Матуриди, Ашари және сәләфилік ақидалардың айырмашылықтары

Жұма, 25.11.2021

Əбул Хасан əл-Əшғаридің (873-936) ақидалық көзқарастары оның «Мақалатул-Исламмиин» және «Бабул-əббап» атты шығар­маларында жазылған. Матуриди Əбу Мансұр б. Мұхаммед əл-Ханафи ас-Самарханди əл-Мату­ри­дидің (870-944) ақидалық көз­қа­растары «Китабу тəуили-Құран» және «Китабүт-тəухид» атты шы­ғар­маларында айтылған. Ал, сәләфилердің ақидалық көз­қа­растары Ибн Тәймийәнің «Әл-ақида әл-уасытыйя» және Абд ал-Уаһһабтың «Усулу-салас» атты ең­бек­терінде көрініс береді. Осы ең­бектерді саралайтын бол­сақ, Имам Әшғари мен Имам Матури­дидің сәләфилік ақидадан мы­надай ерекшеліктері бар екеніне көз жеткіземіз:

Біріншіден, Имам Матуриди Алланы тануда ақыл маңызды рөл атқарады деп білді. Əрине, ол Алланы тануда илаһи ілімді (Құран мен Сүннет) негізгі кілт деп таниды. Десекте, Алла адамдардың өзін ақылмен тануын бұйырған. Бұл туралы Құран-Кəрімде: «Күдіксіз көктер мен жердің жаратылуында, адам баласының пайдалы нəрселермен теңізде жүрген кемеде жəне Алланың көктен жаңбыр жаудырып, жер өлгеннен кейін онымен жандандырудың əрі онда əртүрлі хайуанды таратуында, жерлерді жəне көк пен жердің арасындағы бағынышты бұлтты басқаруында əлбетте ойлаған елге (Алланың барлығына, бірлігіне) белгілер бар» (Бақара, 2/164) деп ақылмен ақиқатты іздеудің маңыздылығы көрсетілген. Яғни, еліктеушілік жəне мəжбүрліктен гөрі, Алланы ақылмен саналы түрде танығанның иманы шынайы. Имам Матуриди «Алланы тануда ақыл маңызды рөл атқарады» деп тұжырымдағанмен, исламдағы көптеген үкімдердің сырын ұғынуға тек ақылдың күші жетпейді деп біледі. Мұндай жағдайда, насқа (Құран мен Сүннет) сүйене отырып, үкімдердің мəнін ұғынуға тура келеді деп пайымдайды.

Имам Матуриди ақыл кейбір нəрсе­лер­де­гі жақсы мен жаманды айыра алады деп білді. Осы орайда ол ақылды былай деп жік­теді:

1. Жақсыны пайымдай алатын ақыл.

2. Жамандықты айыра алатын ақыл.

3. Жақсы жəне жаманды айыра алмайтын ақыл.

Имам Матуриди ақида мәселесінде негізінен Имам Ағзам мəзһабына жүгінді. Бұл тұрғыда ол: «Ақыл бір нəрсенің жақсы немесе жаман болғанын анықтаған болса да, амал ету үшін үкімді Алла береді. Сондықтан, ақыл діни жауапкершілік мəселесінде кемелді емес. Себебі, діни мəселелердің төресі Алла болып табылады» деді.

Ал, Имам Əшғари болса, сенімдік мәселелерде нақлмен бірге ақылды өлшем етті. Ол көбінесе нақлды нығайту үшін ақыл мен қисынға мән берді. Бірақ, Имам Әшғари ешқашан Құран мен Сүннетке тәуил жасау үшін немесе оның сыртқы мағынасын өзгерту үшін ақылдан күш алған емес. Керісінше ақылды нақлға қызмет етуші құрал ретінде бағалаған.

Сәләфилерге келер болсақ, олар ақидада ақыл мен қисынға жүгінуді мүлде жөн көрмейді. «Ібілісті жұмақтан шығарған ақылы еді» деп, ақылға мойынсұнуды адасушылық санайды.

Екіншіден, Имам Матуридидің Алланың іс-əрекеттері хақындағы көзқарасында өзге кəламдық мектептің өкілдерінен қарағанда біршама ерекшелігі болды. Имам Əшғари «Алла Тағаланың жасаған іс-əрекетінен себеп іздеуге болмайды. Өйткені, Алла жасаған іс-əрекеті үшін жауапқа тартылмайды. Жасаған іс-əрекеті үшін жауапқа тек адамдар ғана тартылады» деп білді. Бұл мəселе бойынша Имам Матуридидің ұстанымы Əшғариттерден өзгеше болды. Оның пікірінше Алла бей-берекет əрекет етпейді. Алланың əрбір ісі хикметке толы. Себебі, Алла Тағаланың үкімдері мен жүктемелері жəне бүкіл іс-əрекетімен хикметті мұрат етеді. Бірақ, Алла хикметті мəжбүр немесе зорығып жасамайды. Өйткені, Ол нені қаласа, соған қол жеткізеді. Осы себептен де Алланың тек өте лайықтыны жасауы уəжіп деп айта алмаймыз. Алла жаратылғандардың алдында белгілі-бір іс-əрекеттерді жасауға міндетті емес. Алладан бір нəрсенің жасалуын уəжіп көруіміз, Оны жауапқа тартуымызбен бірдей ұғым. Ал, Алла мұндай кемшіліктен ада.

Сәләфилерде «әл-Хакима» түсінігі бар болғанымен, олар мұны «тек Алланың үкімдеріне мойынсұну» деп ұқты. Сәлә­фи­лер Алланың үкімдерінен хикмет іздемейді. Хикмет іздеуді күмәндану деп біледі.

Əһлу сунна сенімін құрайтын екі мəзһабтың арасындағы тағы бір ерекшелік адамның іс-əрекеттері хақында болатын. Əшғариттер адамның іс-əрекеттері Алла тарапынан жаратылып, бірақ, іс-əрекеттерді иелену қабілетінің адамда болғандығын айтты. Адамның жазалануы немесе сый-сияпатқа бөленуі, осы іс-əрекеттерді иелену қабілетіне байланысты деп пайымдады. Имам Матуриди Алла берген адамның қабілеті бар жəне осы қабілетімен бірге қалау құқығына ие. Адам осы қабілеті жəне қалауымен не жаза, не сауап алады деді. Имам Əшғари қабілеттілік деп Алла тарапынан жаратылған іс-əрекет пен адамның қалауының бірігуі, яғни, қабілетті де Алла бергендіктен, адамның бұл қабілетке əсері болмайды деп ұқты.

Үшіншіден, Матуриди Алланың заты мен сипаты бір деп білді. Ал, Имам Əшғари екеуі екі басқа нəрсе деп ұқты. Олардың пікірінше, Құранда өтетін ғалым, хаким, есту, көру сипаты Алла Тағаланың есімдері болып табылды. Матуриди мектебінің өкілдері Алланың бұндай сипаттары бар екендігін, бірақ, Алланың бұл сипаттарын Оның затынан бөліп қарастыруға болмайтындығын айтты. Əшғариттер Алланың сипаттары бар жəне бұл сипаттар Оның затынан тыс күшке ие екендігін алға тартты. Ал, Матуриди Алланың сипаттарын мойындағанмен, бұл сипаттар Алланың затымен бір деп білді. Құран кімнің сөзі деген мəселеде Муғтазалиттер Құранды жаратылған десе, Əшғариттер Құранды жаратылмаған деген болатын. Ал, Имам Матуриди болса, Құран жаратылмаған, бірақ «Құран Алланың кәлам сипаты» деп пайымдады. Имам Матуриди Алланың бүкіл сипаттарын мойындай отырып, Аллада зат (материя), уақыт, мекен ұғымдарының жоқ екендігін алға тартты. Əйтсе де, ол Құран Кəрімде өтетін Алланың жүзі, қол бар деген мəселелерге исламдық сенімге қайшы емес негізде жақсы жағынан жорамал (тəуил) жасады.

Сәләфилер Құранда өтетін Алланың жүзі, қолы, аршы, балтыры бар деген аяттарды сыртқы мағынасымен қабылдады. Яғни, сәләфилердің ақидасында ескі антика сенімдеріндегі Алланың жаратылысқа ұқсату (антропоморфизм) белгілер бар еді. Ал, Әшғар мен Матуриди ақидасы бұл түсінікке қарсы болды. Бұл екі имамның пайымдауынша Алланың заты транцадентті, яғни, ақылмен Жаратушының затын бажайлау мүмкін емес. Осындай ақылға сыймайтындығымен де Алла – Ұлы Құдіретті!

Сәләфилер Алланың таухидін «рубубия, улухия, әсма сипат» деп үшке бөліп қарастырады. Таухидті бұлай үшке бөлу бірде-бір әһлу сунна ғұламаларында кездескен емес. Жоғарыда көресткеніміздей Имам Әшғари Алланың заты мен сипатын екі бөлек қарастырса, Имам Матуриди Алланың таухидтын бөлуге қарсы болып, Оның заты мен сипатын біртұтас деп қарастырды. Ал, сәләфилердің таухидті үшке бөліп тастауы бидға еді!

 Төртіншіден, Имам Матуридидің өзгелерден тағы бір ерекше пікірі қиямет күні Алла Тағаланың жүзі көріне ме, көрінбей ме деген мəселеде айтылды. Құран Кəрімде: «Қиямет күні кейбір жүздер жарқырап, Раббына қарайды» (Қиямет, 75/22-23) деп бұйырылып, ақырет күні кейбір адамдардың Оны көре алатындығы айтылған. Имам Матуриди Құранда баяндалғанындай қиямет күні Алланың жүзі көрінеді деп сенді. Имам Матуриди: «Қиямет күні Алланың көрінуі, бұл қияметтік хал. Ақыретте Алла көрінсе, демек, ол заттан жəне мекеннен тұрады деп ойлау күмәнсіз адасқандық. Ал, қиямет күнгі жағдайдың қалай болатындығы бізге беймəлім. Сондықтан, Құранда қиямет күні Алланың көрінетіндігі туралы анық айтылса, біз бұған сенуге тиістіміз» деген ұстанымда болды. Əрі бізге білінбейтін нəрселер хақында пікір айтпау туралы Құран Кəрімнің: «Өзің білмеген нəрсенің соңына түспе. Расында, құлақ, көз жəне жүрек олардың барлығы сұралады» (Исра, 17/36) деген аятты негізге алып, Алла ақыретті көрінбейді деген муғтазалиттерді сынға алды. Сәләфилер болса, Алланы ақыретте көрінбейді деп біледі.

Бесіншіден, ислам ғұламаларының көпшілігі Аллаға иман келтірген мүміннің мəңгілік тозақта қалмайтындығына сенеді. Ал, сәләфилер болса, үлкен-кіші күнə істеген адамды мүміндік санаттан шығарып, кəпір деп біледі. Бұдан аңғаратынымыз, сәләфилер амал етуді иманның бір бөлшегі деп ұғады. Ал, әшғариттер мен матуридиттер болса, амалды иманмен тұтас деп қарастырмайды. Осы себептен де, олар үлкен күнə жасаған мұсылманды діннен шықты деп айтпайтын. Бұндай адам тек есепке тартылып, жазаланады. Бəлкім, Алланың рахымымен кешіріліп, жазаланбауы да мүмкін деген көзқараста болды. Алла Тағала Құран Кəрімде күнə əрекет үшін тек соған сай жазаның берілетіндігін ғана баяндаған. Бұл хақында: «Кім бір жақсылық жасаса,  оған он есе қарымтасы беріледі. Жəне біреу жамандық істесе, соған сай ғана жаза беріледі де олар зұлымдыққа ұшырамайды» (Əнғам, 6/160) деп бұйырады. Алланы терістемеген, Оған серік қоспаған адамның жасаған күнəсінің жазасы кəпір мен Аллаға серік қосушылардың көретін жазасынан жеңіл болатындығы шүбəсіз. Алла Тағала мəңгілік азапты кəпірлер үшін даярлаған. Егер, Алла өзіне сенген адамның үлкен күнəсі үшін кəпірлерге берілетін жазаны берген болса, онда ол кісінің көрген жазасы жасаған күнəсінен басым болып шығады. Бұлай болса, Алланың əділеттілігіне нұқсан келмек. Ал, Алла əділетсіздік пен зұлымдық жасаудан мүлде ада. Демек, Харижиттер мен Муғтазалиттердің үлкен күнə жасаған мүмін болса да, тозақта мəңгілік азап шегеді деген пікірі, асыра сілтеушілік саналады. Əсілі, адам Алланың барлығы мен бірлігіне куə келтірген болса, мына беу дүниедегі үлкен сынақтың бірінен аман есен өткен болып табылады. Себебі, ол адам мына жарық дүниенің жұмбақ сырын ұғынып, діннің бас­ты талабын қанағаттандырса, кəпірліктен жаны таза болған болады. Демек, Алланың зұлымдық жасамайтындығын ескерсек, бұндай адамды мəңгілік тозақтық дей алмаймыз.

Мұхан Исахан

дінтанушы

 

Оқылды 520 рет
JoomShaper
Top