Нұрлан Ермекбаев ақтөбелік имамдармен, теологтармен кездесті

Жұма, 21.10.2021

Астана. 21 қазан. E-ISLAM – Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев кеше студенттермен, үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесіп, Бестамақ ауылындағы медресе жұмысымен танысты. Бүгін министр жергілікті имамдармен, теологтармен ашық әңгіме өткізді, деп хабарлайды Baq.kz.

Кездесу барысында облыс басшысы Бердібек Сапарбаев министрге өңірдегі діни ахуал туралы баяндады.

«Өңірде 89 діни бірлестік бар. 68-і ислам, өзгесі протестант, христиан тағы басқа дін ұйымдары. Ақтөбе қаласында «Аңсар» орталығы бар. Сонымен қатар, Темір, Шалқар, Мұғалжар аудандарында халықты ақпараттандыру, түсіндіру тобы жұмыс істейді. Бұл мекемені қаржыландыру үшін биыл 43 миллион теңге бөлінді. Имамдарды оқытып, халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізетін мамандар жат ағымда жүрген азаматтармен тілдесіп, қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз етеді. Жыл басынан бері 50 мың адамды қамтыған 1700-ден астам кездесу өткізілген екен» дейді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ, облыстық дін істері басқармасының басшысы Бауыржан Есмахан алдағы 2-3 жылда Ақтөбеде кадр тапшылығы мәселесі түбегейлі шешілетіндігін жеткізді.

«Кадр мәселесі күрделі. Бізге сауатты, білімді маман қажет. Медреседе 60 шәкірт, Нұр Мүбәрак университетінде 34, Ресей ислам университетінде 37 студент біліп алып жатыр. Ақтөбе қаласында 14 шәкірт тәлім алуда. Олар оқуларын сәтті аяқтаса, таяудағы 2-3 жылда білікті мамандар табылады деген ойдамыз. Қазір облыс бойынша 200-ден астам адам ақпараттық түсіндіру тобында жұмыс істейді. Жұмысымыз жастарға бағытталған. Жыл басынан бері 18 мыңға жуық жасты қамтыған 200-ден астам кездесу өтті. Жеке кездесуге мән береміз. Қазір 286 адам теріс көзқарасынан арылып, дәстүрлі дінді қабылдады.

Теологтар мен имамдар түрмеде жазасын өтеп отырған сотталушылармен де кездесу өткізеді. Биыл 178 жеке кездесу жүргізілді» дейді Б. Есмахан.

Оқылды 182 рет
JoomShaper
Top