Нұхтың (с.а.у) кемесі Ашура күні жер бетіне тоқтаған

Дүйсенбі, 27.10.2021

        Әзіреті Адам мен Ыдырыс пайғамбардан кейін адамзат баласы ақиқат сенімнен айырыла бастады. Жер бетін жайлаған жамандықтан арылту үшін Алла Тағала Нұх (с.а.у)-ды адамзат баласына жіберді. Нұх (с.а.у) адасқан қауымға пұттарға табынуды тәрк етіп, Жаббар Хақтың бір екендігін мойындауға шақырады. Алайда, азғынданған пенделер Нұх (с.а.у)-ның ханиф сенімін қабылдудан бас тартты. Бұл хақында Құран-Кәрімде: «Залымдар, азғындар, пасықтар, жамандар, көкірек көзі көр болғандар, ар ұяттан жұрдай еді, тура жолдан айнып, күнәға батты» деп баяндалады. Әсілі, әзіреті Нұх азғындықты түзеу үшін жіберілген еді. Иә, бұл жайында Құран-Кәрімде: «Алла ғибадатта және Одан басқа ешкімге табынбауға» шақырды. Оларға: «Аллаһқа қарсы келуден қорықпайсыңдар ма?. Рас мен сендер үшін сенімді бір Елшімін. Енді Аллаһтан қорқып маған бағыныңдар. Бұған сендерден ақы сұрамаймын, менің ақым әлемдердің Раббысына тән. Аллаһтан қорқып маған бағыныңдар. Мен сендерге ап-ашық ескертушімін. Аллаға ғана ғибадат қылыңдар, шынында мен сендерге күйзелтуші күннің азабынан қорқамын деді», деп бұйыралады.

          Әйтсе де, мейманасы тасыған азғын пенделер Нұхтың (с.а.у) дағуатын мазақ етіп: «Сенде біз секілді адамсың. Қарасаңшы. Біздің ішімізде саған алғаш сенгендер аяқ киіміміз. Аяқ киімімізден басқа саған ешкімнің сенгенін көріп тұрған жоқпыз. Бізден жоғары ештеңең жоқ», - деп жауап қатты. Олар Нұх (с.а.у)-ның уағыз-насихатына ұйып, Алланың сүйікті құлдары болған кедей-кепшікті қор санады. Нұхтың (с.а.у) қауымымен бір жерде бас қоса алмайтындарын ашып айтты. Иә, азғын топ ұлылықтың мал- мүлік, байлықта емес, тәухид пен көркем мінезде екенін ұққан жоқ. Шынтуайтында, олардың қор санаған адамдары, Құдай-Тағаланың құзырында олардан сан есе жоғары мәртебеге ие еді.  Тура жолдан тайған азғындар жоқ-жітіктерді кемсітсе де,  Нұх (с.а.у) оларды өзіне жақын  тартып, бауырына басты. Ақиқатқа шақыруда тағатсыздық танытпай, аса сабырлы бола білді. Бірақ, Нұх (с.а.у) қауымын қаншама рет ақиқатқа шақырғанмен, азғынданып кеткен қауым Алла-Тағалаға мойынсұнуға пейіл білдірмеді. Нұх (с.а.у) ұдайы олардан тек Аллаға мойынсұнуды ғана талап етті. Бірақ, азғын қауым Нұхты (с.а.у) «жынды» деп мазақ ете бастады.

           Нұх (с.а.у) қаншама құқай көрсе де өз мисиясын орындаудан қажыған жоқ. Азғын қауым өкілдері Нұх (с.а.у) өлтіреміз деп қорқытып көрді. Нұх (с.а.у) өлімнен қорықпай, тәухид мен иманды ту етіп ұстап, оларға табанды түрде қарсы күресті. Алайда ақиқатты көруі тиіс көз, шындықты естуі тиіс құлақ, Хақты зікір етуі тиіс жүрек азып-тозған еді. Сондықтан, Нұх (с.а.у) Аллаға: «Уа Раббым, қауымым мені жасынға шығарды, мені мен олардың арасына Сен үкім бер. Мені және менің қасымдағыларды құтқар» деп жалбарынды.

            Ұлы Жаратушы Нұх (с.а.у) дұғасын қабыл етті. Оған (с.а.у)-ға әуелі бір кеме жасауды бұйырды. Жасалған кемені Хаққа иланғандар келіп паналады. Азғынданған қауым Нұх (с.а.у) мен оған еруші мүміндерді келеке ете бастады. Нұх (с.а.у) әжуалауды қоймаса, олардың басына зауал келетінін хабарлады. Бірақ, азғынданған қауымға бұл сөздер әсер еткен жоқ. Олар: «Ал қанеки! айтқан зауалың келсін, көрейік» деп келемеждеуін тоқтатпады. 

            Ұлы Жаратушының әмірімен әрбір жаратылған жыныс бір-бір жұптан және Нұх (с.а.у)-ның соңынан ерген мүмін отбасылар кемеге мінді. Хақ-Тағаланың бұйыруымен көк жүзінің қақпалары ашылып, су нөсерлеп жауа бастады. Жер бетіндегі бұлақ көздері бұрқақтап су шығарды. Жер-жүзі мен көк-жүзіндегі сулар бірігіп, жер бетін топан су басты. Нұх (с.а.у)-ның  жұбайы мен ұлдарының бірі азғын қауымның ішінде болатын. Нұх (с.а.у) оларды қаншама рет ақиқат сенімге шақырды. Алайда, жұбайы мен ұлы азғын қауым өкілдері секілді пәлекет келген болса, тау басына шығып құтылатынын айтып, иман етуден бас тартты. Хақ-Тағаланың әмір етумен жер бетін топан су басқанда Нұх (с.а.у)-ды тыңдаудан бас тартқан азғын қауыммен бірге, оның жұбайы мен бір ұлы да топан суға батты. 

           Нұх (с.а.у) кеменің тыныш бір жерге тұрақтауына дұға етті. Ұлы Жаратушы оның дұғасын қабыл қылды. Ұлы Жаратушы: «Ей жер! суды жұт,  ал, көк жаңбырды доғар!», деп бұйырды. Бұл әмірден кейін әп-сәтте жер бұрқақтауын, көк күркіреуін тоқтатты. Кеме Жүди (біздің халық Қазығұрт тауы деп біледі) тауына келіп тұрақтады. Осылайша Тәңірге иман келтіргендер топан судан аман есен құтылды.        

            Құран-Кәрімде баяндалатын топан су оқиғасынан қандай қорытынды шығаруға болады? Залымдар мен азғындар, топастар, көкірегі көр соқырлар, кедей-кепшікті қор санағандардың күндердің күні басына илаһи зауал орнайтыны хақ. Ал, Алла мен Оның Елшілерінің соңынан ерушілер соңғы нәтижеде табысты һәм бақытты болмақ.  

  Бүгінгі күнге жеткен деректерге қарағанда топан судан құтылғандар кемедегі қап түбінде там-тұм қалған арпа, бидай, ноқат секілді дақылдарды араластырып, ас дайындаған көрінеді. Пісірілген ас берекелі болғаны соншалықты, барлық адамдардың қағанағы қарқ болып, тоя тамақ жепті. Бұл асты біздің халық Наурыз көже деп атайды. Арада мыңдаған жылдар өткеніне қарамастан, әзіреті Нұхтың қауымы топан судан құтылған Мұхаррам айының оныншы күнінде мұсылман жұрағаты жыл сайын «Ашура» тәттісін пісіріп, бұл күнді арнайы мереке ретінде тойлайды. Ашура мерекесінде мұсылмандар дастарханын дәмге толтырып,  көрші-қолаң мен ағайын-туысты қонақ етіп, Нұх (с.а.у)-ға мойынсұнған мүміндердің топан судан құтылғанын еске алып, одан үлкен тарихи сабақ пен ғибрат алады.

Түйін: Ашура – Хақ жолындағы қауымнрың азғындықтың құрсауынан құтылған күні. Сондықтан, адамзат баласы бұл ұлы жеңісті әрқашан ұлықтап, азғындықтан бойын аулақ ұстап, тәубасынан жаңылмауға тиісті. Әсілі, дүниенің аударылып-төңкерілуі зұлмат емес, адам баласының ниетінің бұзылуы нағыз зұлмат. Себебі, Ұлы Жаратушы жаратқан құлдарын ізгі ниетіне қарай жарылқап, жаман пейіліне қарай жазалайды. Бұл өзгермейтін заңдылық, бұл заңдылықтан тек қана ғибрат алуға тиістіміз. 

Мұхан Исахан

Оқылды 1258 рет
JoomShaper
Top