«Халал арақ» ішкіңіз келеді ме?

Жұма, 05.09.2021

Бұл заманда таң қалатын дүние қалмаған шығар, сірә! «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» дегендей, қазіргі таңда адамнан қулық артылмай тұр. Ғаламтордан «халал арақ» жайлы көріп не дерімді білмей қалдым.

Ішімдік мәселесі – жауыр болған тақырыптардың бірі. Бірақ, айтпаса сөз атасы өледі деген тағы бар. Арақ ішу және маскүнемдік әлі де болса біздің қоғамда өзекті мәселелердің бірі болып тұрғаны шындық.

Қу арақпен түрлі тәсілмен күрес жүруде. Жас мөлшерімен шектеу, кешкі уақытта сатпау тағысын тағы. Бірақ нәтиже бар ма? Сонымен қатар, оны насихаттаушылар да қалыс қалмай жағаласып келе жатыр. Ішімдік атауының теледидарда түрліше креативті үлгіде керемет жарнамалары бар. Тіпті, оның атын адалдап «халал арақтар» және «нулевка» пиволар шығып жатырған көрінеді.

Бірер жыл бұрын сенат депуттары арақ-шарап мәселесін кезекті рет көтерген-тұғын. Олар бұл індетпен, оның салық бағасын көтеру арқылы күреспек болып еді. Қу арақтың құнын көтеріп, оған дәніккендерді тимақ.

Әрине, арақ-шарапты тоқтатамын деген дұрыс бастама. Бірақ, тию үшін қолданбақ болып тұрған тәсілі қате тәрізді. Өйткені, арақ-шарапты демалыс күні сатпаса, жай күні-ақ алып ішеді. Ал, бағасын көтерсе, екі шөлмектің орнына біреуін алып ішеді. Айналып келгенде ішуді доғармайды.

Ішімдік жайлы «бұл арақты ешбір ел және ешбір жүйе тоқтата алмаған» деген жөнсіз теория да бар екен. Расында, Кеңес Одағы маскүнемдікпен қатты күресті. АҚШ-та болса «құрғақ заң» (сухой закон) деген заман болды. Екі алпауыт мемлекет те ақыры соңы араққа жеңіліп тынды.

Бұрын ішімдікті қоғамның ең жаман адамдары ішетін. Ішіп отырғандарға жұрт жиіркене қарайтын. Ал, әйел баласының шөлмек ұстауы сұмдықтың өзі болатын. Ал, бүгінде арақ әртүрлі жастағылар жарыса сіміреді. Қаусаған қарттар қураған тамағын арам ішімдікпен шайып, ал жас өрім қара көздер де қолына бір-біреуден ұстап шөлін басып жатқанын тағы көресіз. Бүгінде қарт та, қыз да жасқанбай ауызға алады.

Қазіргі таңда, арақ дос сияқты қуанышта да, қайғыда да адаммен қатар жүреді. Доспен бөліспегенді, осы «шайтан сумен» бөлісіп жатады.

Бұл індетті жеңген жалғыз жүйе – Ислам діні. Мұсылманшылықта, арақ – құрамында спирты бар адамды мас ететін әрбір ішімдік. Арақтың жеке адамның ақыл-ойына, денсаулығына және дүниелік іс-әрекетіне орасан зиян тигізетіні анық. Кісінің отбасына қамқорлық етуіне және әйелі мен бала-шағасын қамтамасыз етуіне кедергісін тигізетін зиянкес. Сондай-ақ, арақ қоғам мен халыққа рухани, материалдық және моральдық тұрғыдан қауіп төндіретін улы жылан.

Адам ағзасына арақтан алған соққысындай өзге ауыр соққы болмайды екен. Егер де дүниедегі арақтың салдарынан бұлшық ет ауруына және жүйкелік дертке шалдыққандардың есебін, арақтың кесірінен өзіне қол жұмсаған және өзге кісіні өлтірген жайлы мағлұмат алатын болсақ. Сондай-ақ, арақ ішімдігі залалдығынан жүйкелік, асқазан және ішек ауруларына шалдыққандар тізімін алсақ. Арақтың кесірінен бүкіл мал-мүлкінен айырылған, қаражатын арақ сатып алып құртқан адамдар статистикасын алатын болсақ өте қорқынышты көрсеткішке куә боламыз.

Исламға дейін арабтар араққа салынған халық санатына жататын. Бұл олардың тілдерінде көрініс тапты. Арақ сөзінің жүзден астам атауы мен синонимы бар. Қала берсе, қара өлеңдерінде арнайы «хамрият» арақ жаныры болғаны араб әдебиет тарихында бар.

Ислам маскүнемдікке салынған бұл халықты өте дана тәрбиелік тәсілмен айықтырды. Құран Кәрім: «Ей, иман келтіргендер! Арақ ішу, құмар ойнау, пұтқа табыну, оқпен бал ашып бәсекелесу–шайтан ісі, жиіркенішті қылықтар. Бақытқа жетем дегендер шайтан ісінен аулақ болыңдар. Сол арақ, құмар ойнау арқылы шайтан сендердің араларыңа дұшпандық-ғадауат тудырады, сендердің намаз оқуларыңа кедергі жасамақ болады. Тәңірді естеріңнен шығаруға тырысады. Арақ пен құмар ойнаудан сонда да безбейсіңдер ме?»,-деп бұйырды.

Бұл екі аятта, арақ-шарап құмар ойыны, пұтқа сиыну және бал ашу сияқты ауыр күнәлардың қатарында айтылуының өзі көп нәрсені аңғартады. Бұлардың барлығын «шайтанның ісі» деуде.

Сонымен қатар, ағайын-туысқанмен «ат құйрығын кесіп» араласпай кету сияқты әлеуметтік зияны да айтылған. Арақ ішетін және құмар ойнайтын адамдар арасында сөзсіз дұшпандық пен өшпенділік туындайды. Рухани залалы болса, мас болып масқара болған адам намаз, ораза сияқты мұсылмандық міндеттерін орындамайтыны белгілі. Аталған аят соңында Алла Тағала адамдарға «...сонда да безбейсіңдер ме?»,-деп бұйрықпен сауал қойған. Иләһи бұйрықты естіген сахабалар: «Раббым! Біз түбегейлі тиылдық»,-деген екен.

Иә, нағыз елін сүйген патриот осы ғасыр індетімен күресуі қажет деп ойлаймын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Көп мөлшері мас еткен ішімдіктің аз мөлшері де харам»,-дегендей бұл індетті түп тамырымен жойсақ халықымыздың тектілігін сақтауда маңызды қадам болары сөзсіз. Сіз келісесіз бе, әлде...

 

 

Руслан ҚАМБАРОВ

Исламтанушы

 

 

 

 

 

Оқылды 1217 рет
JoomShaper
Top