Имансыз жарнама кімге қажет?

Дүйсенбі, 02.06.2022

Жоқ iздегеннiң, жол iздегеннiң жарылқаушысы – бүгiнде жалғыз жарнама. Яғни жарнамалық басылымдар. Расында әлдеқандай iс бастап, өзiне жар болар құрал iздегеннiң бәрi жарнамалық басылымдарға жүгiнедi. Ал мұндай басылымнан адамның басына келе бермейтiн мүмкiндiктер табылады. Мұндай басылым жолсызға жаңа жол бастап, епсiздiң алдынан айқара есiк ашып бередi. Бiрақ… ол есiк… «Кiм Алладан қорықса, Алла оған шығар жол пайда қылады. Және оны ойламаған жерден ризықтандырады» деп Қасиеттi Құран Кәрiмде («Талақ» сүресi, 2-3-аят) жазылғандай, бейкүнә әлемге енгiзер есiк болмауы мүмкiн. Ол ылғи да түзу жолмен өкiнiшсiз өмiрге бастар жол бола бермейтiнi де анық. Шын мәнiнде олардың денi – көбiнесе адам бойындағы қажыр-қайрат пен күш-жiгердi, ақыл мен естi, иманды нәпсiге жеңдiрiп, ар-ұятты жоғалтатын азғырушы құбылыс.

Әңгiменi жарнама газеттерiндегi көңiл көтеру, масайрау үшiн ақылы түрде өзiн ұсынатын жарнама берушiлерден басталық: «Требуются девушки на в/о работу», «Девушка ищет работу», «Асема – ухоженная, стройная, молодая, б/и», «Адина и Баян, стройные девушки в паре. Ждут звонков от солидных работадателей, б/и», «Барбара, аккуратная метиска 18 лет, с хорошим, тонким чувством юмора, украсит ваш одинокий досуг, лишь ваш один звонок, без интима, приблизит вас к воротам рая. Жду звонка от вас», «Мадина, бизнес-леди ищет состоятельных клиентов», «Анара, 26 лет, предоставляю все виды нетрадиционных услуг» немесе «Парень ищет работу у дам», «Мужчина – дамам, релакс, тело спортивное, б/и», «Мужчина интересный в сфере досуга, б/и», «Парень для мужчин», «Парень для дам», т.б.

Бұл сықылды жарнамалардың бүгiнде құпиясы жоқ. Бәрiнiң де көксегенi зинақорлық екенi айтпаса да аян. Сондай халге келдiк те. Ал зинақорлық, яғни некесiз көңiл қосу асыл дiнiмiз бойынша жазасы ауыр күнәлардың бiрi емес пе? Бұл туралы: Құран Кәрiмнiң «Нұр» сүресiнiң 2-аятында. Зина жасау мақсатында жасырын дос табу (иттиһазу аһдан) харам саналған Құранда («Ниса», 4/25; «Майда», 5/5) тiптi зина жасау былай тұрсын, оған жақындауға да тыйым салынған. Ал пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Маған мына екi нәрседе: екi жақтың арасындағы тiл мен екi аяқтың арасына (зина жасамауға) кепiлдiк берсеңдер, мен де сендерге жәннатқа баратындарыңа кепiлдiк етемiн» – деу арқылы адамға азап нәпсiнi тыя бiлмегендiктен болатынын аңғартқан.

Жалпы, нәпсi – адамды орға жықтыратын адамның өз бойындағы аждаһа. Әйгiлi төрт халифаның бiрi Әли ибн Әбу Тәлiп (р.а.) өзiнiң риуаятында: «Ең қорқыныштысы – нәпсiге ие болмау. Нәпсiнiң жетегiнде кету – адамды ақиқаттан алыстатып, ахиреттi ұмыттырады», – деп жазған. Ал бiздiң жарнамалық басылымдарымыз бүгiнгi адам баласының ақиқаттан алыстап, ахиреттi ұмытқанын көрсетедi. Оның тағы бiр мысалы ретiнде жарнамашыл құқық қорғаушыларды айтуға болады. Мәселен, «Агенство… Защита ваших интересов в суде» дейдi бiр жарнама. Мұндайлар, әрине, «қандай жағдай болмасын, сенiң сөзiңдi сөйлеп, сенiң мүддеңдi қорғаймын» деген принциптi ұстанады. Бұл – анығы рас-өтiрiгiне қарамастан, сенi жақтап, куәгерлiк етiп шығамын деу. Ал куәгерлiк мәселесi бойынша Құран Кәрiм не дейдi? «Куәгерлер куәға шақырылғанда бас тартпасын» дейдi «Бақара» сүресiнiң 282-аяты. Сол сияқты: «Әй, мүмiндер! Әдiлдiкте мықты тұрып, өздерiңнiң, әке-шешелерiңнiң және жақындарыңның зиянына болса да, ол бай немесе кедей болса да Алла үшiн айғақ болыңдар. Өйткенi, Алла екеуiне де тым жақын. Ендеше әдiлдiк iстеуде нәпсiге ермеңдер. Егер өтiрiк куәлiк берсеңдер немесе куәлiктен бас тартсаңдар, оның да жазасы бар» делiнiптi «Ниса» сүресiнiң 135-аятында. Ал жалпы өтiрiк айтып, жалған сөйлеудiң күнә екенi Құранның 167 жерiнде ескертiлген.

Соған қарамастан, күнәһарлықтың қанымызға сiңiп кеткенi сондай, сотта жалған сөйлеп ақша табуды әдетке айналдырған агенттiктер көп. Сонда заңгерлердiң ақша төлегеннiң сөзiн сөйлеп кете беретiнi болса, бұқара халық кiмге сенуi керек? Ақты – ақ, қараны – қара деп, шындықты ғана айтуды, тек қана шыншылдықты пәрмен еткен исламда ақты қаралап, қараны ақтап шығу адам баласы үшiн күнә саналатыны анық қой. Ал ақша төлегеннiң ығына жығылатын прокурор мен адвокат сонда адам емес пе? Олар… дiнсiз бе?

Агенттiктерге қатысты тағы бiр мысал, құжат даярлау жөнiнде. «Агенство поможет быстро оформить любые документы» дейдi жарнама. «Быстрая регистрация, перерегистрация, ликвидация ТОО, ИП»… дейтiндер тағы бар. Жең ұшынан жалғасқан сыбайластықтың көкесi осы емес пе?! «Қызмет түрiнiң кез келгенiн лицензиялап беремiн, яғни заңдастырып беремiн», «кез келген мүлiктi заңдастырып беремiн» дегендер ше?.. Заңсыз нәрсенi қисынын тауып заңдастырып ала алатын болсақ, онда бiз қандай қоғамда өмiр сүрiп отырмыз?

Әрине, мұның көбi – жалған жарнама. Жалған жарнамаға шариғат та, республикамыздың заңдары да қатаң тыйым салады. Соған қарамастан, «игiлiкте iлесушi болғаннан жамандықта жетекшi болуды» оңай көретiн, алдап соғып, ақысын алатын агенттiктер арсыздықтардың көрнеуiн де, көмесiн де қару етiп, айылын жыяр емес.

Мына бір жарнамаға көз салалық: «Тiл-көзден тазартып, жол ашамын», «Дуадан, тiл-көзден, қарғыстан тазартамын, жол ашамын, алдағы күнiңдi болжап беремiн» дейдi тағы бiрi. Ал пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Кiм жұлдыздардан алса, сол сиқырдан алды», «Кiм көрiпкелдiң алдына барып, одан бiр нәрсе сұраса және оның айтқанына сенсе, онда оның намазы қырық күнге дейiн қабыл болмайды», «Кiм түйiншек түйiп оған үрлесе, ол сиқыр жасады (дуалады). Кiм сиқыр жасаса, ол Аллаһқа ортақ қосты», – дейдi хадисте. Ал Аллаға ортақ қосу – ширк, яғни ол күнәнiң күнәсi.  Яғни, балгер, құмалақшы емес, бәрiн бiр Алла бiледi. Өйткенi, бәрi Аллаға ғана аян.

Арықтату, пилинг, татуаж, автозагар, вижаз, лимфодренаж, аппаратпен терiнi тартып жиыру, депиляция, бет пен дене терiсiн жасарту, ерiндi үлкейту, кiрпiктi химиялық жолмен қайыру, маникюр, педикюр, фигураны реттеу, фотоағарту… Бұлар – көпшiлiктi, әсiресе әйелдер қауымын сыртқы сән үшiн өзiн құрбан етуге үндейтiн жарнамалар. Бұл жарнамаларға сенсеңiз: түрiңiз өзiңiзге ұнамаса – бәрiн жасап, өзгертуге болады-мыс… Тiптi «шикарные норковые ресницы», «Отделение косметической пластической хирургии ЛДЦ проводит операции по коррекции век, ушей, носа, фигуры, подтяжке лица, маммопластике – увеличение и уменьшение груди, рестилайн, диспорт и др.» делiнiптi тағы бiр жарнамада. Ал адам баласын сәндi киiнiп, жинақы жүруге үндеген ислам мұндайды құптай ма? «Мүмiннiң iсi қандай ғажап! Оның қай iсi болмасын қайырлы. Алайда, бұл мұсылманның ғана маңдайына бұйырған. Ол жақсылыққа тап болса, бiрден шүкiршiлiк етедi. Бұл оған қайырлы. Егер ол қандай да бiр қиындыққа тап болса, дереу сабырлылық танытады, бұл да оған қайырлы» делiнiптi Құранның «Бухари», «Зекет» сүрелерiнде. Яғни, Алланың өзiне берген жақсылығы үшiн шүкiр етiп, алғысын бiлдiрген пендеге Алла да разы болғандықтан, бұл iсi оны сауапқа кенелтедi. Жаратушы ие адам баласының астамшылықпен өзiнiң түрiн, бойын жасанды жолмен өзгертуiн қаламайды. Мұсылманның басты қағидасы – «жаратқанға шүкiршiлiк», «бергенге қанағат» болуға тиiс!

Жарнамалық басылымдарда белең алып кеткен тағы бiр мәселе – пайыздық өсiммен ақша беру. Қаржылық дағдарыстың кесiрi тидi ме, кiм бiлсiн, «Деньги под %» деген жарнама бүгiнде газеттiң кез келген нөмiрiнен көптеп кездеседi. Бұл туралы Құран Кәрiмнiң «Бақара» сүресiнiң 276-278- аяттарында: «Алла өсiмдi жояды да, сауданы арттырады. Әрi Алла барлық қарсы келушi күнәһарларды жақсы көрмейдi. Алладан қорқыңдар. Өсiмнен қалған аласыларыңды қалдырыңдар», – делiнген. Сонымен қатар: «Әй, мүмiндер! Үстi-үстiне өсiм жемеңдер! Алладан қорқыңдар!» дейдi Алла «Әли ғимран» сүресiнiң 130-аятында. Пайыздық өсiммен ақша беруге де, алуға да ислам түбегейлi тыйым салады.

Тағы бiр айта кетер мәселе, «Элитная сауна «Ак орда», «Не парься на работе – парься в алексеевских банях», «Сауна «Әлқуат», «Сауна «Демалыс», т.б. хауыздар мен түрлi тойхана, мейрамханалар, көңiл көтеру, демалу орындары қаптап көрсетiлген жарнама газетi сол газеттi тұтынып жүрген бүгiнгi қоғамымыздың ойынпаздыққа, сауықшылдыққа, құмарпаздыққа, ең соңы ысырапшылдыққа бой алдырып кеткенiн айғақтайды. Шын мәнiнде ысырапшылдық – мұсылман баласы үшiн қасиетсiздiк. «Ысырап етпеңдер, күдiксiз Алла ысырап етушiлердi жақсы көрмейдi» дейдi бұл туралы Құран Кәрiмнiң «Әнғам» сүресiнiң 141-аятында. Сол сияқты: «Әй, адам баласы! Әрбiр құлшылық орнына зейнеттерiңдi алыңдар, киiнiңдер және iшiп, жеңдер. Тек ысырап етпеңдер!» («Әғрап», 31-аят), «Ысырапқорлар – шайтанның туысы. Ал шайтан Раббыға өте қарсы» («Iсра», 27-аят) деген жолдар да бар. Демек, ысырапшылдық – қайырсыз нәрсе. Ал не қайырлы десеңiз, «Адам мәртебесiн көтерудiң жолы күнәдан қашу. Аллаһтан қорқатын адамның белгiсi тыйым салынған нәрселерден сақтану болып табылады» дейдi хадис. Сол секiлдi дана Абай да ақылдыға иман парыз екенiн ескертедi. Ал «иманды адамға ғибадат парыз» (Абай).

Ағарып атқан әрбiр таң бiзге: «Ей, адам баласы! Мен сенiң жаңа күнiңмiн әрi куәгерiңмiн» дейтiн көрiнедi. Жаратушы ие адам баласының iзгiлiгi мен амалдарын сынау мақсатында өмiр мен өлiмдi жаратқанына илансақ, әлбетте күнә саналған iстерден бойды аулақ ұстап, анадан пәк туған болмысымызды, жүрегiмiздi шама-шарқымызша сақтауға, жамандықтан қорғап өтуге тиiспiз! Өйткенi, хадисте жазылғандай, күлiп күнә iстеген қайткенде де жылап тозаққа кiредi. «Ол күнi мал да, балалар да пайда бермейдi. Тек Аллаға деген иман, таза жүрек қана пайда бередi» («Шуғара», 88-89). Ал әу баста жамандыққа үндеуден басталған жарнама, яғни жарнамалық басылымдар қайткенде де жұмаққа апарар жолды көрсетушi емес. Ол бүгiнде бейне «күнәһарлар мекенi».

Нәзира БАЙЫРБЕК

Оқылды 840 рет
JoomShaper
Top