсақ, олар өзге елдің білімі мен ғылымын алар, бірақ өз елдеріне қызмет ететін болар еді. Мәселе осында.

– Біздің қоғамда дәстүрлі діннің мәртебесін асыруда, қанатын кеңге жаю үшін қай тақырыптағы діни басылымдар жетіспейді?

– Қазіргі таңда ислам дінін насихаттауда сенім мәселесі көп қозғалмайды. Бұл бағытта имам Матрудидің әдістемесі, Ханафи мәзһабындағы фиқһ, құқық саласындағы дәлелді әдебиеттер жеткіліксіз. Осы жолды таңдаған мыңдаған ғалымдардың өмірі, еңбегі, пәтуалары насихатталмай жүр. Ислам тарихына, мәдениетіне, білім-ғылымына қатысты дүниелерді толық аша алмай, бүгінгі жастарға, әлеуетке жеткізе алмай жүрміз, тіпті, жоқтың қасы. Қазақстаннан шыққан Әл-Фараби, Әл-Тарази, Сығанақи сияқты ғұламалардың құндылықтары назардан тыс қалуда. Алайда, мұның бәрі үлкен қолдауды, қаржыны, білікті мамандарды қажет етеді. Жастар өз ғалымдарымызды, мәдениетімізді, өркениетімізді, өнерімізді таныса, батысқа еліктемес еді. Бәлкім, білім-ғылымын алармыз, бірақ, арзан жылтырақтарына таң қалмас едік. Яғни, алда тың, ашылмаған көп жұмыс күтіп тұр бізді. 

Ғылымның басы бар да, соңы жоқ. Ислам ғұламаларының  математикасы, философиясы, физикасы, астрономиясы... осылай жалғаса береді. Менің кішігірім жаңағы еңбегім сол игі жұмыстың бастамасы ғана. 

Малайзия, Индонезия, Мысыр, Біріккен Араб Әмірлігі, Түркия секілді дамыған мұсылман мемлекеттерінде фиқһ, ақида, мәдениет салаларының әр тармағы бойынша магистрлік, докторлық диссертациялар қорғайтын ғалымдар бар. Ал, біз ислам дегенді әлі құлшылық деңгейінде ғана танимыз. Әйтпесе, хадис саласының өз маманы, тәпсір саласының өз маманы, фиқһ саласының өз маманы болу керек. Бізде осы жеткіліксіз, маман тапшы. Сондықтан ислам ғылымы саласының кейбір мықты мамандарын да имамдыққа тартып жүрміз. Неге? Сауатты, білікті имамдар да жетіспейді Қазақстанда. Енді ол ғалым қайдан ғылыммен айналыссын?!

– Жастардың арасында суицит, өз-өзіне қол жұмсау жағдайлары өршіп тұрғаны жасырын емес. Осы орайда, біздің имам-молдаларымызға жеткіншектермен жұмыс істеу, психологтық қасиет жетіспейтін сыңайлы...

– Өз-өзіне қол жұмсаудың ауыр күнә екені, өмірді сақтау қажеттігі тек исламда ғана емес, барлық дінде айтылған. Біз өзіміздің хақ дініміз – ислам шариғатына жүгінеміз. Онда «Бір адамды өлтірсең, бүкіл адамзатты өлтіргенмен тең, бір адамды құтқарсаң, бүкіл адамзатты құтқарғанмен тең» деген жолдар бар. Осылайша адам өмірін сақтауға, құрметтеуге, өзге тұрмақ, өзіңе қол жұмсамауға шақырады. Қолыңмен, сөзіңмен, тіпті, ниетіңмен болса да өзгеге зиян тигізбеуге үндейді. Алла-тағаланың бізге берген өмірі, тағдыры – үлкен аманаты. Қашан Алла-тағаланың өзі өлім бермей, ажал жібермей, оны сатуға, қор қылуға ислам қарсы. Алайда, бүгінгі буын арасында өз-өзіне қол жұмсау көп кездеседі. Мұның негізгі себебі – имансыздықтан, ата-ананың балаларға уақытылы көңіл бөлмеуінен. Өйткені, олар таңның атысы, күннің батысы – жұмыста. 

Баланы тәрбиелейді деп, балабақшаға береміз. Ондағы тәрбиеші отыз баланың қайсысына тәрбие береді? Мүмкін, тамақ берер, әліппені үйретер. Мектепте де солай, математиканы ұқтырар, оқу-тоқуды сіңірер, бірақ жалғыз мұғалім сонша баланы рухани тәрбиелей алмайды. Ең бірінші ата-ананың тәрбиесі керек. Бұл – біздегі үлкен кемшілік әзірге. Бала мен ата-ананың арасында қандайда бір қашықтық болмауы тиіс, ата-ана ең жақыны болуы керек. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) өзі «Алладан кейін ата-анаңды жақсы көр. Алланың разылығы ата-ананың разылығында» дейді. Сол үшін бала Жаратушыдан кейін ата-анамен дос болуы керек. Ал қазіргі таңдағы ата-аналар балаға дұрыс көңіл бөле алмаған соң, «баланың көңілі – далада». 

Баланың бұзылуына әлеуметтік желілердің, әр түрлі сайттардың да әсері бар. Бүгінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының әр имамы осы ахуалмен қолдарынан келгенше күресуде. Жоғары, арнаулы, орта оқу орындарында кездесулер ұйымдастырып, «Ұлық болсаң – кішік бол», «Жаны саудың – тәні сау», «Суицид – тығырықтан шығар жол емес», «Дін мен дәстүр», «Деструктивті діни ағымдардың сипаттары, оның алдын алу жолдары» секілді тақырыптарда жүйелі түрде дәрістер оқуда, кездесулер ұйымдастыруда. Алкогольдік ішімдіктердің, есірткі, темекілердің зияны туралы жиі айтуда. Бір-бірін сыйлау, өмірге құштарлық төңірегінде де насихаттар жүргізілуде. Тәрбиелік мәні бар осындай шаралар дін қызметкерлерінің ұдайы назарында. Алайда, суицидтің салдарын тек имамдарға әкеліп тіреп қоюға болмайды. Бұған, жаңа айтқанымдай, ең бірінші ата-ана жауапты, содан кейін қоғам, бәріміз жауаптымыз.  

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген – Асхат РАЙҚҰЛ

 

 

 

Оқылды 26 рет

 

Әлеуметтік желілер

Намаз уақыты

 

Сауалнама

Күнтізбе

« Қыркүйек 2014 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жб
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

Құран (аудио)

JoomShaper