Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде

Бейсенбі, 04.06.2022

Қазіргі кезде  қоғамда екіұшты пікір тудырып жүрген осындай мәселелердің бірі екпе салдыру. Бұл  төңіректе көптеген талқылаулардың туындау себебі қоғамдағы кейбір кереғар нәтижелер, яғни зардап шегушілердің жариялануы, жалпы адамдардың ұстанымдарының екіге жарылуы немесе қазіргі екпелердің құрамына деген сенімсіздік, т.б. мәселелер.

Әрине, белгілі мәселе бойынша әртүрлі пікірлер мен ұстанымдардың болуы бір жағынан заңдылық. Өйткені, адамдардың түсінік, білім және дүниетанымдық деңгейлері әртүрлі. Осыған байланысты сенім деңгейі де қалыптасады. Осы сенім түсінік бойынша біріншіден, Алла Тағала адамды ең көркем бейнеде, кәміл етіп жаратқан. Яғни, адамның жаратылысына сырттан басқа нәрсенің ықпал етуі мүмкін емес. Сол себепті адамның барлық болмысы, құрылымы өздігінен, табиғи түрде аурумен күреседі, оны сақтаушы да өлтіруші де жаратқан. Барлық нәрсе Алланың бұйрығымен болады деген сенім. Екіншіден, қазіргі қоғамдағы ұсынылатын екпе қызметінің астыртын, белгісіз қырлары көп, оның құрамы, жекелелеген адамдардың денсаулығына әсері, болашақтағы зардабы, екпенің салдарынан кейбір келеңсіз оқиғалардың жиі болуы т.б.

Ал діни-әлеуметтік тұрғыдан бұл мәселеге қалай баға беруге болады деген сұраққа жауап іздейтін болсақ, бұған әр қырынан қарауға болады. Әрине, діни сенім мен таным тұрғысынан жаратушының қалауы мен құдыретіне шек келтіруге болмайды. Дегенмен діни қағидалар мен түсініктерді заманауи әлеуметтік қатынастар және туындап отырған мәселелер тұрғысынан саралайтын болсақ, басқаша таным жасауға да болады.

Қазіргі жаһандану жағдайында ауру түрлері мен күресу жолдарының әралуандығы тұрғысынан медициналық жетістіктерді жоққа шығаруға болмайды. Адамның өміріне толық ықпал ете алмағанымен, белгілі бір ықпал ету, себептерді орындау, алдын алу жағынан нәтижелері жоқ емес. Кезінде ел шетіне жұқпалы аурулар келген кезде ондаған, жүздеген адамдар құрбан болып кете баратын. Олай болатыны, алдын алу, профилактика, оқшаулау, емдеу мәселелерінің толыққанды қалыптаспауы еді. Ал қазір бұрынғы кездегі міндетті түрде адам өміріне қауіп төндіретін аурулар мүлде қауіпті аурулар санатынан шығып жатқаны да белгілі.

Осыған оң ықпал етіп отырған алдын алу шарасы, яғни екпенің уақытылы салынуы, оның нәтиже беруі десек артық айтқандық емес. Бұл мәселеге исламның ұстанымы да айқын. Бұған негіз пайғамдар хадистері мен Құран аяттары. Мәселен, пайғамбардың бір хадисінде «Сендер бір жерде оның (оба ауруы) шыққандығын естісеңдер ол жерге бармаңдар, өздерін тұрған жерде шығатын болса ол жерден қашып шықпаңдар» және «Алапес ауруынан арыстаннан қашқандай қашыңдар» (Бұхари, Тыб: 19) Бұл жұқпалы аурудан сақтану керектігін міндеттейді. Сонымен қатар, пайғамбардың микроб тасушы жәндіктерді өлтіруге рұқсет бергенін де білеміз. Мұндай пайғамбар өсиеттері жеткілікті. Солардың тағы бірі: «Ей Алланың құлдары емделіңдер, өйткені Алла жаратқан әрбір ауру үшін міндетті түрде шипа не дауа жаратқан» деп науқас жағдайда емделуге кеңес береді. Демек, адамның емделуі, екпе алуы ешқандай да Құдайдың тағдырына араласу, не қарсы келу емес. Себебі діннің негізгі мақсаттарының бірі «Хифзус-сихха», яғни, денсаулықты сақтау.

Олай болса, қазіргі екпені де сақтанудың бір жолы, Алланың берген мүмкіншілігі, нығыметі деп бағалауға болады. Ал жекелеген адамдардың зардап шегуі барлық адамдар үшін зиянды екендігін білдірмейді. Бұл жерде екпе алушының жеке денсаулық жағдайының дұрыс бағаланбауынан туындаған салғырттық нәтижесі. Өйткені, санмыңдаған адамдардың болашақтағы қауіпті жұқпалы ауруларды болдырмау не оның жеңіл өтуіне ықпал ететін екпелерден оң әсер алуын жоққа шығару дұрыс емес.

Қорытындылай келгенде, Абай атамыз «Ауруды жаратқан Құдай, ауыртқан Құдай емес» дегендей, әркімнің денсаулығы өзінің ұстанымдары мен сақтығына да байланысты екендігін ұмытпайық. Қазақ халқы: «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген даналық сөзді бекер айтпаса керек. Ал ауырмау жолдарының бірі қазіргі ғылыми жетісіктердің нәтижесінде жасалып жатқан екпе түрлері екендігі анық.

Кеңшілік ТЫШХАН,

Философия ғылымының кандидаты,

Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

Дінтану кафедрасының доценті

Оқылды 1344 рет
JoomShaper
Top