Мұхан Исахан: «Талас ғазауатының» тарихи рөлі аса маңызды

Сейсенбі, 26.07.2021
Мұхан Исахан: «Талас ғазауатының» тарихи рөлі аса маңызды

– ҚМДБ 2016 жылды «Дін және тарих тағылымы» жылы деп атады. Осыған орай елімізде ислам дінінің тарихымыздағы орнын паш ететін түрлі жиындар өтіп жатыр. Жалпы, түркі халықтарының исламға аяқ басуы «Талас ғазауатынан» басталатыны белгілі. Тарих ғылымында осы «Талас ғазауаты» қаншалықты зерттелінді?

Атлах ойпатында 751 жылы болған Тан империясы мен Аббаси халифаты әскерлерінің арасында болған «Талас ғазауатының» мұсылман үмбеті һәм түркі халықтарының тарихында алар орны ерекше. Бұл шайқастың тарихтағы орны туралы мұсылман тарихшыларынан Ибн Тайфур, әл-Мақдиси, Ибнул-Асир, шығыстанушылардан В.Бартольд, О.Большоков, А.Прозоров, Л.Гумилев, түркі халықтарының ислам дінін қабылдауына тигізген ықпалы туралы З.Китапшы, З.Тоған, Ф.Көпірулы, С.Кутлу, И.Кабакшы, А.Ташағыл, ал, ұлт тарихшыларынан Ж.Мырзаханов, Н.Мыңжан, Ә.Дәулетхан, С.Сыздықов, М.Бұлұтай, Ә.Хасенов, Ж.Жомарт және т.б. зерттеушілердің ой-тұжырымдары ғылыми айналымға енген.

Зерттеушілердің басым көпшілігі «Талас ғазауатын» әр қырынан зерделегенімен, оқиғаның нәтижесіне қатысты жалпы позитивті тұрғыда ой-пікір айтады. Әсіресе, Орталық Азияда ислам дінінің тұрақтануына «Талас ғазауаты» екпінді ықпал етті деген көзқарастар басым. Сындарлы пікірлер жоқтың қасы...

– Орталық Азияда «Талас ғазауатының» қарсаңындағы геосаяси ахуал қандай еді?

Тарихта 552 жылы Бумын қаған негізін салған Түрік қағанаты кейін Мұқан және Естеми қаған дәуірінде Шығыс және Батыс Түрік қағанаттары (Сары теңізден Еділ өзеніне дейінгі ұланғайыр аумақта) бөлінді. Әуелгіде әкімшілік тиімді басқаруды орнықтыру үшін екіге бөлінген Түрік қағанаттары келе-келе саяси һәм діни тұрғыдан жіктеліске түсті. Әсіресе, Батыс Түрік қағанаты Шығыс Түрік қағанатымен қырқысып, Тоба қаған тұсында (582 ж) билеуші топ өкілдері будда сенімін қабылады (Л.Гумилев. Древный тюрки. 20 стр). Тан патшалығы алғашқыда саяси һәм діни ықпалын сырттай жүргізсе, 659 жылы Жетісу жеріндегі Батыс Түрік қағанатын өз қанатының астына алды. Батыс Түрік қағанатының орнын 699 жылы басқан Түркеш қағанаты саяси дербес болуға ұмтылды. Алайда, сол кезде Орталық Азияға шығыстан Көктүрік қағанаты және Тан патшалығы қысым жасаса, оңтүстіктен Умая халифаты үсті-үстіне фатх жорықтарын жасап, Түркеш қағанатының нығаюына мүмкіндік бермеді (Нығмет Мыңжан. Қазақтың қысқаша тарихы. 126-130 беттер).

Умая халифатының Қорасандағы әміршісі Құтайба ибн Муслим 705-714 жылдар аралығында Орталық Азияға фатх жорығын жасап, Бұқара, Самарқан, Ташкент, Исфиджаб қалаларын басып алып, Мәуреннахрдың көп бөлігін халифат құрамына енгізді (Z.Kitapci. Islamiyetin yayilisi ve turkler. Konya 1998). Әйткенмен, түркінің шеп тайпасынан шыққан Сулық қаған 717 жылы Түркеш қағанатының тағына отырып, өз әміршілері Баға Тархан мен Домжының қолынан қаза тапқан 737 жылға дейінгі аралықта Умаядтардың басқыншылығына қарсы тоқтаусыз күрес жүргізді. Яғни, түркілер әдепкіде қылыштың жүзімен таратылған исламды қабылдағысы келген жоқ.

Сулық қағанды өлтіріп 737 жылы таққа отырған Баға Тархан Тан патшалығының қызына үйленіп, өзінің билігін күшейткісі келді. Алайда, Сулық қағанның ұлдары тақ үшін Баға Тарханға қарсы күресті. Олардың қарсылығын өз күшімен баса алмаған Баға Тархан Тан патшалығынан көмек сұрайды. Осы кезде Тан патшасы Хиван Жанг қолбасы Као Шиен Шихты Батыс Түркістанды бағындыру үшін аттандырады. Тан әскері Жетісу жеріне басып кіріп, 748 жылы Тоқмақты басып алады. Іле-шала Ташкент уалаятын бағындырып, билеушісі Бағатурды тұтқындап әкетіп, оны қытай астанасында азаптап өлтіреді. Ташкент билеушілері Тан басқыншыларына қарсы тұруға қауқарсыз болғандықтан, амалсыздан Хорасан әмірі Әбу Муслимнен көмек сұрайды. Әбу Муслим көп ойланбастан Мәуреннахрға бағытталған қытай узурпациясын тоқтату үшін Зияд ибн Салих қолбасы бастаған мұсылман әскерін аттандырады (Мұртаза Бұлұтай. Ата баба діні. Түркілер неге мұсылман болды? Білім. Алматы 2000. 232 б).

– Одан ары қарай соғыстың қалай өрбігеніне нақты тоқтала кетсеңіз?

Као Шиен Шихтің қоластындағы Тан әскері мен Зияд ибн Салих бастаған мұсылман қосыны 751 жылы шілде айында Талас өзенінің бойындағы Атлах жазығында бір-бірімен бетпе-бет келеді. Тан әскерінің құрамында түркештер мен қарлұқтар болса, мұсылман әскерінің сапында да исламды қабылдаған түркі-соғдылар бар еді (Ә.Дәулетхан. Хұн-түрік-қазақ тарихын зерттеу мәселелері. 2-кітап. 129 бет). Бес күнге созылған кескілескен шайқастың алғашқы төрт күнінде екі жақ итжығыс түсіп жатады. Соғыстың соңғы күні Тан әскерінің сапындағы қарлұқтар көтеріліс жасап, мұсылмандармен соғысып жатқан қытай қосынына бір бүйірден келіп соққы жасайды. Тан әскері қос тараптан жасалған шабуылға шыдас бере алмай, майдан даласын тастап, қаша жөнеледі (Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері. 1 том. Алматы. 2005. 40 бет).

Қытай деректерінде Талас соғысына Као Шиен Шихтің 30.000 әскері қатысқандығы айтылады. Ал, әл-Мақдисидің жеткізуіне қарағанда Тан империясының 100.000 әскерінің 45.000 соғыс майданында жер жастанып, 25.000 тұтқынға түскен (әл-Мақдиси. Әл-Бада уа-т тарих. VI том. 74-45). Ибнул-Асир болса, Талас ғазауатында Као Шиен Шихтің 50.000 әскері шайқаста қаза тауып, 20.000 әскері есір болғандығын (Ибнул-Асир. Әл-Камил  фи ат-тарих. V том. 499) баяндайды. Қалай болғанда да, «Талас ғазауатынан» кейін қытай әскері енді қайтара Орталық Азияға беттемейтіндей болып, ауыр жеңіліске ұшырағанды шындық.

– Сөз басында «Талас ғазауатына» сын көзбен қараушылық жоқтың қасы екенін айтып қалдыңыз. Сын айтылатын қандай мәселе бар деп ойлайсыз?

Зерттеушілер негізінен «Талас ғазауатының» позитивті жақтарын көбірек сөз етеді. Ал, «ғазауат» деп бағалауға жетіңкіремейтін дүдәмал тұстарына маңыз аударылмай келеді. Әсілі, шариғатта «ғазауат» термині қасиетті соғысқа қатысты қолданылады. Нақтырақ айтар болсақ, діни нанымы бөлек сыртқы шабуылдаушылардан мұсылмандардың қорғану үшін немесе мұсылмандардың діни нанымы бөлек өлкелерге жасаған фатх (дінді тарату) жорықтары «ғазауат» (қасиетті соғыс) деп айтылады. Жалпы, Талас соғысы негізінен мұсылмандар мен будда сеніміндегі қытайлар арасында өткендіктен, бұл қарулы қақтығыс «ғазауат» деп бағаланып жүр. Бірақ, тарихи деректерде «Талас ғазауатына» түрткі болған түпкі себепті ислам мүддесінен туындады деп айту тым қиын. Айталық, Ташкент билеушілерінің Хорасан әмірі Әбу Муслимнен діни мүдде тұрғысынан көмек сұрағандығына ешбір нақты дәлел келтірілмейді. Қытайлар түркештердің Ташкенттегі билеушісі Бағатурды тұтқындап әкеткенде, ұлдары әкесін құтқаруға шарасыз қалғандықтан Әбу Муслимнен көмек сұраған. Ал, Орта ғасырлық тарихи дереккөзге жататын «Насабнамада» (Сафи ад-дин Орун Қойлақи. Насабнама. 27 бет) сол кезде осы төңіректе мекендеген түркілердің «муғ» (манихейзм немесе зороастризм) сенімінде болғандығы баяндалады. Діні бөлек болғанмен бұрын Түркеш қағандығы мен ислам халифаты арасында «дару-с сулх» (Хақ дінді ұстануға жасалған бейбіт келісім) мәмілесі жасалып, Хорасан әмірі Әбу Муслим осы мәмілені сақтау үшін мұсылман қосынын Тан әскеріне қарсы қойған болса, онда Талас соғысын «ғазауат» деп бағалауға болар еді. Бірақ, оғанда ешбір дәлеліміз жоқ. Және сол саяси шым-шытырық кезеңде түркештер мен мұсылмандардың арасында «дару-с сулх» мәмілесінің жасалуы да екіталай-тын. Себебі, осының алдында ғана (737 ж) Түркеш қағаны Сулық соғдылармен бірігіп Әмудария бойында мұсылмандармен соғысып, жеңіліс тапқан болатын (Н.Мыңжан. Қазақтың қысқаша тарихы. 130 б). Әрі-беріден кейін Хорасан билеушісі Әбу Муслимнің өзі алғашқыда Умая кейінірек Аббаси билігіне қарсы парсылардың мүддесін қорғап күрескен (Риза Шабани. Иран тарихы. Алматы 2002. 131 бет) шиғаның ғулат (асқын ұстанымдағы) тобына жататын кайсани ағымының өкілі (Ибн ан-Надим. Әл-Фихрист. Кайр 1969. 497) еді. Ал, кайсанилердің «беда» (Алланың үкімін имамның өз қалауына қарай өзгертуі) және «реинкорнация» (өлгеннен кейін рухтың басқа денеге өтуі) ақидасы (H.Atay. Ehli sunnet ve sia. 41-45 s. Ankara 1983) әһлу сунна сеніміне мүлде қайшы келеді. Сондай-ақ, Талас соғысының шешуші сәтінде Тан әскерін күйреткен қарлұқтар мұсылман емес еді. Осы мәселелерді ескере келе өз басым Хорасан әмірі Әбу Муслимнің Тан әскерінің узурпациясын бөгеген бұл жорығын Мәуреннахрды өз уысында ұстағысы келген жеке саяси мақсаттан туындаған ба деп ойлаймын.

– Сонда Талас соғысында мұсылмандық мүдде болған жоқ демексіз бе?   

– Дәл солай деп кесіп-пішіп айту өте қиын. Егер, Әбу Муслим әскерінің жүрегінде «Тан басқыншыларына қарсы ғазауат жасаймын» деген ниет бар болған болса, онда бұл сөзсіз қасиетті соғыс деп бағаланады. Ал, сол кезеңде Хорасан аймағында халифатқа қарсы парсылық мүдденің һәм кайсаниттік қозғалыстың белең алғанын ескерсек, Әбу Муслимнің Талас соғысы үшін қаққан соғыс дабылының шынайы мұсылмандық мүддеден туындағаны көңілге күдік ұялатады. Дегенмен, төл тарихымызға «Талас ғазауаты» деген атпен енген соғыстың ұлттық һәм діни тұрғыдан алғанда оң нәтижелері болғанын жоққа шығаруға болмайды.

– Яғни, мұсылмандар соғысының бәрін қасиетті деп айтуға болмайды дегіңіз келіп отыр ма?

– Иә, мұсылмандар жасаған соғыстың бәрін «ғазауат» деп айтуға болмайды. Мәселен, 755 жылы Қытайда орын алған Ан Лу Шан көтерілісін басуға ханзада Су Тсун мұсылмандардан көмек сұрағанда да халиф әл-Мансур ислам әскерін аттандырып, олар бұлғақты басып, Тан елін тыныштандырған. Бұл жерде де соғыстың соңы ислам үшін оң нәтиже бергенімен (мұсылмандар қытай қыздарына үйленіп, олардан дүнген ұлты пайда болды), әу бастағы мақсат мұсылмандық мүддеге негізделмеген еді. Тан елі мұсылман өлкесі емес, бір-бірімен қырқысып жатқандар да мұсылман емес, көмек сұраған тараптың арзуында да діни мүдде болған емес. Сол себепті халиф әл-Мансурдың бұйрығын орындаған мұсылман әскері бұл жерде де ғазауат жасады деп айта алмаймыз.

– Сонымен, «Талас ғазауатының» қандай оң нәтижелері болды?

Жалпы, «Талас ғазауатынан» кейінгі оң нәтижелерді төмендегіше тұжырымдауға болады:

Біріншіден, мұсылмандардың «Талас ғазауатындағы» жеңісінен кейін Тан империясының Орталық Азияға басқыншылығы тоқтады. Яғни, қан майдандағы жеңіс түркі халықтарын қытайдың діни, мәдени, рухани экспаниясынан аман сақтап қалды. Бұл туралы тарихшы Ә.Дәулетхан ғылыми терең зерттеулер жасаған.

Екіншіден, Құтайба ибн Муслим және өзгеде фатх жорықтарына Орталық Азия халықтары қарсы күрессе, «Талас ғазауатынан» кейін бұл елу жылға жуық уақытқа созылған араб-түркі соғысы біршама саябырсыды. Әлбетте, түркі халықтарының арабтарға қарсылығы үзілді-кесілді тоқтаған жоқ. «Насабнамада» Ысқақ ат-Түріктің 768-780 жылдар аралығында Мәуреннахрда муғтар (зороастаризм) мен тарсаларға (христиандар) қарсы соғысқандығы айтылады. Дегенмен, бұрынғыға қарағанда исламның таралуына кедергі азайды.  

Үшіншіден, «Талас ғазауатынан» кейін дінтанушы М.Бұлұтайдың айтуына қарағанда Орталық Азиядағы түркі халықтарының ислам дініне деген жүрегі жібіп, олар тоб-тобымен Хақ дінді қабылдай бастаған. Бұл пікірмен келісуге толықтай болады. Себебі, Л.Гумилевтің жеткізген деректеріне қарағанда бір күнде түркінің оң мың шатыр үйі ислам дінін қабылдаға көрінеді.

Төртіншіден, тарихшы З.Китапшының тұжырымынша Орталық Азияны мекендеген түркілер біртіндеп ислам дінін қабылдап, осының нәтижесінде Қарлұқ, Қарақан, Оғыз, Селжұқ мұсылман түрік мемлекеттері тарих сахнасына шықты. Мұсылман мемлекеттері одан кейінгі Шығыстан келген түрлі шапқыншылықтардан ислам мүддесін өз күштерімен қорғайтын халге жетті. 

Бесіншіден, «Талас «ғазауатынан» кейін ислам діні Орталық Азияға түпкілікті орын теуіп, Трансоксания атырабындағы қалалардың сәулеті мұсылмандық нақышта өрілді. Басқасын былай қойғанда ежелгі Тараз қаласының сәулеті осы кезден бастап мұсылмандық сипатта салына бастағандығын археологтар дәлелдеуде. Жалпы, Орталық Азияда өзіндік ерекше сипатқа ие мұсылмандық мәдениет пайда болды.

Алтыншыдан, «Талас ғазауатынан» соң халық лег-легімен исламды қабылдап, қалаларда мешіт-медреселер бой көтерді. Медреселердің көбеюі Орталық Азияда ғылымның дамуына түрткі болды. Мәуреннахрдан тек мутакалимдар, фақиһтар, мутасауфтар ғана емес, әл-Фараби, Ибн Сина, Бируни, әл-Хорезми және т.б. фәлсафа мен позитивті ілімнің ұлы ғұламалары да шықты.

Жетіншіден, ислам дінінің Орталық Азияға кең масштабта таралуы жергілікті халықтардың әдебиетіне үлкен өзгеріс әкелді. Түркілердің озан-жыраулары бұрын ерлікке шақыратын жырлар шығарса, енді өз шығармаларына адамгершілік-моральдік құндылықтарды насихаттайтын болды. Ж.Баласағнидің «Құтты білік», М.Қашқаридің «Лұғат ат-Турк», А.Иүгеникидің «Ақиқат сыйы», Қ.Ясауидің «Даналық кітабы», С.Бақырғанидің «Ақырзаман кітабы» және т.б. шығармалар осы жанрда жазылды.

Жалпы,«Талас ғазауатынан» кейінгі қол жеткізген игіліктерді осылайша тізбелей беруге болады. Десе де, біздің тарихымызда Хаққа қарай кілт бет-бұрыс, исламды тануға деген құлшыныс, ақиқатты шын жүрекпен қабылдауға деген ынта-ықылас – «Талас ғазауатынан» кейін туындаған еді. Осы себепті де еліміз үшін «Талас ғазауаты» ерекше атап өтетін дата деп ойлаймын. 

– Сұхбатыңызға рахмет!

E-Islam.kz

Оқылды 1198 рет
JoomShaper
Top