Діндарлар додаға түсті

Дүйсенбі, 16.03.2022

АСТАНА. 16 наурыз. E-islam.kz - «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ спорт кешенінде алғаш рет Алматы қалалық дін қызметкерлерінің «І Спартакиадасы» өтті» деп хабарлайды «Muftyat.kz».

Сайысқа түскен дін қызметкерлері кір тасын көтеру, қол күрестіру, мергендік, жақын қашықтыққа жүгіру және арқан тартыс сияқты спорт түрлерінен сынға түсті. Ұлттық университеттің кәнігі жаттықтырушылары төрелік еткен бәйгеге ҚМДБ мен Алматы орталық мешіті құрама командасы, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті командасы және қала ауданының мешіттерінен 8 команда қатысты.

Игі іс шарада бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы: «Ислам діні қоғамның қуатты айбынды болуы үшін, спортқа ерекше көңіл бөледі. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сүннетінде бар спорт түрлерін ата-бабаларымыз ұлттық негізге сай дамытып, ұрпағына мұра етіп қалдырған. Осы дәстүрлі сабақтастықты насихаттау мақсатында қазақ күресінен турнир ұйымдастырған болатынбыз. Ал, бұл шара сол игі істің жалғасы»,- деді.

Сондай-ақ, спартакиаданың қадірлі қонақтары қатарында бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, елімізге еңбек сіңірген спорт шебері Жақсылық Үшкемпіров, греко-рим күресінен әлем чемпионы Юрий Мелниченко, Алматы ДІБ басшысы Нұржан Бейсенбайұлы болып, сайысқа сәттілік тіледі.

Жарыс нәтижесінде, бас бәйге Алмалы ауданы, Төле би мешіті бұйырып, жеңімпаз атанды. Арқан тартудан Алмалы ауданының командасы, Гір тасын көтеруден Бостандық ауданы командасының спортшысы Ералы Есенгелдиев, қайталап жүгіруден – ҚМДБ мен Алматы орталық мешіт құрама командасының спортшысы Марс Смағұлов, бұқа тартыстан – Алмалы ауданы командасының спортшысы Орынбасар Сүлейменов, қол күрестіруден – Алмалы ауданы спортшысы Нұрболат Қалдарбеков, Мергендік сайысынан - ҚМДБ мен Алматы орталық мешіт құрама командасының спортшысы Қасым Ашимов үздік нәтижені көрсетті.

Бағы мен бабы қатар келген спартакиада жеңімпаздары құрметті қонақтардың қолынан мақтау қағазын алып, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Арқан тартудан үздік атанған командаға Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы атынан умра қажылығы берілді.

Оқылды 499 рет
JoomShaper