«Мінәжат» діни жанрының түркі халықтары әдебиетінде қалыптасуы

Сәрсенбі, 30.09.2021

Адам баласының өзін жаратушы Құдіретке, тылсым күш иелеріне жалынып-жалбарынуы, жәрдем тілеуі – оның болмысында бар қасиет. Сондықтан мінәжат сөздері мен жырларының адамзат қоғамының алғашқы дәуірінде-ақ пайда болғаны күмән тудырмайды. Түбі бір түркі халықтарына, соның ішінде қазақ халқына да ортақ мұралардың ең көне үлгілерінде кездесетін Тәңіріге жалбарыну, рухтардың желеп-жебеуін, тылсым күш иелерінің жарылқауын тілеу мәніндегі шумақтарды мінәжат жырларының ауыз әдебиетіндегі алғашқы нұсқалары ретінде қабылдауға болады.

Әлем әдебиетінің ежелгі үлгілерінде жиі кездесетін гимндер де мадақ пен мінәжаттың біріккен түрі әрі алғашқы бастау-көрінісі болып табылады. Сондықтан кез келген ұлт әдебиетіндегі мінәжаттың даму жолы сол әдебиеттің алғашқы үлгілерінен бастау алып, бүкіл өн бойына созылып жатқан құбылыс десек, қателеспейміз.

Ислам дінінің енуімен бірге төл әдебиетіміздегі сыйыну мәнді жырлар  ислами реңкке ие болып, «Аллаға мінәжат» ұғымының аясына топтасқаны белгілі. Ал жазба әдебиеттің біртұтас, тұлғаланған жанры ретіндегі мінәжаттың шығу төркіні исламдық араб поэзиясынан бастау алады.

Басқа да бірқатар шығыстық жанрлар секілді исламдық мазмұндағы мінәжат түркі жазба әдебиетіне парсы поэзиясы арқылы сатылай енген. Әдебиеттанушы И.Жеменей парсы әдебиетінде «мінәжат» сөзінің бес түрлі мағынасы бар екендігін көрсетеді: 1. Біреумен сырласу, сыбырласу. 2. Алламен сырласу. 3. Біреудің ішкі ойын ұғыну. 4. Сырласу. 5. Алладан тілеу.

Қазақ әдебиетіндегі мінәжат жанры туралы алғашқы толымды анықтама төл әдебиеттануымыздың негізін салушы А.Байтұрсынұлы қаламына тиесілі: «Діни дәуір мұңды-зарлы өлеңдеріне «мінәжат» деп ат қойған. Әуелде «мінәжат» деп ғұламалардың Құдайға айтқан зары, арызы, наласы айтылған. Бара-бара зарлық, мұңлық мағынасына айналып, зарлық өлең сияқты сөздер де «мінәжат» деп аталатын болған». Осы тұжырымнан кейін ғалым өз өлеңін «Мінәжат» деп атаған Сейдахмет ақынның жырынан үзінді келтіреді:

Құдай-ау мен не жаздым бұл заманға?

Қадірі болмайды екен жұрт аманда.

Ел-жұрттың қасиетін қоян алып,

Болмайды еш қадірім бір адамға.

«Басын алып тастаса, басқасы мұң-толғау болатын» мұндай өлеңдерді «мінәжат» деп атауға келіспейтінін аңдатып, мінәжаттың құдайға қаратып бастауымен ғана мінәжат болмайтынын, жырдың біртұтас сыйыну, жалбарыну, медет тілеу мазмұнына құрылуы қажеттігін айта келіп, ғалым осы сипаттарға ие нағыз мінәжат үлгілерінен мысалдар келтірген.

Әдебиеттану ғылымындағы күрделі де көп анықтамалы ұғымдардың бірі – «жанр» термині екені белгілі. «Жанр» ұғымы аясында әдебиеттің эпос, лирика, драма секілді ірі тектерінің де, олардың ішкі құрамдас бөліктері болып табылатын жанрлық түрлер де қамтылады. Айта кету керек, түркі халықтарының ішінде қазіргі татар әдебиетінде халықтық мұң-шер өлеңдерінің үлкен бөлігі жалбарыну мәнді болмаса да, Алла атына айтылмаса да мінәжат жанрының туындылары ретінде қарастырылады. Мұндай өлеңдер қатарына дүниенің өткіншілігі мен алдамшылығын, айырылысудың ащы зарын өзек еткен мұңдасу сипатты туындылар және салауаттар мен хикаяттарды қамтитын діни мазмұнды жырлар жатады. Татар әдебиеттанушылары осындай жүйелеу әдісін негіз ете отырып, бірқатар зерттеулерді дүниеге келтірді.

Дегенмен А.Байтұрсынұлының жоғарыдағы пікірі аталған зерттеулер нәтижесімен қабыса бермейді. Татар әдебиетіндегі жанрлар табиғаты біздің ұлттық әдебиетіміздің жанрларымен үнемі сәйкес келе бермейтіндіктен, анықтамаларда да айырмашылық болуы заңды. Дей тұрсақ та,мінәжат жанрына қатысты бірқатар толымды теориялық тұжырымдардың негізінен татар әдебиетінде жасалғанын атап айтуға тиіспіз. «В основе жанра мунаджата лежит трагическое начало... В мунаджате трагическое выражается в мотиве разлуки: разлуки с Родиной, разлука матери со своим ребенком, предстоящая разлука человека с жизнью» деп жазады белгілі әдебиет зерттеушісі А.Шарипов. Екінші бір татар ғалымы Х.Ю.Миннегулов: «Суть мунаджата составляет или обращенное к богу повествования о горестях человека, или изложение чувств и переживаний попавшегося в несчастье лирического героя» деген тұжырым айтады.

Классикалық араб поэзиясын зерттеген көрнекті шығыстанушы Б.Я.Шидфар жанрлар жүйесінде белгілі бір иерархия байқалатынын айқындап, оларды «жоғарғы жанр», «орта жанр», «төменгі жанр» аталатын топтарға бөлген болатын. Осы бағыттағы ізденістерді дамыта отырып, әдебиеттанушы А.Шарипов ХІІІ-ХІV ғасырлардағы түркі-татар поэзиясы негізінде жоғары, орта және төменгі рангалы жанрларға анықтама беріп, саралап көрсетеді. Зерттеуші мінәжатты жоғары рангалы жанрға жатқызады: «Жанры высокого ранга − это поэтическая публицистика, т.е. произведения, направленные на самые высокие идеалы и на высокие цели. К этим жанрам относятся: таухид, касыда (особенно касыда-нагт, посвященная пророку Мухаммеду), мунаджат (где поэт обращается к Богу, просит у Всевышнего помилования), мадхия и марсия».

Қазақ әдебиеттануындағы теориялық зерттеулердің негізгі іргетасы кеңестік кезеңде қаланғаны белгілі. Ол тұста тиым салынған тақырыптардың бірі болып табылатын мінәжат жанры жоғарыда келтірілген А.Байтұрсынұлы еңбегінен кейін дербес зерттеу нысанына айнала алмады. Осының салдарынан ортағасырлық туындылар жайлы еңбектерде мінәжат шығарманың құрылымдық бірлігі ретінде ғана аталып өткенімен, оның жанр ретіндегі сын-сипаты, шет-шегі айқындала қойған жоқ.

Аталмыш тақырыптағы зерттеулердің арнасы тәуелсіздік тұсында ғана кеңейе бастады. Бұл орайда әдебиеттанушы ғалымдар арасынан осы тақырыпқа арнайы қалам тартқан А.Ахметбек пен И.Жеменейді ерекше атауға болады. А.Ахметбек мақаласы түркі сопылық поэзиясының негізін салушы Қожа Ахмет Йасауидің «Мінәжатын» талдап-таразылауға арналса, И.Жеменей өзінің зерттеу нысаны – «Тарихи-Рашиди» еңбегіндегі мінәжат мәтіндеріне тоқтала отырып, ұлт әдебиетінің арғы-бергі кезеңдеріндегі мінәжат жанрының көріністерін біршама зерттеп-зерделеген. Ендігі кезекте аталған зерттеулер нәтижесін негізге ала отырып, қазақ әдебиетіндегі мінәжат жанрының қалыптасу және даму кезеңдерін, өзіндік ерекшеліктерін, сын-сипатын айқындап, біртұтас жанр ретіндегі лайықты бағасын беру қажеттігі туындап отыр.

Төл әдебиетіміздегі мінәжат жанрының қалыптасу, даму жолдарын егжей-тегжейлі қарастыруды жазба әдебиеттің ертеректегі нұсқаларынан бастаған жөн. Түркі халықтары әдебиетінің ежелгі дәуіріне тән ортақ туындылар – Орхон-Енисей жазбалары, Баласағұн дастаны, «Қорқыт ата кітабы» секілді шығармаларда Жаратушы құдіретті ұлықтау, оған мадақ айту, жалбарыну, тілек тілеу сынды эпизодтар біршама көрініс тапқан.Қалыптасу кезеңдерінің ұғымдық ерекшеліктеріне орай аталған мәтіндердің кейбірінде «Тәңірі», кейбірінде «Алла» сөзі қолданылады.

Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінде(VІІ-VІІІғ.) Тәңірі жаратушы, жарылқаушы, күш беруші, ұлықтаушы, қолдаушы, қаһарға ұшыратушы құдірет ретінде сипатталады. Әрбір оқиғаны суреттеу барысында «Тәңірі күш бергені үшін», «Тәңірі жарылқағаны үшін», «жоғарыда Тәңірдің құдіретімен», «ұлықтаған Тәңірі», «ел берген Тәңірі» деп Жаратушының қайырым-шарапаты үнемі еске алынып отырады. Дегенмен бұл жазбаларда Жаратушыға жалынып-жалбарыну сарындары байқала бермейді. Мұны екі түрлі себеппен түсіндіруге болады. Біріншіден, ерлік шежіресі іспетті Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк жазбалары негізінен өткен шақ оқиғаларын бірыңғай баяндауға құрылған, кейіпкерлердің жан сезімдері көріне бермейтін эпикалық сипаты басым мәтін болып табылады. Екіншіден  «Тәңірі текті, тәңірі жаратқан» деп саналған түрік қағандарының атынан айтылған сөзде Тәңірге жалбарынудан гөрі қасиеттеу сезімдері басым болуы да заңды. Орхон жазбаларында Жаратушыдан тілек тілеу сарыны «Білге қаған ұша барды. Жайы жоғары Тәңірде болсын» деген жалқы жолдан ғана аңғарылады.

Түркі әдебиетінің көне мұраларының бірі«Оғызнама» дастанындағы мифологиялық элементтердің басымдығы оны Түркі қағанаттары дәуіріне дейін дүниеге келген деп пайымдауға мүмкіндік береді. «Оғызнама» жыры ел арасында ертегі іспетті кеңінен таралып, қағазға түспес бұрын қалыпқа түскен болса керек. Дегенмен анағұрлым кейініректе –ХІІІ ғасырдың аяғында хатқа түскендіктен«Оғызнама» жырының жазылу барысында тілдік-грамматикалық тұрғыдан біршама өңделгені, жетілдірілгені байқалады. Әйтсе де шығарманың сюжеттік желісі, көркемдік-бейнелілік жүйесі, лексикалық құрамы түпнұсқадағы қалпын сақтаған деуге негіз бар. Бұған жырдағы сюжеттік құрылымның қарапайымдығы, баяндау әдісінің қалыпты-тұрақтылығы, көркемдік жүйенің түркілік төл дүниетанымнан туындаған табиғилығы себеп болуы мүмкін. Аңыздық сипаты басым «Оғызнаманың» тақырып аясы, баяндау-суреттеу әдісі, көркемдік ерекшелігі мүлде басқа мазмұнға лайықталғандықтан, мінәжат мәнді мәтіндердің қамтылуына қолайлы емес. Соның салдарынан болса керек, жырда Оғыздың Тәңіріге жалбарынып отырғандығы айтылатын жалқы сөйлем ғана кездеседі.

Көне түркілік кезеңнен бастау алатын туынды–«Қорқыт ата кітабының» ауызша тарала бастағаннан хатқа түсіп болғанға дейінгі аралықта бірнеше ғасырлық сүзгіден өткен көп қабатты мәтіні Тәңірлік сенімнің де, ислам дінінің де әсер-ықпалын молынан қамтитыны белгілі. Дегенмен жырлаушылар мен көшірушілердің өзіндік өңдеулері мәтін мазмұнын барынша жатықтырып, оның ислами реңкін күшейткен. Қорқыт жырларында Алла есімі мен «Тәңірі» атауы қатар қолданылып отырған.

Жырда «Көңіліне Тәңірім нұр құйған әулие» деп сипатталатын Қорқыттың алғашқы нақыл сөздері мінәжатқа меңзейтін «Алла, Алла демейінше іс түзелмес, Тәңірі бермейінше, ер байымас» деген жолдардан басталады. Қорқыт ата нақылдары да, Аллаға мадағы да, оғызнама жырлары да Алладан дұға тілей отырып берілген батамен аяқталады:

«Ақ сақалды бабаңның жатқан жері ұжмақ болсын!

Ақ шашты анаңның жатқан жері жәннат болсын!

Ақыр соңы ар-иманнан айырмасын!

Әумин дегендер Тәңірінің жүзін көрсін!

Хақ алдында бес ауыз сөзбен дұға қылдық, қабыл болсын!

Алланың берген үміті кесілмесін!

Барша күнәңызды аты қасиетті Мұхаммед Мұстафаның нұрлы дидары үшін кешірсін, ей, хан ием!»

«Мінәжат қазақ әдебиетінде өзімен мазмұндас, бірақ түркілік тілек салтымен біте қайнасқан «бата» сөзімен өмір сүріп келе жатыр... «Бата» –қазақарасында кеңінен тараған қария-даналардың ұрпағына тілейтін ақ тілегі. Осы бата-мінәжат «Алладан тілеу» деген мағынаны білдіреді. Сондықтан мінәжаттың исламдық мазмұны мен қазақтың «бата» салты әдемі үйлесім тапқанын көреміз» деген И.Жеменей пікірі орынды пайымдаудан туғанын осы тұста атап айтқан жөн.

«Қорқыт ата кітабындағы» «Қазылық Қожаұлы Икенек бек әңгімесінің баяны» жырында бас кейіпкердің «жаратқан Аллаға сиынып, құлшылықпен мадақтауы» былай беріледі:

Биіктердің биігісің!

Ешкім білмес ұлықсың!

Уа, әзіз Тәңірім!

Сен анадан тумадың,

Сен атадан тумадың!

...Із-түзін білдіртпес білгір Тәңірім!

Зорлығың жоқ ешкімге, ұлы Тәңірім!

Қаһарлансаң қақыратқан Тәңірім!

Бірлігіңе сиындым, Ұлы Тәңірім!

Медет бер!

...Ісімді оңғара көр, Тәңірім!

Жаратушы есімі дәстүрлі ислами-құрандық баламалармен берілген аталмыш мінәжаттың толық мәтінінде Құран персонаждары аталып, ондағы хикаяларға меңзеу жасалады. Мұның өзі Икенек бек атынан айтылатын жалбарыну жырының тұтастай ислами сүзгіден өткенін немесе толығымен бертінде қосылғанын аңдатады. Хронологиялық жағынан дүдәмал мұндай мәтіндер мінәжат жанрының қалыптасуы мен дамуын зерттеуде біршама қиындық туғызады.

Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастаны(ХІ ғ.)– түркі тілінде туындаған тұңғыш толымды дастан. Әдебиет зерттеушілерінің анықтағанындай, ортағасырлық түркі дастандарына төмендегідей құрылымдық ерекшелік тән:

1.Тәухид (Алланы ұлықтау)

2. Мінәжат (Аллаға сыйыну, жалбарыну)

3. Нағыт (Мұхаммед пайғамбар мен оның сахабаларына мадақ)

4. Мәдхия (шығарма сыйға тартылатын кісіге мадақ)

5. Сәбәб-и тәлиф немесе сәбәб-и китаб (шығарманың жазылу себебін баяндау)

6. Ағаз-и дастан (негізгі бөлім)

7. Хатима (Қорытынды сөз).

Дегенмен, бұл құрылымдық ерекшелік барлық дастандарда бірізді қалыпта сақтала бермеген, жекелеген бөліктердің жазылмауы, кейбірінің орын ауыстыруы, ішінара мінәжат жырының дастанның соңына қарай орналасуы  кездесіп отырады. Тәухид пен мінәжат секілді бір-бірімен астас тақырыптық бөліктер көбіне қатар келіп, ара-жігі білінбей жымдасып та жататын туындылар да бар. «Құтты білік» дастанынан да осы ерекшеліктіаңғаруға болады. Жазылу кезеңі исламның біршама орнығып, Қарахан мемлекетінің ресми дініне айналған тұсына сәйкес келгенімен, дастанның сыртқы композициясында оқшау тұлғаланған мінәжат жыры кездеспейді. Мұнда Аллаға мадақ айтылғаннан кейін нағытқа кірісер тұста екі бәйіт көлемінде сыйыну сөз айтылған:

«Ей, мұңсыз ием, бұл мұңлық құлыңды

Жарылқап, күнәсін кешкін бұрынғы.

Үмітім тек сенде, сиындым саған,

Мұңайған сәтімде қолың соз маған».

Баласағұн дастанында ортағасырлық түркі дастандарына тән құрылымдық тұтастықтың сақталмауының екінші бір себебі аталмыш дәуірде жанрдың толығымен тұлғаланып, құрамдас бөліктерінің айқындалып болмағандығында жатса керек. Қалыптасу кезеңіндегі жанрларда мұндай ауытқулардың кездесуі заңды.

Сонымен қатар жоғарыда аталғандай, мемлекеттік діні ислам болған елде туындаған бұл шығарманың өн бойында өзге сарындармен аралас мінәжат мәнді бәйіттер де кездесіп отырады. Баласағұн дастанының бір ерекшелігі – ондағы тұтастай тарауларды қамтып жататын Өгдүлміш пен Озғұрмыш арасындағы сопылық сыр-сұхбатқа құрылған жырлар болып табылады. Оларда кейде жекелеген бәйіттер күйінде, кейде бес-алты бәйіт көлемінде (3703-3708 бәйіттер, 577 б.) мінәжат мәнді жырлар көрініс тауып отырады.

Махмұт Қашқаридің «Диуани лұғати-т-түрк»(«Түркі тілінің сөздігі», ХІ ғ.) еңбегіндегі өлең мәтіндері көне түркі тайпалары тудырған әдебиет үлгілерінің қатарына кіреді. «Диуандағы» өлең жолдарының жекелеген сөздердің қолданыс ерекшелігін айқындайтын мысал ретінде беріліп, сөздіктің өн бойында шашырай орналасқаны белгілі. Олардың арасында махаббат және табиғат лирикасы, жорық жырлары, жоқтау үлгілері, насихат өлеңдермен қатар таза мінәжат жырлары болып табылмағанымен, мазмұны жөнінен соған жуықтайтын Тәңіріні ұлықтау, оған табыну мәніндегі бірқатар жолдар кездеседі: «Тәңірге тәубе еттік біз», «Анда болып, Тәңіріне құлдық етер», «Құт берсе Құдайым құлына, Күн санап ісі алға басады», «Күн-түн табын Тәңірге, менменсіме, Қорқып Одан именгін, ойнамағын».

Төл әдебиетіміздің жазбаша туындыларында мінәжаттың дербес жанр ретінде алғаш көрініс беруі ислами әдебиеттің біршама орныққан кезінен – ХІІ ғасырдағы Қожа Ахмет Йасауи шығармашылығынан бастау алады. Отандық йасауитану ғылымында бірқатар іргелі зерттеулер жасалғанымен, бүгінге дейін хикметтердің жанрлық сипаты арнайы ізденіске арқау болып көрген жоқ. Дегенмен Йасауи мұрасын әр қырынан қарастырған зерттеушілер жанр мәселесіне жанама түрде тоқтала отырып, біршама орнықты пікір қалыптастырды. Х.Сүйіншәлиев, А.Ахметбек, А.И.Пылев сынды зерттеуші ғалымдар Йасауидің дастан-толғау, дастан-қисса және сопылық эпос үлгісіндегі хикметтерін бөліп қарастырған. «Диуани хикметте» түркі фольклорынан ауысқан айтыс жанрлық түрінің кездесетіні аталмыш тақырыптағы алғашқы зерттеулерден бастап белгілі. Бұл мәселеге айтыс жанрының тегі мен дамуы жөнінде іргелі зерттеу жүргізген М.Жармұхамедұлы ерекше назар аударған. Йасауи хикметтерінде өлең түрі ретіндегі ғазалдың қолданылғаны бірқатар авторлар тарапынан сөз болғанымен, оның жанрлық ерекшеліктерінің қаншалықты дамытылғаны жөнінде де дәйекті пікір айтыла қойған жоқ.

Ал хикметтердегі мінәжат жанрының көріністеріне алғашқы болып назар аударған татар зерттеушісі А.Шарипов: «А.Ясеви можно рассматривать в качестве зачинателя жанра письменного мунаджата на тюркском языке» деп жазған болатын. Отандық ғалым И.Жеменей де өз еңбегінде : «Түркі әдебиетіне мінәжат Қожа Ахмет Йасауимен келді» деп тұжырымдайды. Келтірілген мағлұматтардан «хикмет» ұғымы аясында бірнеше жанрлық түрдің топтасқанын аңғару қиын емес. Солардың ішінде мінәжат жанры «Диуани хикметтегі» әрі жанрлық түр, әрі дербес жанр ретінде тұлғалануымен ерекшеленеді.

Әдебиеттанушы А.Шарипов «хикмет» ұғымы аясында ғазал, қытға, мадақ, мінәжат, муназара, мураббағ сынды бірнеше жанрлық түр мен өлеңдік қалыптардың көрініс тапқанын айтады, оларға біршама түсінік беріп өтеді. Іргелі ізденістерге арқау болар соны идея ұсына отырғанымен автор аталған ұғымдарды талдауда және түсіндіруде араб-парсы поэтикасы заңдылықтарына біржақты бейімделген тәрізді. Біздің пайымдауымызша, Йасауи шығармашылығы арқылы толыққанды сипат алған хикмет жанры – аса күрделі симбиоз (құранды, көп құрамды) жанр. Оның қалыптасуы мен қабылдануын жеңілдеткен басты себеп – аталмыш жанр алғышарттарының түркі поэзиясында ежелден бар болуы дер едік. Төл әдебиетімізге түбірімен жат жанр ешбір жағдайда берік орнығып, терең тамырласып кете алмасы анық.

Хикмет жанры аясына Йасауи кіріктірген шығыстық жанрлардың бірі мінәжат болып табылатынын жоғарыда айтып өттік. Түркі сопылық поэзиясының бастауында тұрған Йасауи «Диуанының» өн бойы мінәжат мәнді хикметтерге толы. Йасауи хикметтерінің негізгі тіні, өзегі – мінәжат жырлары десек, қателеспейміз. Йасауи мінәжаттары негізінен Аллаға жалбарыну, одан тілек тілеу, базбір тұстарда Алламен сырласу сарынында жазылған. «Мінәжат» атауымен берілген Йасауидің көлемді жеке хикметі бар. Сонымен қатар ақын шығармаларының қатарында «мінәжат» аталмаса да тұтастай Аллаға сыйыну, медет тілеп, жалбарыну мазмұнына құрылған көптеген хикметтер кездеседі. Мұндай мінәжат үлгілері дәстүрлі буындық өлшемдермен жазылып, түркілік табиғи сипатқа ие болған:

«Иә Иләһи, хамдың бірлә хикмет айтдым,

Заты ұлық хожам, сығныб келдім сәңа.

Тәуба қылыб күнәһымдын қорқыб қайтдым,

Заты ұлық хожам, сығныб келдім сәңа.

Қырық бірімдә ыхлас қылдым йол тапай деб,

Йаранлардан һәр сыр көрсәм мән йапай деб,

Пирмұған изін алып мән өпәй деб

Заты ұлық хожам, сығныб келдім сәңа».

Немесе:

«Құлһуаллаһ, субханаллах уирд әйләсәм,

Бір уа Барым, дидарыңны көрәрмін му?

Башдын аяқ хасратыңда дәрд әйләсәм,

Бір уа Барым, дидарыңны көрәрмін му?

Елик бірдә чөлләр кезіб, киаһ йедім,

Тағлар чықыб, тағат қылыб, көзім ойдым.

Дидарыңны көрә алмадым, жаннан тойдым,

Бір уа Барым, дидарыңны көрәрмін му?»

Негізгі мазмұны жалбарынудан бөлек болып келетін басқа да бірқатар хикметтер құрамында да мінәжат мәнді шумақтар молынан кездесіп жатады. Бұл әсіресе хикметтің қорытындысы іспетті соңғы шумаққа тән ерекшелік болып табылады.

Ендігі кезекте Йасауидің «Мінәжат» атты жеке хикметіне тоқталайық.

«Мунажат әйләді міскін Қожа Ахмат,

Иләһи, бәндәңә қылғыл рахмат», –

деп, «Мінәжатты» арнайы атап бастауының өзі Йасауидің біртұтас көлемді туынды жазбаққа ниеттенгенін аңғартады. Мұнда шамасы бұрын шығарылған / жазылған хикметтерді топтастырып, толықтырып, көкейдегі уағыз-насихаттық дастандарды қоса хатқа түсірмекке ниеттенген болса керек. «Бұрын жазылған» дейтініміз – Йасауи «Мінәжатында» оның хикметтерінің шынайы, толық, анық бағасы берілген, мұндай көзқарас дүниеге келіп үлгерген туындыға қатысты қалыптасады. Жазба әдебиетте алғысөздің негізінен соңынан жазылатыны белгілі. Сондықтан онда түйіндеулер мен қорытындылар, бағалаулар қамтылады. Көптеген нұсқаларда «Мінәжаттың» хикмет мәтіндерінің соңынан берілетіні де кездейсоқ емес. Ал Йасауи хикметтерінің 1903 жылғы Ташкент басылымында  «Пақырнама» рисаласы мен «Мінәжатнама» жыры кітаптың басында берілген, бірақ олар аяқталғаннан кейін «Тәммәтул-китаб» («Кітаптың соңы» немесе «Кітап тәмамдалды») деп жазылған. Бұл да біздің Йасауи «Мінәжатының» хикметтердің негізгі бөлігінен кейін жазылғандығы туралы пікірімізді қуаттайды. Йасауи дәуірінен кейін туындаған бірқатар әдеби мұраларда «Мінәжаттың» шығарма аяқталар тұста жазылып, соңынан орын алуы кездеседі. Бұл да табиғи тұтастықты сақтаудың бір көрінісі деуге болады.

Йасауи «Мінәжаты» – әмбебап мазмұнды мәтін. «Мінәжатта» жалбарыну негізінен алғашқы шумақта ғана бар, ал мәтіннің қалған бөлігінде мінәжаттық мазмұн астарласа қатар өріліп отырады.

Йасауи «Мінәжатының» идеялық-мазмұндық қыры М,Жармұхамедұлы, С.Дәуітұлы, А.Ахметбек секілді ғалымдар еңбегінде біршама зерттелді. Ал аталмыш хикметтің құрылымдық ерекшеліктері біздің арнайы зерттеуімізге арқау болғаны көзі қарақты оқырманға соңғы онжылдықта жарияланған еңбектерімізден мәлім. Жеке зерттеулеріміздің нәтижесі бізге «Мінәжаттың» сырт көрінісі дағдылы түркілік 11 буынды өлеңдерден көп ажыратылмағанымен, ішкі құрылымдық ерекшеліктеріне орай оның аруздық үлгіде жазылғанын тұжырымдауға мүмкіндік берді (Бұл мәселе ашық қолжетімділіктегі «Йасауи хикметтеріндегі аруз өлшемі» атты мақаламызда кеңінен талданғандықтан, тоқталуды жөн деп санамаймыз).

Тұжырымдай алғанда, кез келген ұлт әдебиетіндегі секілді жалбарыну мәнді тіркестер, шумақтар мен арнаулар төл түркілік әдебиетімізге де ежелден етене екендігін жоғарыдағы талдаулар айқын танытады. Көнеден жеткен ауыз әдебиеті үлгілері, әсіресе эпостық жырлар мінәжатсыз келмейді десек, қателеспейміз. Дегенменжазба әдебиетіміздегі мінәжат жырларының дербес жанр ретінде тұтастай тұлғалануы Йасауи хикметтерінен басталды деуге негіз бар. Йасауи хикметтері арқылы қалыптасқан мінәжат жанры бертінгі түркі әдебиетінде қастерлі дәстүр ретінде орнықты. Мұның мысалын ауыз әдебиетінен де, жазба әдебиеттен де көптеп кездестіруге болады. Полистадиялық (көп кезеңділік) құбылысына негіздеп, фольклор үлгілеріндегі исламдық реңктегі мінәжат жырларын кейіннен қосылған деп қарастырғанның өзінде де оларда «Диуани хикметпен» өзара әсерлесу құбылысы бар екенін жоққа шығару мүмкін емес. Хикмет дәстүрімен жырлаған ақындар мен барлық діндар ақындар өлеңдері мінәжатсыз келмейді. Аты аталып, түсі түстеліп тұрмағанымен, жалпы мінәжат мәнді жырлар ортағасырлық түркі әдебиетінің өн бойында өріліп жатыр. Мұхамед пайғамбардың үмбеті санатына енген түркі халықтарының әдебиетінде мінәжат міндетті жанр дәрежесіне көтерілген. Осындай жазылмаған заңның түбі бір түркі халықтары әдебиетіне берік орныққанын мінәжат жанрының сан ғасырлық даму кезеңдері дәлелдейді.

 

Айнұр ӘБДІРӘСІЛҚЫЗЫ,

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі

Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу

және талдау орталығының директоры,филол.ғ.к.

 

 

 

 

Оқылды 1461 рет
JoomShaper
Top