Таспадан тыңдаған сәжде аятына сәжде жасау қажет пе?

Сейсенбі, 27.01.2022

 

 

 

Құранда 14 жерде сәжде аяты бар екен. Ал мен оны осы уақытқа дейін білмедім. Көлігімде үнемі магнитофоныма жазылған Құранды қосып қоятынмын. Сонда енді сол бұрынғы естіген сәжде аяттары үшін сәжде жасауым қажет па?

 

Жауап: Иә, дұрыс айтасыз. Құранда 14 аят «сәжде аяты» деп аталады. Олар: «Ағраф» сүресіндегі 206-аят, «Рағыд» сүресіндегі 15-аят, «Нахл» сүресіндегі 41-аят, «Исра» сүресіндегі 107-аят, «Мәриям» сүресіндегі 58-аят, «Хажж» сүресіндегі 18-аят, «Фурқан» сүресіндегі 60-аят, «Нәмл» сүресіндегі 25-аят, «Сәжде» сүресіндегі 15-аят, «Сад» сүресіндегі 24-аят, «Фуссиләт» сүресіндегі 37-аят, «Нәжм» сүресіндегі 62-аят, «Иншиқақ» сүресіндегі 21-аят, «Алақ» сүресіндегі 19-аят. Осы аяттардың біреуін оқыған немесе естіген кісіге сәжде жасау уәжіп болады. Бұл сәжде тиләуат сәждесі деп аталады. Бұл аяттар оқылғанда Пайғамбарымыз (с.а.с.) сәжде жасаған және оны сахабалары да орындаған. Тіпті Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде осы сәжде жайында былай деген: «Адам баласы сәжде аятын оқып, сәжде жасағанда, шайтан оқшауланып алып, жылап тұрып: «Мен құрыдым! Адам баласына сәжде жасау бұйырылды, ол дереу сәжде етті, алдағы барар жері – жаннат. Ал маған сәжде жасау бұйырылғанда, сәждеден бас тарттым, сондықтан менің барар жерім тозақ», – деген». (Бухари, Муслим)

Сәжде аятын оқығаннан кейін сәжде жасау үшін кісінің дәреті болу керек және әурет жерлері жабық болу керек. Сәжде жасауға ниет етіп, құбылаға қарап, қолдарын көтермей «Аллаһу әкбар» деп сәждеге барады. Сәждеде үш рет «субхана раббиалағла» дейді де, артынша «Аллаһу әкбар» деп орнынан тұрады. Соңында «Ғуфранакә раббәнә уа иләйкалмасир» деп айту мұстахап болады.

Сәжде аятын естісе немесе оқыса, қалаған уақытында сәжде жасай алады. Өйткені сәжде аятын оқығаннан кейін қашан сәжде жасау керектігі нақты белгіленбеген. Алайда себепсіз кешіктіру мәкрүһ болады.

Ал енді сұрағыңызға келетін болсақ, ғалымдар ақылы кірмеген кішкентай баладан, тоты құстан, дыбыс жазып алған таспадан сәжде аятын естігенде сәжде жасамауға болады деген. Ал егер радиодан берілген хабарда сол мезетте жанды дауыспен сәжде аяты оқылса, онда естушіге сәжде жасау уәжіп болады. Сондықтан сіз егер осы уақытқа дейін Құранды таспадан тыңдаған болсаңыз, оның ішіндегі сәжде аяттарын естіген болсаңыз да сәжде жасау қажет болмайды. Ал бірақ сол сәтте жанды дауыспен оқылып жатқан сәжде аятын естісеңіз, сәжде жасау уәжіп болады. Егер сол мезетте жасай алмасаңыз, «Самиғна уа атағна ғуфранәкә Раббана уа иләйкәл-масир» (Естідік және мойынсұндық, уа, Раббымыз! Біз кешіріміңді тілейміз. Соңында барар жеріміз сенің құзырың) деп дұға жасау мұстахап болып саналады. Бірақ сосын ыңғайы келген сәтте тиләуат сәждесін ұмытпай орындау керек.

 

 

 

Оқылды 6804 рет
Жауап берген:
JoomShaper
Top