Кеше: Имам кім еді? Бүгін: Имам қандай болуы керек?

Бейсенбі, 04.06.2022

Атақты венгриялық саяхатшы жалған дәруіш кейіпінде тыңшылық жасаған А.Вамбери 1863 жылы Османлы мемлекеті мен Иран арқылы Орта Азияға сапарға шығады. Сондағы көргендерін тізбектеп кітап қылып жазған екен. Аталған еңбекте, Орта Азияның тоқырауда екендігін, руханият, ғылым, білім атаулыдан мақрұм қалғандығын, кәдімгі «кеңестік жүйе» секілді жабық қоғамда: догмаларға, діни фанатизмге буылған шала жансар дене ретінде өмір сүріп жатқандығын көрсетіп, анықтама береді.

Міне, осындай зерттеулер негізінде ХІХ ғасырдың екінші жартысында Ұлы Тұран даласына билік жүргізу және отарлау үшін Еуропа елдері арасында жарыс басталды. Ағылшындар Ауғанстан, Оңтүстік Түркістан, Памирге дейін кіріп келді. Осы арада Ресей Ақмешіт, Түркістан, Қоқан, Хиуаға дейін жетіп, басып алады. Қазақ елінің оңтүстігі де енді Ресей отарына айналды. 1856 жылы Париж бейбітшілік келісімшартына қол қойып болған соң, Ресей әскери шабуылын Кавказ бен Тұранға бағыттайды. Шайх Шамил мен Ұлы дала бөрісі – Хан Кенесары осы кезде ел бастап қасиетті соғысқа шығады.

(Ұлы дала бөрісі – Хан Кенесары)

1860 жылы генерал Калпаковский Жетісуды ойрандатып, Тоқпақ, Піспек (қазіргі Қырғызстан) Қоқанды жаулайды. Осы оқиға Майлықожа шығармаларында айрықша наразылықпен көрініс тапқан. 1864 жылы жаулаушы орыс әскері Әулие Ата (Тараз), Түркістан, Шымкент қалаларын басып алады. Басып алынған жерлерге орыс отаршылары көшіріліп әкелінеді. Міне, А.Вамберидің сипаттағанындай нәтижеленіп, Қазақ елі отарлық бұғауға түседі. Ресейдің Орта Азиядағы саясаты көшпенділердің мол рухани, материалдық байлығын тонап, халқын езгіге салып, шоқындырып – өз базарына айналдыру болатын. Бұған имамдар келісе қоймады. 300-ге тарта көтеріліс болып, қан төгілді. Бұл – еркіндік аңсаушылардың – үміті мен арман, тілегінен туған әрекет еді. Орысқа дәстүрлі кеңес оқулықтарында жазылғандай қазақ басын иіп беріле қойған жоқ. Өз елін, отанын қорғау үшін, оның тәуелсіздігін қорғап қалу үшін жан-тәнімен аяусыз күрес жүргізді, әрбір бел, қала, ауыл, бір қарыс жер үшін жанын пида етті. Бірақ, зеңбірек пен садақ, қылыш пен найза тең емес еді. Осы жаулауда Орта Азияда 598 мың мұсылманның қырылғандығын тарихи деректер растайды. Бұл туралы деректерді атақты ғалым ағаларымыз: М.Мырзахметовтың «Қазақ қалай орыстандырылды?» және Сапабек Әсіптің «Қазақ қасіреті» атты еңбектерінен табуға болады. Отаршыл патша билігі егістік жерлердің 55 пайызын тартып алып, орыс мұжықтарына береді. Базарлары орыс мануфактура өндірісінен келген дүниеге толтырылады. Есепсіз салық халық басына түсті. Қазақ өз елін тастап қашуға айналды. Кейіннен көшпей қалғаны Голошекин қолымен аштан қырылса, одан қалғаны орыс коммунистерінің езгісіне түсіп ұлттық болмысынан ажырады, тілін, ділін – өзін ұмытты, мәңгүртке айналды.

 

(Шейх Имам Шәміл)

Қазақ мұсылмандық танымы Ханафи, Матуриди және Иасауи ілімі арқылы қалыптасты. Қазақтың мәдени, ұлттық болмысқа айналуының тарихи құбылысының мазмұнында ислам жатыр. Бұл ақиқат ғылыми, культурологиялық және антропологиялық шарттар мен қалыптарға дәл келетін тұжырымдама. Сондықтан қазақ қай кезде де өзінің қасиеті мен қорғанын исламнан, өзінің өткен тарихи жолынан іздеген. Кешегі моңғол шапқыншылығы, жоңғар зобалаңы, орыс отаршылдығы, керек десеңіз кеңестік режимнің қыспағы кезінде халық ислам дініне тәу еткен. Осы жерде орыс отаршылдық кезеңіндегі қазақ молда, ишандары мен имамдарының діни рухани жолға ұмтылысы мен қызметіне шолу жасағанды жөн көріп отырмын.

ХІХ ғасырдың ортасына дейін патша үкіметі мұсылман дінін қазақ даласында Ресейдің ықпалын күшейту құралы, халық санасына әсер ету құралы ретінде пайдалануды көздейді. Осы мақсатпен қазақ жерінде орыс үкіметі есебінен салдырған мешіттер пайда болады. Бұл оның шовинистік саясатының түпкі мұратын көлеңкелеу болатын.

(Совет өкіметі кезінде "басмаштар" аталған көтерілісші имамдар)

Патша үкіметі қазақ даласына мешіт, медреселер салып, қазақтардың діни істерін Орынбор діни басқармасына қаратып, ислам дініне еш қарсы келмейтінін, керісінше, қолдау көрсететіндігін танытқан еді. Алайда бұл негізінен қазақты тарихи тамыры мен мәдени, өркениеттік ошақтарынан ажырату әрекеті еді. Неге? Себебі өздеріне адал, берік молдалар арқылы қазақты отарлауды мақсат етті.

1788 жылы Орынбор мұсылман діни басқармасының негізі салынып, Кіші жүз және Орта жүз қазақтарының діни істері соған қаратылады. Бұл арқылы қазақтың арасына жік салуды да жүзеге асырды. Басқарманың негізгі міндеті қазақтар арасына діни кітаптар тарату және дәріс беретін имамдарды даярлау, оларға куәліктер беру болатын. Бұған қоса имамдар қазақ даласында қазақ діни ұйымдарын құруы қажет болды. Олар көшпелі қазақтар арасына да діни білім тарату және діни істермен айналысуы қажет еді. Қазақ рухани әлемі екіге бөлінді. Оны орыс ағартушылығы мен жәдидшілдік және қадимшілдік мектептерінен көруге болады. Мысалы Абай мен Майлықожа – екі мектептің өкілі. Осы екі жік арқылы төре-сұлтандар да екіге бөлінді. Бір жағы Кенесары ханды дәріптеп яғни, еркіндікке ұмтылса, екінші жағы – орыс үкіметін жақтап бақты.

Діни білім алуға ниет қылғандар көбіне Бұхараға қарай ағылатын. Бұхарада білім алғандар қазақтар арасында ерекше бедел мен абыройға ие болды. Сол себепті патша үкіметі де орталықазиялық хандықтарды, әсіресе, Қоқан хандығы ішінде өзара алауыздықтарды өршітуге тырысады. Тарихы тағдырлас Орталық Азиядағы және Қазақстандағы мұсылман дініндегі халықтардың өзара байланысының күшеюі патша өкіметінің исламға деген саясатын күрт өзгертті. 1867 жылға қарай бүкіл қазақ жерін жаулап алған Ресей империясы ислам дінінің түркі халықтары арасындағы ықпалын барынша әлсіретуге тырысты. 1868 жылы қазақтар Орынбор діни басқармасынан шығарылып тасталды, мұсылман дін басыларының құқықтарына шек қойылды. ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап орыс үкіметі Орта Азиялық хандықтарда білім алған имамдардың қызметіне тыйым салды, ал мұсылман дінін уағыздап, орыстандыруға қарсы тұрған, көзі ашық ишандарен қожалар жер аударылды, қуғынға ұшырады.

Қазақ халқы өз тарихының қай кезеңінде болмасын ең бір қиын-қыстау замандар мен тығырыққа тірелген күндерде атақты хандары мен сұлтандарын, қара қылды қақ жарып, әділ билік айтатын билерін, қан майдандарда қол бастайтын батырларын, елді ұйытып, рухани жағынан тәлім-тәрбие беретін рухани көсемдері – сопы, әулие, ишандарды алдыға шығарып отырған. Кейбір осындай тұлғалар бүкілхалықтық деңгейге көтеріліп, олардың іс-әрекеттері мен қызметтері ел есінде ұмытылмастай сақталып қалса, кейбір тұлғалардың қоғамдық қызметтері аймақтық деңгейде болып, олар сол өңірлердегі халықтың жадында жатталып қалды. Отарлық езгінің күшеюіне қарсы тұра алатын, елді шашыратпай ұйыта білетін, отарлаудың бір бөлігі болып саналған шоқындыру саясатына рухани бірлік пен имандылықты тосқауыл етіп, ту еткен тұлғалардың тарих мінберіне көтерілуі табиғи құбылыс еді.

Ресейдің Қазақстанды отарлауға бағытталған саясаты ХVІІІ ғасырдың 30-шы жылдарынан бастау алып, ол ХІХ ғасырдың ортасына таман бірнеше кезеңнен өтеді де, бірнеше аспектіні қамтиды. Оған саяси, әкімшілік және экономикалық отарлау секілді аспектілер жатады. ХІХ ғасырдың бірінші жартысында мұндай отарлық саясатқа қарсы көтерілістер мен соғыстардың болғаны тарихтан мәлім. Ал ХІХ ғасырдың 60-шы жылдарының ортасында Ресей Қазақстанды бағындыруды толығымен аяқтап, экономикалық отарлауды одан әрі күшейтеді де, отарлаудың келесі бір түрі рухани отарлауды жүзеге асыруға кірісе бастайды. Экономикалық отарлауға – жақсы жайылымдар мен шұрайлы жерлерден айырылу, көші-қон бағыттарын өзгерту, әртүрлі сипаттағы тиым салулар, салықтардың, міндеткерліктердің сан жағынан да, көлем жағынан да өсуі және т.б. жатады. Мұның бәрінің қазақ халқы үшін қаншалықты ауыр болғанын сөзбен айтып жеткізу өте қиын. Ал рухани отарлау – қазақ халқының халық ретінде өмір сүруіне өте қауіп туғызған, отарлаудың ең бір сұрқия, қауіпті түрі болды. Оған жергілікті қазақтарды әртүрлі айла-тәсілдермен (оның ішіне үркіту, қорқыту, күштеу, қинау, қорлау, зорлау, жәбірлеу де кіреді) шоқындыру, яғни христиан дініне кіргізу, қазақ даласында христиан дінін тарату, шіркеулер салу, орыс тілінде оқытатын мектептер ашып, оған қазақ балаларын тарту, қазақ халқының дәстүрлі діні – ислам дініне қысымшылық жасау, мешіттер мен медреселердің ашылуына кедергі келтіру, қазақ тілін кемсіту және т.с.с. іс-әрекеттер, айла-шарғылар жатады. Осы кезеңді сипаттайтын тарихи деректер ХVІІІ ғасырдың соңы мен ХІХ ғасырдың орта тұсында Орынбор өлкесінде  руханилық отарлаудың оң нәтиже бере бастағанын көрсетеді. ХІХ ғасырдың екінші жартысында рухани отарлау енді бүкіл қазақ даласында жоспарлы түрде жүзеге асырыла бастайды.

ХІХ ғасырдың бас кезінде Қазақ елінің мемлекеттілігі, хандығы жойылып, қазақ халқының көпшілігі Ресейге бағынғанда, бір жүйелі елдер Хиуа, Қоқан хандықтарына паналады. ХІХ ғасырда патшалық Ресейдің отарлау саясатының бір қыры рухани отарлау үрдісі жүрді. Міне, осы тұста қазақ даласының рухани-мәдени тұтастығы үшін күрескен рухани қайраткер, имамдардың шоғыры пайда болды. Осы арада айта кетейік: қазақ қоғамының өз ішінде рухани тұтастыққа қарсы элементтердің де болғаны құпия емес.

Ислам діні ғасырлар бойы халық руханиятының негізі болып келгендігі мәлім. Дін ғұламалары – имамдар қандай да бір ауыр жағдайда алдыңғы қатарда болып, сап түзеп, жалпы халықтың пайдасын көздеген. Олар орыс отаршыларына қарсы халықты біріктіріп, еркіндік үшін, дін үшін соғысып, сол кездегі езгіге қарсы тұрды. Сондықтан орыстар оларды – дін ғұламалары мен  имамдарды ең қауіпті дұшпан ретінде танып, қуғынға ұшыратқанына тарих куә. Сол себепті, Ресей барлық мешіт, медреселерге бақылау орнатып, өздері қалаған жерлерінен мешіт те салуға разы болды. Ұлы Тұран даласы енді, «Русский Туркестан» деп аталды.

 

(Бүгінгі имамдар)

Имам – мұсылман қауымының ең бірінші тұлғасы, ұстазы, айнасы. Бұл анықтамалардың мазмұны әрбір қоғамдық белестерде өзінің сыртқы, ішкі келбетін танытып отырды. Мен енді өткен тарихты айтып, болғанды емес, бүгінгі имамға қандай міндеттер жүктеліп отырғандығына тоқталып өткенді жөн көремін.

Имам – арабша «елдің алды, қоғам айнасы, лидер, көсем» деген мағыналарды білдіретін сөз. Алла мен адамдар арасындағы құлшылық парызын өтету арқылы басталған имам қызметі ислам тарихи тәжірибесінде көптеген белестерден өтті. Кешегі атеистік кеңестік режим кезінде Алласыз қоғам құру, ұлтсыздандыру, мәдениетсіздендіру саясатына негізделген идеология имам атауының өңін айналдырып түсіндіріп бақты. Имам – алдымен тұлға. Имам тұлғасы оның ісі мен білімінің, амалы мен хәлінің тұтастығынан нәр алып, дінді, мәдениетті, ұлтты, қоғамның ішкі тұрақтылығы мен баяндылығына өз өмірін арнайтын жанпида, Хаққа қызметін халыққа қызмет ету деп білетін саналы, жан жақты білімді азамат. Ол алдымен өзі өзімен тұтастықта, хұзырда болып, иманы мен жиғаны сай, қоғамға пайдалы ілім мен білімді ажырата білетін, айна болуы қажет. Себебі, сол арқылы Имам қоғамның өзгеруіне ықпал етеді. Құрандағы «Қауым өзін өзгертпейінше, Алла оны өзгертпейді» деген аят осы ұстанымды паш етеді. Имамда білім мен ілім, иман мен амал, ең бастысы –үлгі берер мінез құлық иесі, сөзі мен ісі тұтас ер тұлғасы талап етіледі.

Қазақта «битке өкпелеп, тоныңды отқа жақпа» деген сөз бар. Имам – діннің өкілі. Сондықтан имамға қарап, исламға баға беру түсінікті жайт. Осы сөздің төркіні әрбір имамға ислам дінінің айнасы екендігін есіне алып тұруы абзал. Қазіргі жахандық үдерісте бар бәлені ислам дініне жағып жатқанда бұл ұстаным ең басты өлшем болуы тиіс. Исламофобияны сейілтетін де осы имамдар болуы керек.

Имам – тек мешіттің ішінде ғана жауапты емес, ол тұтас бір ұлттың, мәдениеттің, мемлекеттің баяндылығына тікелей жауапты тұлға. Міне, мемлекет осы бағытта имамдарымызды дайындап, оларға ерекше қамқорлық пен жауапкершілік сезіндіре білуі керек деген ойдамын. Өйткені, бүгінгі дін мен мәдениет қатынасындағы мемлекеттің зайырлылық ұстанымын имамнан басқа тұлғалардың дұрыс жеткізуі қиын. Ол үшін имам діни таным мен ғылыми танымды қатар алып, танып, меңгерген саяси  әм моральдық тұрғыдан барынша жетілген, рухани тұтастық пен келісімнің орталығы болуы керек.

Досай КЕНЖЕТАЙ,

теология және философия

ғылымдарының докторы,профессор.

Оқылды 1982 рет
JoomShaper
Top