Бұл мәселе қысқа қайыруға келмейтіндіктен бірқатар жайттарды мысалдармен түсіндіре кету қажет деп санаймын. Қазіргі «жоқтаушылар» жөніндегі мәселені әңгімеміздің соңына қалдыра тұрып, сөзімізді исламның жоқтауға көзқарасы мен қазақ мәдениетіндегі жоқтау дәстүрінен бастасақ. Жоқтауға қатысты Пайғамбарымыздың: «Біреу қайтыс болғанда бетін ұрғылап, тырнап, үстіндегі киімін жыртып және надандарша айқайлап жылаған адам бізден емес» деген хадисі бар. Осы хадисті негізге ала отырып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Пәтуалар жинағында»: «Әбу Ханифа мазхабында қайтыс болған кісіні жоқтап, өкіріп жылау – харам, қатты дауыс көтермей жылауға болады» деген пәтуа берілген. Бұл жерде «өкіріп жылау», «бетін ұрғылап, тырнап, үстіндегі киімін жыртып және надандарша айқайлап жылау» деген ұғымдардың барлығы ең алдымен тағдырға көндікпеу, Жаратқанның жазмышына нала болу, наразылық таныту ниетінен туындайды. Ал қазақтың дәстүрлі жоқтауына назар салсақ, оның мұндай агрессиялық көңіл-күйден ада екеніне көз жеткізуге болады. Әрине, ет жақын адамның қазасына күйінбеу мүмкін емес, «Сөйлемей пенде шыдамас Қайғы отына ашынған» деп Абай айтпақшы, жоқтауда күйікті, шерлі сөздердің айтылмауы да мүмкін емес. Бірақ қазақтың естірту, жоқтау, көңіл айтудан тұратын дәстүрлі мұң-шер өлеңдері сол қайғыны жеңілдету, оны наза мен налаға ұластырмау мақсатында шығарылған. Сол мақсатын ақтай білгені үшін де кешегі қазақ қоғамында жоқтау дәстүрі кең таралды. Қаза болған адамның жақынын өлім жайлы әңгімеге психологиялық тұрғыдан дайындап барып, қазаны естірту, одан кейін оның дүниеден өткен жақынына деген барлық сағынышын, құрметі мен қимастық сезімдерін көңілінде шер қалмастай етіп сарқып айтып, жоқтаумен жеткізу, соңынан ажалды пенденің ешбірін құтқармайтын тағдырға мойынсұндыра көңіл айту – барлығы жоқтау жырларында көрініс тапқан. Дәстүрлі қазақ жоқтауының үздік үлгісін Үмбетей жыраудың Абылайға Бөгембай өлімін естіртуінен көруге болады. Аздаған үзінділер келтірсек: Ей, Абылай, Абылай! Сөзімді тыңда тағы да-ай! Өзіңнен біраз жасы үлкен, Дөңбек таудай басы үлкен, Жасыңда болған сырласың, Үлкен де болса, құрдасың, Сексеннен аса бергенде, Қайырылмас қаза келгенде Батырың өтті Бөгембай! ... Уа, Алатаудан Ақшадан Асып тудың, Бөгембай! Болмашыдай анадан Болат тудың, Бөгембай! Қалақайлап дулатқан, Қалдамандап шулатқан Қалмақты қудың, Бөгембай! Құбыла көшкен байтақтың Ордасындай Бөгембай! Темір жұмсап, оқ атқан Қорғасындай Бөгембай! ...Бөгембайдай батырдың Береке берсін артына, Бірлік берсін халқына. Жаратқан ием жар болып, Пейіште нұры шалқығай! Қазақта жоқтау жазбаған ақын жоқ десек, артық айтқанымыз емес. Өз әдебінен, сөз әдебінен аспаған жүйелі жоқтаудың шариғатқа шалыс еместігін қалтқысыз пайымдаған қазақтың ислам ілімін жетік меңгерген талай ғұламалары жоқтау жазды. Басқаны былай қойғанда, Абай мен Мәшһүр Жүсіптің шығарған жоқтаулары бір жосын. Абай ақын Әбдірахман өлімінен кейін көптеген жоқтау жырларын жазды. Келіні Мағышқа арнайы жоқтау шығарып берді. Оспан өліміне арнаған жоқтауы, «Баласы өлген анаға шығарып берген жоқтауы» деген атпен басылған өлеңдері де бар. Соның бәрі – қазаның қайғысын өз жүрегінен өткізген адамның мұң-зары, шер тарқатуы, еріксіз туындаған жырлары. «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең» дегенде де Абай жоқтаудың ғибратына меңзеді. Мәшһүр Жүсіптің Мұса Шорманұлын оның келіні атынан жоқтауына назар салсаңыз: Бісмілла сөздің басында, Көрдім бір қасірет жасымда! Опасыз дүние-ай, дариға, Жан атам өтті, жарандар, Иманы жолдас қасында. Халайық, бір сөз қозғайын, Сүннеттен асып, озбайын, Асылық сөйлеп Аллаға Шариғат сөзін бұзбайын, - деп басталатын дастанға барабар (28 бет) жоқтау жазып қалдырған. Дүниеден өткен абзал азаматтың барлық қадір-қасиетін, парасат-пайымын, ел үшін еткен еңбегін, артына қалдырған ізгі өнегесін шынайы дәріптеген осы жырдан жоқтаудың бүкіл ғибратты мәнін табуға болады. Жоқтау тек шер шығару үшін ғана емес, өлім үстінде де тіріге ой тастап, өнегелі өмір сүруге жетелеу үшін де жазылған. Қайғысын жырмен жеңілдететін ақындық қабілет әркімге бұйырмағандықтан жоқтауды ақындардың арнайы шығарып беруі де қазақы дәстүрде бұрыннан бар. Бірақ дауыс салып, көрісу рәсімін бар ағайын жасағанымен, жоқтауды жалдамалы жоқтаушы емес, қаза болған кісінің жақын туыстары – қазаның қайғысы басына түскендер ғана айтады. Өткен жылы есімі елге танымал бір сыйлы азаматтың ағасы дүниеден өтті. Арада айға жуық уақыт өткенде сол кісі мынадай бір сырды айтты: - Ағам дүниеден өткенде өмір тоқтап қалғандай болды. Еш нәрсемен шерімді тарқата алмадым, еш нәрсеге мойын бұрып, жұбана да алмадым. Есі кіресілі-шығасылы адамдай сенделіп жүрдім де қойдым. Сол кезде барып, қазақтың жоқтауды не үшін шығарғанын ұғындым. Бар қайғысын жоқтаумен шығарып алатын әйелдерде арман жоқ екен ғой! Баяғыдай ер азаматтардың дауыс салып көрісуі де жоқ, шердің шемен боп іште қатқаны жаман екен. Ақырында ағамның жетісін берген соң, қолыма күрек алып, жалғыз өзім әке-шешемнің, ағамның моласының басына кетіп қалдым. Екі күн бойы солардың басында болып, қабірінің тікен-шөбін тазалап, іштей әбден сырласып-мұңдасып барып, өзіме өзім келгендей болдым. Адамның хайуаннан артықшылығы да жүрегінің сезімінде ғой. Қазақ жылқыны адам мінездес болған соң жақсы көреді. Мал атаулының ішінде жылқы баласының ғана бауыздар сәтте көзінен жас шығады екен. Бауырын жоқтап, жылай білмесе адамның сол жылқы ғұрлы болмағаны ғой. Жоқтау – қазақты күйік пен сезімсіздіктен қорғап келе жатқан өнегелі дәстүр екен. Сен осы туралы жазшы, - деп кетерінде аманат еткен еді ол кісі. Өзім бала кезімнен тағдырдың жазуымен торқалы тойдан гөрі топырақты өлімді көбірек көргендіктен, жоқтауды көп естіп өстім. Бауырларым бірінен соң бірі дүниеден өткенде еріксіз жоқтау жырлар жаздым да. Бертінде абзал замандастарымыз қайтыс болғанда талай жоқтау өлеңдерім туындады. Қазіргі ақындар арасында да жоқтау жазушылар аз емес. Дегенмен бұл жоқтаулар – дауыс салып айту үшін арнайы жазылған жырлар емес, іштегі шерден табиғи түрде туындаған жазбаша жоқтаулар. Олардың ауызша айтуға арналған жоқтаудан өзіндік өзгешеліктері бар. Жалпы дауыстап жоқтау айту көп адамның көңілінен шыға бермеуі мүмкін. Барлық адам бірдей іштегі шерін дауыстап, мақаммен шығаруға бейім немесе бейілді бола бермейді. Біреулерге жоқтау тіпті ерсі көрінуі мүмкін. Сондықтан болса керек, бұрын жоқтау айнымас дәстүрдің бірі болса, қазір әркімнің қалауына қарай бірде айтылып, бірде айтылмайтын болды. Ал сауалда айтылған «ақылы жоқтау айтушыларға» келсек, қаза болған кісіге қатысы жоқ адамның жоқтау айтып отыруы әртістің роль ойнауы секілді жасанды көрініс болары анық. Мұндай нәрсе көпшілікке де ерсі көрінеді, өйткені басқасы басқа – топырағы суымаған өлімді қазақ өнер қойылымына айналдырмаған. Тек асарын асап, жасарын жасаған қария кісілер дүниеден өткенде ғана, онда да арада жыл өткеннен кейін ас берген кезде «қарияныкі – той» деп ат шаптырып, балуан күрестіріп жатады. Ол, әрине, басқа мәселе. Ал ақылы жоқтау айту үрдісін әдетке айналдыруға келсек («дәстүрге айналдыруға» дегенге аузым бармай отыр) бұл келешекте бәсекенің бір көзіне айналып, жоқтаудың қадір-қасиетін қашыруы әбден мүмкін. Жоқтаудың жөні осы екен деп дүниеден өткен адамға жоқ қасиетті жапсырып, жалған мақтау айтып жатса, жоқтаудың ғибратынан мән-мағына қалмайтыны анық. Жалпы, ақылы жоқтау айту секілді өтпелі құбылыстар дүнияуи тұрғыдан да, діни тұрғыдан да өзін ақтамайтындықтан жүре келе сәннен қалуы мүмкін. Қоғам құндылықтарды қашанда өзі сұрыптайды. Дәуір сұранысына сай келмеген дәстүрлер өзі-өзінен ысырылып қалып қояды. Сондықтан мұндай үрдістерді арнайы реттелетін емес, ар-ождан мен таңдау еркіне жүктелетін құбылыстар деп білген жөн.

Өмірбаяны
1975 жылы 22 наурызда Қарағанды облысы, Жаңарқа ауданы, Ералиев ауылында дүниеге келген. 1992 жылы Жайрем кентіндегі №10 орта мектепті бітірген.
1994 жылы 13 желтоқсанда ҚР Білім және ғылым министрлігінің жолдамасымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында (ҚМДБ) өткен байқау арқылы Египет Араб Республикасы, Каир қаласындағы әл-Азхар университетіне оқуға түсіп, 2000 жылы аталмыш университет жанындағы Ислам ғылыми зерттеулер институтын тәмәмдап, 2004 жылы әл-Әзхар университеті «уағыз-насихат» мамандығы бойынша бакалавр академиялық дәрежесіне қол жеткізген. 2006 жылы Египет Араб Республикасы Жоғарғы білім министірлігі Ислам ғылыми зерттеулер жоғарғы институтында исламтану мамандығы бойынша магистр дәрежесіне ие болған. 2010 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарихында бірінші болып философия, мәдени антропология мамандықтары бойынша PhD доктор дәрежесін қорғады.
Қазақ, орыс, араб және түрік тілдерін біледі.
2007-2009 жылдары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында маман, бөлім бастығы, 2009-2011 Әл Фараби атындағы ҚазҰУ-де аға оқытушы болып жұмыс iстедi. 2011-2013 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі (ДІА) Дін мәселелері бойынша ғылыми зерттеу және сараптама орталығына исламды зерттеу бөлімінің бастығы, ҚР ДІА Діни оқу орындармен байланыстар және дінтану сараптамасы басқармасының Бас сарапшысы болып қызмет атқарған.
2013 жылдың 27 ақпанынан бастап ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқаруда. ҚМДБ жанындағы ғұламалар кеңесінің хатшысы және Қазақстан Республикасының Халықаралық Ислам фиқһы (заңы) академиясындағы [International Islamic Fiqh Academy] тұрақты мүшесі.
Мұсылман әлеміне танымал ұстаздары:
- Махмуд Хамди Зақзуқ – ЕАР Уақф министірі
- Мұхаммад Саид әт-Тантауи – ЕАР Әл-Азхар университетінің шейхы
- Ахмад Омар Хашим – ЕАР Әл-Азхар университетінің ректоры
- Абдурахман әл-Адауи – ЕАР Әл-Азхар университетінің профессоры, Парламент мәжілісінің депутаты
Арнау сөзі
Ассаламу алейкум құрметті оқырмандар!
Мен – Оңғаров Ершат Ағыбайұлы, исламтанушы, теолог, Ph.D-мын, орыс, қазақ тілдеріндегі жарық көрген «Мұхтасар тәжуид» еңбегінің авторымын, дін, мәдениет, руханилық мәселелері бойынша бірқатар ғылыми-танымдық мақалалар жаздым. Қазіргі таңда «Қазақ мәдениеті және ислам құндылықтары» атты монографиялық еңбегім баспаға әзірленуде. Сарапшы ретінде келесі тақырыптар бойынша қойылған сұрақтарға жауап беруге дайынмын: Құран тәпсірі, ислам мәдениеті, ислам құндылықтары, ақида мәселелері.
Еңбектері
- Оңғаров Е.А. Мұхтасар тәжуид, «Дәуір», – Алматы. 2006 – 88 б.
- Онгаров Е.А. Мухтасар тажуид, «Көкжиек» – Алматы. 2012 – 100 с.
- Оңғаров Е.А. Қазақ мәдениеті және ислам құндылықтары, «Көкжиек» – Алматы. 2013
- «Мұхтасар тәжуид» қазақ және орыс тілінде (Құран оқу ережелері), Алматы – 2006
- «Қазақ мәдениеті және ислам құндылықтары» (монография). ҚР БҒМ, Алматы баспа үйлері, 2014
- Құран – мағынасы мен түсініктемелері. «Алаш» тарихи-зерттеулер орталығы, Алматы – 2015 (аудармашылардың бірі)
- «Дін – насихат» Ақпараттық-насихат тобына арналған әдістемелік құралы. ҚМДБ, Астана – 2015 (құраст. бірі)
- Жұма уағызы-ІІ, ҚМДБ, Астана – 2015 (құраст. бірі)
- Дін, мәдениет, руханиат салаларына арналған 33 ғылыми-танымдық мақалалардың авторы
Мақалалары
- Оңғаров Е.А. Мәдениетіміздің негізгі тірегі – дініміз // Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары, Ғылыми педагогикалық журнал. – Алматы: Шет тілдер және іскерлік карьера университеті. – 2007. – № 4. – 298-301 бб.
- Оңғаров Е.А. Ислам жаһандануға қарсы ма? // «Қазақ мәдениетіндегі дәстүрлер мен инновациялар» Халықаралық ғылыми конференция материалдары, әл-Фараби атындағы КазҰУ. – Алматы, 2007. – 217-227 бб.
- Оңғаров Е.А. Қазақстан Республикасындағы мұсылманшылық және ұлттық қауіпсіздік // Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары, Ғылыми педагогикалық журнал. – Алматы: Шет тілдер және іскерлік карьера университеті. – 2008. – № V. – 44-50 бб.
- Оңғаров Е.А. Ислам құндылықтарының модерндеуге қатысты кейбір аспектілері // «Ұлттық идея философиясы» Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. – Алматы: Қазақ университеті. – 2009. – 243-251 бб.
- Оңғаров Е.А. «Матуруди» мектебінің қазақ мәдениетіндегі орны // «Имам Ағзам Әбу Ханифа мазһабы және қазіргі заман» Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. – Алматы: Атамұра. – 2009. – 158-165 бб.
- Оңғаров Е.А. Kazak kulturunde Imam Maturidi ve maturidilik // Dini arastirmalar dergisi, Түркия, Анкара: Анкара Университеті. – 2010. – №34. - ss.48-53
- Оңғаров Е.А. Әл-Фараби еңбектеріндегі ақыл-парасат ұғымы мәдениет құндылығы ретінде // ҚазҰУ хабаршысы, философия, мәдениеттану және саясаттану сериясы – Алматы: Қазақ университеті. – 2009. – № 2 (33). – 104-107 бб.
- Оңғаров Е.А. Ислам құндылықтары – мәдени антропологиялық феномен ретінде // Әл-Фараби. – Алматы. – 2010. – №1(29). – 74-80 бб.
- Оңғаров Е.А. Қазақ халқының ұлттық мәдениеті – шешендік өнер туындыларындағы ислам құндылықтары // Ізденіс. – Алматы. – 2010. – №2. – 114-118 бб.
- Оңғаров Е.А. Ислам құндылықтарын мәдени – антропологиялық талдау // Адам әлемі. – Алматы. – 2010. – №1(43). – 10-17 бб.
- Оңғаров Е.А. Ислам құндылықтарының тарихи ерекшеліктері // ҚазҰУ хабаршысы, тарих сериясы. – Алматы. – 2010. – №1. – 123-128 бб.
- Оңғаров Е.А. The morality in the history of eastern thought // Global science communication. – Granendonsk. – 2010. – №2 (3). – Р. 2-5.
- Оңғаров Е.А. The phenomenon of moral-thinking as Islamic value // Global science communication. – Granendonsk. – 2010. – №3 (4). – Р. 9-14.
- Оңғаров Е.А. Kazak medeniyeti'nin felsefe tarihindeki manevi degerleri // Bilgelik, Aylik bilim ve arastirma dergisi. – Ankara. – Ekim, 2009. – ss.32-36.
- Оңғаров Е.А. Абай дүниетанымындағы ислам құндылықтарынан ғибрат алған этика мәселелері // Ғылыми педагогикалық журнал / Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. – Алматы: Шет тілдер және іскерлік карьера университеті. – 2009. – № 6. – 181-185 бб. 16 Оңғаров Е.А. Экстремизм мен терроризмнің алдын алу жолдары, e-islam.kz.
- Оңғаров Е.А. Қазақ мәдениетімен сабақтасқан дәстүрлі ислам құндылықтары – ел бірлігінің кепілі, e-islam.kz.
- Оңғаров Е.А. Жихадизм мен экстремизмнің алдын алудың кейбір жолдары. 19 Оңғаров Е.А. Ұстазыңыз интернет емес, имам болсын, e-islam.kz
- Оңғаров Е.А. Діни экстремизмнің жастар арасында таралуының алдын алудың бірегей жолы. 21 Оңғаров Е.А. Мәулітті шектен тыс тойлап жүрген жоқпыз ба?
- Оңғаров Е.А. Абай және сүнниттік ислам.
- Оңғаров Е.А. Дін және дәстүр.
- Оңғаров Е.А. Жиһад және бүгінгі әлем.
- Оңғаров Е.А. Екпе жасату керек пе жоқ па?
- Онгаров Е.А. Маулид Пророка.
- Оңғаров Е.А. Экстремизм және оның алдын алу шаралары.
- Оңғаров Е.А. Насихат жетпеген жер қалмайды.
- Онгаров Е.А. «ПРИВИВКИ: ДА или НЕТ?».
- Оңғаров Е.А. Сәләфилер неге бөлінді?
«Ақылы жоқтау айтушылардың» қызметі қаншалықты дұрыс?
Сенбі, 30.08.2021Жуырда «ақылы жоқтау айтушылар» туралы естідім. Жаназа кезінде өлікті ақылы түрде жоқтап жылайтын белгілі бір адамдар болады екен. Бұған қатысты ислам діні не айтады? Жалпы алғанда, жаназада мұндай «бастаушылардың» болғаны дұрыс па? Сандуғаш Төлбасиева