Таблиғи жамағат

Сейсенбі, 18.03.2022

Ұйымның атауы «تبليغ» деген араб сөзінен шығып, «жеткізу, хабарлау, ақпараттандыру» мағыналарын береді.

ҚР ДІА «Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы» РММ Исламды зерттеу бөлімінің аға ғылыми қызметкері Муслимов Марлен Жүнісұлы

Таблиғи жамағат

Тақырыптың өзектілігі

Тәуелсіздікті алғалы бері Қазақстандағы ислам бағытын ұстанып экстремистік әрі деструктивті қызметті жасап жатқан діни ағымдардың көбеюі бүгінде ерекше өзектілікке ие. Олардың түрлі ұсанымдары мен мақсаттары бүкіл мұсылман қауымында тиісті сұрақтар тудыруы заңды құбылыс. Мұндай діни ағымдардың идеологиясы қандай, ал әрекеттері экстремисттік немесе террористік пе, әлде пацифисттік кейіпте ме? Олардың әлемдік және дәстүрлі діндерден айырмашылықтары мен ерекшеліктері қандай? деген сұрақтарға жауап табу, сондай-ақ олардың мұндай қарқынмен қоғам арасында таралу себептерін айқындау елдегі діни ахуалды реттеуге қатысты бастамалар үшін аса маңызды. 

Таралмыш діни ағымдардың ішінде өзінің жүріс-тұрысы және киіну стилімен бірден көзге түсетін «Таблиғи жамағат» ұйымының қызметі Қазақстандағы мұсылман үмметінің наразылығын оятып қана қоймай, құқық қорғау органдарының назарына іліккен. Қазақстан Республикасының 2011 жылдың қараша айында қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңында белгіленген тәртіп бойынша құзыретті органда діни бірлестік ретінде тіркеуден өтпеген бұл ұйымның ендігі қызметі ел аумағында заңсыз болып табылады.

Прокуратура органдарының ұсынуымен 2013 жылдың 26 ақпанында Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотының шешімімен аталған діни ұйымның Қазақстан аумағындағы  қызметіне тыйым салынды.

 Алайда аталмыш ұйымның идеологиясын ұстанушылардың әлем бойлай кеңінен таралып, қызметтерін заңды тұлға ретінде тіркемей емін-еркін жалғастыруы осы мәселеге қатысты бірқатар сұрақтарды тудыртады. Елдегі діни ахуалды реттеуге қатысты бастамалар үшін маңызды деп аталып кеткен сұрақтар осы тақырыптың өзектілігін айқындамақ.  

 «Таблиғи жамағат» ұйымы және оның пайда болу тарихы

       Ұйымның атауы «تبليغ» деген араб сөзінен шығып, «жеткізу, хабарлау, ақпараттандыру» мағыналарын береді. Яғни бұл ұйымның басты идеясы «ислам сенімін өзге сенімдегі адамдарға, дінін ұмытқан немесе дінді мүлде ұстанбайтындарға жеткізу, оларды хабардар ету» дейтін ұғымдарға негізделген.

«Таблиғи жамағат» діни қозғалысын 1926 жылы Үндістанның қазіргі астанасы Дели маңындағы Меуат елді-мекенінде туылған мухаддис (хадис ілімінің ғалымы) Мауләна Мухаммад Ілияс әл-Қандаһлауи (1885-1944 жж.) құрды. Әл-Қандаһлауи туралы мағлұматтар өте аз қалған. Ол қайтыс болған соң, діни ұйымның басшылығын оның ұлы Мухаммад Юсуф, ал одан соң Инғам әл-Хасан қолға алды.

«Таблиғи жамағат» ұйымының мүшелері халық арасында «таблиғшылар» немесе «дағуатшылар» деген атаулармен, ал қызметтері «дағуат» деп аталады. Бұл ұйымның қызметін айқынырақ түсіну үшін, оның пайда болған кезеңі мен аймағындағы жағдаяттарға назар салу қажет. 1920 жылы Ұлыбританияның бодауында тұрған Үндістан аумағында қуатты ұлт-азаттық қозғалыс орын алды. Бодандыққа қарсы қозғалыспен қатар, индуизмді ұстанған үндістердің арасында модернистік және радикалды-фундаменталистік (мысалы Свами Дайянанда бастаған «Арья Самадж» ұйымы) бағыттағы діни топтар мен ағымдар тарала бастады. Сонымен бірге, тарихтың сол кезеңдерінде Үндістан аумағында христиан бағытындағы миссионерлік қызметтер қанаттарын кең жайған болатын. Осындай діни ұйымдар мен топтар исламды ұстанатын үндістердің арасында уағыз-насихат жұмыстарын жүргізіп, оларды өздерінің сенімдеріне тартты. Мұндай тенденцияға қарсы тұрып, мұсылмандардың санын арттыру үшін «таблиғи жамағат» ұйымы құрылды.

Қазіргі таңда «таблиғи жамағат» діни ұйымының орталық кеңселері Үндістандағы медресе (марказ) «Низамуддин», Пакистандағы «Райванд» және  Бангладештегі «Кокрайл» медреселері екендігі белгілі.

«Таблиғи жамағат» діни қозғалысы бейресми халықаралық белсенділер топтарының торы. Бұл ұйым еш жерде тіркелмегенімен, бүкіл әлем бойынша ұстанымдары мен мақсаттарына еруші топтарға ие. Кейбір елдердің статистикалық мәліметтеріне негізделген ақпарат көздерінің хабарлауынша таблиғи жамағат ұйымына ерушілердің дүниежүзіндегі саны 85 млн. адамға жеткен. Оның ішінде Үндістанның өзінде таблиғшылардың саны – 30 млн болса, Пакистан елінде – 25 млн деп келтірілген. АҚШ аумағында 50 мыңнан астам таблиғшылар өмір сүрсе, Франциядағы олардың саны 100 мыңнан асқан.

Мухаммад Ілиястың бастауымен пайда болған бұл діни ұйымның қызметі 1940-жылдары Үндістан, Пакистан мен Бангладеш елдерінің аумақтарында, ал одан соң Египет, Сирия, Иордания, Палестина, Ливан, Ирак, Сауд Араб Корольдігі, Судан және Катар сияқты араб елдеріне кеңінен тарай бастады. Сонымен бірге, таблиғшылар қызметі Еуропа мен АҚШ аумағында жалғасын тауып, АҚШ, Франция, Ұлыбритания елдерінде мүшелерінің саны көбейе түсті.

«Таблиғи жамағат» діни ұйымының сенімі мен қызметі

«Таблиғи жамағат» діни ұйымының негізгі ұстанымы мен мақсаты – «барлық адамзатты дінге кіргізу үшін адамдармен жеке-жеке жұмыс істеп, әр адамды түзеп барып қоғамды өзгерту» идеясына негізделген. Олар адамдарды артынан ертіп алып, елме-ел, үйме-үй жүріп дін тарату ісін Құрандағы: «Адамдардың арасынан шыққан ең қайырлы үммет болдыңдар» деген Әл-Имран сүресінің 110-аятымен негіздейді. Бірақ берілген аят абстрактілі мағынаға ие, әрі классикалық ислам ғұламаларының ғылыми еңбектерінде кеңірек және тереңірек мағыналармен тәпсірленген. 

Басқа діни ағымдардан ерекшелігі – таблиғшылар атқарып келген іс-әрекеттерінде аз материалдық шығындарды қанағат тұтып, жұпыны киім-кешек, аз қарапайым тамақпен күн кешіп, белгілі бір елде халықты ислам дініне шақыру ісін өздеріне міндет деп санайды. 

«Таблиғи жамағат» ұйымының қызметі христиан дініндегі протестандық миссионерлердің қызмет ету әдістеріне ұқсас. Мұндай іс-шараға әр топқа 8-10 адамнан жиналып, араларындағы біреуі әмір етіп сайланады. Дәрет алып, екі рәкағат намазымен Құдайдан тілеу тілеп жолға шығады. Ұйым мүшелері қызмет барысында азға қанағат етіп, өз қаражаттарын (көлікке, тамақ пен киімге, т.с.с.) өздері көтереді. Әрі сырттан берілетін садақаны да пайдаланады.

Таблиғшылар алыстағы түрлі елді-мекендерді кезіп, сол жердің базарлары мен арнайы белгіленген тұрақтайтын мекен-жайларда тұрғындарға насихаттарын жүргізеді. «Таблиғи жамағат» өз мүшелерін Аллаға бойұсынуға, құлшылықтарды ретімен орындауға, діндестерге құрмет көрсетіп, ислам құндылықтарын насихаттауға үндейді. 

Дегенмен, таблиғшылар өз ілімінде ислам дінін ұстанушылардың басқалардан артықшылығы туралы ойларды кеңінен насихаттайды. Мұндай идеялардың бұқаралық деңгейде қоғамдық санаға енгізілуі, өз кезегінде, оның мүшелерінің басқа дін өкілдеріне қатынастағы төзімсіздігінің туындауына алып барады. Ең бастысы – зайырлы заңдар мен қағидаларды және қоғамның тарихи-мәдени дәстүрлерін орындаудан алыстатады.

Жолындағы тоқтаған елде дінге дағуат етіп шақырған таблиғи мүшелері сол дағуаттарын «баян» немесе «хұтпа» деп атайды. «Баян» кезінде барлығы дағуат жасаушының маңына жиналып уағызды тыңдайды. Содан кейін олар топ-топқа бөлініп, адамдарға діни парыздар мен сүннет амалдарын үйретуге кіріседі.

Дағуатшы – исламды басқаларға үйретуші болғандықтан, оның өзі ислам қағидалары мен парыздарын мүлтіксіз әрі ықыласпен орындауы қажет деп тәрбиеленеді. Ұйым мүшелері көбіне пацифисттік сипатта өмір сүреді. Басқалармен араздасуға әкелетін жағдайлардан аулақ жүруге тырысады. Өйткені араздасқандар оның дағуат жасау қызметіне зиян тигізу мүмкін деп сескенеді. 

Ұйым мүшелері дағуатқа шығар алдын міндетті түрде төменде көрсетілген шарттарды орындаулары қажет:

•Дағуат етуге шығушы адамның әрекеті өз еркімен, қалауымен болу;

•Сапарға адал тапқан қаражатпен шығу;

•Адал уақытта шығу (яғни дағуатқа шыққан адам оның қатысуын қажет ететін істері немесе мойнына тапсырылған аманат пен міндеттердің болмауы); 

•Аллаға деген шексіз мұқтаждық (өзінің миссиясына ықыласпен сену). 

«Таблиғи жамағат» ұйымының басты идеологиялық құралы «Фазаиль ‘Амали» кітабы болып табылады. Кітап мазұнында ұйым мүшелері мен қатарға жаңа қосылған дағуатшылар өз қызметінде мынадай бес қағиданы орындауы керек:

1)Дағуатшы тамақ, көлік және тағы басқа шығындарын өзі көтеру, ал шамасы жетсе, жанындағы мүсәпір бауырларына да жәрдем беру;

2)Дағуатшы қызметте жүрген бауырлары мен басқа да жандарға дұрыс қызмет етуді, оларға сый-құрмет көрсетуді өзіне бақыт деп білу. Олардың абыройы мен арын қорғау;

3)Қарапайым мұсылмандарға кішіпейіл әрі кеңпейіл назармен қарау. Жұмсақ әрі сыпайы сөйлеу. Ешбір мұсылманға жаман көзбен қарамау. Әсіресе ғалымдарға сын көзбен, құрметсіздік танытпау; 

4)Бос уақыттарын қажетсіз істермен: өсек айтумен, жанжалдасу немесе бос ойын-күлкімен өткізбей, діни кітаптар оқу және діни білімі бар адамдармен сұхбаттасу. Уақытты ілім-білім жинаумен, зікір айтып, жарылқау тілеумен өткізу;

5)Рызық-несібесін адал жолмен тауып, ебімен жұмсау. Отбасы мен туған-туыстар алдындағы борыштарды өтеу;

6)Діни негіздегі араздықтарды тудыруы мүмкін болған мәселелерді көтермей, таухидтің (бір Құдайға сыйыну) негіздері мен ислам парыздарын орындауға шақыру; 

7)Кез-келген іс пен сөзді жақсы ниетпен жасау не айту. [2]

Ұстанатын қағидаларына қарай «Таблиғи жамағат» ұйымын идеологиялық тұрғыда тікелей экстремистік деп айту қиын. Алайда өзінің аумағында бұл ұйымның қызметіне тыйым салған Өзбекстан, Түркменстан және Тәжікстан елдері, әрі Ресей Федерациясы «Таблиғи жамағат» ұйымын экстремисттікке жанама түрде қатысы бар деген күдіктерін білдіреді. Оларды адамдардың лаңкестік жолға дайындайтын бастауыш мектеп ретінде санап, әр уақыт құзіретті органдары діни ұйым мүшелерін бақылауға алып отыр.

Бұл күдіктер де негізді, өйткені таблиғшылар Пакистан еліне ерекше белсенділерін оқуға жібергенде онда азаматтарымызға нені, қандай жағдайда және қалай үйрететіндігі біздің бақылауымыздан тыс. Сондықтан да олардың арасындағы кейбір иланғыш азаматтарымыздың жолдан оңай тайып, экстремистік ұйым қатарына қосылу мүмкіндігі бар.

Дінге бет бұрып жүрген жас мұсылмандардың басым көпшілігінің діни санасының радикалдануының алғашқы қадамы «Таблиғи жамағат» қатарына қосылудан басталады. Француздық басылымдардың бағалауынша, исламдық экстремисттердің 80 пайызы осы ұйым қатарынан шыққан. 

«Таблиғи жамағат» ұйымы оқшауланған қозғалыс болып табылады. Оның негізгі орталықтары Үндістанда, Пәкістан мен Бангладеште орналасқан болса, ұйымның бағдарламалары мен нұсқаулары қозғалыс басшыларының шағын тобына ғана белгілі. Мұндай тәсіл ислам қағидаларына қайшы, өйткені дәстүрлі ислам оқшаулану мен соқыр бойұсынушылықты құп көрмейді.

ҚР Дін істері агенттігінде қызмет ететін дінтанушылар таблиғшылардың негізгі кітабы болып табылатын «Фазаил амали» кітабына талдау жұмыстарын жүргізіп, қозғалыстың идеялық негіздері өз мүшелерінің ерік-жігерлерін басып тастауға әрі олардың кәсіби және интеллектуалдық іс-әрекеттерін шектеуге бағытталғанын анықтады. 

Бұл кітаптың мазмұнында «адамды Алламен байланыстыра алатын» діндар шейхты табу әрі «оған қызмет етіп, өз еркің мен қалауларыңды жоқ етіп оның айтқанымен жүру керектігі және оның әмірлерін бұлжытпай орындау қажеттігі» насихатталады.

Айта кететіні, «таблиғи жамағат» ұйымының мүшелері қызмет барысында белсенділіктерін көбіне өзге сенімдегілер мен атеисттерге емес «этникалық мұсылмандарға» бағыттап, Батыс Еуропаның көптеген көшіп келген мұсылман қауымдастықтардың көзқарастары мен ұстанымдарына әсер етті.

«Таблиғи жамағат» діни қозғалысының «хизб-ут-тахрир» ұйымынан ерекшелігі – оның бағдарламалар, жарғылар, мүшелік институттар сияқты саяси ұйымның ешбір элементтері мен белгілері жоқ. Алайда, ұйым екендігін айқындайтын құрылымдық ерекшелікке ие: әрбір жамағаттың (топтың) ішінде мүшелердің қызметтерін нақты бөліп қарастыратын өз басшысы – әмірі бар. Ұйым белсенділері әр уақыт жол жүру, орналасу, тамақтану сияқты тағы басқа мәселелерге қатысты ұйымдастырушылық міндеттермен шұғылданады.  

Дағуатқа шығушылардың құрамы әр түрлі әлеуметтік қабаттардың өкілдерінен тұрады, әсіресе шетелде: қозғалыстың мүшелігіне жеке кәсіпкерлікпен немесе саудамен айналысатын қарапайым мұсылман адамдармен қатар, жоғарғы оқу орындардың оқытушылары, мемлекеттік қызметкерлер және тағы басқалар да кіреді. Мүшелігіндегі этникалық құрамы мен географиялық орналасымы да әрқилы. 

«Таблиғи жамағат» діни қозғалысының Қазақстандағы қызметі мен олардың қоғамға тигізер зардабы туралы

Қазақстанның аумағында аталмыш діни ұйым өткен ғасырдың соңғы он жылдығынан бастап тарала бастады. Бүгінде еліміздің әсіресе Алматы мен Жамбыл облыстарында белсенді қызмет жасауда. Олардың қызметі, әрине, бұл аймақтармен ғана шектелмейді. Орталық Азия елдерінде таблиғишылар Қырғызстанда, әсіресе оңтүстік аймақтарда кең таралған. 

ҚР ШҚО бойынша Дін істер басқармасы жеткізген мәліметтер бойынша «таблиғи жамағат» діни ұйымының мүшелері бүгінде Семей арқылы Ресейге қарай өтіп, қызметтерін РФ аумағында жалғастырмақ. 

2013 жылдың 5 қарашасында http://www.interfax-religion.ru/ сайтында жариялағаныдай Новосибирскіде ФҚҚ мен ІІМ қызметкерлері радикалды-экстремистік топтың «машура» (жиын, кездесу) кезінде ұстағандығы хабарланды. Оның құрамында 19 адам болып, олардың 15-сі РФ, 3-уі Қырғызстан, 1-уі Тәжікстан азаматтары, ал ұлттарын айтсақ, 18 қырғыз болса, 1 тәжік. Тінту жұмыстары барысында 503 дана діни мазмұндағы әдебиеттер, 7 компьютер, 59 компакт-диск пен 25 ұялы телефон, сондай-ақ, атқарған жұмыстарының нәтижесін қорытындылайтын есепті қамтыған төрт дәптер табылды. Табылған заттар мен ұйымдастырылып жүрген кездесулерден бұл діни ұйымның әлі де белсенділігін жоғалтпағандығын аңғаруға болады.

Ал Семей аумағына келсек, мұнда діни ұйым мүшелері астыртын қызметке көшкендігі туралы ШҚО бойынша ДІБ қызметкерлері хабарлаған болатын. Келтірілген мағлұматтарға сүйенсек, «таблиғи жамағат» мүшелері қазірде мешіттерге немесе тағы сол сияқты діни ғимараттар мен қоғамдық жерлерге келмей, тек таныс-білістеріне тиісті болған жеке үйлерде қонып кетіп, сонда насихат тыңдауды қалап келгендерге уағыздарын жүргізуде.        

Қазақстанда жаңадан қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңда көрсетілгендей, ел аумағындағы барлық діни бірлестіктер 2012 жылдың 25 қазанына дейін белгіленген тәртіп бойынша құзыретті органда тіркелуі қажет болатын. 

«Таблиғи жамағат» діни ұйымы ресми тіркелуден бас тартқандықтан, жоғарыда айтып өткендей, прокуратура органдарының ұсынуымен 2013 жылдың 26 ақпанында Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотының шешімімен аталған діни ұйымның Қазақстан аумағындағы  қызметіне тыйым салынды. Діни ұйымның бұл әрекеттерінен оның Қазақстан мемлекеттілігі мен  заңдарын мойындамайтындығын аңғаруға болады. Елімізде әр жылы ондаған таблиғшылар әкімшілік жазаға тартылуда. 

Аталмыш сот шешімі Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған міндеттерге толық сәйкес келеді. Мемлекет Басшысы өз Жолдауында: «Бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұр. Жастарымыздың бір бөлігі осы жат діни көзқарасты көзсіз қабылдайды, өйткені біздің қоғамның бір бөлігінің шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитеті әлсіз», - дей отырып, дәстүрлі емес секталар мен жалған діни ағымдардың қызметіне қатаң тосқауыл қою қажеттігіне баса мән берген болатын.

Соңғы кездері Қазақстандағы «Таблиғи жамағат» белсенділерінің іс-әрекеттері өзінің саяси бейтараптығына қарамастан ресми қызмет атқарып отырған діни бірлестіктердің құрылымдарына енуге бағытталуда.

Әртүрлі жат діни ағымдар мен секталардан қазақстандық жастарға келетін қаупіне ерекше назар аудара отырып, Дін істері Агенттігі «Таблиғи жамағат» ұйымының іс-әрекеттерін зерттеу бойынша жүргізген талдау жұмыстары 2012 жылы бұл ұйымның Қазақстанның барлық аймақтарында белсенділігін артқандығын, әрі «ұстаздардың» ықпалымен көптеген жастардың аталған ұйым қатарына қосылуының артқандығын анықтады. 

Айта кетерлік жайт, кезінде Қырғызстанның оңтүстігінде жергілікті биліктің жартылай ресми қолдауын тапқан «Таблиғи жамағат» діни ұйымы протестантық миссионерлерді аймақтан толық ығыстыруда үлкен рөл атқарған.

«Таблиғи жамағат» діни ұйымның Қазақстан Республикасы аумағындағы қызметіне тыйым салудың себептері мен оның деструктивтік сипаты: 

1)«Таблиғи жамағат» діни ұйымның нақты кемшілік тұстары көбіне мүшелерінің жеке басымен байланысты, нақтырағы – отбасы мәселесінде.

Олардың кейбірі алыс сапарға ұзақ мерзімге шығып кетіп, отбасының хал-жағдайы мен тұрмыс-тіршілігінен хабар алмай, кейбірі мұны тіптен дүниелік істер деп мән бермей, өз қамымен «дін тарату жолында» мүсәпірленіп жүреді. Үйіндегі бала-шағасының қамын ойламайтындары да кездеседі. Бұл, өз кезегінде, бала-шағасы мен отбасындағылардың денсаулығының бұзылуына әкеп соғады. Әрі отбасылардың бұзылуы мен туыстық қарым-қатынастардың үзілуіне жетелей келе, қоғам ішінде көптеген әлеуметтік проблемалардың туындауына жол ашады. Ислам сенімі бойынша мұндай жауапсыздық жазғырылады. Бұл тіпті өздерінің «адал уақытта шығу және отбасы мен туған-туыстар алдындағы борыштарды өтеу» сияқты шарттарына қайшы. 

Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдары да азаматтардың отбасыларын бағып-қағуын парыз деп белгілеген. 

2)Дін жаю мақсатымен сапарға шығу кезінде де бірқатар кемшіліктері көрінеді. Олар өздерінің «хұтпалары» мен насихаттарында адамдарға олардың дағуатшы екендіктерін, ислам ілімін таратушы, әрі халал мен харамды, жақсы мен жаманды ажыратып беруші екендіктерін мейлінше ұқтырып, өз қатарларына жұртты қосқысы келеді. Халықты уағыздап жиған діни сауаттылығы төмен таблиғшы теологиялық нәзік мәселелерді бұрыс түсіндіріп, қате шариғи үкім беріп, қоғамға іріткі салады. 

«Таблиғи жамағат» діни ұйым мүшелерінің діни сауаттылығы төмендігінен олардың бұрыс бағыттағы радикалды-экстремистік ағымдардың қатарына қосылу қаупі арта түспек. Мұсылмандарға мағынасын өздері толығымен түсінбеген хадистер мен Құран аяттарын жеткізу, сол хадистердің терең мағынасын аңғармай, өздерінің мақсаттарына сай интерпретациялау арқылы адамдарға психологиялық ықпал жасап, олардың көзқарастарын бұрмалайды. 

3)Сондай-ақ өздерінің «адал уақыт» шартына қарсы шығады. Маңызды қызметпен айналысып жүрген, жаңадан отау тіккен әрі отбасысында оның әрдайым болуын қажет ететін адамдардың еш себепсіз үш, жеті, не 40 күнге сапарға кетуіне ықпал жасайды. Бұл ислам дінінің қағидаларына да қайшы. 

«Таблиғи  жамағат» діни ұйымының қоғамға қауіп төндіретіні күдіксіз. Бұл қозғалыстың діни ұстанымы қоғамның діни-рухани бөлінуіне себепкер болып, оның мүшелері мен ізбасарларының  конституциялық құқықтар мен міндеттерді ескермеуі «Таблиғи жамағаттың» деструктивті сипатқа ие екендігін көрсетеді.

Қорыта айтсақ, жоғарыда келтірілген «таблиғи жамағат» діни ұйымы көзқарастарындағы кемшіліктер мен оның әрекеттері ел аумағындағы мұсылман үмметінің бірлігі мен ынтымағына, Қазақстан қоғамның әлеуметтік тұрақтылығына зияндығын тигізеді. Ұйым ұстанымдары еліміздің тарихи және мәдени өмірінде қалыптасқан дәстүрлі болып табылатын ханафи бағытындағы исламның қағидаларына қайшы тұстары кездеседі. Мұндай факторлар Қазақстан Республикасының тұтастығы мен оның аумағының қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін.    

Пайдаланылған материалдар тізімі:

1.«Қазақстандағы ислам бағытындағы деструктивті ағымдар» ақпараттық анықтамалық, ҚР ДІА ДМЖҒЗТО РММ, Астана, 2013 ж.;

2.Д. Исаев. Легион исламского призыва. Миссия, джихад и запрет «Таблиг джамаата» //www.centrasia.ru;

3.Шейхуль хадис Маулана Мухаммад Закария Кандехлеви. Фазаиль ‘Амали. – Казань: «Религиозное просвещение», 2007г.;

4.А. Алексиев. «Таблиг Джамаат»: невидимый легион джихада //www.centrasia.ru; 

5.Д. Нұрқасым. «Таблиғи» жамағаты – қандай жамағат?//abai.kz;

6.«Таблиғи жамағат – елге жат ағым» атты  республикалық ғылыми-практикалық конференцияның мақалалар мен баяндамалар жинағы, Тараз, 2012 ж.

 

 

 

Оқылды 5747 рет
JoomShaper
Top