«Жиһад» - соғыс емес, жан-дүниеңді кір-қоқыстан тазарту

Сейсенбі, 11.11.2021

Жыл өткен сайын «жиһадшылдық» идеологиясы әсіредіншілдер тарапынан қарқынды түрде насихатталуда. Қағынан жеріген базбір қандастарымыз қарумен күресті, қан төгуді бейне Хақ діннің басты мұраты деп есептейді.

Бұл мәселеге осы күнге дейін «жалаң ұранды жалаулатумен жырғай қоймас, екі жеп биге шыға алмас» деп нәумездік танытып келдік. Енді осы самарқаулығымыз сан соқтырып отыр. Біздің енжар күйімізді өз ебіне ылым-жылым пайдаланған экстремистік күштер «жиһад» деп жанұшыруға әзір желөкпе жастарды көп емес, бірнеше жылда-ақ тәрбиелеп шығарды. Бүгінде бейбіт отанынан безінген жанкешті момын-мұсылмандар берісі -  Ауғанстан, арысы – Сириядағы сұрапыл соғыста мелдегінен қан кешіп жүр.

«Ауруын жасырғанды өлім келіп әшкерелейді» демекші жауырды жаба тоқу түбінде ешкімге опа әпермейді. Осы себептен ертең опық жемес үшін біз кез-келген індеттің алдын-ала білуіміз шарт.  Әрі шетін мәселені ушықтырмастан ауыздықтау үшін оның дауасын да дер шағында тапқанымыз ләзім. Алаш жұртының ынтымағына жарықшақ түсірер «жиһадизм» дертінің ем-домы да өз уағында жасалған сыңайлы. Иә, өткен айда Қазақтан Мұсылмандары Діни Басқармасының «Жиһадқа» қатысты пәтуасы шықты. Іле-шала Астана қаласы, Сарыарқа ауданының соты «Ат-такфир уаль-хиджра» атты діни ұйымды экстремистік деп танып, бұл ағымның қызметіне тиым салды. Сонымен, ҚМДБ пәтуасы мен Сот шешімінің арасында қандай байланыс бар?

Анығында, араб тілінде жиһад сөзі – «барынша күш жұмсау», «ынты-шынтыңды беру» деген ұғымға саяды. Бірақ, дүмше түсініктегі дін таратушалардың теріс насихаттауынан жиһад тек қарумен соғысу деп ұғынылуда. Айталық, Құран-Кәрімде жиһад сөзі – тек соғысу деген мағынаны білдірмейді. Құранда «жиһад» сөзі 35 жерде өтеді. Төрт жерде ғана тікелей соғыс мағынасында берілген. Басқа жерлерде Құдай жолына адал болу, нәпсіні тию мағыларында келген. Мысалы, Құран-Кәрімде: «Әй иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар, оған жақындасуды іздеңдер (бой ұсыну арқылы тырысыңдар.) Және екі дүниеде құтылып мұратқа жетулерің үшін, Оның жолында күресіңдер» (Мәйда, 35) деген аятта «жиһад» сөзі Аллаға адал болу мағынасында берілген. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у) да өз хадистерінде «жиһадты» көбіне нәпсіні тию тұрғысында түсіндірген. Мысалы, Хақ Елшісі (с.а.у) бірде соғыстан қайтқан сахабаларына «біз қазір кіші жиһадтан үлкен жиһадқа қайттық» дейді. Сонда сахабалары: «Уа, Алланың Елшісі «үлкен жиһад» деген не?»- деп, таңдана сұрақ қояды. Парасат падишасы (с.а.у): «Ол - өз нәпсіңмен күрес»,- деп жауап қайырады. Ал, Исламда нәпсіні ахлаһ ілімі тәрбиелейді. Ал ахлаһ  қал» (сөз) ілімін емес, «хал» ілімін игеруге шақырады. Яғни, дінді сөз күйінде үйренуге емес бойыңдағы атқақтаған сезімді – Ұлы Жаратушыға арнап, жан-дүниеңді кір-қоқыстан тазартуға баулиды. Демек, қолға қару алып, қан төккеннен алдымен өз бойымыздағы  сансыз мінімізді түзесек құба-құп.

Сонымен бірге, Ислам дінінде негізсіз ешкімді кәпірге шығаруғаа болмайды. Хз. Әли бір соғыста қылыш мойнына тақалған шақта тілін кәлимаға келтірген дұшпанын өлтіріп жібергенде, Пайғамбарымыз (с.а.у): «Оның жүрегінде не бар екенін сен қайдан білесің?» деп хз. Әлиге қатты кейіген болатын. Сондай-ақ, Хақ Елшісі (с.а.у): «Кімде-кім біреуге «кәпір» деп жала жапса, жала жапқаны үшін өзі кәпір болады», деп мұсылмандарды күпірлік мәселесіне аса ыждақатты болуға шақырған. Жалпы, Қазақ халқының дәстүрлі Матуруди ақидасы бойынша иман мен амал бөлек-бөлек ұғым саналады. Яғни, кімде-кім аузымен кәлиманы айтып, Алла Тағаланың бір, Мұхаммедтің - Хақ Елшісі (с.а.у) екенін жүрегімен мойындаса, ол адам момын-мұсылман болып есептеледі. Одан кейін арықарай Ислам ғұрыптарын орындамаса, тек күнәһар саналады. Имам Матуриди: «Күнәһар мұсылмандардың ақыреттегі жағдайын Аллаға қалдырғанымыз жөн. Егер, Алла қаласа рахым етіп, күнәһар пендесін кешіреді. Қаласа күнәсіне қарай азап шектіртеді. Бірақ, өзіне иман келтірген адамды мәңгілік тозақта азаптамасы анық. Осылай ойлағанда адам «үміт» пен «үрейдің» арасында күн кешеді. Себебі, Алла кішкентай бір күнә үшін рахым етпеуі де мүмкін. Қаласа  үкен күнә жасаған пендесін кешіруі де мүмкін. Алла Тағала Құран-Кәрімде: «Алла өзіне ортақ қосқанды жарылқамайды да, бұдан өзге күнә жасаушыларды кешіреді. Кімде-кім Аллаға серік қосса, расында, үлкен күнә жасаған болады» (Ниса, 4/48), — деп бұйырады. Ұлы Жаратушы серік қосушыларды ғана кешірмейтінін айтқан», дейді. Сондықтан, «Ат-Такфир уаль-хижрат» экстремистік ұйымының өзінің соңынан ермегендерді және  пенделікпен жасаған қателігіне бола жұртты жөн-жосықсыз кәпірге шығаруы – шектен шыққан бассыздық деп білеміз. Яғни, лоббистік түсінікке бой алдырып, жалпақ жұртты кәпіргі шығару һәм оларға қарсы жиһад ұранын көтеру мүлде жөнсіз қылық. Бұл шетін мәселеге Қазақстан билігі һәм ҚМДБ дер кезінде құқықтық бөгеу қойды деп білемін.

 

Ермек Мұқатай, 
«Әлжан ана» мешітінің Бас имамы

 
Оқылды 1382 рет
JoomShaper
Top