Зайырлылықтың Қазақстандық моделі – діни жіктеліске басты тосқауыл

Сейсенбі, 31.03.2022

Бүгінгі Қазақстан қоғамындағы күйіп тұрған өткір мәселенің бірі – діни радикализмнің алдын алу. Еліміздегі соңғы бес-алты жылдың көлемінде орын алған діни сипаттағы оқыс оқиғаларды, сондай-ақ, алыс-жақын шетелдерде болып жатқан озбырлыққа толы жантүршігерлік жайттарды назарымызға алсақ, оның ішінде осы қозғалыстар үдерісінде айқайға сүрең қосып аттандаған өз отандастарымыздың бар екенін ескерер болсақ, мәселенің өзектілігі айқын.

Дінді құндылық ретінде танып, оның лайықты бағасын бере алмасақ, жымысқы пиғылды жат күштер дінді құбыжық етіп көрсетуден тартынбайды. Әсілі, адамзат тарихына зер салсақ, діни алауыздық тудыру тенденциясының бағзыдан бар екеніне көз жеткіземіз. Дегенмен, үшінші мыңжылдықтың басында кейбір күштер Ислам дінін қаралау мақсатында адам қанын төгуге дейін баратын сұрқия ойындарды шімірікпестен ұйымдастыруда. Өкініштісі, діни сауаты жоқ азаматтар осындай қарақұйын қозғалыстың құрбанына айналуда. «Ауруын жасырғанды өлім келіп әшкерлейтінін» ескерсек, қазақ қоғамында орын ала бастаған әсіредіншілдікті жасырмай, онымен белсенді күресуіміз керек деп білеміз. Осы тұрғыда күн тәртібінде тұрған өзекті деген мына мәселелер оң шешімін табуы тиіс деп білеміз.
Біріншіден, Қазақстан Республикасы Атазаңы бойынша біздің ел зайырлы мемлекет болып саналады. Ал, зайырлылық дегеніміз қандай мемлекеттік құрылым? Біз Атазаңымызда атап көрсетілген мемлекетіміздің негізгі басым бағыты саналатын зайырлылықты дұрыс ұғынбайынша, Қазақстан қоғамындағы діни құндылықтарды бағалау мен тұтынудың деңгейін де толық түсініп-біле алмаймыз. Егер, кейбір азаматтарымыз заңымызда көрсетілген зайырлылық қағидаларының мемлекетіміздің баянды болашағы үшін оң шешім ретінде қабылданғанын сезінсе, әсіредіншілдікке бой алдырмас еді. Демек, бұл тенденция — отандастарымызға заң шеңберінде діни еркіндік бере отырып, олардың бойына зайырлы мәдениет құндылықтарын сіңіруге басымдық беру керектігін көрсетеді.
«Өткенің түгенделмей, бүгінгің бүтінделмейтінін» назарға алсақ, біз әдепкіде, кейбір кемшіліктерге жол беріп алғанымызды ашық мойындауымыз шарт. Әу баста мемлекетіміздің конституциялық құрылысы мен заңдарымызға қайшы емес діни бірлестіктердің ел аумағында діни қызмет жүргізуіне толықтай рұқсат бердік. Әйтсе де, әділет басқармасының тіркеуінен өткен діни бірлестіктердің әртүрлі діни ұстанымдары бір-бірін теріске жоққа шығаратын. Осының негізінде біздің қоғамда бір-біріне қарама-қарсы, бір-бірін мансұқтайтын діни шоғырлар пайда болды. Бұл халықтың рухани бір тұтастығына түскен жарықшақ ғана емес, ел қауіпсіздігіне төнген үлкен қатер еді. Діни қатынастарды реттеудің осындай нәзік тұстарына мән бермеуіміз, дін туралы заңымызға бірнеше мәрте өзгерістер мен толықтырулар енгізуімізге, сондай-ақ, 2011 жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы Заңды» қайта қабылдауға негіз болды. Бұл заңда тайға таңба басқандай «ханафи бағытындағы исламның және православтық христиандықтың халықтың рухани өміріндегі тарихи рөлін мойындайтынымызды» айтылады.
Қазіргі зайырлы Қазақстанды әсіредіншілдер айыптағандай кәпірстан санауымызға еш негіз жоқ. Қазақстан Республикасы өз азаматтарының діни құлшылық пен рәсімдерді орындауына құқықтық тұрғыда ешқандай кедергі келтірмейді. Ислам тарихына қарайтын болсақ, Хақ Елшісі (с.а.у) Мекке дәуірінде Құрайыш аристократтарынан қысым мен құқай көрген бір топ мұсылмандарды екі дүркін Эпиофияға көшіргені белгілі. Ал, ол кезде Эпиофия — Ислам мемлекеті емес еді. Бірақ, Эпиофия мемлекеті қоныс аударып келген мұсылмандардың өз сенімдерінің негізінде құлшылық жасап, өмір сүруіне рұқсат берді. Шариғат бойынша мемлекет құрылымы Ислам құндылықтарына негізделмесе де, діни құлшылық пен ритуалдардың жүзеге асуына рұқсат беретін саяси жүйені «дарул-сулх», яғни, дінге бейбіт ұстаныммен қарайтын мемлекет деп атайды. Ал, мұсылман құқығының теория-методологиясында діни ғұрыптардың орындалуына мемлекеттік тұрғыда тиым салатын саяси жүйені кәпірстан деп айтады. Демек, мұсылмандық тұрпаттағы діни құлшылық пен рәсімдердің жүзеге асуына рұқсат беретін Қазақстан мемлекеті ешқандай да кәпірстан емес. Яғни, әсіредіншілдіктің алдын алу үшін біз зайырлы Қазақстанның осындай артықшылықтарын дұрыс насихаттай білуіміз керек.
Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан бергі ширек ғасыр уақыт аралығында діни қатынастарды реттеуде мол тәжірибе жинақтады. Бүгінгі таңда Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Дін істер комитеті, Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы, Діндерді талдау және зерттеу орталығы, Философия және дінтану институты, облыстық және оған теңестірілген қала әкімшіліктерінде Діни істер басқармасы, деструктивті діни ағымдардан зардап көргендерге көмек көрсету орталықтары, яғни, мемлекет механизмінде діни мәселелерді зайырлылық шеңберінде реттейтін ұзын-ырғасы ондаған мемлекеттік құзіретті органдар жұмыс жасайды. Сондай-ақ, діни қатынастарды реттеуде мемлекеттік құзіретті органдар мен діни бірлестіктердің арасында әріптестік тығыз қарым-қатынас орнаған. Бұл еліміздің локальді ерекшеліктері ескерілген зайырлылықтың қазақстандық моделінің қалыптаса бастағанын әйгілейді. Біз мемлекет пен дін бір-бірінен бөлек саналатын классикалық зайырлылықты емес, қажет жағдайда мемлекеттік құзырлы орындар мен діни бірлестіктердің әріптестік қарым-қатынасы орныққан конкордаттық зайырлықты қалыптастыру үстіндеміз. Яғни, біз діни тағаттылық пен төзімділікті, дінаралық өзара үнқатысу мен ықпалдастықты арттыратын, мемлекеттілігімізді өміршең ететін зайырлылық үлгісін дәуір талабына сай дамытып отыруға тиістіміз.
Екіншіден, біз әсіредіншілдіктің алдын алу үшін халықтың ортадоксалды діни танымының қалыптасуына жағдай жасауымыз қажет. Діни радикализмге қарсы тұратын иммунитет қалыптастыру үшін ең алдымен отандастарымыз дұрыс діни мәлімет пен білім алуы тиіс. Қазір елімізде исламдық бағыттағы көшбасшы ұйым — Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасына қарасты 2300-ден астам мешіт жұмыс істейді. Бұл мешіттердегі кешкілік курстарда жамағатқа тұрақты түрде діни сабақ беріледі. Сонымен бірге, елімізде имамдар дайындайтын Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті, арнаулы орта оқуына теңестірілген 10 медресе бар. Бұдан өзге әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, Түркістандағы ХҚТУ, Шет тілдері және іскерлік қарьера университеті, Қарағанды мемлекеттік университеттерінде дінтану факультеттері мен бөлімдері жұмыс істейді. Діни ақпаратпен қамтамасыз ететін «Ислам және өркениет» газеті, «Иман», «Шапағат-Нұр», «Мұсылман» т.б. мерзімді басылымдар шығады. Сондай-ақ, 100-ге жуық ғаламторда діни сайттар жұмыс істеуде. Өткен жылдан бастап діни радикализммен белсенді түрде күрес жүргізу үшін Республикалық ақпараттық насихат тобы құрылды. Яғни, осы діни культтік орындар мен оқу ордалары және діни мәлімет беретін ақпарат көздерімен т.б құрылымдар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып халықтың ортадоксальді діни танымының қалыптасуына бірлесіп жұмыс жасаса, бұл үлкен қосын – әсіредіншілдіктің толықтай алдын алған болар еді.
Демек, халықтың ортадоксальді діни танымы орнығу үшін аталмыш күштердің үйлесімді жұмыс жасауына, әсіресе, әсіредіншілдікке қарсы белсенді күрес жүргізіп отырған мешіт қызметкерлерінің қоғамдық рөлінің артуына мемлекет ықпал етуі керек сияқты. Сонымен қатар, Ислам дінінің тафсир, хадис, фикһ, ақида, ислам тарихы, ислам философиясы секілді іргелі пәндерін тереңдетіп түсіндіріп беретін оқулықтар шығару үшін Ислам зерттеу орталығын ашсақ құба-құп. Өйткені, біз әсіредіншілдікті насихаттайтын өнімдерді тәркілеп және теріс мәлімет тарататын ақпарат көздерін бұғаттаумен діни радикализмді түбегейлі жеңе алмаймыз. Яғни, діни таным қалыптастыру үшін жұртшылыққа діни мәлімет пен білім берудің баламалы көздерін қарастыруымыз шарт.
Үшіншіден, біз Қазақстан мұсылмандарының біртұтастығын сақтай алсақ, ел қауіпсіздігінің нығая түсуіне ықпал еткен болар едік. Кезінде, ХІХ ғасырда этнограф-ғалым В.Радлов алты мың шақырымдық аймақты мекендейтін Қазақ халқының әдет-ғұрпы, салт-санасы, ойлау жүйесі, дүниетанымы, сенім-нанымы бір екенін көріп, «Бұл не деген рухани біртұтастық» деп тамсанып жазған болатын. Ал, қазір сырттан келген діни ағымдардың белсенді жұмыс жасауымен, Алаш баласы қаншама жамағатқа бөлшектеніп кетті. Сөз жоқ, бұл қазақ қоғамының ең үлкен қасіреті! Қазір дін ұстаған халықтың басым көпшілігінің арқа сүйер пірі — біздің имамдарымыз емес, сырттан келген келімсек діни жамағаттардың шейхтары болып отыр. Бұл шетін мәселені ырықтау үшін ел мұсылмандары еліміздегі ең беделді көшбасшы ұйым ҚМДБ төңірегіне топтасуы керек. ҚМДБ — ТМД көлеміндегі маңдайалды діни ұйым саналады. Әйткенмен, ҚМДБ-ның шығар шыңы, ұшар биігі бұл емес. Әлі де «әттеген-ай» дейтін кем тұстары жеткілікті. Қазақстандағы 2300 мешіттің басын қосқан ҚМДБ-ның ішкі рухани тұтастығын һәм халықпен етене жақын жұмыс істеуін әлі де жетілдіре түсу қажет.
Төртіншіден, дәл бүгінгі күні әсіредіншілдік идеяларын тарататын бірден-бір құрал — ғаламтор ресурсы болып отыр. Бұрын жыл сайын ішкі істер министрлігі «терроризм мен экстремизмді насихаттайтын баспа өнімдерін тәркілейтін. Соңғы жылдары тәркіленетін өнім күрт азайды. Бұл терроризммен күрес нәтижелі деген сөз емес.
Қазір баспа өнімі керек болмай қалды. Біз енді терроризммен интернетте күресу жолдарын меңгеруіміз керек. Қазақстанда 2011 жылы — 400, 2012 жылы — 500, 2013 жылы 590-ға жуық радикалдық-экстремистік үгіт-насихат жүргізген интернет ресурстар жабылды. Қазіргі террорлық ұйым мүшелерінің ішінде «интернет менеджментін» меңгерген мамандар бар. Экстремистер кейінгі жылдары әлеуметтік желі ғана емес, түрлі интернет қосымшаларды да пайдаланады. Деструктивті ағым жетекшілері немесе Қазақстаннан шетелдерге кеткен діни ағым өкілдері Мекке, Мединеден skype (интернет қосымша – ред.) арқылы аптаның белгілі бір күні уағыз жүргізеді. Қазақстанда мыңдаған адам сол экстремистік уағыздарды тыңдайды. Ақпараттық бұл қауіптің алдын алу үшін кибернетика ғылымының жетістіктерін пайдалануымыз керек. Сондай-ақ, Интернет арқылы уағыз жүргізетін экстремистердің аты-жөнін, жүрген жерін анықтаудың, олар жариялап жатқан материалдарды бұғаттап үлгеру өте қиын. Терроризмді дәріптейтін бір сайтты жапқанмен, екіншісі ашылады. Интернеттегі материалға құзырлы мекеме мамандары сараптама жасалғанша жұрт теріс уағыздан құлағдар болып үлгереді. Яғни, күдікті ақпаратты сот шешімі шыққанға дейін бұғаттауға мүмкіндік беретін мораторий жарияланса, радикализмге тосқауыл бола алар едік. Ғаламтор арқылы сырттан келетін ақпараттарға тоқтау салу үшін ғылым жетістіктерін пайдалануымыз шарт.
Түйін: Сайып келгенде айтпағымыз, ҚР Президенті Н.Назарбаевтың халыққа жолдауында айтылған Мәңгілік елге айналуымыз үшін біздің саяси және діни-рухани идеологиямызда қарама-қайшылық болмауы қажет. Бізде қоғамдық бірізділік сақталғанда ғана, мемлекетіміздің тәуелсіздігі өміршең бола алады. Демек, Қазақ елінің мемлекеттілігі баянды болуы үшін біз әсіредіншілдікке жол бермей, ішкі тұтастығымызды сақтауға мейлінше атсалысуымыз керек.

Мұхан ИСАХАН,
Діни мәселелерді ғылыми зерттеу
және талдау орталығы, Исламды
зерттеу бөлімінің басшысы

Оқылды 2660 рет
JoomShaper