Мемлекет басшысы Өзбекстан халқына көңіл айтты

Сенбі, 03.09.2021

Астана. 3 қыркүйек. E-ISLAM – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Каримовтің қайтыс болуына байланысты Өзбекстан халқына көңіл айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы Нигматилла Юлдашевке жолданған көңіл айту жеделхатында Мемлекет басшысы Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Абдуганиевич Каримовтің дүниеден өткені туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдағанын айтқан.

«Қазақстандықтар бұл мезгілсіз әрі орны толмас қазаның ауыртпалығын бауырлас Өзбекстан халқымен бірге бөліседі. 30 жылдай қанаттаса жұмыс істеген досымнан айрылғаныма қайғырамын», – делінген көңіл айту жеделхатында.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев елдің экономикалық әлеуетінің дамуына, оның халықаралық беделінің өсуіне, қоғамның әл-ауқатының артуына ықпал еткен ауқымды өзгерістердің жүзеге асырылуы Өзбекстан Республикасы тәуелсіздігінің бастауында тұрған Ислам Каримовтің есімімен байланысты екенін атап өтті.

«Ол өзінің бүкіл өмірін туған халқына қалтқысыз қызмет етуге арнады,  әрдайым Қазақстанның сенімді досы болды және біздің халықтарымыздың арасында достық пен тату көршіліктің нығая түсуіне үлкен үлес қосты», – делінген жеделхатта.

Соңында Қазақстан Президенті Ислам Абдуганиевич Каримовтің туыстары мен жақындарына, елдің басшылығы мен бауырлас өзбек халқына қатты қайғырып көңіл айтты. 

Оқылды 89 рет
JoomShaper
Top