Айнұр Әбдірәсілқызы

ҚР МСМ Дін істері комитеті Дін мәселелерін зерттеу және талдау орталығының директоры
Филология ғылымдарының кандидаты, араб әдебиеті (құрантану) бойынша ғылым магистрі

Өмірбаяны Арнау сөз Мақалалары Еңбектері Сұрақ қою

Өмірбаяны

Әбдірәсілқызы Айнұр, 04.07.2021 жылы туылған. Филология ғылымдарының кандидаты, араб әдебиеті (құрантану) бойынша ғылым магистрі. Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің бакалавриатын, магистратурасы мен аспирантурасын тәмамдаған. ҚазҰУ құрамындағы «Әлем тілдері және халықаралық журналистика» университетінің, Түркия Республикасының Анкара университеті мен «TOMER» тіл үйрету орталығының арнайы курстарын бітірген, «Жиһан» ақпарат агенттігінде журналистік машықтанудан өткен. 1998-2005 жылдар аралығында Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Араб филологиясы және Қазақ әдебиеті кафедраларында оқытушы, Терминдер сөздіктерін даярлау және аударма орталығында аудармашы, редактор, Ясауитану ғылыми-зерттеу орталығында жетекші маман, ғалым-хатшы, директор орынбасары қызметтерін атқарған. 2005-2011 жылдары ҚР Ұлттық Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, ҚР Ұлттық кітапханасының Редакциялық-аударма бөлімінің меңгерушісі, ҚР Мәдениет министрлігі Дін істері комитеті Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының Діни орталықтарды зерттеу бөлімінің бастығы болып жұмыс істеген. 2011 жылдан ҚР Дін істері агенттігінің Діни оқу орындарымен байланыс және дінтану сараптамасы басқармасының басшысы қызметінде болды. Қазіргі уақытта ҚР МСМ Дін істері комитеті Дін мәселелерін зерттеу және талдау орталығының директоры. 7 кітаптың, 100-ден астам мақаланың авторы, 20-ға жуық ғылыми-танымдық басылымдардың редакторы. Ақын, Н.Төреқұловтың 105 жылдығына арналған республикалық мүшәйраның жеңімпазы.

Арнау сөзі

Армысыздар, қадірлі замандастар!

Сіздер мен біздерді замана талабы дүниеге әкелген "E-Islam" порталы тоғыстырып отыр. Мен мамандығым жағынан араб тілді шығыстанушы-филологпын. Араб тілін ислам дінін үйрену үшін рухани ізденісіме бастар жол ретінде таңдағанмын. Сырт көріністе зайырлы қоғамның заңды перзенті болғаныммен, «иман адамның жүрегінде» деген ұстанымға берік байланғанмын. Ғылыми зерттеулерімнің негізгі бағыттары – құрантану, Қазақстандағы ислам тарихы, діни қозғалыстардың тарихы мен қызметі, шығыс және түркі халықтары әдебиетіндегі дін тақырыбы, діни поэзия. Қазақы қалыптың қаймағы бұзылмаған оңтүстік өңірінің тумасы ретінде дін және дәстүр тақырыбы менің жаныма жақын. Қазақтың «иман таразысы» деген ұғымының бір жағында сенім, екінші жағында рухани құндылықтар тұрады. Иман таразысы теңелуі үшін оның екі басы бірдей болуы қажет. Дәстүр дінсіз, дін дәстүрсіз өмір сүрмейді. Сондықтан да дін тарихы дегеніміз біз үшін – мәдениет тарихы, ұлт тарихы, рух тарихы. Мен сіздермен осы бағытта ой бөліскім келеді. Сонымен қатар әйел-ана ретінде замандас құрбыларымның сырын тыңдап, сұхбатын бөлісіп, сауалдарына жауап беруге әзірмін.

Еңбектері

  • 1. Мезгілсіз дәурен: Өлеңдер. –Алматы: Жазушы, 2006. –88 бет.
  • 1.2. Қожа Ахмет Ясауидің ақындық әлемі: Монография. – Алматы: «КИЕ» лингвоелтану-инновациялық орталығы, 2007. –264 бет.
  • 1.3. Қожа Ахмет Ясауи: Ғасырлар шыңынан шашылған нұр: Ғылыми басылым. – Алматы: Қазэтнодизайн, 2007. – 480 бет.
  • 1.4. Қожа Ахмет Ясауи: Библиографиялық көрсеткіш (Қазақ және орыс тілдерінде). –Алматы: Арыс, 2008. –144 бет.
  • 1.5. Хикмет-ғұмыр: Өлеңдер, эсселер /Әлеуметтік маңызды әдебиет түрлерін шығару» бағдарламасы аясында/. – Алматы: Жалын, 2010. – 96 бет.
  • 1.6. Қазақстандағы сопылық: бастаулары, тарихы, қазіргі жай-күйі. Сараптамалық шолу. – Астана: Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы, 2010. – 60 бет.
  • 1.7. Дін. Дәуір. Дәстүр: Ғылыми-танымдық мақалалар жинағы. – Павлодар, 2014 жыл. – 232 бет.

Мақалалары

  • Қазақтың ақидасы – парасат немесе Матуриди ақидасының қазақ дүниетанымындағы орны жайында
  • Имамның сәні – жамағат немесе жүректегі иман жайлы сөз
  • Қазақ орамалға қарсы емес, бірақ хижабтың жөні бір басқа
  • Қазақ қоғамындағы әйел мәртебесі: кеше мен бүгін
  • Рухани құндылықтарды қалыптастыру мен дамытудағы қазақ әйелінің орны
  • Құрбан айт – игі бастамалар мейрамы
  • Ислам еңбек жайында
  • Дәстүрлі отбасылық құндылықтар және тәрбие мәселесі
  • Құрбан айт – қанағаттың мерекесі
  • Тіл өнері – дертпен тең
  • Қазақстандағы этноконфессиялық идентификация мәселесі: мемлекет құраушы ұлт және заманауи сын-тегеуріндер
  • Дәстүрлі құндылықтарды жаңғырту радикалды идеологияның алдын алу құралы ретінде
  • Қазақстандағы діни білім жүйесі: тарихы, қазіргі жай-күйі және өзекті мәселелері
  • Қазақстандағы дінтанулық білімнің қазіргі жай-күйі және өзекті мәселелері
  • Қазақстандағы дінтану сараптамасы: өткені мен бүгіні
  • Дін және дәстүр сұхбаты заманауи сын-тегеуріндер аясында
  • Қазақстандағы діни-ғылыми ақпараттық деңгей
  • Қазақстандағы дәстүрлі діндердің қазіргі жай-күйі (әлеуметтанулық зерттеулер негізінде)
  • БАҚ-тарда діни ұйымдар мен діни бірлестіктер қызметін жариялаудың негізгі қағидалары
  • Қазақстандағы сопылық: бастаулары, тарихы, қазіргі жай-күйі
  • Оғыз-қыпшақ дәуірінің әдебиеті
  • Әбу Насыр әл-Фарабидің әдеби-ғылыми мұрасы
  • «Шахнама» және «Құтты білік»: үндестіктер мен сабақтастықтар
  • Махмұт Қашқаридің «Түрік тілінің сөздігі» еңбегіндегі өлең мәтіндерінің құрылысы
  • Көне түркі әдебиетіндегі елдік мұраттар
  • Қазақ әдебиетіндегі мінәжат жанры: ежелгі поэзия мен қазіргі әдебиеттегі көрінісі
  • Мағжан Жұмабаев поэзиясындағы түркілік таным көріністері
  • Есенғали Раушанов шығармашылығындағы көне түркілік сарындар
  • Қадыр Мырзалиев шығармашылығындағы ежелгі әдеби дәстүрлер жалғастығы
  • Қожа Ахмет Йасауи поэзиясын зерттеу мәселелері
  • «Диуани хикметті» қазақ тіліне аударудың кейбір мәселелері
  • «Диуани хикмет» шығармасының атауы жайында
  • Түркі әдебиетіндегі хикмет жанры
  • Йасауи поэзиясының түркілік бастаулары
  • Қожа Ахмет Йасауидің ақындық мектебі
  • «Диуани хикметтегі» көркемдік-бейнелеу құралдары
  • Йасауи, Абай, Шәкәрім: сабақтастық сырлары
  • «Диуани хикметтің» буындық құрылым-жүйесі
  • Йасауи хикметтері және аруз өлшемі

Зайырлы адам намаз оқымайды деген қаншалықты дұрыс?

Жексенбі, 29.05.2022

Жақында бір танысымнан «Намаз оқисыз ба?» деп сұрасам, «мен зайырлы адаммын, намаз оқымаймын» дейді. Мен сіздің «Зайырлылық – дінсіздік емес» деген мақалаңызды оқыған едім, сонда жаңағы кісінің зайырлы адам намаз оқымайды дегені қаншалықты дұрыс?

Әрбір мемлекет кезең-кезеңімен өз дамуы барысында қалыптасқан ұғымдарға дер кезінде жан-жақты түсінік беріп отыруы қажет. «Зайырлы» сөзі қазір сондай кең түсінік беруге зәру ұғымдардың біріне айналып отыр.

Әлемдік айналымда «зайырлы мемлекет» деген ұғым кеңінен қолданылады, ал «зайырлы адам» деген ұғым не ғылыми қолданыста, не көсемсөзде (публицистикада) кездеспейді. Тіпті «зайырлы қоғам» деген сөздің өзіне зиялы қауым мен сарапшылар қоғамдастығы күмәнмен қарайды.

«Зайырлы мемлекет» дегеніміз не? Ол – дін шариғатымен емес, заманауи құқықтық қағидаттармен басқарылатын жүйе. Сондықтан зайырлы мемлекет діннен бөлінген делінеді, бұл – мемлекеттік басқару және реттеу жүйесі діннен бөлінген деген сөз.

Бірақ қоғам діннен бөлінбейді, керісінше мемлекет қоғам мүшелерінің – өз азаматтарының діни сенім бостандығын қамтамасыз етеді. Барлық діндер заң алдында тең саналады, ешбір дін де, сонымен қатар дінсіздік те мемлекетте басымдыққа ие бола алмайды. Ешкімге дін ұстауға немесе ұстанбауға қатысты қысым көрсетілмейді.

Зайырлы мемлекетте сонымен қатар адамгершілік-өнегелілік қағидаттардан бастау алатын жоғары рухани құндылықтар, өзара құрмет, түсіністік, мәмілегерлік (толеранттылық) ұстанымдарына негізделген ұлтаралық және дінаралық татулық секілді мемлекеттің ішкі тұрақтылығы мен дамуына септесетін қағидаттар басшылыққа алынады.

Енді «зайырлы адам» деген ұғымға келейік. Егер ондай ұғым бар болса, оған қандай анықтама берер едік? Зайырлы адам – білімді, көзі ашық, зияткер (интеллектуал) адам, кәсіби маман, отаншыл тұлға, діндарларға және өзге дін өкілдеріне құрметпен қарай білетін жан делік, ал ол адамның өзінің дінге қатынасы қандай болмақ? «Зайырлы адам діннен бөлінген» дейміз бе? Онда оның атеистен қандай айырмашылығы қалады? Ол үшін «зайырлы» деген ұғымды бөлек қолданудың қандай мәні бар?

Атеизм – зайырлылықтың баламасы емес, ол өз алдына бөлек дүниетанымға жатады. Ал адам өзін діннен бөлекпін деп санаса, демек ол дінді ұстанбайды деген сөз. 

Міне, осы жерде «зайырлы адам» деген ұғымның ішкі қайшылығы айқын көрінеді. Сондықтан әлемдік қауымдастықта, соның ішінде ұғымдарға сақ көрші Ресей елінде де ғылыми ортада, ресми құжат айналымында, БАҚ-тарда «зайырлы адам» деген ұғым қолданылмайды.

Өз кезінде бұл ұғымды пікірталас алаңына шығарып, оған анықтама беруге тырысқандар болды. Бірақ жоғарыда аталған дін ұстануға қатысты қайшылыққа келгенде мұндай ұғымды орнықтыру мүмкін еместігі еріксіз мойындалды.

Енді мына мәселенің басын ашып алайық: зайырлылық пен діндарлық екі бөлек дүние емес, оларды салалас (параллель) ұғымдар ретінде де, қарама-қарсы ұғымдар ретінде де қарастыруға болмайды.

Зайырлылық − мемлекеттің, ал діндарлық − жеке тұлғаның сипаты.

Зайырлы мемлекет аясындағы қоғам ішінде діндар да, дінсіз де, құдайды мойындағанмен, құлшылық жасамайтындар да қатар өмір сүре береді. Олардың барлығы да жоғарыда аталған зайырлылық қағидаттарын, зайырлы мемлекет заңнамаларын мойындамаса, оның аясында тіршілік ете алмас еді. Яғни зайырлы көзқарастарды қабылдап, олардың да дамуға құқылы екенін мойындау – зайырлы мемлекеттегі дінді-дінсіз әрбір азаматқа тән ерекшелік (тіпті өздері оны толық сезінбеген жағдайда да).

Әрбір дәстүрлі дінде зайырлылық қағидаттарымен үндесетін көзқарастар мен құндылықтар жеткілікті дәрежеде кездеседі. Әсіресе ата дініміз исламда зайырлылық қағидаттары мейлінше терең орныққан (бұл мәселеге қатысты «Зайырлылық және жоғары руханият – дәстүрлі құндылықтар негізі» атты мақаламыздан көбірек мәлімет ала аласыз). Ислам шариғаты мемлекетте өмір сүріп жатқан адам өмірінің барлық қоғамдық қырларын, барша қатынастарын реттеуге бағытталған, бұл орайда діндарлық деңгейіне қатысты ешбір алалау орын алмайды. Сондықтан шынайы мұсылман адам зайырлы көзқарастары да берік тұлға бола алады.

Айнұр Әбдірәсілқызы

Оқылды 740 рет
Жауап берген:

Сарапшылар

Айнұр Әбдірәсілқызы

Толық ақпарат Сұрақ қою

Балғабек Мырзаев

Толық ақпарат Сұрақ қою

Алау Әділбаев

Толық ақпарат Сұрақ қою

Ершат Оңғаров

Толық ақпарат Сұрақ қою

JoomShaper
Top