Қаза болған кісінің жесір қалған әйелі оның бауырына немесе жақын-жуықтарының біріне күйеуге шығуын – әмеңгерлік жолмен үйлену деп айтамыз. Қазақта бұл салт «Аға өлсе – жеңге мұра, іні өлсе – келін мұра» деп айтылады. Шариғаттағы некенің басты шарттарының бірі үйленуге ниетті жігіт пен қыздың келісімі болуы керек. Жесір қалған әйел қайнысы немесе қайынағасына, не болмаса қайтыс болған күйеуінің басқа туыстарының бірімен үйленуге өз еркімен келісім берсе, некелесудің әмеңгерлік деген бұл түрі шариғатқа қайшы емес деп танылады. Мысалы, Хакім Абай інісі Оспан қайтыс болғанда жесір қалған келіні Еркежанға әмеңгерлік жолмен үйленген. Сол заманда Хакім Абайдың жесір келініне үйленуін ешкім ерсі көрмеген. Сондай-ақ, Төлеген қайтқанда, жесір Жібек қайнысы Сансызбайға «әмеңгерім» деп қосылған. Шариғатты берік ұстанған Кенесары хан да ағасы Есенгелдінің жесіріне әмеңгерлік жолмен үйленген.
Қазақ әдет-ғұрпын жан-жақты зерттеген ғалымдар әмеңгерлік жолмен үйленудің көптеген артықшылықтары бар екенін айтады. Мысалы, жесір әйел күйеуінің жұртынан емес, басқа елдің адамымен бас құрап, балаларды өзімен бірге алып кететін болса, бөтен жұрт немесе өгей әке жетім балаларды қаны басқа деп өзекке тебуі мүмкін. Ал, жесір әйел күйеуінің жақын бауырлары үйленетін болса, онда әмеңгер бауырының көзіндей болған балаларға мейлінше мейірімін төгеді. Бұл кезде ұрпақ психологиялық және физикалық тұрғыда дұрыс өсіп-жетіледі. Сондай-ақ, жесір әйел басқа елдің азаматына күйеуге шықса, күйеуінің артынан қалған байлық немесе шаруашылықты өзгелер иемденеді. Тіпті, өзге жұрт бөтендік қылып, кәмілетке толмаған балалардың мұрасын талан-таражға түсіруі мүмкін. Ал, жесірге қайтқан кісінің бауырлары әмеңгер болса, онда байлық-мұра өз елінде қалып, мирасқорлар мұраны толық иеленетін болады. Тіпті, жесір әйел басқа елдің адамына күйеуге шығып, балалар өз елінде қалды дегеннің өзінде бұл балаларға психологиялық тұрғыда ауыр соққы болып тиеді. Баланың туған шешесінің құшағынан ажырап қалуы, бала үшін үлкен қиянат. Ал, жесір өзге елге кетпей, қайнысы немесе қайынағасының біріне күйеуге шықса, балалар ана мейірімінен һәм ағайынның қамқорлығынан кенде болмай өседі.
Қазіргі күні әмеңгерлік жолмен үйленгендер некен-саяқ кездеседі. Әмеңгерлік жолмен үйленсе де көбіне-көп қайнылары жесір жеңгесімен бас құрап жатады. Ал, қайынағаларының жесір келінімен үйленуі жоқтың қасы. Жалпы, қаймағы бұзылмаған қазақы орталарда болмаса, бүгінгі таңда жесір әйелдер күйеуінің туыстарына үйлене бермейді. Өзі таңдаған еркекке күйеуге шығады. Бұл шариғатқа сай болғанымен, жесірдің ошақ ауыстырып, өзге жұртқа кетуі ұрпақ тәрбиесіне кері әсерін тигізіп жатады. Сондықтан, шариғатқа қайшы емес саналатын қазақтың әмеңгерлік салтын кеңінен насихаттауымыз керек сияқты.