Айнұр Әбдірәсілқызы

Филология ғылымдарының кандидаты,
араб әдебиеті (құрантану) бойынша ғылым магистрі

Өмірбаяны Арнау сөз Мақалалары Еңбектері Сұрақ қою

Өмірбаяны

Әбдірәсілқызы Айнұр, 04.07.2021 жылы туылған. Филология ғылымдарының кандидаты, араб әдебиеті (құрантану) бойынша ғылым магистрі. Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің бакалавриатын, магистратурасы мен аспирантурасын тәмамдаған. ҚазҰУ құрамындағы «Әлем тілдері және халықаралық журналистика» университетінің, Түркия Республикасының Анкара университеті мен «TOMER» тіл үйрету орталығының арнайы курстарын бітірген, «Жиһан» ақпарат агенттігінде журналистік машықтанудан өткен. 1998-2005 жылдар аралығында Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Араб филологиясы және Қазақ әдебиеті кафедраларында оқытушы, Терминдер сөздіктерін даярлау және аударма орталығында аудармашы, редактор, Ясауитану ғылыми-зерттеу орталығында жетекші маман, ғалым-хатшы, директор орынбасары қызметтерін атқарған. 2005-2011 жылдары ҚР Ұлттық Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, ҚР Ұлттық кітапханасының Редакциялық-аударма бөлімінің меңгерушісі, ҚР Мәдениет министрлігі Дін істері комитеті Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының Діни орталықтарды зерттеу бөлімінің бастығы болып жұмыс істеген. 2011 жылдан ҚР Дін істері агенттігінің Діни оқу орындарымен байланыс және дінтану сараптамасы басқармасының басшысы қызметінде болды. Қазіргі уақытта ҚР Дін істері агенттігі төрағасының кеңесшісі қызметін атқарады. 7 кітаптың, 100-ден астам мақаланың авторы, 20-ға жуық ғылыми-танымдық басылымдардың редакторы. Ақын, Н.Төреқұловтың 105 жылдығына арналған республикалық мүшәйраның жеңімпазы.

Арнау сөзі

Армысыздар, қадірлі замандастар!

Сіздер мен біздерді замана талабы дүниеге әкелген "E-Islam" порталы тоғыстырып отыр. Мен мамандығым жағынан араб тілді шығыстанушы-филологпын. Араб тілін ислам дінін үйрену үшін рухани ізденісіме бастар жол ретінде таңдағанмын. Сырт көріністе зайырлы қоғамның заңды перзенті болғаныммен, «иман адамның жүрегінде» деген ұстанымға берік байланғанмын. Ғылыми зерттеулерімнің негізгі бағыттары – құрантану, Қазақстандағы ислам тарихы, діни қозғалыстардың тарихы мен қызметі, шығыс және түркі халықтары әдебиетіндегі дін тақырыбы, діни поэзия. Қазақы қалыптың қаймағы бұзылмаған оңтүстік өңірінің тумасы ретінде дін және дәстүр тақырыбы менің жаныма жақын. Қазақтың «иман таразысы» деген ұғымының бір жағында сенім, екінші жағында рухани құндылықтар тұрады. Иман таразысы теңелуі үшін оның екі басы бірдей болуы қажет. Дәстүр дінсіз, дін дәстүрсіз өмір сүрмейді. Сондықтан да дін тарихы дегеніміз біз үшін – мәдениет тарихы, ұлт тарихы, рух тарихы. Мен сіздермен осы бағытта ой бөліскім келеді. Сонымен қатар әйел-ана ретінде замандас құрбыларымның сырын тыңдап, сұхбатын бөлісіп, сауалдарына жауап беруге әзірмін.

Еңбектері

  • 1. Мезгілсіз дәурен: Өлеңдер. –Алматы: Жазушы, 2006. –88 бет.
  • 1.2. Қожа Ахмет Ясауидің ақындық әлемі: Монография. – Алматы: «КИЕ» лингвоелтану-инновациялық орталығы, 2007. –264 бет.
  • 1.3. Қожа Ахмет Ясауи: Ғасырлар шыңынан шашылған нұр: Ғылыми басылым. – Алматы: Қазэтнодизайн, 2007. – 480 бет.
  • 1.4. Қожа Ахмет Ясауи: Библиографиялық көрсеткіш (Қазақ және орыс тілдерінде). –Алматы: Арыс, 2008. –144 бет.
  • 1.5. Хикмет-ғұмыр: Өлеңдер, эсселер /Әлеуметтік маңызды әдебиет түрлерін шығару» бағдарламасы аясында/. – Алматы: Жалын, 2010. – 96 бет.
  • 1.6. Қазақстандағы сопылық: бастаулары, тарихы, қазіргі жай-күйі. Сараптамалық шолу. – Астана: Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы, 2010. – 60 бет.
  • 1.7. Дін. Дәуір. Дәстүр: Ғылыми-танымдық мақалалар жинағы. – Павлодар, 2014 жыл. – 232 бет.

Мақалалары

  • Қазақтың ақидасы – парасат немесе Матуриди ақидасының қазақ дүниетанымындағы орны жайында
  • Имамның сәні – жамағат немесе жүректегі иман жайлы сөз
  • Қазақ орамалға қарсы емес, бірақ хижабтың жөні бір басқа
  • Қазақ қоғамындағы әйел мәртебесі: кеше мен бүгін
  • Рухани құндылықтарды қалыптастыру мен дамытудағы қазақ әйелінің орны
  • Құрбан айт – игі бастамалар мейрамы
  • Ислам еңбек жайында
  • Дәстүрлі отбасылық құндылықтар және тәрбие мәселесі
  • Құрбан айт – қанағаттың мерекесі
  • Тіл өнері – дертпен тең
  • Қазақстандағы этноконфессиялық идентификация мәселесі: мемлекет құраушы ұлт және заманауи сын-тегеуріндер
  • Дәстүрлі құндылықтарды жаңғырту радикалды идеологияның алдын алу құралы ретінде
  • Қазақстандағы діни білім жүйесі: тарихы, қазіргі жай-күйі және өзекті мәселелері
  • Қазақстандағы дінтанулық білімнің қазіргі жай-күйі және өзекті мәселелері
  • Қазақстандағы дінтану сараптамасы: өткені мен бүгіні
  • Дін және дәстүр сұхбаты заманауи сын-тегеуріндер аясында
  • Қазақстандағы діни-ғылыми ақпараттық деңгей
  • Қазақстандағы дәстүрлі діндердің қазіргі жай-күйі (әлеуметтанулық зерттеулер негізінде)
  • БАҚ-тарда діни ұйымдар мен діни бірлестіктер қызметін жариялаудың негізгі қағидалары
  • Қазақстандағы сопылық: бастаулары, тарихы, қазіргі жай-күйі
  • Оғыз-қыпшақ дәуірінің әдебиеті
  • Әбу Насыр әл-Фарабидің әдеби-ғылыми мұрасы
  • «Шахнама» және «Құтты білік»: үндестіктер мен сабақтастықтар
  • Махмұт Қашқаридің «Түрік тілінің сөздігі» еңбегіндегі өлең мәтіндерінің құрылысы
  • Көне түркі әдебиетіндегі елдік мұраттар
  • Қазақ әдебиетіндегі мінәжат жанры: ежелгі поэзия мен қазіргі әдебиеттегі көрінісі
  • Мағжан Жұмабаев поэзиясындағы түркілік таным көріністері
  • Есенғали Раушанов шығармашылығындағы көне түркілік сарындар
  • Қадыр Мырзалиев шығармашылығындағы ежелгі әдеби дәстүрлер жалғастығы
  • Қожа Ахмет Йасауи поэзиясын зерттеу мәселелері
  • «Диуани хикметті» қазақ тіліне аударудың кейбір мәселелері
  • «Диуани хикмет» шығармасының атауы жайында
  • Түркі әдебиетіндегі хикмет жанры
  • Йасауи поэзиясының түркілік бастаулары
  • Қожа Ахмет Йасауидің ақындық мектебі
  • «Диуани хикметтегі» көркемдік-бейнелеу құралдары
  • Йасауи, Абай, Шәкәрім: сабақтастық сырлары
  • «Диуани хикметтің» буындық құрылым-жүйесі
  • Йасауи хикметтері және аруз өлшемі

Көкілташ медресесі туралы аңыз айтқаныңызды естіп ем. Сол туралы айтып берсеңіз?

Сәрсенбі, 15 Қазан 2014 04:55

- Айнұр Әбдірәсілқызы, сіздің бір жиында Көкілташ медресесі туралы аңыз айтқаныңызды естіп ем, сол аңызды еш жерден кездестірмеппін. Ол туралы жазғандарыңыз жоқ па?

- Бұл аңызды мен мектеп қабырғасында жүргенде шамамен 1991-1992 жылдары «Зерде» журналынан оқыған едім. Жаныма жақын болған соң көкейімде жатталып қалыпты. Ал осыдан он-он бес жыл бұрын осы аңыздың Халел Досмұхаммедовтың «Аламан» атты еңбегінде де келтірілгенін оқыдым, бірақ ол кітап қолыма түспеді. Сірә, тәуелсіздігіміздің бастапқы кезеңінде «Зерде» журналын шығарушылар қайта оралған зиялыларымыздың еңбектерін жаңғыртып жатқанда аңызды сол Халел ағамыздың кітабынан көшіріп басқан болса керек.

Менің баяндауым түпнұсқаға аса жанаса қоймас, дегенмен ескіден қалған соқпақтың сорабымен қысқаша аңыздап көрейін.

Сахарада жайын жүрген қазақтардың мұсылмандығына күмәнданған Бұхара ғалымдарының бір бөлігі «Мешіт-медресе бақпаған осы халықтың мұсылманшылығы шамалы, бұл қазақтарды дінсіз деп жариялап, құлдыққа салу керек» деген пәтуа шығармақ болады. Сонда Құдайына қараған бір ғұлама: «Бүкіл бір халықты сырттай тон пішіп, кәпір деп жариялау жөн болмас, алдымен кісі жіберіп, араларынан бір өкілін алдырып сынайық, сауалдарымызға жауап бере алмаса, сонда лайықты пәтуасын шығарайық» дейді. Осыған тоқтасып, кісі салғанда, қазақтар өз арасынан Көге деген жас жігітті жібереді. Көге ислам шариғатының бүге-шігесіне дейін жетік білетін білімдарлығымен Бұхара ғұламаларының таңдайын қақтырады. Оған тәнті болған бұхаралық ғалымдар: «Қандай тілегің бар, орындайық» дегенде Көге: «Мен осы Бұхараның ортасынан медресе салып, бала оқытсам деймін» дейді. Бұл тілегіне бұхаралықтар келіскен соң: «Тек бір шартым бар. Маған медресені салысуға балиғатқа толғалы дәретсіз жер баспаған жандар ғана келетін болсын» дейді. Сонда мұсылмандығымыз өзгеге өнеге боларлықтай дәрежеде деп астам ойда жүрген дүйім Бұхара жұртынан балиғатқа толғалы дәретсіз жер баспаған бір адам шықпайды. Сөйтіп Көге сол медресені жалғыз өзі салған екен деседі. Ел «Көге тасы» атап, соңында «Көкілташ» медресесі атанған, сан ғасыр бойы бүкіл Орта Азия руханиятына қызмет еткен сол оқу орны Өзбекстан жерінде бүгінге дейін тұр.

Бұл шағын аңыздың жалғасы бар. Бірақ ол бұл сауалдың жүгі емес. Таяу арада оған да айналып соғармыз деп ойлаймын.

Ал, жоғарыдағы аңызға бүгінгі күннің көзімен қарасам, маған Көкілташ медресесі дәстүрлі қазақ мұсылмандығына орнатылған ескерткіш тәрізді көрінеді. Сол медресені сайын далада салмай, онсыз да мешіт-медресенің кені болған Бұхара жұртының ортасына соғуы Көге бабамыздың көкірегіндегі ұлы арманның жарып шыққан көрінісі болса керек. Бабамыз сан ғасырдан кейін келетін ұрпағына тағы да тексіз біреулер келіп: «Сенің мұсылманшылығың шамалы, мешіт-медресе ұстап жарытпадың, сенің дінің дін емес, ең таза дін – біздің дін» деп көкірек кермесін, сүйегіне таңба салмасын, иманынан жаңылдырмасын деп, қазақтың қандай мұсылман екенін дәлелдеу мақсатында шаһарлы жұрттың ортасынан ойып ескерткіш қалдырған болар... Сол арқылы Көге бабамыз шын иманның мешіт пен медресенің санымен емес, адамның таза жанымен өлшенетінін, Алланың үйі қазақтың даласында кем болғанымен жүрегінде берік орнағанын дәлелдегісі келіп назаланған да болар...

Ақиқатын Алла біледі, ал абыздар мен аңыздар елінде өскен дала перзенті мен үшін – бұл ескерткіш қазақ халқының діни-ұлттық бірегейлігіне сынмен қарап, сына қаққысы келгендерге берілген тарихи жауап іспетті. 

 

 

 

Оқылды 755 рет
Жауап берген:

Сарапшылар

Айнұр Әбдірәсілқызы

Толық ақпарат Сұрақ қою

Балғабек Мырзаев

Толық ақпарат Сұрақ қою

Алау Әділбаев

Толық ақпарат Сұрақ қою

Ершат Оңғаров

Толық ақпарат Сұрақ қою

Қайырғалиев
Мақсатбек

Толық ақпарат Сұрақ қою

 

Әлеуметтік желілер

Намаз уақыты

 

Сауалнама

Күнтізбе

« Жеотқосан 2014 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жб
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        

Құран (аудио)

JoomShaper