Дінтанушылар: «Қазақ қыздарының құқын қорғауымыз керек!»

Бейсенбі, 10.09.2021

Жуырда Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы некені ойыншыққа айналдырған жастарды сынға алған еді. Айтуынша, бұдан былай еліміздегі барлық мешіттерге АХАЖ бөлімінің анықтамасы болмаса, ешбір жұпқа неке қимау жөнінде тапсырма берілген. Шынында, діни білімі таяз кейбір азаматтар «талақ» айтып, бойжеткендеріміздің өмірін тас-талқан етуде. Тіпті, бір жылда бірнеше талақ естіген қазақ қыздарының барын естігенде, жағамызды ұстадық.  Некенің шарттарын жөнді білмейтін жастар үшін, бұл құптарлық бастама ма? Отандық теологтардың пікірі қандай? 

Жалғас САНДЫБАЕВ, «Е-Ислам» порталының бас редакторы:

– ҚМДБ бас муфтиі Ержан қажы Малғажыұлының бұл мәлімдемесі тай үстіне таңба басылғандай болды дер едім. Енді қоғам ішінде «пәленше түген айтты», «түгенше пәлен деді» деген алып қашпа сөздерге жол жоқ. Дініміздегі «Жәннат – ананың аяғының астында», – деген әйгілі хадисті алға тартып, қыз баланы алдап, үйленіп, кейін екі күн өтпей жатып бір сөзбен талақ етіп, қашып кету біздің діннен емес. Мұндай сұрқия әрекетке баратындар жат ағымның жетегінде кеткендер. Ислам қыз баланың тәрбиесін ата-анасына жүктесе, кейін оның бойжетіп, тұрмыс құрғаннан кейінгі әлеуметтік жағдайын қамтамасыз етуді оның күйеуіне міндеттейді. Себебі, әйел сол шаңырақтың бағы мен берекесі. Имам Ахмедтен жеткен хадисте Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Сендердің бәрің де бақташысыңдар, бәрің де өз отарларыңа жауаптысыңдар. Ер адам отбасы үшін жауапты, ол ақырет күні солар үшін сұралады», – деп, ер адамның отбасы үшін жауапкер екенін ескерткен. Келесі хадисте: «Сендердің жақсыларың, әйелдеріңмен жақсы қатынаста болғандарың», – деп айтады. Басқа бір риуаятта: «Әйелдердің құқықтарын аяқасты етпеңдер, Алладан қорқыңдар. Өйткені, сендер оларды Алланың аманаты ретінде алдыңдар», – деп әйелді Алланың ерлерге тапсырған аманаты ретінде қарауға шақырады.

Ал, енді ресми түрде АХАЖ-ға тіркелу бір жағынан – қыз баланың құқығын қорғау болса, екінші жағынан келешек ананың мемлекет қарастырған түрлі әлеуметтік жеңілдіктерін (жөргекпұл, жәрдемақы, бала-бақшаға беру т.б.) пайдалануына мүмкіндік береді.

Серік ТӘЖІБАЕВ, исламтанушы:

– Шариғаттағы ақ некеге қатысты бұл шешім қазақ даласынының мұсылманшылығын нығайтары сөзсіз. Отандас дін ғұламаларының фиқһ саласындағы неке бабына қарасты ханафи мәзһабының үкімдерін кеңінен зерттеп, қазақ тілінде қоғамға пайдалы еңбектері жарық көргені мәлім. Дегенмен, ел аузындағы некеге қатысты ақпараттарды естігенде алаңдамау мүмкін емес. Бұрыс бағыттағы жамағаттардың некеге қатысты үкімдері –ханафилік емес, шет елде отырған шейхсымақтың пәтуасына сүйенген олар некені де қия салып, талағын да бере салады.  Бұл дегеніңіз асыл дінімізді ойыншыққа айналдыру, мұндай тірлікке Әбу Ханфианың өзі де, Ханафи ғұламалары да, тіпті, ата-бабаларымыздың өзі жасамаған жағдаяттардан десе де болады. Ендеше, еліміздің АХАЖ  орындарынан өтпеген, яғни заңды түрде некесі қиылмағандарды – мешітте де шариғи шарттармен неке қиылмайтындығы дұрыс болды. Бұл -ерлі-зайыптылардың ақ некесіне деген жауапкершіліктің бір көрінісі. Осылайша, кейбір ағымдардың нәпсілерін тиып, негізсіз істеріне шектеу қойылатын болды.

Некенің «АХАЖ»-бен бекітілуі туралы сөз қозғай отырып, дәстүрлі бағыттағы исі мұсылман жұртшылығы жөнінде айта кеткеніміз жөн. Ханафи мәзхабындағы бірде-бір мұсылман некені көшеде қиып, ертеңіне талақ айтқан емес. Неке қиюға бел буған күннің өзінде қазақтың салт дәстүріне сай қыздың құлағына сырға салу сынды рәсімдерді орындап, той барысында «АХАЖ»-ға барып, заңды куәлігін алып, кейін мешіт имамдарына ақ некелерін «Неке» шарттарына сай қиятын болған.  Нәтижесінде, Алланың алдында да, заңның алдында да, таза, ақ некелері қиылған халде ұзақ ғұмыр кешеді.

Кеңшілік ТЫШХАН, дінтанушы ғалым:

– Қазіргі қоғамда кейбір топтар үшін дін парралелді заңға айнала бастаған тұста бұл тұжырым өте орынды деп ойлаймын. Өйткені, кейбіржастардіннің «неке»заңдарынөзжалған сенімдері мен нәпсілеріне бейімдеп, жеңілдетіп алған. Оның салдары да орасан. Санаусыз жетімдер мен қамқорсыз жесірлерді шынайы дінді түсінген адам көбейтпес еді. Бірақ, бұл шындыққа айналды. Ең сорақысы құрсағындағы шарананың қайсы күйеуінен екендігін білмейтіндер шыға бастады. Осы тұста некені ойыншыққа айналдыра бастағандардың алдын алу үшін бұл қағиданы толық енгізу орынды. Алайда, осы адам тағдырымен нәпсісі үшін ойнап жүргендер қаншалықты некелерін мешіттерде қидырады? деген сауал туындайды. Сондықтан жалпы, заңсыз некеге тұрғандарға қатысты арнайы жауапкершілік тетіктерін ойластыру керек болар. Өмір сүріп жатқан мемлекеттің заңы барлық тұрғындар үшін міндетті жарамды болуы керек. Кейбір мәселелерді тек шариғат шеңберінен іздеу де орынсыз. Өйткені, көлік апаты бола қалса ешкім шариғаттан жауап іздемей МАЙ қызметкерін шақырады, науқас бола қалса жедел-жәрдемге жүгінеді, сол сияқты неке де заң шеңберінде болуы тиіс. Оның үстіне қаншама зардап шеккендер ешбір шара қолдана алмай далада қалып жатыр. АХАЖ-сыз некеге тұрғандар осы жауапкершіліктен қашқандықтан, кез-келген уақытта сұраусыз тастап кете алатындықтарынан осындай көлеңкелі некеге барады. Ол үшін Бас мүфтидің талабымен қоса қыздарымыздың сақтығы да керек. Түріне, «аузындағы дініне» алданып өз өмірін жауапсыз адамдарға тапсыру, кейіннен өкіну еліміз бен болашақ ұрпағымыздың тазалығы және тәрбиесіне үлкен нұқсан. 

Дайындаған Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ

 



 

 

 

 



 

 

 

Оқылды 1544 рет
JoomShaper
Top