Алау Әділбаев

Дінтанушы, доктор Ph.D

Өмірбаяны Арнау сөз Еңбектері Мақалалары Сұрақ қою

Өмірбаяны

Әділбаев Алау Шайқымұлы 1972 жылы 19 желтоқсанда дүниеге келді. Ph.D, магистр ғылыми дәрежелері бар. 1995 жылы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің шығыстану факультетін «Дінтанушы», араб тілінің мұғалімі, философия бакалаврі мамандықтары бойынша аяқтап шыққан. 1997 жылы «Көне түркі халықтарының Тәңір түсінігі және Құрандағы Алланың сипаттамасы» тақырыбы бойынша магистрлік жұмысын қорғап, магистр дәрежесін алды. 2002 жылы Анкара университетінің гуманитарлық ғылымдар институтынан «Теология» мамандығы бойынша доктор дәрежесін алды. 2002 жылдан Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде, 2005 жылдан «Нұр-Мубарак» Мысыр ислам мәдениеті университетінде оқытушылықпен айналысты. 2006 жылы Алматы қаласының Әділет басқармасында әуелі бас маман, соңынан дін істері бөлімінің бастығы қызметін атқарды. Сол жылы «Нұр-Мубарак» Мысыр ислам мәдениеті университетінің гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдары кафедрасының меңгерушілігіне тағайындалды. Қазіргі таңда «Нұр» Мысыр ислам мәдениеті университетінің доценті, «Дінтану» кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарады. ҚМДБ жанындағы Ғұламалар кеңесінің мүшесі.

Арнау сөзі

Ассаламу алейкум құрметті портал оқырмандары!

Мен Әділбаев Алау Шайқымұлы, дін саласының маманымын, «Саңлақ сахабалар», «Қасиетті мәуліт», «Әбу Ханифа және ханафи мазхабтары» сынды дін мен құндылыққа қатысты бірқатар еңбектердің авторымын. Сарапшы ретінде келесі тақырыптарға қатысты сұрақтарыңызға жауап бере аламын: Әбу Ханифа және ханафи мазхабтары, сахабалар өмірі, ислам этикасы, Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с) өмірбаяны, исламдағы отбасы, исламдағы бойсұнушылық.

Еңбектері

  • 1. Саңлақ сахабалар, 1-бас. - Алматы, 2004, «Алтын қалам» баспасы, 262 бет
  • 2. Қасиетті мәуліт, Алматы, 2006, «Алтын қалам» баспасы, 40 бет
  • 3. Кемелдік кілті, Алматы, 2008, «Нұр-Мүбарак» баспасы, 248 бет
  • 4. Имам Әбу Ханифа және ханафи мәзһабы, Алматы, 2011, 399 бет
  • 5. Шапағат шамшырағы – әз Мұхаммед (с.а.с.), Алматы, 2013, 192 бет

Мақалалары

  • Мұсылман ғалымдарының ғылымға қосқан үлесі// Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті Университеті 1. Халықаралық ғылыи конференция материалдары, «Исламтану және араб филологиясы мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары (2004-2005 жылдары өткізілген конференция материалдары) Алматы, 2006, 44-52-б.
  • Исламда әділдік ұғымы//, әл-Фараби ат. ҚазҰУ философия фак. Қасымов оқулары, халықаралық конференция баяндамасы, Алматы, 2005
  • Сүннеттің Құранмен үндестігі және дінде дәлел болуы// Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті Университеті, ІІІ Халықаралық ғылыи-практикалық конференция материалдары (2007-2008ж.), Исламтану және араб филологиясы мәселелері, Алматы, 2008, 16-32-б.
  • Орта Азиядан шыққан ғұлама – Матуриди//, ІІ Халықаралық ғылыи-практикалық конференция материалдары (2006-2007ж.), Исламтану және араб филологиясы мәселелері, Алматы, 2008ж, 94-100-б. (5бет)
  • Ислам мен терроризм – кереғар ұғымдар// , IV Халықаралық ғылыи-практикалық конференция материалдары (2008-2009ж.), Исламтану және араб филологиясы мәселелері, Алматы, 2009ж, 83-91-б.
  • Казакистанда девлет-дин илишкиси ве дини олушумлар, Түркия республикасы, Спарта қаласында өткен, «Түркі әлемінде діни жағдай» атты халықаралық ғылыми-пркатикалық конференция материалы, 2010
  • Әбу Ханифаның өскен ортасы және тарихи жағдай// Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті Университеті, «Исламтану және араб филологиясы мәселелері» атты VI халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция метриалдары (2010ж.), Алматы, 2011, 73-81-б.
  • Әбу Ханифаның Ислам құқығы (фиқһ) саласындағы орны// Қазақстандық халықаралық құқық журналы, № 1 (41), Алматы, 2011, 3-9-б.
  • Әбу Ханифа және хадис мәселесі// «Ислам: Адам және қоғам діні» атты Қазақстан Респудликасының тәуелсіздік алғанына 20 жыл толуына және 2011 жылы «Ислам конференциясы ұйымына» төрағалық етуіне арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары, Шет тілдер және іскерлік карьера университеті, ғылыми-педагогикалық журнал, ХІІ, Алматы, 2011 ж., 48-53-б.
  • Әбу Ханифаның ғылыми танымының қалыптасуы және ақида іліміндегі орны// «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы», Қазақстан тәуелсіздігінің 20-жылдығына арналған «Ғасыр санасы: Онтология, дін, мәдениет» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары, Алматы, Қазақстан, 2011 ж., 18 мамыр, Алматы, 2011 ж., 204-208-б.
  • Ғылым және дін: қайшылықтан ымыраластыққа// Жастар. Руханилық. Интеллектуалды ұлт, әл-Фараби ат. ҚазҰУ философия және саясаттану фак., халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары, Философия ғылымдарының докторы, профессор ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Ағын Хайроллаұлы Қасымжановтың 80 жылдығына арналған V Қасымжанов оқулары, Алматы, 2011, 164-169-б.
  • Имам Әбу Ханифа мен Матуридидің пікір сабақтастығы// Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті Университеті, «Исламтану және араб филологиясы мәселелері» атты VIII халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция метриалдары (2011 ж.), Алматы, 2012, 111-119 б.
  • Ұлтты біріктіру - әрбір иманды азаматтың міндеті// Айқын газеті, 2012
  • Саңлақ сахабалар және рамазан,// Қазақстан-Zaman газеті, № 33 (903), 16 тамыз, 2012, 9-б.
  • Нұх (ғ.с.) – Ұлық бес пайғамбардың бірі// Аңыз адам, № 16 (52), Тамыз, 2012, 20-21-б.
  • «Алла Тағала Ибраһимді дос тұтты»// Аңыз адам, № 16 (52), Тамыз, 2012, 23-б.
  • Ханафи мәзһабының тарихи мәні мен оны дамыту стратегиясы // ҚР БжҒМ, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ, «Түркі дүниесіндегі ислам ғылымдарының ролі» атты халықаралық ғылыми конференция материалдары, 26-27 сәуір 2012ж. Түркістан, ......беттер
  • Қазақстанда ханафи мәзһабының тарихи мәні мен қазіргі замандағы маңызы// ИСЕСКО ұймы тарапынан өткізілген халықаралық ғылыми симпозиум, Алматы, 2012 ж. 7 бет
  • А. Әділбаев, Ш. Әділбаева, Ислам құқығында үкім шығару әдісі ретінде «әл-масалих әл-мурсала», КазҰУ Хабаршысы, философия, мәдениеттану, саясаттану сериясы, №2 [43] 2013 ж., 66-73-б.
  • А. Әділбаев, Ш. Әділбаева, Ханафи ғалымдарының ислам фиқһына қатысты негізгі еңбектері// Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті Университеті, «Исламтану және араб филологиясы мәселелері» атты X халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция метриалдары (2013 ж.), Алматы, 2013
  • Несостоятельность негативных суждений в адрес ученого, факиха Абу Ханифы с призмы выдающихся ученых// Материали за 9-а международна научна практична конференция, «Динамиката на съвременната наука», - 2013. Том 5. История. Философия. София. «Бял ГРАД-БГ» ООД, 2013. – 82-92-б.
  • Жастар арасындағы дәстүрлі діни түсінікті қалыптастырудағы ханафи мазхабының рөлі// «Дін және жастар» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция материалдары, Атырау: 2013, 7 б.
  • Діни ахуалдың күрделілігі және оны шешудің жолдары // «Діни ғұрыптар және қазақтың салт-дәстүрлері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция. Қызылорда, 2013. 9 б.
  • Қазақ халқында Пайғамбар сүйіспеншілігі, Қала мен дала газеті,7 мамыр, 2004
  • Алланың елшісі хақында, Қала мен дала газеті, 13 мамыр, 2005
  • Рус ориантализмінің олушумунда Казан еколунун ролу, Туркия, Дини араштырмалар журналында, 2002 ноябрь
  • Казакистан топракларында юрутулен руслаштырма фаалиетлери, (Қазақстан территориясында жүргізілген орыстандыру саясаты), Туркия, билиг журналы, 2002
  • Әйел мен еркек тең бе? Аңсар журналы, 2006,№3
  • Сайд ибн Әмир. Иман журналы, 2006,№10
  • Халид ибн Уәлид (саңлақ асхабалар). Иман журналы, 2006, №8, 5-б.
  • Әбу Убәйда ибн Жаррах. Иман журналы, 2006, №1, 4-б.
  • Хамза ибн Әбдүлмүттәліп. Иман журналы, 2006, №5, 4-б.
  • Біләл Хабаши. Иман журналы, 2006, №9, 3-б.
  • Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю. Иман журналы, 2009, №12, 5-б.
  • Кіршіксіз шынайы махаббат. Иман журналы, 2009, №5, 2-б.
  • Шынайы сүйіспеншілік. Иман журналы, 2009, №6-7, 2-б.
  • Ата-ананың қадірі. Иман журналы, 2009, №10, 5-б.
  • Жаратушыны тану. Иман журналы, 2009, №3-4, 4-б.
  • Үміт пен үрей. Иман журналы, №3, №4, 2010ж.
  • Сыддық, шыншылдық, шынайлылық, адалдық. Иман журналы, №1, №2, 2010ж.
  • Сабыр-иманның белгісі. Иман журналы, 2010
  • Сабыр – жүрек амалы. Иман журналы, 2010
  • Әділдік. Иман журналы, 2010
  • Тәуекел. Иман журналы, 2010
  • Жомарттық. Иман журналы, 2010

Намазда рукуғтан кейін қолды көтеру қажет пе?

Сенбі, 01.10.2021

Қазіргі таңда сырт мемлекеттерде оқып келіп, өздерін «таза исламның өкілдері, сәләф» деп атайтын, өздерінің шет елдік шейхтарының ғана көзқарасын дұрыс, қалғандарын адасқан деп санайтын, шала сауатты дінбұзар шейхсымақтардың бар екені мәлім.  Уахапшылдық індетіне шалдыққан осы дінде шектен шығушылар төрт мәзһабты жоққа шығарып, бесінші жаңа «мәзһабсыз мәзһаб» қалыптастыруға тырысуда. Олар ханафи мәзһабының негізінде сан ғасырлар бойы оқып келген мұсалман халқымыздың намаздарын жарамсызға шығарып, елдің мазасын қашыру арқылы діни алауыздықтарға бой алдырып, үлкен бүлікке себеп болуда. Фиқһ ілімінің негізін қалаған, ең ірі мектептің бірі саналатын ханафи мәзһабының жетекшісі, күллі мұсылман жұртшылығы мужтахид деп мойындаған Имам Ағзам Әбу Ханифаға «хадисте әлсіз, көп хадис білмеген» деп жала жауып, дінге ықылас қойған жамағат назарында ханафи мәзһабының беделін түсіріп, өз қатарларына қосуды көздеуде.

Мәселеге кірмес бұрын әуелі мына нәрсені айта кетейік, фиқһтық мәзһабтар үшін ислам шариғатының негізгі қайнаркөзі – Құран мен сүннет екендігі бір ауыздан мойындалған мәселе. Сондықтан да мужтахид имамдарды діннің негіздеріне немқұрайлы қараушылықпен кінәлау діни мәселенің түп-төркінін білмейтін сауаттың төменділігінен болып табылады. Негізінен мәзһабтар арасындағы түрлі пікірлердің туындауының өзіндік обьективті себептері бар. (Бұған қатысты кеңірек мәлімет алу үшін қараңыз: М. Исаұлы, Қ. Жолдыбайұлы. Ислам ғылымхалы. – Алматы, 2010, 27-35-бб.). Өз кезегінде Имам Әбу Ханифаны «хадисте әлсіз» деп айптау орынсыз. Бұл мәселеге де кең тоқталып жатпай-ақ қояйық (Қараңыз: А. Әділбаев, Ш. Әділбаева. Имам Әбу Ханифа және ханафи мәзһабы. Алматы, 2011)  

Ендігі кезекте көзқарастарымызды дәлелдей түсу үшін ханафи мәзһабы ғалымдарының осы мәсселеге қатысты алға тартқан хадистеріне тоқатала кетсек:

Имам Бұхари мынадай бір хадис келтіреді: «Менің көргенім, Пайғамбарымыз намаздың алғашқы тәкбірін айтқанда ғана қол көтерді. Одан өзге (жерлерде) қолын көтерген жоқ» (Имам Бухари. Қуррат әл-айнәйн№34 хадис).  

Имам Термезидің хадис жинағында келген бір хадисте Пайғамбарымызбен көп уақыт бірге болып, білімділігі мен зеректілігімен танылған әйгілі сахаба Абдулла ибн Мәсғуд: «Мен сендерге Алла елшісінің намазды қалай оқығанын көрсетейін бе?» деп, намаз оқыды. Сонда екі қолын тек намаздың басында ғана бір рет көтерді» деген (Термези. Сунән №257) Дәл осы мағынадағы хадисті Имам Насаи де келтірген.

Имам Мүслимнің хадистер жинағында Жәбир ибн Самура (р.а) арқылы жеткен бір хадисте былай делінген: «Пайғамбарымыз (с.а.с.) біз жаққа қарап: «Неге сендер асау аттың құйрығына ұқсап, қолдарыңды (қайта-қайта) көтеріп жатырсыңдар. Намазда тыныш тұрыңдар» деді (Муслим. 27-бап/430-хадис). Мулла Әли Қари «Фатху баб әл-иная би шарх ән-нуқая»  атты кітабында осы хадисті дәлелге келтіре отырып, рукуғ және сәждеге барғанда қол көтеруге байланысты үкімнің жойылғандығын айтқан.

Ханафи мәзһабының әйгілі ғалымы Бурхан әд-Дин әл-Мәрғинәни «әл-Хидая» атты кітабында мынадай бір хадисті келтіреді: «Пайғамбарымыздан жеткен бір хадисте: «Жеті жерден басқа жерде қол көтерілмейді. Олар: намаздағы алғашқы тәкбір, құныт дұғасындағы тәкбір, екі айт намазындағы тәкбір және төртеуі қажылық жасау барысында» деген (әл-Хидая шәрх әл-бидая. «Дәр әс-сәләм» баспасы, 2000 ж., 1-т., 131-б.). Имам әт-Тахауи де дәл осы мағынадағы хадисті риуат еткен (Нур әд-Дин Али ибн Султан. Фәтху бәб әл-иная би шархи китаб ән-нуқая, Мәктәбә әт-турәс уә әл-улум әл-арабия, 2010 ж. 1-т., 357-б.)

Имам әт-Тахауи өзінің «Мағани әл-әсәр» атты хадис жинағында осы мәселеге қатысты көптеген риуаяттар келтірген екен. Солардың бірнешеуін ғана атап өтейік: «Пайғамбарымыз (с.а.с.) намазда тек әуелгі тәкбірде ғана қолын көтеретін де, бұл қимылын қайталамайтын», Әли намаздың әуелгі тәкбірінде екі қолын көтеретін. Одан кейін көтермейтін», Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ең жақын сахабаларының бірі Омар әл-Фаруқ (р.а.) да намазда бір-ақ мәрте қолын көтеретін. Осы хадисті келтіргеннен кейін Имам әт-Тахауи: «Омардың (р.а.) өзі де қолды тек әуелгі тәкбірде көтерген. Бұл хадис – сахих. Өйткені, хадис жеткізуші «рауилердің» арасында әл-Хасан ибн Айяш деген кісі бар. Ол сенімді (сиқа) әрі хадис саласында беделді кісі» деген. Сахаба Абдулла ибн Омардың намазға тұрғанда қолын алғашқы тәкбірде ғана көтергендігін Мүжәһид былай жеткізеді: «Мен Ибн Омардың артында намаз оқыдым. Ол намаздың тек әуелгі тәкбірінде ғана қолын көтерген еді».

Сондай-ақ, Әбу Дәуіт өзінің хадистер жинағының «рүкүғта қолды көтермеу» бөлімінде Әбу һурайрадан (р.а.) мына сахих хадисті риуаят етеді:  «Пайғамбарымыз (с.а.с.) намазды бастағанда екі қолын бір-ақ мәрте көтеретін еді» (Басқа да хадистерге қатысты кеңірек мәлімет алу үшін қараңыз: Таханауи. Иълау сунән. Карачи. 3-басылым, 1414 х.ж., 3-т., 56-91-бб., А. Қасым. Дәлел-дәйектерімен намаз оқу үлгісі (Ханафи мәзһабы бойынша), Астана, 2013 ж., 21-30-б.

Міне осы келтірілген дәйектерден ханафи ғалымдарының өз көзқарастарын хадиске сүйене отырып негіздегендігіне нақты көз жеткіземіз. Ал «өзге мәзһаб имамдарының келтірген хадистерін неге қабылдамаған?» деген мәселеге келсек, ханафи ғалымдары өзіндік ұстанымдарына сүйене отырып, ол мәселелерге жауаптар берген. Бұл ұстанымдардың да жүйелі ойлау нәтижесінде дінді дұрыс түсінуге бағытталған ұмтылыстың жемісі екендігі белгілі. Бұл жердегі ұстаным ахад хадистерді дәлелге санау мәселесінен келіп шыққан. Осы ахад хадистерді қабылдауда мужтахид имамадардың ижтихадтары әр түрлі және олардың бәрі үлкен жауапкершілікті сезінуден туындаған. Енді осы себептерге қысқаша тоқтала кетсек. Әуелі мына нәрсені айта кетейік ханафи ғалымдарына өзге мәзһаб имамдары келтірген хадистер жетпей қалып, олар аталмыш хадстерді көрмей қалған емес. Ханафи ғалымдары осындай ахад хадистер бір-біріне қайшы келген жағдайда оларды дәлелеге санаудың өзіндік шарттарын белгілеген. Біз барлығына тоқталып жатпай, осы мәселеге қатысты ұстанымдарын ғана қысқаша баяндай кетейік.

 

1. Рауй, яғни хадисті жеткізуші кісі өзі жеткізген хадиске қайшы іс-әрекет жасамауы қажет. Егер өзі жеткізген хадиске қайшы амал етсе немесе оған қайшы үкім айтса, онда риуаяты емес, керісінше іс-амалы есепке алынады. Бұл жерде ұстанатын дәлелі мынау: егер рауи риуаятының үкімін жоятын басқа дәлел білмегенде, онда өзі риуаят еткен хадис бойынша амал ететін еді. Себебі олардың Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадистеріне қарсы келуі мүмкін емес. Егер олай ететін болса, онда рауйден талап етілетін «әділ болу» шартына нұқсан келтіреді. Олай болса, мұндай жағдайда сахабаның риуаятын емес, оның іс-амалын негізге алу қажет. Мәселен «рүкүғта қол көтеріледі» деген хадисті риуаят еткен Абдулла ибн  Мәсғуд, Абдулла ибн Омар, Али ибн Әби Талиб сынды ғалым сахабалар өздері риуаят еткен хадистеріне өздері қайшы әрекет еткендігіне қатысты мәліметтер дерек көз кітаптарда кездеседі. Мысалы, «Сахих Бухариде» сахаба Абдулла ибн Омардан келген хадисте Пайғамбарымыздың (с.а.с.) рүкүғқа иілгенде және бойын тіктеген кезде қолын иық тұсына көтергендігі айтылады (Жамиу Сахихи әл-Бухари – 84-баб/736-хадис.) Бірақ, кейіннен ол өзі айтқан аталмыш хадиске қайшы әрекет еткен. Мүжәһидтің айтуына қарағанда Абдулла ибн Омар намазда тек әуелгі тәкбірде қолдарын көтеретін. Сахабаның бұл әрекеті әлгі өзі келтірген хадистің үкімінің жойылғандығын көрсетеді. Әбу Дауідте Әзірет Алиден де Алла Елшісінің рүкүғда қолды көтергендігі жайлы хадис риуаят етілген. Әйтсе де, Әзірет Алидің рүкүғдан кейін қолын көтермегендігіне қатысты дерек те бар (А. Қасым. Дәлел-дәйектерімен намаз оқу үлгісі). 

 

2.Ахад хадис көп қайталанатын және әрбір мұсылманның білуі тиіс негізгі мәселелер жайында болмауы керек. Яғни Ислам дінінде күнделікті өмірде әрдайым қайталанып, кездесіп отыратын мәселелер бар. Бұлар мұсылмандардың ең бірінші орында білулері керек мәселелер болып табылады. Мысалы, бес уақыт намаз, дәрет, ораза т.б. секілді мәселерге қатысты үкімдер. Ахад хадис мұндай үкімдерді баяндайтын болса, ханафи мәзхабы бойынша онымен амал етілмейді. Себебі көп қайталанатын  іс-амалдарды баяндайтын  хадистер мутауатир немесе мәшһүр дәрежесіне шығуы тиіс. Ондай іс-амалдарды көпшіліктің білмеуі мүмкүн емес. Осы шартқа байланысты ханафи мәзхабы ғалымдары Абдуллаһ ибн Омардың (р.а.) риуаят еткен: «Алла елшісі (с.а.с.) рукуғқа иілетін кезде және басын рукуғтан көтергенде екі қолын көтеретін (яғни тәкбір алатын)[1]» деген хадисі бойынша амал етпеген. Себебі олардың айтуы бойынша, намаз ең көп қайталанған құлшылық және Пайғамбарымыз (с.а.с.) егер осылай рукуғқа иілетін кезде және рукуғтан көтерілгенде қолдарын әрдайым көтерген болса, онда бұл сүннет көптеген сахабалар тарапынан риуаят етіліп әрі өздері де сүннетке сай әрекет етер еді.

 

3. Хадисті жеткізуші рауй фиқһты терең меңгерген, мүжтахидтік ерекшелігімен көзге түскен кісі емес болса және риуаят еткен хадисі қияс пен шариғи негіздерге қарама-қайшы келсе, онда бұл хадис те дәлел ретінде алынбайды. Мысалы, бір сахабаның Пайғамбарымыздан (с.а.с.) жеткізген хадисінде айтылған үкім қияс пен шариғат негіздеріне қайшы болуы мүмкін. Ондай жағдайда сол хадисті жеткізген сахаба егер төрт халифаның бірі немесе Абдулла ибн Аббас, Абдулла ибн Мәсғуд секілді әрі хадис рауиі ретінде әрі фиқһты терең меңгерген ерекшеліктерімен танылған сахаба болса, онда ол арқылы жеткен хадиспен амал етіледі. Ал егер рауи Әнәс ибн Малик, Біләл секілді тек қана хадис жеткізушісі ретінде танылған, бірақ фиқһ тұрғысанан танымал емес сахаба болса және жеткізген хадисі жоғарыда айтылғандай қияс пен шариғат негіздеріне қайшы келсе, ондай хадиспен негізге алынбайды. Ханафи мәзхабының мұндай шартты қоюына рауилердің арасында хадисті мағынасы бойынша риуаят етудің кең жайылғандығы себеп болған. Мұндай жағдайда фиқһты терең меңгерген сахаба Пайғамбарымыздың (с.а.с.) бір үкімді баяндаған хадисін риуаят еткенде негізгі мағынасын беріп, бірақ сөздерін өз сөздерімен айтса да, ол сол үкімнің мағынасын беретін сөздерді қолданады. Себебі үкімнің мағынасын дәл білгендіктен оның сөздерін де сол мағынаға сай таңдайды. Ал егер фиқһты терең меңгермесе, мағынасы бойынша хадисті риуаят еткенде сөздерін өз сөздерімен айту барысында тура сол үкімнің мағынасын беретін сөзді қолданбауы мүмкін. Ал синоним сөздердің өзінің арасында кейде мағына жағынан сәл де болса өзгешелік болатынын ескерер болсақ, хадисті сөзбе-сөз жеткізбей, тек қана жалпы мазмұнын жеткізу барысында хадистен шығатын үкімнің мәні де ауысып кетуі мүмкін. Себебі үкім шығару барысында әрбір сөздің берер мағынасы зор.

 

Мәселен, кейбір мәзһаб өкілдері рукғқа иілгенде және бойды тіктегенде екі қолды көтеруге қатысты дәлел ретінде Уайл ибн Хужрдың (р.а) хадисін келтірілген. Осыған қатысты Имам Тахауи келтірген риуаятта әл-Муғира (р.а) былай деген: «Ибраһимге Уайлдың «Пайғамбарымыздың (с.а.с) намазды бастағанда, рукуғқа иілгенде және рукуғтан бастарын көтергенде екі қолын көтергенін көрдім» деген хадиске қатысты не айтасыз?» дедім. Ол кісі: «Егер Уайл ол кісінің солай жасғанын бір рет көрген болса, Абдулла олай жасамағанын елу рет көрген» деді. Ұлы табиғиндерден бірі және имам Ағзамның ұстазы Ибраһим ән-Нахаиге (р.а) осы мәселе айтылған кезде қай хадистің қабылдауға лайығырақ екенін анықтау мақсатында ол Абдулла ибн Масғудтың (р.а) хадисін жауап ретінде келтірген. Негізінен Уайл ибн Хужрдің (р.а) иманға келгеннен кейін пайғамбарымыздың (с.а.с) жанында бар-жоғы бір-ақ апта болып, намаз оқуды үйренгені, сосын еліне қайтып кетіп, кейін пайғамбарды (с.а.с) қайта көрмегендігі анық. Оның үстіне пайғамбарымыз (с.а.с) ол кісіге үйрету үшін арнайы мәміле қылған. Пайғамбардың (с.а.с) рукуғқа барарда және қайтарда екі қолын көтермегендігі жөнінде хадисті жеткізген сахаба Абдулла ибн Масғуд (р.а) болса, ең бірінші иманға келген және Алла елшісіне өте жақын, ғалым сахабалардың бірі. Сондықтан оның жеткізген хадисі дәлелге санауға лайықтырақ саналады (Мұхаммед Садық Мұхаммед Юсуф. «Исламдағы талас тартыстар» атты еңбегінен).

 

Бұған мысал ретінде имам Ағзам мен әйгілі хадисші ғалым имам Әузағи арасында орын алған мына бір оқиғада имам Әузағи имам Әбу Ханифадан рукуғқа иілгенде және баста көтергенде неге қолдарын көтермейтіндігін сұрағанда Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) тек намазды бастарда ғана екі қолын көтергені жайлы сахих хадиске сүйенгенін айтқан. Сонда Әузағи өзі білетін хадисті хадис жеткізушілердің тізбегімен қоса айтқанда Имам Ағзам: «Хаммад Ибраһимнен, ал Алқама Абдулладан риуаят еткен хадисте: Ол (Абдулла ибн Мәсғуд): «Мен сендерге Аллаһ елшісінің намазды қалай оқығанын көрсетейін бе?» – деп намаз оқыды. Намазда екі қолын тек бір-ақ рет көтерді» – деген» дей келе сөздерін былай сабақтаған:  Әузағи әлі де нақтылай түскісі келгендей: «Менің хадисімді жеткізген Хаммад сенің хадисіңді риуят еткен Зухриді фиқһ жағынан он орап алады. Сол секілді Ибраһим ән-Нәхәи де Салимнен фиқһты жақсы меңгерген. Алқама да Абдулла ибн Омардан кем емес. Ибн Омардың сахабалық деңгейі болса да, Асуадтың да бірнеше артықшылықтары бар. Ал Ибн Мәсғудтқа аты аталғандардың ешбірі білім-білігімен тайталаса алмайды» деп, өзінің айтқан хадисінің риуаятшылары фиқһ ілімін жетік меңгерген, білімді адамдар екендігін алға тартады(Таханауи. Иълау сунән. 3-т., 74-75-бб.). Яғни, Әбу Ханифа хадистың ең абзалын таңдағанда рауилердің фиқһты меңгеру деңгейлеріне де мән берген

 

Осы айтылғандардан былайша ой түйміз. Әбу Ханифа мен оның шәкірттері кейбір хадистерді неге алмаған дегенге келсек, оның жоғарыда аталған және одан да басқа көптеген себептері бар. Сондықтан да, хадис ілімі мен фиқһ әдіснамасын меңгермей жатып, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өмірбаянын, сахабалар өмір сүрген тарихи кезең мен олардың аят пен хадистерді қалай талдап, қалай түсінгенін білмей жатып, «Мынау сахих хадиске қайшы келеді, сондықтан, Әбу Ханифаның көзқарасы дұрыс емес» деп, ағат үкім беру орынсыз һәм негізсіз, ең бастысы абыройсыз тірлік болмақ. Бұл тек хадис пен фиқһ мәселелерін терең зерттеп, ол жайлы осы уақытқа дейін басқа да ғұламалардың тұжырымдарын, ойларын ой сүзгісінен өткізіп барып өткенді бүгінге, бүгінгіні келешекке жалғаған ғибрат мектебі десе болғандай. Естен кетпейтін ерекше қабілетке ие һәм мүжтәхид ғалым екенін ғұламалар бірауыздан мойындаған Әбу Ханифаның исламның әлемге шуақ шашқан сахабалар мен солардың тәлімін алған, ғылым мен тақуалықта айтулы шоқ жұлдыз боп жарқыраған шоғырдай топ табиғин мен атбағут-табиғин кезінде өмір сүргенін ескерсек, пікірлері мен ұстанған өлшемдерінің ислам рухына сай келетінін көреміз.

Негізінде бұл және өзге де діннің негізгі емес, тармақты саналатын мәселелеріне қатысты түрлі көзқарас білдірілген тақырыптарда «менің ғана көзқарасым дұрыс, қалғандары адасуда» деп бірден үкім пішпей, дінге жаны ашыған адам әдептілік шеңберінен шықпай, мұсылмандар арасындағы бірлікке сызат түсірмеуге тырысу қажет. Таза исламға шақыруды желеу етіп, мужтахид имамадар салып кеткен сара жолдың бәрін төңкеріп тастап, дінде реформа жасауға ұмтылудың қандай зардаптарға душар ететіндігін бүкіл әлем мен мұсылман жұртшылығы тегіс көріп отыр. Сондықтан да мұсылман баласы қашанда сабырлық пен төзімділік, мейірімділік пен әдептілік шеңберінен шықпай, парасаттылық танытқаны абзал.



[1] Бухари, Азан, 83-86

 

Оқылды 592 рет
Жауап берген:
JoomShaper
Top