Алтыннан құны жоғары хадис

Сенбі, 27.02.2022

Бұл хадиске ислам ғалымдары «Құны алтыннан да жоғары» деп баға берді. Хадис Халид ибн Уалидтен риуаят етіледі:

Бірде пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) бір араб кісі: «уа, Алланың елшісі!Мен сізден қандай амалдарды жасап, ізгілікке қол жеткізуге болатынынсұрау үшін келдім» деді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған: «Сұрақтарыңды қой, мен жауап берейін» деді.

Сұрақ қоюшы көкейіндегі сұрақтарын қойды, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) төмендегі жауапты берді:

-   Адамдардың арасындағы ең білімді болғым келеді.

-   Алладан қорық, адамдардың ең білімдісі боласың.

-   Адамдардың ең байы болғым келеді.

-   Алланың бергендеріне шүкір қыл, адамдардың ең байы боласың.

-  Ең әділетті кісі болғым келеді.

-  Өзіңе қалаған нәрсеңді өзгеге де қала, адамдардың ең әділі боласың.

-  Адамдардың ең жомарты болғым келеді.

-  Адамдарға пайда тигізуші бол, адамдардың ең жомарты боласың.

-  Алланың ең сүйікті құлы болғым келеді.

-  Сен Алланы көп еске ал, ең сүйікті құлдардан боласың.

-   Иманымның қуатты болғанын қалаймын.

-   Мінезіңді түзет, иманың қуатты болады.

-   Алладан шын қорқатын адам болғым келеді.

-  Құлшылықтарыңды сен Алланы көріп тұрғандай орында, егер сен Оны көрмесең, Ол сені көріп тұр.

-  Аллаға бойсұнушы құл болғым келеді.

-  Бұйырылғанды орында, тыйғаннан тиыл, бойсұнушылардын боласың.

-  Қиямет күні Алланың құзырында дәрежем көтерілгенін қалаймын.

- Ешкімге қатыгездік жасама, қияметте Алла сенің дәрежеңді көтеретін болады.

-  Қияметте Алланың мейіріміне бөленуді қалаймын.

-  Өзіңе және Алланың құлдарына мейірімді бол.

-  Күналарымның азайғанын қалаймын.

-  Көп тәубе ет, күналарың азаяды.

-  Шүкіршіл құлдардан болғым келеді.

-  Ешбір нәрседе адамдарға шағымданба.

-  Барлығынан күшті - қуатты болғым келеді.

-  Аллаға тәуекел ет, барлығынан күшті-қуатты боласың.

-  Алла менің несібемді көбейткенін қалаймын.

-  Үнемі дәретпен жүр.

- Қиямет күні Алла тағаланың маған ашуланбайтындығына сенімді болғым келеді.

-  Алланың жаратқандарының ешбіріне ашуланба.

-  Алланың менің дұға-тілектеріме жауап бергенін қалаймын.

- Тиылған нәрселерден өзіңді аулақ ұста, Алла сенің дұға-тілектеріңе жауап беретін болады.

- Қиямет күні Алланың құзырында кемшіліктерімнің жасырылғанын қалаймын.

-  Өз бауырларыңның кемшіліктерін жасыр.

-  Күнә мен қателіктер не нәрсемен кешіріледі?

-  Көз жасы, итағат ету және ауру.

-  Алла қай амалды жақсы көреді?

-  Көркем мінез, қарапайымдылық және қайғыға сабыр ету.

-  Алла қай амалды өте жек көреді?

-  Жаман мінез бен сараңдықты өте жек көреді.

-  Осы дүниеде Алланың ашуын қайтаратын қандай амал бар?

-  Жасырын садақа беру және ренжіскен екі адамның арасын татуластыру.

-  Қиямет күні тозақтың отын сөндіретін қандай амал бар?

-  Қайғы – мұңда сабыр ету.

-  Алла мен Оның елшісінің (с.ғ.с.) сүйіктісі болғым келеді.

-  Алла мен оның елшісінің жақсы көрген нәрселерін сен де жақсы көр, - деп жауап берді.

  Жандос АЙТБАЙ

 

Оқылды 638 рет
JoomShaper