Наурыз жайында дін мамандары не дейді?

Бейсенбі, 16.03.2022

Санаулы күннен соң жер жаһанды ерекше жылуға, адамзатты мейірім-шуаққа бөлейтін Ұлыс күні – әз-Наурыз мерекесі тойланады. Наурыз – тек қазақ жұртшылығы ғана емес, күллі түркі әлемі үшін айрықша мейрам. Халқымыз ықылым заманнан осынау күнді ерекше сезіммен қарсы алған. Қыстың қыспағынан құтылып, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенін үзілер шағында, жан-жануар көкке, барша жұрттың аузы аққа ілінген уақытқа жеткен көпшілік Жаратқанға шүкірлік айтып, мереке қылған. Азды-көпті өкпе-реніші бар ағайын құшақ жайып, бауырластықты нығайтқан. Айтулы мереке қазақ еліне Тәуелсіздік атты қадірлі ұғыммен бірге келді. Тіл мен діл, дін мен мәдениетіміздің қайта оралуы баршаға зор қуаныш екені белгілі. Дегенмен, қоғамда қалыптасқан, халық танымында талайғы заман орныққан салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарға қатысты ел ішінде әр алуан ой тудырып, сыңарезу пікір таратушылар қарасы да жоқ емес. Елімізде діни сенімді өзгешелеу өрнектегісі келетін кейбір адамдар Наурыз мерекесін де мансұқтауға көшкендей. Осыған байланысты бұл күннің шығу тарихы, мән-мағынасы мен бүгінгі болмысы туралы дін мамандарының өздерінен білгенді жөн санадық.

 

Мұхитдин ИСАҰЛЫ, «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінің профессоры:

Әз Наурызды, көрісуді парсының діни мейрамы дейтін адамдар бар. Бұхаридан бастап күтубу тисғаның басым көпшілігі түркі жұртынан болған біздің ата-бабаларымыз кешегі күнге дейін күллі мұсылманға, соның ішінде араб елдеріне, османлыға дін үйретіп келген. Сол себепті, олар парсының пұтқа табынушылық мейрамын тойлаған емес. Көрісу – сонау ықылымнан ғұндардан, сақтардан бері тіпті одан әріден бар ғұрып. Өйткені біздің ата-бабаларымыз бүгінгідей қысты күні "квартираға" тығылып алып жатпаған. Олар мынау ұшы қиыры жоқ кең даланы иемденіп еркін жатқан. Қыс айлары, әсіресе, күн суық жақтарда алты айлап бір-бірлерін көре алмай, содан қыстан аман шыққаны үшін көрісетін болған. Бұрынғылар көкті ұстаған бір Тәңірге шүкіршілік айтса, кейінгі мұсылман бабалар сол көкті ұстаған бір тәңір болған Аллаға шүкіршілік еткен. Амандық сұрасқан. Амандық сұрасу – Пайғамбардың сүннеті. Бұл сол көктемнің алғашқы күндерінде болатын болған. Жаңа жыл, жаңа өмір болып басталған. Құрандағы «Алланың өлген соң қайта қалай тірілтетіне қараңдар» деген махшар күнін еске алатын болған.

Ал осы жаңа күн, жаңа көктем кейінгі ғасырларда "Наурыз" болып парсыша аталып кеткен. Яғни парсы мәдениетінің бір кездегі әсеріне байланысты сіз бен біздің оқып жүрген "салат" яғни, парсы тілінде "намаз", ұстаған саум – оразамыз да парсыша аталып кеткен. Егер бұл адамдар наурыздың парсыша аталғанына қарсы болса, онда намаз бен оразаға да қарсы шықсын қауқары жетсе. Әңгіме атында емес, затында. Олардың айтып отырғаны – парсылардың "наурызы", ол от жағып оттан секіру, отқа табыну мейрамы. Ал қазақ тарихындағы наурызда отқа секіру жоқ, от жағу жоқ. Қайта көктем бар. Гүлдену бар. Ояну бар. Ағаш егу бар. жандандыру бар. Тірілту бар. Махшарды еске алу бар. Дін ұстанамыз деп дүдәмал ағымға ергендер өздерін қазақ деп санамаса оларды бұл елде не ұстап отыр, не болмаса қазақ деген аттарын ауыстырсын.

Ал, ата-баба жолынан таймай қайта оянуға бет алған мұсылман алаш жастарына айтарым – Әз наурыз құтты болсын! Әлихан, Міржақыптардың жолын қуыңдар! Алла елімізге берекет, байлық, бірлік, тыныштық нәсіп етсін! Әмин!

 

 

Абдусамат ҚАСЫМ, Islam.kz сайтының діни сарапшысы, исламтанушы:

Наурыз мейрамы, бәріне белгілі болғандай, түбі сонау парсыларға барып тіреледі. Исламнан алдын, отқа табынушы парсы халқы Наурыз мейрамын жаңа жыл ретінде құттықтайтын. Кейінірек Иран жеріне мұсылмандар аяқ басқаннан соң да аталмыш үрдіс мұсылмандардың арасына кірді. Кейінірек Умеяттардың халифалығы кезеңінде, Хажжаж ибн Юсуф әс-Сақафи тарапынан бұл мейрам ресми түрде бекітіліп, Шия Фатимиттердің кезеңінен бастап тойланып келгені деректерде айтылады. Аббаси халифасы Мүтәуәккил Алялла наурыз мейрамын жақсы көргендігі де тарих кітаптарында бар . Түркі тілдес халықтарында 21 наурыз біздің заманымызға дейін 8 ғасырдан бері жаңа жыл мерекесі ретінде тойланып келеді.

Дегенмен, аталмыш мейрамға үзілді кесілді қарсы шыққан беделді дін ғұламалары болды.  Олардың арасында Ханафи ғалымдары да бар еді. Бірақ, олардың бұл тыйымдарын мәжуси сеніміне сүйенетін, діни рәсімдері орын алған, діни мейрам ретінде тойланатын наурызға қатысты деп алуға болады.

Бүгінде, наурыз мейрамы діни бояуын жоғалтып, халық арасында тек дәстүр ретінде қалыптасқан. Отқа табынатын зәрдүштік дінінің элементтерінен ада. Сондықтан да, шариғатқа қайшы келетін іс-әрекеттер орын алмайтын болса, наурыз мейрамын ел боп атап өтуді харам деуге болмайды.

 

Бақытжан ӨТКЕЛБАЕВ, «Әзірет сұлтан» мешітінің наиб имамы:

Көшпелі қазақ өркениетінің ұлттық нышандарының бірі – Наурыз мерекесі. «Наурыз» сөзі – зороастризм сенімінде болған парсы елінің  тілінен аударғанда «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Бұл мейрамның шығу тарихын кейбір ғалымдар зороастризммен, отқа табынумен байланыстырса, кейбір тарихшылар Парсы патшалығының жорықтарымен байланыстырады. Зороастризм сенімі бойынша жақсылықтар жарықтан, жамандықтар қараңғылықтан бастау алады.

Кейбір риуаяттарда Хазіреті Әли Парсы шығанағы жаққа барғанында бір кісі келіп Оған Наурыз мерекесіне байланысты бір кәде сыйлық жасайды. Хазіреті Әли (Алла разы болсын) мұның мәнісін сұрағанда, әлгі адам: «Бүгін Наурыз мерекесі, бұл сыйлықты сол үшін сыйладым» дегенінде Хазіреті Әли (Алла разы болсын) бұған қарсылық білдіру былай тұрсын:

«Бұл жақсы үрдісті, күніге істеңдер! (Наурызда сыйлық сыйласу үрдісі)» деп өсиет еткен екен.  Ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атамыз өзінің «Нұх, Наурызнама» деген жазбаларында мұның Нұх пайғамдардың заманын қалған қадым мейрам екендігін алға тартқан. 7 түрлі дәнді-дақылдан дайындалатын наурыз көже сондықтан да «Ашура» мерекесінің құрметіне 10 түрлі дәнді-дақылдан жасалатын тағамға ұқсайды деген.

Әсілі, Наурыз мерекесі қазақ халқының сенімінде қыстан аман есен, шығып, малдың ауызы көкке ілініп, арқа кеңіп, күн жылыған кезде жаңа жыл ретінде тойланады. Қыстан аман есен шыққан халық бір-бірін зиярат етіп, амандық-саулық сұрасып, көрісетін болған. Еліміздің батыс аймағында «Көрісу күні» деп содан аталады.  Осымен қатар, 14 наурызда Самарқандтта көк тас ериді деп наурыз мерекесін тойлауды 9-нан немесе 14-нен бастап кеткен.

Дінімізде «Шәрғи мән қобләна немесе ғурф» фиқһ қағидасы бойынша (бір халықтың Исламнан алдыңғы әдет-ғұрыптары мен салт-дстүрлері) Ислам негіздеріне қайшы келмей, қоғамдық қатынасты оң реттеген болса, бұл салт-дәстүрлер сақталады. Бүгінгі дәстүріміздегі Наурыз мерекесінің Исламға ешқандай алабөтендігі жоқ. Бұрынғы Наурыз мерекесін от жағып қарсы алушылық дәстүрімізден әлдеқашан шығарылып тасталған. Ал, қазіргі қазақ қауымының тойлап жүрген Наурыз мерекесінде қыстан күйзеліп шыққан елдің көңілін көтеру мен қазақи құндылықтарымызды жандандырып, көкпар беріп, ат шаптырып, палуандар күресін өткізіп, ән-жыр, айтыс-терме ұйымдастырылып, араздасқан адамдар осы күні татуласып, бір-біріне жақсы бата берісіп, «ұлыс оң, ақ мол болсын» деген сияқты ізгі тілектерімен қауышып жатады. Ислам шариғаты Наурызды ұлттық нақышта көктеммен бірге жаңа жылға кіру түсінігінде тойлауды құптайды деп толық айта аламыз. Осымен қоса, дінімізде «Амалдар ниеттерге байлынысты» деген қағида бар. Сол үшін бүгінгі қазақ халқы Наурызды көктем мерекесі ретінде тойлап жүр. Бұл Ислам дінінің қағидаларына еш қайшылық етпейді дегім келеді.

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз құтты болсын!

 

Айнұр ӘБДІРӘСІЛҚЫЗЫ, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті Дін мәселелерін зерттеу және талдау орталығының директоры, филология ғылымының кандидаты:

Ұлыстың ұлы күні – күн  мен түннің теңелген күні ретінде наурыз айының негізгі мерекесіне айналғаны баршаға белгілі. Табиғатпен үндесе білген көшпелілер ғана емес, бүкіл Орта Азия жұрты, Шығыс халықтарының көпшілігі және батыс пен Американың бірқатар жергілікті халықтарында да көктем айлары жыл басы болып саналған.

Наурыздың исламмен немесе басқа дінмен тікелей байланысы болмағанымен, халықтық жыр-аңыздар әз-Наурызды топан су тартылып, Нұқ пайғамбардың кемесі тоқтаған (қазақ аңызы бойынша Қазығұрт тауына тоқтаған) кезеңмен байланыстырады. «Құрғаққа шыққанда Нұқтың кемесінде әр азық-түлік түрінен бір-ақ уыстан қалған екен, солардың бәрін қосып, бір қазанға қайнатып ас пісіріпті. Наурыз көжені жеті түрлі дәмнен жасау содан қалыпты» дейді қазақ аңызы. Мұсылман шығыс жұртының бірқатарында наурыз көжеге ұқсас дәм бар. «Наурызнаманың» көне нұсқалары да көптеген мұсылман халықтарында кездеседі.

Кез келген жиын-тойды Алладан тілек тілемей бастамайтын да аяқтамайтын халқымыз Наурызда да өлілердің рухына құран бағыштап, Алладан тілек тілесіп, бұл мерекені де мызғымас рухани дәстүріне айналдырған. Сондықтан болар, наурыз көжені оңтүстікте «құдайы көже» деп те атай береді.

Діні мен дүниесін қатар ұстаған халқымыздың бұрын бөлмегенін бүгін бөлудің мәні жоқ. Сондықтан жыл басы, жыл тойы, жаңару мен жасарудың, берек-бірліктің мейрамы – әз-Наурыз мұсылман қазақ ұлтының рухани құндылыққа толы қастерлі мерекесі ретінде лайықты деңгейде аталып өтілуі тиіс.

 

 

Кеңшілік ТЫШХАН, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ Дінтану кафедрасының доценті, философия ғылымының кандидаты:

Қоғамның әлеуметтік-мәдени қалыптасуында тарихи құндылықтардың өзіндік орны мен рөлі ерекше. Жалпы бір халықтың салт-дәстүрі туралы айтқанда көз алдымызға сол халықтың ғасырлар бойы жинақталған, жаппай қабылдаудан өткен құндылықтары мен мәдениеті елестейді. Бұл салт-дәстүр мен мәдениет ол халықтың жүріп өткен тарихының барлық кезеңдерін қамтиды. Оның ішінде ұстанған діні, көршілес болған елдері, дүниетанымы сияқты маңызды факторлар да өз ықпалын көрсетеді.

Ол құндылықтар кейбір жағдайда тоқырауға да ұшырап жатады. Оның себебі әртүрлі саяси идеологиялармен қайшылық болған жағдайда немесе басқа елдердің бодандығына түскен жағдайларда. Қазақ халқы да жоғарыда аталған жәйттардың барлығын басынан кешірген халық. Сондықтан, халқымыздың салт-санасына шабуыл жасалған кезді де бастан кешірдік. Бодандық жылдарында көптеген салтымыз бен құндылықтарымызға шектеу салыпты, тіпті ұмыт бола бастағандары да бар.

Тәуелсіздік тізгінін қолға алысымен еліміздің жоғалуға жүз тұтқан көптеген жәдігерлерімен бірге рухани салт-санасы, тілі, діні, ділі қайта жаңғыру мүмкіндігіне ие болды. Осы орайда қазақ халқының көптеген дәстүрінің арасында Наурыз мерекесінің орны ерекше. Халқымыз үшін дүниетанымдық тұрғыдан да салттық тұрғыдан да ерекше орны бар көптеген салт-дәстүрлер жаңғыру барысында кейбір қисық сұрақтар мен талаптарға ұшырап, оны қайта дәйектеуге де, тіпті қорғауға да мәжбүр болып жатамыз. Ол жаңғыру үрдісінде ерекше орны бар діни дүниетаным ерекшеліктеріне байланысты болып отыр. Қазіргі еліміз азаматтарының діни танымының қалыптасуы сатысында дін және салт-дәстүрді таразының екі басына қойып сараптайтындар да табылып жүр. Осыған байланысты діни тұрғыдағы мәтіндер мен қағидалар шеңберінде ғана көзқарас қалыптастырып басқа пікірлерді аластауға талпыныс танытушылар да жоқ емес.

Осындай күрделі қалыптасу кезеңінде  дәстүрдің орнын айқындау, оның ұстанатын сенімімізбен сабақтастығын қалыптастыру өте маңызды мәселе. Бұл қатынасты тіпті ислам дінінің келу тарихындағы пайғамбар ұстанымдарымен де байланыстыра қарастыруға болады. Олай дейтініміз Мұхаммед пайғамбар өзіне ислам дінінің келуімен араб қоғамындағы дәстүрдің барлығына қарсы болған жоқ. Тіпті кейбір исламдағы қалыптасқан әдеттер исламнан бұрынғы араб қоғамының әдеті болатын. Бұлардың қатарына қасиетті айлар түсінігі, кейбір күндерде ұсталатын оразалар салты т.б. көптеп мысалдар келтіре беруге болады.

Демек діннің мүддесі барлық салт-сананы тазарту емес, егер негізгі сенім қағидаларына қайшы келмеген жағдайда халықтың салтына құрметпен қарау түсінігін құптайды. Сол сияқты біз ұстанатын Ханафи мәзхабында салт-дәстүр өз орнымен қағида ретінде де қабылданатындығын ескерсек, халықтың салтына жеңіл қарауға болмайтындығын байқаймыз.

Қыңыр ұстанымдағы азаматтар мен топтардың қарсы келіп жүрген мәселелерінің бірі осы Наурыз мерекесіне қатысты болып отыр. Ол топтар мұның ежелгі Зороастр дінінің сарқыншағы екендігін, исламға қарсы элементтерді қамтитындығын алға тартады. Бұл қарсылық – негізсіз. Олай болатыны кез-келген салт немесе дәстүр халықтың діни ұстанымдарына қарай бейімделеді. Наурыз мерекесінің шығу тарихы әрине исламнан ерте ғасырларға тиесілі. Бұл мерекенің тарихы мен ерекшеліктеріне қатысты мәліметтер көптеп жазылуда болғандықтан біз басқа бір қырына тоқталуды жөн санадық. Наурыздың қазіргі бет-бейнесі біздің салтымыз бен діни құндылықтарымызға әбден сіңіскен деуге болады. Наурыз кезіндегі адамдардың татуласуы, ағайындар арасындағы көже ішу арқылы байланыстың нығаюы, ұлттық ерекшеліктеріміздің жаңғыруы, ішімдіктің қолданылмауы т.б. көптеген элементтер исламның құндылықтарына сай келеді.  Олай болса, оны жатырқауға, халық арасында дау тудыруға, салт-санаға шабуыл жасауға негіз жоқ. Әрі бұл мереке діни мереке ретінде аталып өтілмейді. Рухани жаңғыру барысында кейбір азаматтарымыздың бұл мерекені исламдық мереке ретінде түсінуіне де кешіріммен қараған абзал. Олай болатыны, біздің салт-санамыз мен рухани дәстүріміздің ислам құндылықтарымен астасқаны соншалық дәстүрдегі бар мұрамызды исламнан санау жақсы ниеттен туындаса керек. Алайда ұлтымызда және осы аймақтарды мекен еткен көптеген халықтарда аталып өтілетін бұл мерекенің ұлттық бояуы басым. Сол себептен халықтың жаппай қабылдап, жақсы көңіл-күймен қарсы алатын мерекесінің әлі де орны мен құнын бағалау қажеттілігі бар.

Қыстың қатал шарттарынан көктемге жеткен, әсіресе мал-шаруашылығымен айналысқан халықтың көктеммен бірге қуануы, тіршіліктің жаңғыруымен бірге жаңаруға талпынысының астарында терең мән-мағына бар. Сондықтан ұлыстың ұлы күні саналған бұл ұлттық мерекеміздің халық өмірі мен бірлігіне тигізер пайдасы орасан. Еліміз үшін құт-береке әкелсін! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын деп жаратушыдан тілейміз! Бұл да руханиятқа аттаған тағы бір қадамымыз деп санаймын.

 

P.S. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Шариғат және пәтуа бөлімі Наурыз мерекесі төңірегінде туындаған қайшылықты пікірлерге байланысты пәтуа жариялады. Пәтуа мәтініне сүйенсек, дін саласындағы «Әдет-ғұрып» фиқһ қағидасында елдің бұрынғы салт-дәстүрлері ислам негіздеріне қайшы келмей, қоғамдық қатынасты оң реттеген болса, бұл салт-дәстүрлер сақталады, бүгінгі салт-санамызға сіңген Наурыз мерекесінің исламға ешқандай алабөтендігі жоқ. Сонымен қатар, пәтуада қазақ өркениетінің ұлттық нышанына айланған мерекенің арғы-бергі тарихы мен қазақ әдеби мұраларында сақталған деректер мен діни пайым тұрғысынан тұщымды пікірлер берілген.

Сауалнаманы дайындаған Жайық НАҒЫМАШ 

Оқылды 86 рет
JoomShaper
Top