Хазіреті Қызыр (а.с.) мен Мұса пайғамбар (а.с.) кемеге мінгендерінде бір торғай келіп кеменің бір шетіне отырады да теңізге тұмсығын бір малып шығарады. Мұны көрген Қызыр (а.с.) Мұсаға (а.с.): «Міне, сен екеуміздің іліміміз Алла Тағаланың ілімі жанында мына торғайдың теңізден шоқып алған суындай-ақ», – дейді.
* * *
Бір күні Имам Əбу Юсуфтан біреу келіп бір мəселе жайында сұрақ қояды. Əбу Юсуф болса «білмеймін» деп жауап береді. Бұған əлгі сұрақ қоюшы ашуланып:
– Отырған мақамың надан жəһилдердің басып алатын мекені емес, – дейді. Сонда Имам Əбу Юсуф тұрып:
– Мекен – кейбір нəрселерді біліп, кейбір нəрселерді білмейтіндер үшін. Ал барша нəрсені білетін Алла – мекеннен пəк, ол үшін мекен жоқ, – деп жауап береді. Ақиқатында, Алла Тағала жасырынды да, жасырынның ең жасырынын да білуші. Жерде де, көкте де оның ілімінен тыс ештеңе де жоқ.
* * *
Хазіреті Əли былай дейді: «Ілім – өзен, хикмет – теңіз. Ғалымдар өзен жағалап жүреді. Ал хикмет иелері теңіздің ортасына сүңгиді. Арифтер (Алланы танып, кəмілдікке жеткен əулие) болса, құтылу кемесіне мініп, тамашалап тұрады». Алла Тағала Ибраһимге (а.с.): «Ей, Ибраһим! Ақиқатында Мен ‘Алиммін (Бар нəрсені білуші). Əрбір ілім иесін сүйемін», – деп уахи етті. Сүлеймен пайғамбарға (а.с.) ілім, дүние жəне тақ, осы үшеуінен біреуін таңдау еркіндігі берілді. Ол ілімді таңдады. Ал дүние мен тақ болса, ілімнің артынан өздері ілесіп келді.
Азиз Махмуд Худаи,
«Хүласатул Əкбар» кітабы
Тəржімалаған Салтан САЙРАНҰЛЫ