Зайырлылық қағидаларының Қазақстанда жүзеге асырылуы

Сенбі, 30.08.2021

Ғ. Шойкин, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Дін істері комитетінің Төрағасы, саяси ғылымдар кандидаты

Қазіргі таңда зайырлылық көптеген демократиялық және құқықтық мемлекеттерге тән. Қазақстан Республикасы Ата заңының 1-бабына сәйкес еліміз демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орныққан. Яғни Қазақстан үшін адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары басты құндылықтар болып табылады. Осы орайда Қазақстандағы зайырлылық мемлекеттің конституциялық және құқықтық сипатын, мемлекеттік биліктің қай салада болмасын діннен ажыратылғандығын білдіреді.

Ұлт Көшбасшысы – ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев өзінің «Қазақстан – 2050» Стратегиясы» атты Қазақстан халқына арналған тарихи Жолдауында болашақ мемлекет дамуының бағдарларын айқындай отырып, еліміздің зайырлы мемлекет екенін тағы да ерекше атап өтті. Елбасы Қазақстанның өзіне тән дәстүрлері мен зайырлы қоғамы бар екеніне назар аударды. Бұл мемлекет өз азаматтарының ар-ождан бостандығын қамтамасыз етеді, бірақ дәстүріміз бен заңдарымызға қайшы келетін қандай да бір қоғамдық нормалардың өз ықпалын қоғамға міндеттеу әрекетін қатаң тоқтатады деген сөз.

Мақала зайырлылық туралы норманың Қазақстандағы мемлекет пен конфессия арасындағы қарым-қатынас саласында іс жүзінде бейнеленетінін ашып көрсетуді міндет етеді. 

Қазақстандағы мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынастың басты сипаттамасы – елімізде қандай да бір ресми немесе міндетті діннің болмауында. Ол дегеніміз, еліміз қоғамдағы кез-келген құндылықты қолдайды және тұлғаның ар-ождан бостандығы мен діни сенім еркіндігін қамтамасыз етеді. Сол себепті республиканың әрбір азаматы өз бетінше әрі ешкімнің мәжбүрлеуінсіз қай дінді болса да таңдау еркіндігіне, не болмаса өзін қандай да бір діннің өкілі ретінде сезінбей, діни институттардан тыс өмір сүру құқығына ие.

Біздің ойымызша, мемлекет пен дін арасындағы қарым-қатынасты ұйымдастырудың мұндай тәсілі қазіргі көпұлтты және поликонфессионалды Қазақстанның толымды әрі үйлесімді дамуының мақсатына барынша сәйкес келеді. Себебі Қазақстан елдегі мәдени және дүниетанымдық көпжақтылық пен плюрализм шараларын құрметтейді әрі қалыптастырады.

Еліміз тұтас халық болып қабылдаған Конституция мен ел заңдарының негізінде өмір сүреді. Сондықтан да, діни заңдар мен ережелер, діни бірлестіктер құжаттары бізде құқықтық негізі болып есептелмейді және мемлекеттік органдардың тікелей қызметіне әсер етпейді. Қазақстандағы заңдардың кез келген діни нормалармен байланысы жоқ. Дегенмен заң діни нормалардың жалпы адами және гуманитарлық бағыт-бағдарын ескереді. Қазақстанда қандай да бір діни соттың құзыреті мойындалмайды.

Осы тұрғыдан алып қарағанда, зайырлылық дегеніміз Қазақстандағы қазіргі заманғы құқықтық мемлекеттің қалыптасуы мен қызмет етуінің негізін қалаушы принциптері болып табылады. Ал мұндай республикадағы мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынас зайырлы заңдар негізінде жүзеге асырылады.

Қазақстанда тіркеуден өткен діни бірлестіктердің, азаматтардың  ұстанатын дініне қарамастан, құқықтарының теңдігі қамтамасыз етілген. Ел Конституциясы кез-келген адамның діни сенім еркіндігінің кепілі бола алады, сондай-ақ, конфессиялық белгілер бойынша кез-келген бөлінушілікке қарсы. Бұған қоса, Қазақстанда мемлекет діндар мен зайырлы азамат, кез-келген діни бірлестік арасында өзара төзімділік пен құрмет қатынастарының орнығуына септігін тигізеді.

Осы тұста 2011 жылдың 11 қазанында қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» ҚР Заңының кіріспе сөзінде атап көрсетілгендей, «Қазақстан халқы мәдени және рухани өмірінің дамуында Қазақстан халқының рухани мұрасымен біте қайнасқан исламның ханафилік бағыты мен православиелік христиан дінінің тарихи рөлін мойындайды» деп жазылғанын айта кету керек. Сонымен бірге, бұл тек осы конфессиялардың ел үшін мәдени маңыздылығын ғана білдіреді және діни бірлестіктер құқықтарының теңдігіне шек келтірмейді, себебі Заң оларға қандай да болмасын құқықтық немесе қаржылай артықшылық бермейді. Мемлекет ислам мен православиеге де, өзге конфессияларға да төзімділікпен қарайды.

Қазақстанның мемлекеттік білім және тәрбие беру жүйесінің сипаты да зайырлы екенін және оның діни білім беру жүйесінен ажыратылғандығын айтып кеткен жөн. Осы тұрғыдан зайырлылық ұғымы – білім беру мекемелерінде жастар бойында белгілі бір дінге деген көзқарасты тәрбиелеуге қарсы дегенді білдіреді. Діни көзқарасты қалыптастыру құқығы тек республикалық немесе аймақтық мәртебесі бар діни бірлестіктің құзыретінде ғана. Мұндай бірлестіктер заң талаптарының аясында діни оқу орындарын аша алады.

Қазіргі кезде елдің бірқатар ЖОО оқу бағдарламалары мен мектептердің білім беру бағдарламаларының жүйесіне «Дінтану негіздері» мен «Дінтану» пәндерінің қосылғанын айта кеткен жөн. 2009 жылдан бастап орта білім беру мекемелерінің 9-сынып оқушыларына таңдау бойынша «Дінтану негіздері» арнайы курсы оқытылады.

Аталмыш оқу курстарының оқу бағдарламаларына енгізілуі дін мәселелері бойынша жастармен ағартушылық жұмыстарды ұйымдастыруға, жастар бойында дін атын жамылған деструктивті идеологияға қарсы білім мен иммунитет қалыптастыруға бағытталған. Сонымен бірге мектеп пен ЖОО-да аталған курстарды оқытудың мақсаты оқушылардың әртүрлі діни наным-сенімдер мен мемлекеттің зайырлы принциптері туралы ғылыми танымдарын жетілдіру болып табылады және қандай да бір дінді оқыту немесе насихаттау дегенді білдірмейді.

Қазіргі таңда аталған курстың мемлекеттің зайырлы принциптері мен Қазақстан қоғамына тән дәстүрлі құндылықтарды түсіндіру бөлімінің мазмұнын жетілдіру бойынша жұмыстар атқарылуда. Жоспар бойынша курстың атауын «Зайырлылық және дінтану негіздері» деп  өзгерту көзделіп отыр. Сонымен қатар жаңа оқу бағдарламасы мен оқулықтар әзірленуде. Курстың мазмұнына өзекті толықтырулар, соның ішінде антиэкстремистік және антитеррористік тақырыптарға арналған бөлімдер енгізіледі. Оқытушылар біліктілігін арттыру курстарының барынша жүйеге келтірілген әрі толықтырылған бағдарламасын әзірлеу жоспарланған.

Заңға сәйкес Қазақстан азаматының өмірі мен денсаулығын сақтау – мемлекеттің аса маңызды мәселелері. Сондықтан Қазақстандағы зайырлылық мәселесі – мемлекеттің өз азаматтарын, олардың діни сеніміне тәуелсіз, медициналық жағынан қамтамасыз ету талабымен байланысты. Дегенмен, кейбір ата-ана діни көзқарастарының немесе теріс ақпараттардың әсерінен өз балаларын аса қауіпті вирустардың таралуын алдын алу үшін жасалатын екпелерден  бас тартып, медицина ғылымдарының жетістіктерін мойындағысы келмейді. 

Осыған орай мемлекет Қазақстандағы екпе жасау мәселесі мешіттің, не болмаса православие шіркеуінің, немесе басқа дін ордасының құзыретіне кірмейтінін айғақтайтын ақпаратты халыққа дұрыс жеткізу міндетін атқарады. Екпе жасау – әлеуметтік мәселе. Сондықтан ол парасатты ақыл-ой мен мемлекеттің зайырлы сипаты тұрғысынан шешілуі керек. Әлемдік ғылым баяғыдан-ақ жаппай екпе жасаудың тиімділігін, қауіпсіздігін және заңдылығын дәлелдеп берді. Екпе жасау – өркениетті әлемнің озық жетістігі, өз азаматтарының денсаулығын бағалайтын дамыған мемлекеттердің мұрасы.

 Айта кету керек, әлемдік және дәстүрлі діндер адамдардың денсаулығын сақтау әрекеттерін еш шектемейді. Керісінше, өз денсаулығына мұқият қарауды қолдайды. Мәселен, екпе жасау әдісі ислам мемлекеттерінде Сауд Арабиясына қажылыққа дайындық кезінде немесе Египет, БАӘ, Иордания және т.б. елдердің жоғары оқу орындарына оқуға түсер алдында кең қолданылады. 

Қазақстандағы зайырлылықтың құрамдас элеметтерінің бірі – мемлекеттік және құқық қорғау органдарында, білім беру және денсаулық сақтау органдарында, әскери бөлімдерде діни ұйымдардың қызметіне, діни рәсімдерге рұқсат етілмеген. Дегенмен мемлекеттік ұйым қызметкерлері діни рәсімдерге мемлекеттік мекемелерден тыс жерлерде қатыса алады және мұндай жағдайда олардың дін бостандығына қатысты құқықтары толық орындалады.

Қазақстандағы діни бірлестіктер саяси қызметтің субъектілері емес, сондықтан олар мемлекеттік басқару мен мемлекеттік органдарды құруға атсалыспайды. Діни қайраткерлер қоғамның саяси өмірінде тек ел азаматтары ретінде жеке-дара қатыса алады. Қазақстан Конституциясы мен заңдарында «діни негіздегі партиялардың қызметіне, мақсаты мен әрекеті мемлекетте бір діннің басымдығын орнатуға бағытталған діни бірлестіктердің құрылуы мен қызметіне, діни араздық пен алауыздықты, соның ішінде – күш көрсетуді немесе күш көрсетуге үндеу мен басқа да құқыққа қайшы әрекеттерді қоздыруға тыйым салынған» деп анық көрсетілген.

Мұндай жағдайда зайырлылық принципі мемлекет пен діни бірлестіктердің ықпал ету аймағының шекараларын айқындайды әрі  мемлекеттің қоғамдық-саяси билікті ұйымдастырудың негізгі формасы ретіндегі рөлін сақтап қалуына септігін тигізеді. 

Қазақстан зайырлы мемлекет ретінде қоғамның кез-келген өмір сүру жағдайында тұлға, мемлекет пен діни ұйымдар арасындағы мүдде теңдігін қамтамасыз етуге тырысады. Осыған байланысты, зайырлы мемлекетті басқару формасында елдегі діндарлар мен діни бірлестіктер тарапынан заң бұзушылық, немесе азаматтардың, ұйымдар мен жалпы мемлекеттің заңды мүдделеріне нұқсан келтіру әрекеттері байқалған жағдайда, оларға жауап ретінде қарсы іс-шаралар қолдану заңды құбылыс болып табылады. Сондықтан дін ұстану еркіндігі азаматтардың мемлекет алдындағы жалпы адами құқықтары мен міндеттерін шектеу немесе оларға әсер етуі тиіс емес. Ешкімнің жеке басының діни көзқарасына салынып, заңмен бекітілген азаматтық борышын өтеуден бас тартуға құқығы жоқ.

Атап айтқанда, кез келген Қазақстан азаматы үшін діни бірлестіктердің адамның құқықтары мен бостандықтарын бұзуға, соның ішінде адамды дін ұстануға күштеуге, неке бұзуға немесе туыстық қарым-қатынасты тоқтатуға, денсаулығына нұқсан келтіруге және мүлкінен айыруға, руханилығын таптауға, сонымен қатар,  Конституция мен ел заңдарында атап көрсетілген міндеттерін орындаудан бас тартқызуға еш құқығы жоқ екенін білу шарт.

Дегенмен, зайырлылық принципі мемлекеттің діни қағидалардан ажыратылғанын білдірсе де, бұл діни бірлестіктердің қоғам өмірінен аластау деген сөз емес. Қазақстандағы зайырлылық атеизмге жүгіну мен діндарлықпен күрес дегенді меңземейді. Мемлекет діндар адамды Қазақстанның толық құқылы азаматы, ал діни бірлестіктерді қайырымдылық, мәдени-ағартушылық, гуманитарлық сияқты әлеуметтік маңызды қызметті жүзеге асырушы қатысушылар ретінде танып, қарым-қатынас орнатуға талпыныс жасайды.

Бұған қоса, мемлекет әлеуметтік мәселелерді – маскүнемдік пен нашақорлық, қылмыстың алдын алу, салауатты өмір салтын қалыптастыру, отбасы бірлігін нығайту, қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылық үшін жоғары рухани және өнегелік жағдай мен шараларды қалыптастыру мәселелерін реттеу ісінде діни бірлестіктер әлеуетін қолданады. Мемлекет діни бірлестіктерге тікелей қаржылай көмек көрсетпесе де, мәдени және тарихи маңызы бар діни ғимараттар мен құрылыс орындарын қайта құру жұмыстарына атсалысады.

Мемлекет діни бірлестіктермен қоғамдағы келісім, өзара түсіністік, төзімділік пен құрмет мәселелері бойынша да байланыс орнатады. Діни бірлестіктер Қазақстан халқының дәстүрлі діни құндылықтарын сақтау мен дамыту бойынша қоғамдық маңызды іс-шараларды өткізуге қатысады. Айталық, соңғы уақытта халық арасында діни экстремизм көріністерінің алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары саласында мемлекет пен дін арасындағы ынтымақтастық жанданды. 

Осы орайда мемлекеттік органдар үйлесімді, төзімді, дамуға бағдарланған Қазақстан қоғамын құруға деген мемлекет ниетін қолдайтын барлық конфессиялармен конструктивті қарым-қатынас орнатады.

Жалпы алғанда, Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің «Қазақстан – 2050» Стратегиясы» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтып өткендей, Біздің мемлекетіміздің зайырлылық сипаты -  бұл Қазақстанның табысты дамуының басты негізі. Бұл – рухани және діни құндылықтар мемлекет өмірінің барлық аяларының дамуы мен жалпы ел көркеюін тежейтін емес, керісінше арттыратын жарқын болашақ. Бұл – шарықтауға, білім алып, өзін өзі дамытуға жетелейтін, адам құқықтарын сақтау мен елдің демократиялық келешегін білдіретін зайырлылық.

 

Оқылды 945 рет
JoomShaper
Top