«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» республикалық ислами діни бірлестігінің жарғысы

Дүйсенбі, 26.08.2021

ҚМДБ Ислам дінінің сүнни бағыты Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын Қазақстан азаматтарының ерікті бірлестігі

 

 

Қазақстан мұсылмандарының 2012 жылғы 14 сәуірде өткен

VI Құрылтайының  шешімімен Бекітілді

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

«ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫ»

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ИСЛАМИ ДІНИ БІРЛЕСТІГІНІҢ

 

ЖАРҒЫСЫ

 

1.  ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

 1.1. «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» республикалық ислами діни бірлестігі (бұдан әрі - ҚМДБ) Ислам дінінің сүнни бағыты Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын Қазақстан азаматтарының ерікті бірлестігі.

1.2. ҚМДБ өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Азаматтық кодексін, ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы», «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заңды және басқа да заң актілерін, сондай-ақ осы Жарғыны басшылыққа алады.

1.3. Қазақстан Республикасының кемінде бес мың азаматының бастамасы бойынша құрылған, барлық облыстар және Республикалық маңызы бар ірі қалалардан (Астана мен Алматы) кемінде үш жүз азаматы өкілдік ететін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының барлық аумағында өз құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен заңды тұлғалары) бар республикалық діни бірлестік болып танылады.

1.4. ҚМДБ мөрге, мөртаңбаға, өз атауы бар бланкілерге, оның ішінде Қазақстан Республикасының банктерінде шетел валютасындағы есеп және басқа да шоттарға ие.

1.5. ҚМДБ қызметін Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жүзеге асырады.

1.6. ҚМДБ ұстанатын діни сенімі бойынша сүнни бағыттағы Әбу Ханифа мазһабындағы, республикалық ислами діни бірлестік болып табылады.

1.7. ҚМДБ қызметінің мерзімі шексіз.

1.8. ҚМДБ-ның толық атауы:

мемлекеттік тілде: «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» Республикалық ислами діни бірлестігі;

орыс тілінде: Республиканское исламское религиозное объединение «Духовное управление мусульман Казахстана».

1.9. ҚМДБ-ның заңды мекен-жайы: 050016, Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы, Медеу ауданы, Пушкин көшесі, 12 үй.

2.  ҚМДБ ҚЫЗМЕТІНІҢ МАҚСАТЫ 

2.1. ҚМДБ Қазақстан Республикасы азаматтарына ислам діні ілімдерін насихаттау мен тарату мақсатында құрылған.

2.2. ҚМДБ қызметінің мәні:

- Қазақстан Республикасы аумағында Ислам дінінің тарихи ерекшелігін ескере отырып, сүнни бағыттағы Әбу Ханифа мазһабы және имам Матуриди ақидасы бойынша Ислам дінінің дұрыс және жүйелі насихатталуын қамтамасыз етеді;

- Қазақстан Республикасы аумағында мұсылмандардың ынтымақ-бірлігінің сақталуына ықпал ету;

- ҚМДБ басқару органдарының қаулыларын, бұйрықтары мен шешімдерін діни бірлікті сақтай отырып орындайды;

- ислам бағытындағы ғылыми талдау орталықтарын ашу және дамыту;

- ҚМДБ Қазақстан Республикасындағы отбасылық қатынастарды реттейтін заңнамаларға бағынады және еліміздегі отбасылық құндылықтарды мойындайды; 

- ҚМДБ адам денсаулығының сақталуына қамқорлық көрсетеді,  азаматтардың білімін жетілдіру мен арттыруына, олардың заң мен ата заң алдындағы міндеттерін атқаруына көмек көрсетеді, сондай-ақ адам денсаулығына қажет алғышарттарды насихаттайды;

- шариғат нормаларына сәйкес мешіттерде діни рәсімдердің орындалуын қадағалауды қамтамасыз етеді;

- Қазақстан Республикасы заңнамалары нормаларына сәйкес басқа да орындарда діни  рәсімдерді жүргізеді;

- елді мекендердегі мұсылман қауымдарының діни  мәселелерін шешуге көмек көрсетеді;

- діни қызметкерлерді дайындауды және оларды қайта даярлаудан өткізуді  ұйымдастырады;

- шетелдік ислами діни ұйымдармен, бірлестіктермен және оқу орындарымен қарым-қатынас жасайды;

- исламды насихаттау мақсатында халықаралық, республикалық, облыстық, аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференциялар, семинарлар, Құран Кәрімді жатқа оқу  жарыстарын, діни кештер және т.б. іс-шаралар өткізеді;

- баспа қызметімен айналысады;

- бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып, діни-ағарту жұмыстарын жүргізеді;

- қажылықты ұйымдастырады және өткізуге басшылық жасайды;

- Қасиетті Құран Кәрім мен сүннетті басшылыққа ала отырып, шариғат үкімдеріне сәйкес қайырымдылық қор құру және оның жұмысын ұйымдастыру;

- мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелер мен ұйымдарда Қазақстан мұсылмандарының мүдделерін қорғау.

ҚМДБ жекелеген қызмет түрлерін заңнамалық актілерге сәйкес тек лицензия негізінде іске асырады.

3. ҚМДБ  БАСҚАРУ ОРГАНЫ

 

ҚМДБ басқару органдары:

- Қазақстан мұсылмандарының Құрылтайы;

- Төралқа мәжілісі;

- ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти;

- ҚМДБ төрағасының орынбасарлары (найб мүфтилер);

- Тексеру комиссиясы.

 

 

 

4. ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛТАЙЫ

 

4.1. Қазақстан мұсылмандарының құрылтайы (бұдан әрі - Құрылтай) ҚМДБ-ның ең жоғарғы басқару органы.

4.2. Құрылтай әрбір 5 (бес) жылда бір рет, ал қажет болған жағдайда мерзімінен бұрын ҚМДБ Төралқасының бастамасымен шақырылады.

4.3. Құрылтайды шақыруды, өткізілетін уақыты мен орнын, оның мүшелерінің өкілеттілігін, оларды сайлау тәртібін ҚМДБ Төралқасы  белгілейді.

Әр облыстан құрылған 300 (үш жүз) бастамашыл топтан іріктеліп, 7 (жеті) және мешіті көп ірі аймақ-өңірлерден 15 (он беске) дейін құрылтайшы сайланады, оларды облыстардың Бас имамдарының ұсынысы негізінде ҚМДБ төралқасы  бекітеді.

4.4. Құрылтайдың құқықтық қабілеттілігі кворум талабы сақталып, оның мүшелерінің жартысынан көбі қатысқан жағдайда танылады.

4.5. Қандай да бір мәселе бойынша Құрылтайшылардың жартысынан көбі дауыс берген жағдайда шешім қабылданды деп есептеледі.

4.6. Құрылтайдың ерекше құзыретіне мыналар жатады:

- ҚМДБ-ны қайта тіркеу, оның Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу және оны тарату мәселелерін шешу;

- ҚМДБ қызметінің негізгі бағыттарын айқындау;

- Діни оқу орындарын құру туралы мәселелерді шешу;

- ҚМДБ төрағасы – Бас мүфтиді (әрі қарай Бас мүфти) 5 (бес) жыл мерзімге сайлау және орнынан босату;

- ҚМДБ Төралқасын 5 (бес) жыл мерзімге құру және оның мүшелерін (кемінде 11 адам) сайлау;

- бес жыл мерзімге Тексеру комиссиясын құру;

- Бас муфтидің, Тексеру комиссиясының есебін тыңдау, бекіту;

- ҚМДБ басқару органдарының құзырын, ұйымдық құрылымын, құзыретін қалыптастыру мен тоқтату тәртібін анықтайды;

- қаржылық есепті беру тәртібі мен мерзімін, сонымен қатар бақылау органның тексеру жүргізу тәртібін және олардың нәтижелерін бекітуді анықтайды;

- заңнамалық актілермен бекітілген шеңберде өзге де заңды тұлғаларды, сонымен қатар өз филиалдарын құруға және олардың қызметіне қатысу шешімін қабылдайды. 

 

5. ҚМДБ ТӨРАЛҚА МӘЖІЛІСІ

 

5.1. Құрылтайдың келесі құрылтайға дейінгі аралықтағы басшылығын ҚМДБ Төралқасы жүзеге асырады (әрі қарай Төралқа).

5.2. Төралқа тоқсанына бір рет, ал ерекше жағдайда қажетіне қарай мүшелерінің жартысынан астамының немесе Бас мүфтидің бастамасымен шақырылады. Төралқа мүшелері 11 адамнан тұрады.

5.3. Төралқа мәжілісіне Бас мүфти төрағалық етеді. Төралқа мүшелерінің жартысынан астамы қатысқан жағдайда құқық қабілеттілігі танылады және қандайда бір мәселе бойынша жартысынан көбі дауыс берген жағдайда шешім қабылданды деп есептелінеді.

5.4. Төралқаның құзыретіне:

- ҚМДБ қызметінің ағымдағы мәселелері бойынша шешімдерін қабылдау;

- ҚМДБ мен бөлім басшыларының және облыстардың Бас имамдарының есептерін тыңдау;

- Құрылтай аралық мерзімде түрлі себептермен босатылған Төралқа мүшелерін өзінің шешімімен бекіту;

- ҚМДБ өз қызметінде заңмен тыйым салынбаған кез-келген мәселелері бойынша шешім қабылдау;

- Найб мүфтилерді 5 жыл мерзімге Бас мүфти тағайындайды, босатады;

- ҚМДБ-ға қарасты заңды тұлғаларға тиісті құзырлы органдардан мемлекеттік лицензиясын алғаннан кейін ғана жұмысын бастауға рұқсат беру;

- Ғұламалар кеңесін бес жыл мерзімге сайлау және ережесін бекіту;

- ҚМДБ әзірлеген пәтуаларды, шешімдерді, қарарларды қарау, тыңдау, талқыға салу және бекіту.

6. ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ, БАС МҮФТИ

 

6.1. ҚМДБ-ның жоғарғы лауазымды басшысы ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти  болып табылады.

6.2. Бас мүфти Құрылтай шешімімен бес жыл мерзімге сайланады, қайта сайланады немесе орнынан босатылады.

6.3. Бас мүфти 40 жасқа толған, Қазақстан Республикасының азаматы, Қазақстанда тұрақты 15 жыл тұрған, ұлты қазақ, мемлекеттік тіл мен араб тілін жетік меңгерген, жоғары діни немесе гуманитарлық білім  алған, ислам мәдениеті мен теологиясының теориясы және практикасы бойынша терең білімді, мол тәжірибесі бар, денсаулығы шариғат үкіміне сәйкес келетін, Қазақстан мұсылмандары алдында беделді, олардың сеніміне ие болған тек ер адам бола алады.

6.4. Бас мүфти өз қызметінде Құрылтай, Төралқа шешімдерін, ҚМДБ Жарғысын және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын басшылыққа алады.

6.5. Бас мүфти өз кезегінде:

- Басқаруды Құрылтай мен Төралқа шешімдері, ҚМДБ жарғысы және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамалар негізінде жүзеге асырады;

- Барлық мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелерде, сондай-ақ шет елдерде ҚМДБ мүддесін білдіреді, қорғайды;

- Ислам қағидаларының сүнни бағыттағы Әбу Ханифа мазһабы бойынша және имам Матуриди ақидасы сенімінде болуын қадағалайды;

- ҚМДБ шығыс, кіріс хаттарына, іс сапар, қызметке тағайындау бұйрықтарына  қол қояды, жұмыс, оқу, іс-шара  жоспарларының құжаттарын бекітеді, сенімхаттар береді;

- Облыс (өңір) Бас имамдарын, имамдарды, найб имамдарын, молдаларды, азаншыларды, іс басқарушыларды, есепшілерді, ұстаздарды, діни оқу орындарының басшыларын тағайындайды және босатады;

- ҚМДБ қарасты құрылымдар мен филиалдар бойынша өзінің құзыреті шегінде шешімдер қабылдайды.

6.6. Бас мүфтидің зейнеткерлікке шығуы және оның зейнетақы
 мөлшері Қазақстан Республикасының заңнамаларымен анықталады.

7. ҚМДБ ТӨРАҒАСЫНЫҢ НАЙБ МҮФТИЛЕРІ

(ОРЫНБАСАРЛАРЫ)

 

7.1. ҚМДБ төрағасының найб мүфтилерін Бас мүфти өз бұйрығымен тағайындайды және өз бұйрығымен босатады.

7.2. Наиб мүфти Қазақстан Республикасының азаматы, мемлекеттік тіл мен араб тілін жетік меңгерген, жоғары діни немесе гуманитарлық білімі бар, мол тәжірибеге ие, денсаулығы шариғат үкіміне сәйкес келетін, Қазақстан мұсылмандары алдында беделді және олардың сеніміне ие болған адам бола алады.

7.3. Найб мүфтилер белгіленген тәртіп бойынша:

- функционалдық міндеттеріне сәйкес ҚМДБ құрылымындағы бөлімдер мен филиалдардың жұмыстарын ұйымдастырады және оларға бақылау жүргізіп отырады;

- белгілі себептермен Бас мүфтидің өзі болмаған жағдайда оның міндетін уақытша орындау оның орынбасарларының біріне жүктеледі.

8.  ҚМДБ-НЫҢ ТЕКСЕРУ КОМИССИЯСЫ

 

8.1. Үш адамнан тұратын тексеру комиссиясы ҚМДБ-ның жергілікті филиалдары мен діни оқу орындарының, оларға қатысты құрылымдардың қаржылық және шаруашылық қызметін тексеру мақсатында Құрылтай мүшелерінің басым дауысымен 5 (бес) жыл мерзімге сайланады.

8.2. Комиссия тексеру нәтижелерін ҚМДБ-ның Төралқа мәжілісінде және Құрылтайда есеп беруге міндетті.

8.3. Тексеру комиссиясы өз кезегінде:

- филиалдарға заттай және ақшалай түскен қаражаттың дұрыс мақсатта пайдаланылуын тексереді;

- филиалдардың мүліктерін оларға қатысты іс қағаздарды дұрыс пайдалану мен сақтауды, және ҚМДБ-ға тиісті ақша қаражатының уақтылы аударылып тұруын тексереді;

- ҚМДБ-ға заттай және ақшалай түскен қаражаттың дұрыс мақсатта пайдаланылуын тексереді.

 

9.  ҚМДБ ҚҰРЫЛЫМЫ

ҚМДБ құрылымы:

- ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти;

- ҚМДБ найб мүфтилері;

- ҚМДБ орталық аппараты;

- ҚМДБ Ғұламалар кеңесі;

- ҚМДБ сараптау комиссиясы.

10.   ҚМДБ ОРТАЛЫҚ АППАРАТЫ

 

10.1. ҚМДБ Орталық аппараты келесідей құрылымды қамтиды:

- Аппарат басшысы;

- Кеңесшілер;

- Шариғат және пәтуа бөлімі;

- Іс басқарушысы;

- Мешіт  істер  бөлімі;

- Діни уағыз-насихат және ғаламтормен жұмыс бөлімі;

- Діни оқу-ағарту бөлімі;

- Діни істер бөлімі;

- Халықаралық байланыс және хаттама бөлімі;

- Қажылық бөлімі;

- Діни сараптама және талдау бөлімі;

- Жастар ісі бөлімі;

- Мұсылман әйелдер бөлімі;

- Халал өнімдерін стандарттау бөлімі;

- Қаржы бөлімі;

- Жалпы бөлім;

- Құрылыс бөлімі;

- Шаруашылық бөлімі;

- Заң бөлімі;

- Кадр бөлімі;

- Ақпарат және баспа  бөлімі;

- Кеңсе.

10.2. ҚМДБ Аппарат басшысы Бас мүфти бұйрығымен тағайындалады және босатылады. Ол ҚМДБ қызметін үйлестіреді және жүргізіп отырады.

10.3. ҚМДБ құрылымдарының қызметкерлерінің өкілеттілігін, құзіреттілігін және лауазымға тағайындалуын Бас мүфти шешеді.

10.4. ҚМДБ Орталық аппараты өз қызметін Бас мүфти бекіткен жоспарлар негізінде жүзеге асырады.

10.5. ҚМДБ құрылымы Бас мүфтидің бұйрығымен өзгертілуі мүмкін.

 

 

 

 

11.   ҒҰЛАМАЛАР КЕҢЕСІ

11.1. ҚМДБ Ғұламалар кеңесі (бұдан әрі - Кеңес) қоғамдық бастамалар негізінде Төралқа мәжілісімен бес жыл мерзімге құрылатын ақылдасу-кеңес беру органы болып табылады. Кеңес келесідей мәселелер бойынша пікір алмасу мақсатында құрылады: шариғаттың негізгі қағидаларын түсіндіру, өзекті мәселелерді кеңесу, конфессияаралық келісімді нығайту, діни бірлестіктермен және мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынас жасау, жастарды тәрбиелеу.

11.2. Кеңес 11-15 мүшеден тұрады. Ғұламалар кеңесіне жоғары діни білімі бар, ел ішінде беделді, жоғары моральдық-адамгершілік қасиеттерге ие Қазақстан Республикасының мұсылман азаматтары мүше бола алады. Кеңестің жұмысын Төраға басқарады, оның бір орынбасары болады. Кеңес төрағасы және оның орынбасары Кеңес отырысында көпшілік дауыспен сайланады.

11.3. Кеңестің мәжілістері үш айда бір рет немесе қажеттілікке қарай кез келген мезгілде өткізіледі.

 

12.   ҚМДБ САРАПТАУ КОМИССИЯСЫ

 

12.1. Сараптау комиссиясы ҚМДБ-ның тәжірибелі мамандарынан іріктеліп, Бас мүфтидің бұйрығымен 5 (бес) жыл мерзімге құрылады. Қызметі алдын ала Бас мүфти бекіткен жоспар негізінде жүргізіледі.

12.2. Сараптау комиссиясы ауыл, аудан, қала, облыс имамдарының діни білімі мен біліктілігін, діни қызметке қабілетін анықтап, аттестациядан өткізеді. Аттестация нәтижесі туралы Бас мүфтиге жазбаша есеп беріп, нақты ұсыныс жасайды.

12.3. Мемлекеттік мекемелердің, діни және қоғамдық ұйымдардың өтініші бойынша елімізден тыс жерлерден әкелінген немесе елімізде басылған діни әдебиеттерге, сондай-ақ ислами аудио және бейне материалдарға сараптама жасап, оларға жазбаша қорытынды береді.

13.   ҚМДБ  ФИЛИАЛДАРЫ  (МЕШІТТЕР)

 

13.1. ҚМДБ құрылымы ретінде әділет органдарында филиалдар ретінде  тіркелген (облыстық, қалалық, аудандық, ауылдық) мешіттер құрайды. Олар өздерін құрған ҚМДБ-ның мүлкіне ие болады және бекітілген ереже негізінде жұмыс істейді.

13.2. Мешіт өздерінің рухани қажеттіліктерін өтеу үшін ерікті негізде жиналатын Ислам дінін ұстанатын азаматтардың құлшылық ететін орны.

13.3. Мешіттерді Бас мүфти 5 (бес) жыл мерзімге тағайындайтын имамдар басқарады. Имам өз міндеттерін лайықты дәрежеде дұрыс атқара алмаған жағдайда немесе қажетті жағдайда қызмет мүддесіне орай мерзімінен бұрын Бас мүфтидің бұйрығымен босатылуы, ауыстырылуы немесе басқа қызметке тағайындалуы және қызметтік сұранысқа сәйкес мерзімі ұзартылуы мүмкін.

13.4.  Имам мешіттің бірінші басшысы ретінде заң алдында және ҚМДБ алдында жауапты. Имамдар әрбір 5 (бес) жылда бір рет діни оқу орындарында немесе арнайы семинарларда білімін жетілдіруі тиіс. Мешіттің барлық қызметкерлері өз қызметінде имамға бағынышты.

13.5. ҚМДБ филиалдары ретінде тіркелген мешіттер өз жұмыстарын, қолданыстағы заңнамаға, ҚМДБ бекіткен Жарғыға және Ережеге сәйкес атқарады.

13.6. Мешіттерде ішкі тәртіп мәселелерін қарайтын, мешіт көлеміндегі арыз, дау-жанжалдарды шешетін 11 адамнан кем емес Алқа мәжілісі болады. Алқа төрағасы имам болып табылады. Алқа мүшелігіне жұртшылық арасында беделі бар, мешіт жұмыстарына белсенді түрде араласатын, ислам дініне жанашырлық танытатын азаматтар сайлана алады.

13.7. Мешіттің садақа жәшігі Алқа мүшелерінен сайланған бес адамнан құралған Комиссия алдында ашылады және солардың қолы қойылып жабылады. Мешітке түскен қаражаттар Комиссия мүшелерінің алдында саналып, хатталады. Есепші саналған ақшаны банкке өткізіп, олардың алдында есеп береді. Сондай-ақ садақа және басқа да қайырымдылық көмектерді заманауи құралдар арқылы қабылдай алады.

13.8. Мешіттің имамдары өз кезегінде:

- Әбу Ханифа мазһабы мен имам Матуруди ақидасын басшылыққа алады, ислам құндылықтарын уағыздайды, шариғат заңдарына сай (бес уақыт намаз, жұма намаз, неке қию және т.б.) діни рәсімдерді атқарады;

- ислам дінінің теориялық және тәжірибелік мәселелері бойынша мұсылмандарға имандылық төңірегінде бағыт-бағдар береді, олармен тығыз байланыста болады.

13.9. Филиалдың шығын ақшаларына қатысты барлық мәселелер, оның ішінде жылжымайтын мүліктерді, көліктерді пайдалану мен сату және сатып алу алдын-ала мешіт алқасында қаралады және Бас мүфтидің жазбаша рұқсатымен шешіледі. Керісінше болған жағдайда мешіт алқасының кез келген шешімі заңсыз болып табылады, әрі оның жауапкершілігі имамға жүктеледі.

13.10. Филиалдың барлық материалдық жауапкершілігі имамға, іс басқарушыға, есепшіге жүктеледі.

13.11. Ауыл мешіттерінің үйлестіру қызметін аудан мешітінің бас имамы, аудан мешіттерінің үйлестіру қызметін облыстың Бас имамы жүзеге асырады.

13.12. Аудан, қала, ауыл имамдары қызмет бабында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстағы Бас имамына тікелей бағынады және оның талап нұсқауларын орындауға әрі тиісті құжаттарды көрсетуге міндетті.

13.13. Облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың (бұдан әрі -облыстық) орталық мешіті – облыс (қала) аумағындағы мешіттердің қызметін үйлестіріп отырады. Облыстың орталық мешіттерінің бас имамдары сол облыстың, Астана мен Алматы қалаларының орталық мешіттерінің бас имамы сол қаланың Бас имамы және ҚМДБ-ның аймақтағы өкіл имамы болып есептеледі.

13.14. ҚМДБ мешіттерінің облыстық, қалалық, аудандық, ауылдық имамдары облыстың бас имамы ұсынысының негізінде Бас мүфтидің бұйрығымен қызметке тағайындалады және босатылады.

13.15. ҚМДБ облыстардағы, қалалардағы, аудандардағы, ауылдардағы имамы арнайы діни білімі бар, халықтың арасында беделді және ұйымдастырушылық қабілеті жеткілікті мамандардан тағайындалады.

13.16. Имамдар өз қарамағындағы наиб-имам, есепші, іс басқарушы, азаншыны қызметке алу үшін ҚМДБ-ға ұсыныс береді.

13.17. Облыстық, қалалық, аудандық имамдар өз кезегінде:

- облыс, қала, аудан аумағындағы ҚМДБ тарапынан құрылған заңды тұлғалардың, (медресе т.б.) филиалдар мен өкілдіктердің қызметін үйлестіреді;

- өздеріне қарасты аумақтағы мешіттердің тиісті органдарда заңды тіркелуін қамтамасыз етеді;

- мешіт имамдары Құрылтай, Төралқа, Бас мүфти, ҚМДБ орталық аппаратының өзге де органдарының шешімдерін, пәтуаларының орындалуын қамтамасыз етеді;

- мешітке түскен қаржыдан мешіт шығындарына жұмсалатын ақшадан тыс ай сайынғы түсімінің 30%-ға дейін ҚМДБ-ға уақтылы аударылып отыруын қамтамасыз етеді.

14.   ҚМДБ ДІНИ ОҚУ ОРЫНДАРЫ

 

14.1. ҚМДБ-ның ел аумағында діни жоғары және арнаулы орта оқу орындары болады.

14.2. Діни оқу орындары өз қызметінде ҚМДБ Төралқасында бекітілген Жарғыға сәйкес жүзеге асырады, сондай-ақ белгіленген уақытта оған есеп береді және оның шешімдерін орындайды.

14.3. Діни оқу орындарының басшылығын Бас мүфти тағайындаған тұлғалар жүзеге асырады.

14.4. ҚМДБ оқу орындарының мамандықтарын, оқу мерзімдерін айқындайды, бағдарламаны және оқу жоспарларын бекітеді.

14.5. ҚМДБ өз құзырындағы мешіт жанында жұмыс істейтін діни сауат ашу курстарын қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес аша алады.

 

15.   ҚМДБ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ

15.1. ҚМДБ Қазақстан Республикасы аумағында өз қызметін жүзеге асыру барысында заңнамада бекітілген тәртіпте осы Жарғыға сәйкес келесідегідей іс-әрекеттерге құқылы:

- құдайға құлшылық етуге немесе дiни жиналыстар өткiзуге жұрт емiн-еркiн келе алатын орындар ашып, оларды ұстауға;

- құдайға құлшылық етудің ережелерін түсіндіретін діни әдебиеттер шығару және дiни мақсаттағы заттар өндiретін кәсiпорындар құру құқығын пайдалануға;

- қайырымдылық көмектерді (заттай, ақшалай) қабылдауға;

- заңды тұлғалар мен филиалдарды құруға, қайта құруға және таратуға, олардың қызметін қадағалауды қамтамасыз етуге;

- Республика аумағында Ислами діни оқу орындарын құруға, қайта құруға және таратуға, олардың қызметін қадағалауды қамтамасыз етуге;

- үй-жайларды, ғимараттарды меншігіне жалға алуға немесе беруге;

- қайырымдылық қызметті жүзеге асыру және өзінің жарғылық мақсатын  орындау барысында қорлар ашуға;

- мекеме, өндіріс орындары және жеке тұлғалардан әртүрлі қайырымдылық көмек алуға;

- дiни мақсаттағы заттарды, құдайға құлшылық ету ережелерін түсіндіретін кітаптар және дiни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды сатып алуға, басып шығаруға, өндiруге, шетелге шығаруға, шетелден әкелуге және таратуға;

- бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалануға;

- баспагерлiк, полиграфиялық, өндiрiстiк, құрылыс және басқа да кәсiпорындарды құруға, қайта құруға және таратуға;

- шетелдердің діни құрылымдарымен және заңды тұлғаларымен байланыс орнатуға;

- екіжақты келісім шарт негізінде шетелдік діни оқу орындарына шәкірттер жіберуге және олардан қабылдауға.

ҚМДБ міндетті:

- Қазақстан Республикасының заңнамаларын сақтауға;

- белгіленген тәртіпте салық және басқа міндетті төлемдерді бюджетке төлеуге;

- өзіне тиесілі барлық мүліктердің міндеттемелеріне жауап беруге;

- Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікті алуға.

15.2. ҚМДБ өз қызметінде Қазақстан Республикасы заңнамасына қайшы келмейтін Әбу Ханифа мазһабы, Имам Матуриди ақидасы бойынша сүнни бағыттағы Ислам дінінің қағидаларын және шариғат ережелерін сақтауға міндетті.

15.3. ҚМДБ әрбір қызметкермен бір жылға еңбек келісімін жасайды. Басқарма қызметкерлерінің жалақы көлемі ҚМДБ Төралқа мәжілісінде белгіленіп, бекітіледі.

16.   ҚМДБ МҮЛКІНІҢ ҚҰРАЛУ ЖӘНЕ ПАЙДАЛАНУ ТӘРТІБІ

 

16.1. ҚМДБ мүлкі мешітке түсетін және ерікті берілетін садақалардан, қайырымдылық жәрдемдерден, ұйымдастырылған түрлі іс-шаралардан, сондай-ақ ҚМДБ-ға қарасты шаруашылық құрылымдарының тапқан табыстарынан құралады.

16.2. ҚМДБ қаражаты діни насихат жүргізуге, жаңа мешіттер ашуға, қайырымдылық іс-шараларын өткізуге, діни оқу орындарында оқитын шәкірттер мен студенттерге стипендиялар беруге, өз қызметкерлерінің жалақысына, өз меншігіндегі ғимараттарды өңдеу-жөндеу жұмыстарына, қарыздарын жабуға, іс-сапар шығындарына, қызметке қажетті жиһаздар мен құрал-жабдықтарды, транспорт техникаларын сатып алуға және пайдалануға, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайларына жұмсалады.

16.3. ҚМДБ мүліктеріне құрылыс заттары, транспорт техникалары, кіріске алынған барлық зат-бұйымдар, қосалқы шаруашылық мүліктер және т.б. жатады.

16.4. ҚМДБ-ға түскен мүліктер мен қаражаттар Бас мүфтидің немесе найб мүфтидің рұқсатымен іс басқарушысы мен есепші қол қойған құжаттар негізінде тіркеуге алынып, жұмсалады. Бас мүфтидің қолы қойылып, мөрі басылмаған құжаттар жарамсыз деп табылады.

16.5. ҚМДБ қаражаты банкке өткізіліп, өз есеп-шотында сақталады. ҚМДБ иелігіндегі мешіттің ғимараттары мен мүліктері ҚМДБ балансында болады. Баланстағы мүліктерді Бас мүфтидің рұқсатынсыз өткізуге, сатуға, айырбастауға және сыйлауға тыйым салынады.

16.6. Мешіттердің қаржылық кіріс-шығыс есептері тек қана ҚМДБ бекіткен қаржылық есептеу үлгісінде қабылданады. Өзге үлгіде жасалған есеп айырысу құжаттары заңсыз болып табылады.

16.7ҚМДБ қызметкерлері  Діни басқарма тарапынан берілген мүлікті меншіктеуге құқылары жоқ. Олар ҚМДБ міндеттемелері бойынша жауап бермейді, ал ҚМДБ өз мүшелерінің жеке міндеттемелері бойынша жауап бермейді. 

17.   ҚМДБ ҚҰРЫЛТАЙ ҚҰЖАТТАРЫНА ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ТОЛЫҚТЫРУЛАР ЕНГІЗУ ТӘРТІБІ

 

17.1. ҚМДБ-ның Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу Құрылтайдың шешімі бойынша жүзеге асады.

17.2. Енгізілген өзгерістер мен толықтырулар заңда көзделген тәртіп бойынша тиісті органдардан тіркеуден өткізіледі.

 

18.   ҚМДБ-НЫ  ҚАЙТА ҚҰРУ ЖӘНЕ ТАРАТУ ТӘРТІБІ

 

18.1. Қайта құру мәселесі Құрылтай шешімімен және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

18.2. ҚМДБ өз еркімен немесе сот шешіміне сәйкес мәжбүрлеу жолымен таратылады.

18.3. ҚМДБ-ның өз еркімен таратылуы Құрылтайдың шешіміне сәйкес жүзеге асады. Өз еркімен тарату туралы мәселе Құрылтайға ҚМДБ Төралқасы тарапынан енгізіледі. Өз еркімен таратылған жағдайда ҚМДБ Құрылтайы арнайы тарату комиссиясын құрады.

18.4. Діни бірлестікке тиесілі мінәжаттық мақсаттағы мүліктен несие берушілердің талаптары бойынша төлем алынбайды.

18.5. ҚМДБ қызметі тоқтатылған немесе таратылған жағдайда оның мүлкі өзара бөліске түспейді. Сондай-ақ, құқықтық  мұрагері  болмаған жағдайда оның мүлкі мемлекет меншігіне өтеді.

19. ӘЛЕУМЕТТІК ҚАМСЫЗДАНДЫРУ ЖӘНЕ

ӘЛЕУМЕТТІК САҚТАНДЫРУ ТӘРТІБІ

ҚМДБ-ныңқұрылымдары мен филиалдарында жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру мен әлеуметтік сақтандыру Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

«ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫ»

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ИСЛАМИ ДІНИ БІРЛЕСТІГІНІҢ   

ТӨРАҒАСЫ, БАС МҮФТИ ӘБСАТТАР ҚАЖЫ ДЕРБІСӘЛІ   

Оқылды 10729 рет
  • Егер сіз іскерлік ер немесе әйел бар ма? Егер сіз өз бизнесін бастауға қаражат керек пе? Егер сіз борышты өтеу немесе сіздің шоттарды төлеуге немесе жақсы бизнесті бастау үшін қажет қарыз? Егер сіз жобаны қаржыландыру үшін қаражат қажет пе? Біз 3% Біздің тамаша пайыздық ставка бойынша (жеке адамдардың, компаниялардың, Риэлторлық жəне заңды тұлғалардың) қандай да бір соманы және әлемнің кез келген бөлігіне кепілдік берген қарыз бойынша қызметтерді ұсынады. veronicaprovisionfun[email protected]: қолдану және қосымша ақпарат алу үшін төмендегі Электрондық пошта мекенжайына жіберуге жауапЕгер сіз іскерлік ер немесе әйел бар ма? Егер сіз өз бизнесін бастауға қаражат керек пе? Егер сіз борышты өтеу немесе сіздің шоттарды төлеуге немесе жақсы бизнесті бастау үшін қажет қарыз? Егер сіз жобаны қаржыландыру үшін қаражат қажет пе? Біз 3% Біздің тамаша пайыздық ставка бойынша (жеке адамдардың, компаниялардың, Риэлторлық жəне заңды тұлғалардың) қандай да бір соманы және әлемнің кез келген бөлігіне кепілдік берген қарыз бойынша қызметтерді ұсынады. veroni[email protected]: қолдану және қосымша ақпарат алу үшін төмендегі Электрондық пошта мекенжайына жіберуге жауап
JoomShaper
Top