«Жиһадты» қалай түсінеміз?

Сәрсенбі, 18.11.2021

Бүгінде өкінішке қарай, террорлық ұйымдар, терористік әрекетке баратын топтар «жиһад» ұғымын желеу етіп, осы сөзді жиі айту арқылы халық арасында Исламның терорға қатысы бар екен деген түсінік қалыптастыру үшін бар күштерін салуда. Исламға қатысы жоқ террористер: «Мен дін үшін соғысамын», – деп өздерін алдап қана қоймай Исламды дұрыс білмейтін өзгелерді де шатастырып бітірді.

Террорлық ұйымдар өздерінің қарамағына діни сауаты аз адамдарды жинап, оларды ұрысқа, мұсылман емес адамдарға қарсы қатыгездікке, жарылысқа жігерлендіру үшін үнемі діни мәтіндерді, аят-хадистерді өздері жинақтап, оларға ұсынып отырады. Бірақ, аяттардың нақты түсу себептерін, хадистердің айтылу мақсатын өздерінің пайымы мен мүдделеріне сәйкес бұрмалап береді. Ал оның қаншалықты рас немесе өтірік екенін көру үшін «шәкірттің» білімі таяз, ол бар болғаны жиһадқа дайындалушы. Оның арабша оқуға, діни сауатын тереңдетуге құлқы да, уақыты да жоқ. «Өзі білмейді, білгеннің тілін алмайды», – демекші, ол өзінің «ұстазынан» басқаның тілін алмайды. Имамдардың уағызына құлақ салмайды, өйткені, олар «өкіметтің адамы». Ағайындарымен кеңеспейді, себебі, олар «намаз оқымайды».

Ал, енді расында да діни сауатты адам, Құран мен сүннетті дұрыс әрі орынды түсіндірсе, онда тыңдаушы шәкірттің террорист болып шығуы  мүмкін бе? Шынымен де Құран өзге дін өкілдеріне, намаз оқымайтындарға қарсы соғысқа шақырады ма?

Әдетте террористік ұйымдар мен топтар ұйымдастырған жарылыстарда «жиһад» ұранын жиі қолданады. Сондықтан осы «жиһад» сөзіне қысқаша тоқталсақ. «Жиһад» – араб сөзі. Жиһад деп Алланың ризалығына бөлену үшін мұсылманның Алла жолында сарып қылған түрлі амалдарын айтамыз. «Жиһад» құлшылықтың бір түрі. Сондықтан, мұсылман адамның өзін тәрбиелеу үшін, білім алу үшін, отбасына нәпақа табу жолында және туыстарымен қарым-қатынасын жақсарту сияқты т.б. көптеген амалдары үшін тер төгуі, жасаған еңбегі, көрсеткен жігері – Алла жолындағы күрес яғни, жиһад.

Сондай-ақ, «жиһад» сөзі мұсылман мемлекеті сырттан төнуі мүмкін шабуыл қатерінен сақтанып, мемлекеттік деңгейде хабарлама жасап, соғысқа әзірлік деген мағынаны да береді. Бірақ, бұл төтенше жағдайдың бір шарты бар, ол – жиһадты тек мемлекет басшысы жариялайды.

Жиһад бір мемлекет пен екніші мемлекет арасында болады. Жиһадқа Ислам ғалымдары кеңесіп, ортадан пәтуә шығарады. Кейін бұл пәтуә барлық мұсылмандарға тарқатылады. Кез келген адам қалаған уақытында топ құрып өз бетінше жиһад жасауы мүмкін емес. Сол сияқты бір топ бір мемлекетке қарсы жиһад жария ете алмайды. Мемлекетке қарсы соғысты тек мемлекет жасайды. Әйтпесе, әр адам өзі қалағандай соғыс ашатын болса дүние не болмақ? Ислам бұған қатаң қарайды («Ислама гөре терөр ве интиһар салдырылары» кітабынан).

Ислам тарихында пайғамбар (с.ғ.с.) ешбір қауымға тек нәсіліне, ұлтына немесе дініне қарап – яһуди, христан яки болмаса пұтқа табынушы деп шабуыл жасаған жоқ. Оларға:

«Менің дінім өзіме, сендердің діндерің өздеріңе», – деп тең қарады (Кәфирун сүресі).

Ал енді мұсылмандарды соғысқа жігерлендірген аяттарға келсек, бұлар негізінен соғысудан басқа шегінер жер жоқ, мәжбүр басталған соғыстарға қатысты түсті. Құран мен сүннетке сәйкес мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас бейбітшілік байланысқа негізделген.

Кез келген құқық жүйесіндегі сияқты ислам құқығында да белгілі амалдың дұрыс жасалуы үшін екже-текжейі баяндалады. Егер Құран мұсылман үшін бейбіт өмірді емес, соғысты насихаттайтын болса, онда оның ішінде соғыстың айла-тәсілдері, зорлық-зомбылықтың мысалдары, тарих бойында өткен көптеген мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы ұрыстардың сырлары баяндалар еді. Бұлай болуы заңды құбылыс. Бірақ, Құранда біз мұндай көріністің бірін де көрмейміз. Керісінше, Құран адамдарға бейбіт өмір мен сүйіспеншілік туралы айтады. Мұнда ғибратты қиссалар, отбасы мен туған туыс қатынас, дүние құрылымы мен өмірдің мазмұны сияқты т.б. дүниетаным баяндалады.

Өркениетті қоғамда әйелді, қарт кемпір мен шалдарды, бала-шағаны тұрғызып қойып, атып өтіру, балалар толы мектеп көлігін жарып жіберу, адамды ұрлап алып қашу, өзін жарылғыш затпен орап немесе көлігіне жарылғыш зат қойып жазықсыз адамдардың арасында өзін және оларды жарып жіберу қандай адамгершілікке жатады? Бұлай жасау жиһад амалы ма әлде нағыз мужаһид (Алла жолында күресуші адам) осылай жасауы керек пе? Бірақ, жоғарыда айтқанымыздай Құран мен сүннет және Ислам тарихындағы ұрыстар бізге «жиһадтың» басқа екенін баяндайды. Ал діннің шапанын жамылған бүгінгі содрлар мен террористердің «жиһад» деп жасап жатқандары: бейбіт жандарды өлтіруі, адамдарды қойша қыруы, ғибадат үйлері мен мешіттерді жаруы сияқты т.б. ислам жолындағы күрес емес, адамзатқа қарсы күрес.

Ғибрат алу үшін Ислам тарихы сахынасында болған бір-екі оқиғаны мысалға келтірейік. Сонымен, Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) бейбіт өмірде ғана емес, соғыс алаңында да адам баласына құрмет көрсетіп, қатыгездік танытпаған. Һижреттің 8 жылы шәуал айында Халид ибн Уалидті 300 әскердің басында қол басшы етіп, Джазим әулеті бастаған тайпамен қарсы соғысқа жібереді. Соғыс басталып кетті, соғыс алаңында Халид ибн Уалидтің бұйрығымен бір жігіт өледі. Бұл алаңда ол жігіттің сүйген қызы болатын. Сүйген ғашығының көз алдында өлтірілгенін көрген қыз жігіттің денесін құшақтап жылайды. Қатты екі рет дауыстап айқайлайды да қайғыдан ол да сол жерде қайтыс болады.

Кейін бұл оқиға пайғамбарға да жетеді. Сонда Пайғамбардың көңілі түсіп: «Сендердің араларыңда мейірімі бар бір адам болмады ма?», – деп айтқан екен.

Халид ибн Уалидтің өзінен жеткен бир риуаятта пайғамбарға бұл хабарды айтқанда, ол қолдарын жоғары көтеріп: «Ей, Алла! Халидтің жасаған мына ісіне менің қатыстым жоқ және хабарым да болмады!» – деп айтты делінеді(Ибн Касир. Әс-Сирату ән-Набауйә).

Хайбар қаласының бірімен болған соғысқанда Сафия бин Хурей және оның жиені тұтқынға түседі. Біләл бұл екеуін соғыста қаза тапқан адамдардың мәйіттері жатқан жермен пайғамбарға алып келеді. Өлі денелерді көрген жас қыз, құсқысы келіп, ауызын жабады. Мұны кқрген пайғамбар: «Ей, Біләл! Сенің бойыңдағы адамға жанашырлық қасиетің қайда кеткен. Мына қыздарды мәйіттердің қасымен алып келпісің ғой», – дейді. Біләл бұған: «Уа, Алланың елшісі! Мен сіздің бұған көңіл бөлетініңізді білмедім», – деп жауап береді.

Құрметті оқырман, осы айтылған екі оқиғада да Алланың елшісі (с.ғ.с.) өзгелерге деген мейірім мен қамқорлықты басты назарға алып отыр. «Бұл соғыс алаңы» деп, адамдарды қойдай қырып жатқан жоқ. Мүмкіндігінше адамға дене жарақаты былай тұрсын, жан жарақатын тигізбеуге күш салуда. Олай болса, біздің көріп, естіп жүрген «жиһад» желеуімен болып жатқан жарылыстар мен атыстардың Исламмен байланысты емес, діні және нәсілі мен шекарасы жоқ – террор.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ,

Дінтанушы, философия ғылымының кандидаты

Оқылды 662 рет
JoomShaper
Top