Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ: «Адамдық адалдықпен өлшенеді».

Дүйсенбі, 01.08.2021

Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті,

Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек.

Абай Құнанбайұлы

Асыл дініміз Ислам – адамзаттың игілігі үшін түсірілген иләһи дін. Адамзаттың ар-намысына нұқсан келтірмеуді, қадір-қасиетін бағалауды мұрат еткен ислам шариғатынан мұсылман баласын ізгілікті таратып, қоғамға зиянды әрекеттерден алшақ болуға, бір-біріне құрмет, ізет танытуға шақыратын принциптерді көруге болады.

Ізгіліктің бастауы саналатын Құран Кәрімде  адам баласының көркем бейнеде жаратылғаны және осы арқылы адамзаттың абырой-беделі айқындалғаны баяндалады. Бұл жайында Исра сүресінің 70-ші аятында: «Расында,адам баласын ардақтадық. Сондай-ақ оларды құрылықта да, теңізде де көліктендірдік. Әрі оларды жақсы нәрселермен қоректендірдік. Әм оларды жаратқандарымыздың көбінен не құрлым артық жараттық» делінеді.

Алла Тағала екі дүниенің сардары Мұхаммед пайғамбарды адамзат нәсілінен етіп,адам баласын ардақтады. Бұл – Алла тағаланың адамды ардақты етуінің үлкен бір белгісі.

Ислам діні адам баласын бір-бірін құрметтеуді, өзгенің ар-абыройы мен мүддесіне аса үлкен құрметпен, жауапкершілікпен қарауды насихат етеді. Бұл турасында Құран Кәрімнің Мәида сүресінің 8 сүресінде «Әй, мүміндер! Алла үшін күәлікте туралық үстінде мықты тұрыңдар. Және бір елдің өшпенділігі сендерді әлсіздікке тартпасын. Әділдік істеңдер. Сол тақуалыққа жақынырақ...» деп, мұсылман баласын әрбір іс-әрекетте әділдікке һәм тақуалыққа жүгінуге бұйырады. Ал пайғамбарымыз болса, тіптен, үш адамның екеуі біреуін шетке тастап, өзара күбірлесуден қайтарып, көңілге кірбің ұялатудан сақтандырады.

Алла Тағаланың алдында әрбір жан иесі тең болғаны секілді, асыл дініміз адамдар арасында әділеттіліктің орындалуын талап етеді. Әз елші өзінің соңғы құтпасына шығып тұрып: «Уа, адамдар, расында сендердің Раббыларың бір, расында аталарың бір, барлығың адамсыңдар (Адамнан таралғансыңдар), ал Адам топырақтан (жаратылған), Алланың алдында ең құрметтілерің – ең тақуалыларың (құдайдан қорқушы), сондай-ақ ешбір арабтың араб еместен тақуалығы болмаса, басқа артықшылығы жоқ» деді. Міне, байқағанымыздай, ешбір ұлт немесе халық өзге ұлт пен халықтан артық не кем емес, артықшылық олардың тақуалық сипаттарына ғана байланысты болып келеді екен.

Дінімізде еш уақытта бейкүнә адамның өміріне қауіп төндіруге, оның мүлкіне және ар-намысына нұқсан келтіруге болмайтыны айтылады. Бұл сөзімізге әз пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) қоштасу құтпасында: «Ақиқатында сендердің қандарың, мал-мүліктерің бір-бірің үшін қастерлі, қол сұғуға болмайды. Мына қажылық күніндей қастерлі, қажылық айындай қастерлі, Мекке қаласындай қастерлі» деген өсиеті айқын дәлел.

Келесі бір хадистерінде пайғамбарымыз мұсылмандар ортасында бүлік шығарып, жаманды-жақсылы адамдарды өлтірген адамның өз үмметінен еместігін ескертеді. Себебі, Жаратушы Жаббар иеміз бізді жер бетіне зұлымдық жаю үшін емес, көркем мәміле жасап, ізгі істер атқарып, жақсылықты насихаттау үшін, аспанын әсем жұлдыздармен көмкеріп, жер бетін сан алуан нығметтерге байытқан Өзіне сансыз мадақ-мақтау айтып, ізгілікке пайдалану үшін жаратты емес пе? Ендеше, қазіргі уақытта Таяу Шығыста жандарын қу шүберекке түйіп, босқынның күйін кешкен сан мыңдаған мұсылман халқы, әлемнің әр түкпіріндегі терактілерден жапа жеккен жалпы жұртшылық кімнің кесірінен немесе зұлымдығынан осындай жағдайға жетті?

Әлбетте, бұл мұсылман затының қолынан келетін іс емес және ислам дініне тән құбылысқа жатпайды. Жалпы адамгершілік құндылықтарға қазық қаққан діндерде, оның ішінде ислам дінінде бейбіт халықты қырып-жою, бейкүнә адамдардың өміріне қауіп төндіру ешқашан да құпталмайтын, керісінше, айыпталатын іс. Асыл дін ұстынында зорлық-зомбылық, мұсылман бауырларына қол көтеру, пікірі үйлеспеген адамға қиянат жасау, ағайын-туғанмен қарым-қатынасты үзу, қоғамның тыныштығын бұзу, өзі өмір сүретін мемлекеттің заңдарына құрметсіздік таныту секілді келеңсіз қарекеттер болмаған және болмайды да. Себебі, ислам мұндай бассыз әрекеттерді болдырмау үшін, ізгілікті көркем түрде  жаю үшін жеткен дін. Ислам айналасын қырып-жоюға, аздырып-тоздыруға емес, гүлдендіруге, өсіп-өркендетуге бағытталған, надандық пен білімсіздікке емес, ғылым мен өркениетке негізделген дін.

Адамзаттың өмір тіршілігіндегі ең құнды дүние – оның ар-намысы мен абыройы болса, бүгінде еліміздің Ата Заңы – Қазақстан Республикасы Конституциясында адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең қымбат қазына ретінде белгіленген. Ислам діні де әрбір адамның ар-ұжданын, ерік-бостандығын қорғауда үлкен қамқорлық көрсетеді. Әр адамның дербес не топтасқан түрде қоғамның діни, әлеуметтік немесе саяси өміріне үн қосып, жақсылыққа бұйыратын, жамандықтан тыйятын пайдалы іс-шаралардыжүзеге асыруын құптайды. Байыппен мән беріп қарасақ, асыл дінімізде құп көрілген дүниелер бүгінгі қоғамның дамуына, еліміздің өсіп-өркендеуіне негізделгенін байқау қиын емес. Керек десеңіз, мемлекетіміздің аяғына нық тұрып, ел азаматтарының білімді де білікті маман болып, баянды қоғам қалыптастыру мүддесінде дәстүрлі дініміз бен зайырлы, демократиялы Қазақстан Республикасының бағыт-бағдарының үйлесім табатыны да рас.

Биыл ғасырлар бойы бабалар арманы мен мұратына айналып келген тәуелсіздігіміздің 25-ші жылын қарсы алудамыз. Аллаға мың да бір шүкір дейміз, тәуелсіздікпен бірге ата дінімізбен қауыштық, салт-дәстүрімізді жаңғырттық. Аллаға мойынсұнып, құбылаға бет бұрған жастар қатары жыл санап көбейіп келеді. Осы жалынды жас буынға дұрыс бағыт-бағдар беру – өз кезегінде өте маңызды іс. Бұл ретте жастарды жат ағымның жетегіне жібермей, бабалар салған сара жолмен, дәстүрлі дінімізге шақыруда, еліміздің тыныштығына ықпал етуде имамдарға жүктелер жауапкершіліктің де жеңіл еместігін айта кеткеніміз жөн.

Ислам қағидалары әу бастан бейбітшіліктен бастау алатынкөркем насихатқа негізделді. Алла Тағаланың: «Уа, пенделерім! Мен зұлымдық етуді өзіме және сендерге харам еттім. Сондықтан да бір-біріңе зұлымдық етуші болмаңдар» деген әмірі және де ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Өзара жауласпаңдар!» деген сөзі – осының үлкен айғағы. Тұтастық пен тыныштыққа насихаттау – имамның ғана емес, бүгінгі қоғамның нық қалыптасып, баянды болашаққа жоспар құруын қалайтын еліміздің әрбір азаматаның міндеті деп ойлаймын. Ал, әлмисақтан өзін мұсылман санайтын жастар бүгінде һәм қай заманда да біліммен қаруланып, ой жарыстырып, ғылыммен өркениетке қадам басып, биік мақсаттарға ұмтылуы қажет-ақ. Өйткені, ислам бейбітшілікті қалайтын, сүйіспеншілікті сыр қылып, бірлікке бекем болуды құптайтын, алыс та жақын елдердің ынтымақта өмір сүруіне мүдделі дін.

Хәкім Абай атамыз айтқандай, бүгінгі буын «Адамзаттың бәрін бауырым деп» құрметтеп, сыйлап, барша адам баласына жақсылық тілеп, достықты жүрегіне сыйғыза алатындай парасатқа ие болуы керек. Дана бабамыздың бұл сөзі қазақ үшін ғана емес, баянды болашақты ойлайтын әрбір ұлт пен ұлыстарға арналғандай. Адамзат қоғамындағы жалпыұлтық құндылық, адамгершілік, дін мен діл жайы күні бүгінге дейін маңыздылығын жоймай келеді. Бұл әр заманның басты талабы, өзекті тақырыбы болып қала да бермек.

Қасиетті Құранда Алла Тағала «...Бір-біріңе игілікте әрі тақуалықта көмектесіңдер, күнәда және дұшпандықта жәрдемші болмаңдар. Құдайдан қорқыңдар...» деп бұйырады. Иә, бірлігіне бекем, ағайын-жұртқа, алыс та жақын көршіге адал халық ешуақытта жаманшылыққа жол бермейді. Дана қазақ мұны «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деп, түгел сөздің түбін осы бір түйінді сөзбен жеткізген.

Ойымды Елбасымыздың биылғы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясында айтқан салмақты пікірімен қуаттар болсам, «Қазақ халқының рухани болмысы әрдайым гуманизммен және ішкі тұтастығымен ерекшеленеді. Ата-бабалардан мирас болған осынау ұлы қасиеттен айырылуға бүгінгі буынның ешбір хақы жоқ. Сондықтан, мен қазақ зиялыларын, рухани жетекшілерін, барлық және әрбір қазақты ұлы ұстаздардың ұлағатын ұмытпауға шақырамын. Біз ұрпағымызды жат ықпалдардан қорғауға, адасқандарды ақылға шақырып, оларды оқыс қадамдардан сақтандыруға тиіспіз...». Тарихтан тағылым, бабадан мирас болған осы бір ұлы мұрат-мақсаттарды іске асыру сіз бенен бізге жүктелер жауапты міндет деп білемін.

Халқымызда «тау мен тасты жел бұзады, адамзатты сөз бұзады» деген нақыл қалған. Адамның қоғамда өз орнын тауып, құрмет пен сеніміне ие болуында, кемел ғұмыр кешуінде орнымен айтылған дәйекті сөзүлкен рөл атқарады. Қисынды да қысқа, мәнді де әділ үкімді халық ұйып тыңдап, «тура сөз», «құдайы сөз» деп дәйекті уәжге тоқтаған. «Ердің құнын екі ауыз сөзбен бітірген» кешегі текті халықтың жалғасты буыны ретінде өнегелі, өскен жұрттың жолын кейінгі ұрпаққа үлгі етіп, мұсылмандық сипатымызды, қазақы келбетімізді сақтау асыл мұратымыз әрі  міндетіміз деп білуіміз керек.

Келешекке кемел жоспарлармен, биік арман-мақсаттармен қадам басқан Қазақстанның дамуы, өсіп-өркендеуі жолында бүгінгінің жастары өз қарым-қабілетімен, білім-парасатымен атсалысып, үн қосса алар асуымыз бенжемісті жетістіктеріміз де молынан болмақ.

Асыл дініміз «Тәңірдің рахметі – ауызбірлікте» десе, дана қазақ «жұмыла көтерген жүк – жеңіл» деген. Сол бірлікке жету үшін ең алдыменел тізгінін ұстаған басшыларымызға бағынып, қоғамның тұтастығына қызмет қылуымыз қажет. Сонда ғана еліміз өркендеп, дініміз көркейеді. Шәкәрімше түйер болсақ, «адамдық борышымыз – ақ жолдан айнымай, қалтқысыз адал еңбек қылу, ар-намысты сақтай біліп, білім мен өнер үйрену, онсыз ақыл тұл болар». Әр азамат ел бірлігіне, ұлт тұтастығына қызмет етсе, ел ертеңіне деген сенімімізге де селкеу түспейді. Алла лайым елімізді осы бірлігінен, ынтымағынан ажыратпасын.

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

ҚМДБ-ның наиб мүфтиі,

«Нұр Астана» орталық

мешітінің бас имамы

Оқылды 362 рет
JoomShaper
Top