«Менмін» деген Аллаға құл болмайды, менмендіктен арылған тұл болмайды»

Дүйсенбі, 25.01.2022

Е, пенде менмендігінен құтылмай Құдайға құл бола алмайды. Бүгінгі мына ақыр заманда жер бетінде сары шегірткедей қаптаған осы менмендік. Адамның мендігі. Жалпы, қазақ осы «мендік» сөзін жалпы ғашықтыққа қатысты қолданып кеткен. Әйткенмен, «мендік» тәкаппарлық сөзімен бір болса да басқаша айырмашылығы да бар. «Мен» деген тек өзім болсам, өзім көрінсем, елдің бәрі мені таныса, білсе дейді.

Міне, осыдан әрине такаппарлық келіп туады. Алайда, «мен» дегеннің жүрегінде Алла болмайды. Алла болса да ол бәрібір Оған лайық құл бола алмайды. Құранда Алла Тағала осы менмендігін, мендігін жеңген, тазартқан Өзіне лайық құл, ал жеңе алмағандар өзгеге құл болатынын айтады. Осы бір өзін таныту, жарнамалау біздің қазақта қайдам көптеген елдерде дертке айналған. Әйткенмен «мендік» адамға Алланы тану үшін берілген қасиет. Өзінің бар және өзі, мен екенін білген ол сол арқылы салыстырып Алланың бар екенін һәм Оның өзін жаратқан Құдай екенін білу үшін, сезу үшін берілген. Және соны өлшеп білген соң да сол мендік алмасын тасқа ұрып сындырып, Құдайға пәни болу үшін берілген. Немесе мендік бейне бір айна тәрізді. Сол арқылы күнді көресіз. Ал күн сәулесі айнаға түскенде сіз айнаны таба алмай қаласыз. Аллаға құл болған соң адам мендігінен тұтас айығып, Оған мойынсұнбақ.

Ілгеріде Шибли деген бір әулие кісі болған. Бір күні бір кісі одан осындай мәртебеге қалай жеткенін сұрайды. Сонда әлгі әулие жарықтық өзінің басынан өткен мынадай бір оқиғасын айта кетеді.

«Бір күні жаздың шіліңгір шілдесінде бір өзеннің жағасында салқындап отырған болатынмын. Бір кезде айдаладан бір ит өзен жағасына келе қалды. Өзі әбден шөлдеп, қаталаған. Тілі салақтап, екі өкпесімен әрең дем алып тұр. Ол суды ұзақтан көріп аласұрып келді де дәл суға басын салғаны сол еді судағы өз бейнесін көріп іркіліп, шошып кейін қайтып кетті. Судағы өзіне қараған өзге бір ит оны судан қашырған еді. Өзі қатты шөлдеп тұр. Барайын десе әлгі айбарлы, сұсы жаман ит мұны суға жақындатар емес. Бірнеше мәрте қорықса да амалсыз шөл қысқан соң барып көріп еді, әлгі бөтен ит жолатар түрі жоқ. Енді қайтсін! Бірақ шөлге шыдай алмаған ит арсылдап келіп суға қойып кетті. Осы кезде ғана әлгі бөтен ит лайланған судың ішінде жоғалып кетті. Ол суға бір батып, бір шығып қанғанша ішті.

Міне, осы бір көрініс маған «мен деген менің пердем. Аллаға жақындатар емес. Ендеше, оны аяқасты етуім, лайлауым қажет» деген түсінік берді. Осылайша мендігімнен, менмендігімен бас тарттым, өзімді тәрк еттім, ұмыттым. Міне сол кезде ғана перде түріліп, Аллаға құл болуға жол ашылды. Ал осы жолға әлгі шөлден қаталаған ит маған жолбасшы болды».

Иә, Құдайға құл боламын дегенге ит екеш ит те себепкер бола алады. Менмендігін қимағанға әулие де жол көрсете алмайды.

Мұхитдин ИСАҰЛЫ,

исламтанушы

Оқылды 444 рет
JoomShaper
Top