ӘЛЕМДІК ЖӘНЕ ДӘСТҮРЛІ ДІНДЕР ЛИДЕРЛЕРІ СЪЕЗДЕРІНІҢ ТАРИХЫ МЕН АЛДАҒЫ БЕСІНШІ СЪЕЗДІҢ ЖОСПАРЛАРЫ ТУРАЛЫ
Құрметті, брифинг қатысушылары!
Өткен аптада 2014 жылдың 18 қыркүйегінде Астанада Съезд Хатшылығы жұмыс тобының отырысы мен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының ХІІІ сессиясы болып өткені баршамызға мәлім. Аталмыш іс-шара барысында 2015 жылы өтетін V Съезді ұйымдастыру жұмыстарының мәселелері талқыланғаны да аян.
Сессия қорытындыларын жарияламас бұрын, бүгінгі брифингімізді ең алдымен Съезд қызметінің тарихына қысқаша шолу жасаудан бастауға рұқсат етіңіздер.
Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған уақыттан бүгінге дейін өз азаматтарының ар-ождан бостандығы мен дін ұстану құқықтарын берік сақтап келеді. Бүгінгі күні Қазақстан көпұлтты әрі конфессияаралық мемлекет болып табылады. Елімізде 18 конфессияға біріккен 130 ұлт пен ұлыс өкілдері өмір сүреді.
Дінаралық және ұлтаралық қақтығыстар мен дау-дамайлардың жаппай белең алып келе жатқанына орай дүние жүзі аталмыш жағдайларға алып кететін факторлардың мән-мазмұны мен олардың шешу жолдарын белсенді талдап келеді.
Осыған байланысты Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съездерін өткізу арқылы дінаралық және мәдениетаралық сұхбатты дамыту идеясы қазіргі уақытта да өзектілігі жағынан жоғары бағалануда.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі дін қайраткерлерінің арасындағы түсіністік пен келісімді нығайту ісінде, өркениеттер, конфессиялар, мемлекеттер мен халықтар арасындағы конструктивті және тұрақты сұхбатты қалыптастырудағы көптен күткен әрі маңызды бастама болды.
Сондықтан еліміздің аталмыш Съезд сияқты әлемдегі ірі дінаралық формудардың бір түрін өткізуі тегін болмаса керек.
Бүгінгі күн тұрғысынан алып қарағанда, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі өзара ынтымақтастықтың кең мүмкіндіктерін ашады, зорлық-зомбылықты, діни фанатизмді және радикализмді жеңіп шығуға көмектеседі.
2003 жылдың 23-24 қыркүйегінде Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің I съезі өтті. Форумның жұмысына әлемнің 13 елінен келген өкілдер қатысты.
I Съезге қатысушылар дінаралық саммитті тұрақты өткізіп тұру жөнінде ұйғарымға келіп, форумның жұмыс органы - яғни, құрамына діннің жетекшілері мен көрнекті қайраткерлерінің өкілдері енетін Съезд Хатшылығын құру туралы шешім қабылдады.
Анықтама үшін: Өткен уақыт ішінде Съезд Хатшылығының 12 отырысы өтіп, оның барысында Хатшылық мүшелері Съездің ұйымдастырушылық және мазмұндық бөлімдеріне қатысты мәселелерді талқылайды. Келесі Съездің тақырыптық бағыттарын анықтайды, құрылымдық ұсыныстар жасайды, пікірлерімен алмасады.
2006 жылғы 12-13 қыркүйекте Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің II съезі «Дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік» атты тақырыптың аясында өтті. Форум «Дінаралық диалогтың принциптері» атты маңызды құжатты қабылдады. Съезд өз жұмысын қорыта келе, Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығын ашу туралы бастама көтерді.
2009 жылғы 1-2 шілдеде Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің III съезі «Толеранттылық, өзара құрмет және ынтымақтастыққа негізделген әлемді қалыптастырудағы діни лидерлердің рөлі» атты тақырыптың аясында өтті.
IV Съезд аясында Форум институттарының қалыптасуы жалғасты. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың ІІІ Съезд жұмысының барысында көтерген бастамасының негізінде, үйлестіруші орган – Діни лидерлер кеңесі құрылды. Оның құрамына дәстүрлі діндердің жетекшілері мен көрнекті өкілдері енді. Кеңестің мақсаты басқа форумдармен және халықаралық ұйымдармен сұхбат және ынтымақтастықты орнатудың басым бағыттар мен тетіктерін анықтауды көздеді.
Съездің халықаралық сұхбат алаңы мен күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе ретіндегі айрықша мәртебесін ерекше атап өткім келеді. Форумға қатысуға ниет білдіушілер саны күн санап артып келеді. Мысалға, І Съезд жұмысына 13 елдің 17 делегаты қатысқан болса, IV Съезде 40 мемлекеттің 85 өкілі қатысты.
Құрметті қонақтар қатарында, Съезд жұмыстарында танымал саясаткерлер, мемлекет және үкімет басшылары, беделді халықаралық ұйымдардың жетекшілері қатысты.
2013 жылғы 25 қыркүйек күні Астанада Съездің 10 жылдығына арналған халықаралық конференция және форум хатшылығының кезекті отырысы өтті.
Енді Съезд Хатшылығы жұмыс Тобының соңғы отырысы мен Съезд Хатшылығының ХІІІ сессиясы жайлы толық тоқталып өткенді жөн деп санаймын.
Аталмыш іс-шараларда V Съезді 2015 жылы өткізу бойынша ұйымдастыру мәселелері талқыланды.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының V Съезі «Діни және саяси көшбасшылардың бейбітшілік пен даму жөніндегі диалогі» тақырыбында өтеді.
Съезд Хатшылығы өкілдерімен V Съезд тақырыбын талқылауда қазіргі әлемде болып жатқан барлық адамзатқа қатысты күрделенген жаһандық үрдістер ескерілген.
Қазіргі уақытта халықаралық қатынастардағы сенімнің кем болып тұрған шағында, жаңа қауіптердің пайда болуы, әлемнің кейбір аймақтарында радикалды қозғалыстардың белең алуы ғаламшардағы әлемдік қауымдастықтың бірігуін талап етеді.
Соған байланысты, тақырып өзегіне бейбітшілік пен келісім қағидаларын сақтау идеялары, сондай-ақ, әлемдік қауымдастықтың өркендеуінің мықты және үйлесімді дамуының іргетасы алынған. Алда болатын V Съезд ағымдағы әлемдік жағдайларды есепке ала отырып, діни және саяси көшбасшылардың ынтымақтастығын күшейтуге, халықаралық деңгейдегі дағдарыс жағдайларын талқылау мен еңсеруге бағытталады.
Хатшылық отырысының қатысушылармен форумның секциялық отырыстарының негізгі бағыттары бірауыздан төмендегідей болып белгіленді:
1 секция – «Діни және саяси көшбасшылардың рөлі: адамзат алдындағы жауапкершілік»;
2 секция – «Діннің жастарға ықпалы: білім, ғылым, мәдениет және БАҚ»;
3 секция – «Дін және саясат: жаңа трендтер мен перспективалар»;
4 секция – «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының өзара түсіністігі мен сұхбаты – бейбітшілік пен өзара сыйластық негізі» .
Отырыс мүшелерінің талқылауы барысында келесі дінаралық саммиттің өтетін орны мен уақыты да анықталды. Сонымен, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының V Съезі 2015 жылдың 10-11 маусымында Астана қаласында өтеді.
Қалыптасқан дәстүрге сай, V Съезге қатысушылар ислам, христиан, буддизм, иудаизм, даосизм, синтоизм, индуизм, зороастризм діндерінің өкілдерін құрайды. Сондай-ақ, беделді халықаралық ұйымдардың басшылық өкілдері, оның ішінде БҰҰ, Ислам Ынтымақтастық Ұйымы, ЮНЕСКО, Бүкіләлемдік Ислам Лигасы, Өркениеттер Альянсы, ЕҚЫҰ т.б. қатысады.
ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі М. А. Әзілханов