Әбу әл-Баракат ан-Насафи – Ханафи мәзһабының көрнекті ғалымы

Сәрсенбі, 01.07.2021

Ханафи мәзһабының көрнекті өкілі – Әбу әл-Баракат ан-Насафи. Ғалымның толық аты-жөні – Абдуллаһ ибн Ахмад ибн Махмуд Әбу әл-Баракат Хафиз ад-Дин ан-Насафи. Имам ан-Насафидің лақабына келер болсақ, Ислам әлемінде – дін қорғаны «Хафиз ад-Дин» лақабымен танымал болған. Оқымыстының ныспысы – бүгінгі Өзбекстан Республикасындағы Әмудария мен Самарқанд арасында орналасқан Мәуеренаһр өлкесінің «Насаф» қаласына телінген-ді.

Насаф сөзінің тілдік мағынасы – парсы тілінде «Нахшаб», яғни «суы мол, жемісті» деген ұғымына саяды. Туған жері – Хорасан мен Асфаһан аймақтары арасындағы «Изжи» жерінде шамамен 642-ші жылы дүниеге келген [1, 28-б.]. Дегенмен, ғалымның туған жылына қатысты нақты мәлімет жоқтың қасы. Отандас ғалым, профессор Ш.Т.Керімнің «Сығанақ саңлағы» атты еңбегінде: «Муртаза Бедер Түркияда жарық көрген көп томды «Ислам энциклопедиясында» ан-Насафидің 620 һ./1223 м. жылдар шамасында дүниеге келгендігі турасында болжам бар екендігін келтіреді»,-деген [2, 30-б.]. Сол кездегі моңғолдардың екі ханы Ақбайхан мен Күйікхан дәуірлерінде өмір сүрген деседі.

Имам Әбу әл-Баракат ан-Насафидің өмірі мен жастық шағына байланысты деректер кездеспейді. Бірақ, имамның құдайшыл, турашыл, тақуа әрі дүниеге қызықпағандығы жөнінде деректерде кездестіруге болады. Сондай-ақ, ғалымның араб және парсы тілдерін жетік меңгергендігі жөнінде еңбектерінен көз жеткізуге болады. Имам Әбу әл-Баракат ан-Насафи – Құран ілімдері, фиқһ,  хадис және усул фиқһ салалары бойынша қалам тербеген бірден-бір ғұлама [2, 30-б.]. Еңбектеріне келер болсақ тәпсір саласында «Тафсир ан-Насафи», фиқһ негіздеріне арналған «әл-Манар», дін-негіздері ілімінде «әл-Умдат ал-Ақаид» және фиқһ іліміне қатысты «Кәнз ад-Дақа-иқ» атты еңбектерінің авторы. Сондай-ақ, «аз-Зияда»  атты  еңбегін  Ахмед ибн  Мұхаммед  әл-Атабиден  риуаят  еткен, яки еңбегін  оқып  өзгелерге жеткізген. Кейбір деректерде ғалымның – туып өскен аймағындағы барлық ұстаздардан тағылым алып, өмірінің соңында Бағдадта өмір сүргендігі жөнінде сөз етіледі [2, 30-б.].

Хафиз ад-Дин ан-Насафидің дүниеден өтуі туралы тарихшылар арасында түрлі пікірлер бар. Мәселен: Имам әл-Лакнауидің «әл-Фауаид әл-Баһия» және имам әл-Бағдадидің «Һидияту әл-Арифин» атты еңбектерінде былай деген: «710-шы жылы қайтыс болған»,-деген. Имам Ибн Хажар әл-Асқаланидің «әд-Дурар әл-Камина» атты еңбегінде: «701-ші жылы қайтыс болды»,-деген. Ал Имам әл-Қасым Құтлыбұғаның «Фил Асил фи Баян ал-Уасил уал-Фасыл» атты мақаласында: «710-нан кейін қайтыс болды»,-деген. Имам Ан-Насафидің жасы 80-ге қараған шағында, 710 жылы жұмаға қараған түні, Рабиғ әл-Әууәл айында қайтыс болған деген тұжырымға келеміз [1, 28-б.].

Имам Әбу әл-Баракат ан-Насафидіңұстаздарына келер болсақ, деректер бойынша оқымыстының танымал үш ұстазы болған. 

Ғалым ілімді Шамс әл-Аимма әл-Кердериден, Хамид ад-Дин ад-Дарир Әли ибн Мұхаммед әл-Бұхариден (666/1268 ж.ш.д.ө.) және Бадр ад-Дин ҚаҺарзаде Мұхаммед Ибн Махмуд Ибн Әбду Кәрим әл-Кердериден (651/1253 ж.д.ө.) үйренген [1, 30-б.]. Алайда, ескерілмей қалған одан да көп ұстаздары болған деген деректерде кездеседі. Дегенмен, бізге белгілі үш ұстазына кеңінен тоқталсақ дейміз.Атап айтқанда:

1         – Шамсул А-Имма әл-Кердери: Мұхаммед бин Абдусаттар Ибн Мұхаммед әл-Ғамадий әл-Кардарий, һижраның 599-шы жылы туылған. Үлкен ұстаз болып танылған, Самарқандта, Мауранаһыр өлкесіне сапар шегіп, тәпсір, хадис, фиқһ ілімдерін терең меңгерген. Әл-Кердеридің көптеген тәлімгерлерге дәріс оқығандығы туралы баяндалады. Сондай-ақ, Имам әл-Ғазалидің Ханафи мазһабына қарсы ойларына тойтарыс атты трактатын жазған. Осы трактатынан басқа еңбектері ескерілмеген. Сөйтіп, һижра жыл санағының 642-ші жылы Бұхара қаласында дүние салған.

2         – Бадр ад-Дин Хауаһир Зәда: Мұхаммед Ибн Махмуд Ибн Абдул-Карим әл-Кердери, һижра жыл санағы бойынша 651-ші жылы дүниеден өткен.

3         – Хумайд ад-Дин ад-Дарир: Әли бин Мұхаммед Ибн Әли Хумайд ад-Дин ад-Дарир әр-Рамиший, Бұхара қаласында дүниеге келген. Ғұлама – хадис, тәпсір, фиқһ, фиқһ негіздері ілімдерін терең меңгерген Мәуеренаһр ғұламаларының бірі болған. Сондай-ақ, ақида ілімін де жетік меңгеріп, көптеген құнды еңбектердің авторы. Ғалым һижра жыл санағы бойынша 666-шы жылы дүниеден өткен. Имамның жаназасына елу мың адам жиналған деген деректер кездеседі [1, 28-б.].

Аталған имамдар (Оларды Алла рақымыма бөлесін) Әбу әл-Баракат ан-Насафиді фиқһта Имам Әбу Ханифаға, сенім мәселесінде Имам әл-Мартудиге жалғастыратын бірден-бір жалғаушы ұстаздары болған. Тізбектеп келтіретін болсақ Шамсул А-имма «Һидәя» кітабының авторы Әли Ибн Әбу Бакр әл-Марғинадиден, ол Әбу әл-Иәсар әл-Баздауиден, ол Әбу әл-Мансур әл-Мәтрудиден, ол Әбу Бакр әл-Жузжаниден, ол Мұхаммед Ибн әл-Хасаннан Имамның шәкірті, Имам Әбу Ханифадан (Аллаһ оларға разы болсын) алған [1, 28-б.].

Имам ан-Насафидің шәкірттеріне келер болсақ:Ғұламаның ілімі өте жоғары болғандығы туралы Ала ад-Дин әл-Бухаридің «Кашф әл-Асрар» атты еңбегінде: «Имамдардың ұстазы, үмбетті, дінді қорғаушы, Ислам мен мұсылмандарға жәрдем беруші, Елшілер мен Пайғамбарлар мирасқоры, шығыс пен Қытайдың мүфтиі деген» атқа ие болған деп келтіреді. Осындай атақты имамның шәкірттері болмауы әсте мүмкін емес. Алайда, тарих және басқада еңбектер Имам ан-Насафидің атын атап шәкірттерін көрсетпеген. Тек, аттары шығып танықты болған екі шәкіртін ғана ескеріп өткен. Олар:

1)      Хусам ад-Дин ас-Сығнақи (Алла рақымына бөлесін): Толық аты-жөні: Хусейн бин Әли бин Хажжаж бин Әли бин Мухаммед. Өзінің аты – Хусейн, ал әкесінің аты – Әли, атасы – Хажжаж болса, ал бабасының аты - Мұхаммед болған [4, 7-б.]. Араб дереккөздерінде ас-Сығнақидың Халабта қайтыс болып, сонда жерленгені айтылғанымен Түркістан – Отырар жамағатының аңыз-әңгімелерінде Мысырды билеген Бейбарыста туған жеріне қайта оралып, ата жұртында көз жұмған дейтіні сынды сығанақтықтар ас-Сығнақиды осы ғасырдың басына дейін Сығанақта қайтыс болғандығын баяндайды [2, 128-б]. Хусам ад-Дин ас-Сығнақиден басқа да осы шаһардан шыққан Дәруиш Әли ас-Сығнақи, Молла имам ас-Сығнақи, Қамал ад-Дин ас-Сығнақи, Шайдай шайқа ас-Сығнақи сынды әлем мәдениетінің алтын қорына үлкен үлес қоспаса да, халқының мәдениетінде елеулі із қалдырған Сығынақ перзенттері аз емес. Оларды тауып, шығармаларын ғасырлар шаңынан арылтып, жарқыратып көрсету, бүгінгі ұрпақпен қайта қауыштыру – үлкен парыз [2,129-б.]. Фиқһтың Имамы, ақида маманы (тартысқа мықты), араб тілін жетік білген деген атаққа ие болған. Имам Әл-Марғинанидың «Һидәя» кітабына, Әбу Әл-Муғин Маймунның «әт-Тамһид фи Қауағид әт-Таухид» кітабына, әл-Баздауидың «Усул» кітабына түсіндірме берген танықты еңбектер қалдырған. Димашқта (Дамаск), Бағдадта өмір сүрген. Көптеген ғалымдардан ижаза алған. Имам һижраның 714-ші жылы Халаб деген жерде дүние салған.

2)      Мұхаммед бин Мұхаммед әл-Жилий (Алла оны рақымына бөлесін): Мұхаммед бин Мұхаммед әл-Жилий, Имам ан-Насафидің жақын шәкірттерінің бірі. Фиқһ, фиқһ негіздері, ақида, тәпсір, хадис ілімдерін меңгерген, бұлардың бәрін Имам ан-Насафиден алған еді. Осы аталған ілімдердің әрқайсына жоқ дегенде бір-бір еңбек жазып қалдырған. Сондай-ақ, заманының танықты имамдардың бірі болғандығы мәлім.

Имам Әбу әл-Бәрәкат ан-Насафидің еңбектеріне келер болсақ, оқымыстының еңбектері бұқара жұртшылық арасында  кеңінен тарап, еңбектері таныла бастағанда оның   кітабына  сұраныс  арта  түсті.   Оның  «Мадарик ат-Танзил уа Хақаиқ ат-Тауил»»  атты  кітабы «Тафсир ан-Насафи» (ан-Насафидің  тәпсірі) деген  атпен  танымал. Ан-Насафи  дін  негіздері  ілімі  бойынша  «әл-Умдат»  атты    кітапта «әл-Итимад» атты   шархында  түсінікті  әрі  жүйелі  түрде  жазған. Осымен қатар  «әл-Мустәфа фи шарх ан-Нафи фил-Фуруғ», «әл-Мусаффа фи Шарх ал-Манзумат ан-Насафия фил-Хилаф»,  «әл-Уәфи уа Шархһул-Кәфи фил-Фуруғ»  атты   кітаптары да  бар.  Фиһқ негіздері  бойынша  «әл-Манар»  атты  кітапты «Кашф әл-Асрар» атты  туындысында түсіндіріп  жазған. Әл-Ахсикатидің «әл-Мунтахабын», әл-Марғинанидың «әл-Һидаясын» да   шарықтаған. Ан-Насафидің  бұдан  басқа  еңбектері  аз   емес. Өзбекстанда Әбу әл-Баракат ан-Насафидің тәпсір іліміндегі орны туралы кандидаттық диссертация  қорғаған Д.Р.Махсудов оқымыстының 13 ғылыми еңбегі сақталғандығын, оның 5-уі фиһқ, 4-уі кәләм, 3-уі усул әл-фиқһ, 1-уі тәпсір саласына жататындығын, олардың 6-уы басылғандығы, қалғандарының қолжазба күйінде жатқандығы туралы мәлімет келтірсе, ғылым докторы Фадил  ар-Рахман Әбу әл-Ғафур  әл-Афғани 17 еңбегін атап көрсетеді [2, 30-б.].

Ғұламаның ұстанған мәзһабына келер болсақ. Имам ан-Насафи – фиқһта Имам Әбу Ханифа (Аллаһ оны рақымына бөлесін) мазһабында болған, әрі осы жолда еңбек еткен. Ал сенімде Имам Әбу Мансур әл-Матрудидің (Аллаһ оны рақымына бөлесін) аһлү-сүннет ақида мектебін ұстанған ғалым. Фиқһта ханафи, ақидада матруди болғандығын Имам ан-Насафидің еңбектерінен анық көруге болады.

Қорыта келгенде, Имам ан-Насафидің шығармалары, имамның ілімі, һәм ілімде алар орны мен дәрежесі үлкен екені сөзсіз. Сондай-ақ, мұның барлығы ғалымның жан-жақтылығын  көрсетеді. Заманының заңғар ғалымы, дара тұлға имам әл-Баракат ан-Насафидің еңбектері күні бүгінге дейін зерттеліп келеді. Имам ан-Насафи – Ислам мәдениеті тарихында өшпес із қалдырған шоқтығы биік ғалым. 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

1  М.Шағғар. «Тафсир ан-Насафи Мадарик әт-Танзил». «Дарул-Мағрифа». Бейрут. 2005-ж. 1-том. 241-б.

2  Ш.Т.Керім. «Сығанақ саңлағы». Монография. Нұр-Мүбарак баспасы. Алматы. 2012-ж. 240-б.

3  М.Даруиш. «Кашф әл-Асрар». Османия аш-Шаркаси. 1245-ж. Номері-18. Мағариф Назарат. 321-б.

4 С.Тәжібаев. «Хусам ад-Дин ас-Сығнақидың «ат-Тасдид» атты еңбегіндегі мүтәшабиһ аяттарға қатысты көзқарастары». Диссертация. Нұр-Мүбарак. Алматы. 2013-ж. 82-б.

5                        Ф.Кардия. «Манһаж Имам ан-Насафи фи Қираат уа Асариһа фи Тафсириһа». Ғазза. Тафсир уа Улум ал-Құран факультеті. 2001-ж. 237-б.  

Серік ТӘЖІБАЕВ,

«Әбу Ханифа» ғылыми орталығының

қызметкері, магистр

Оқылды 342 рет

E-islam газеті

 

Әлеуметтік желілер

Намаз уақыты

 

Сауалнама

Күнтізбе

« Шілде 2015 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жб
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Аудио

JoomShaper