ҚМДБ-ға қарасты "Ақтөбе" медресесін биыл тәмамдаған 8 түлекке диплом табыс етілді. Салтанатты шараның шымылдығын медресе директоры, облыстық "Нұр-Ғасыр" мештінің имамы Әбдімүтәлі Дәуренбеков ашып, медресе ұстаздары мен осы білім ордасының жұмыс жасауына қол ұшын созған барлық азаматтарға алғыс айтты.
- Бүгін ерекше оқиғаның куәсі болып отырмыз. Бұл да бір тарих беттерінен орын алатын оқиға. Келешек ұрпақ зерттеп, бағасын бере жатар. Кез-келген ғасырда қиындық туындайды. Кез-келген елде сол қиындықтан алып шығатын жол, бағыт және "алып шығушысы" болады. Осы дінімізге қызмет етіп жатқан барша азаматтарды Аллаһ разы етсін!, - деді облыс имамы.
Өз кезегінде облыстық діни істер жөніндегі департаменттің директоры Бауыржан Есмаханов түлектерге ақжол тілей отырып, қолға алған дипломның өмір атты сынақтағы алғашқы қадам екенін жеткізді.
- Шәкірттер мұнда 2 жыл 8 ай оқыды. Жалпы Ақтөбе медресесіне еліміздің өзге облыстарынан да білім қуып келгендер баршылық. Медресенің жұмыстарына сәттілік тілейміз. Облыстағы діни кадрлар мәселесі оң шешімін тауып келеді. Білімді азаматтарымыз еліміздің тыныштығы үшін, діни ахуалдың жақсаруы үшін қызмет етеді деп сенеміз, - дейді Бауыржан Есмахан.
Медресені үздік тәмамдаған Нұрперзент Қыпшақбаев білімін жетілдіре түскісі келетінін айтады.
- 18 жасымда осы медресеге оқуға ОҚО Түркістан қаласынан келдім. Үш жыл бірге оқыған, бірге тұрған шәкірттерді қимаймын. Алдағы уақытта "Нұр Мүбәрак" университетіне құжаттарымды тапсырып, бағымды сынап көрмекпін. Сәті түссе, шет мемлекеттердегі діни оқу орындарына да түскім келеді. Бүгін, амандық болса, пойызбен ауылдарымызға қайтамыз, - дейді ол.
Айта кетейік, "Ақтөбе" медресесінде барлығы 60-тан астам тәлім алып келеді. Бүгін 8 түлек диплом алды. Олардың үшеуіне үздік диплом табысталды. Сондай-ақ медресе түлектеріне қоғамдық шараларға белсене қатысқандары үшін алғыс хаттар да табысталды.
ҚМДБ Ақтөбе облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі