Жастарға дәстүрлі исламды үйретудегі әлеуметтік желілердің орны (тиімді және тиімсіз тұстары)

Сейсенбі, 09.09.2021

 

 

 

Адамзат өркениетіндегі ең маңызды жетістіктердің бірі ғылыми технологиялар екендігінде дау жоқ. Қазірде әлем біртұтас халге жетті деуге болады. Дүниенің бір шетінде болып жатқан оқиғалардан сол мезетте хабар алу немесе бір жерде отырып-ақ басқа танымайтын өз жақтастарына нұсқау беру осы технологияның, әлеуметтік желілердің арқасында болып жатыр. Жаһандану жағдайында біздің еліміз де осы ғаламдық үрдістен тыс қалып жатқан жоқ. Қазіргі кезде әртүрлі теріс ағымда да осы әлеуметтік желілерді өздеріне тиімді пайдалануда. Қаптаған сайттар мен парақшалар әртұрлі идеологиядағы материалдарды таратып жатыр. Тіпті қазіргі жастардың көбі күнделікті уақытының басым бөлігін компютер алдында өткізетіндігін ойласақ, мәселеге бей-жай қарауға болмайтындығы айдан анық. Себебі, компютер немесе әлеуметтік желілер белгілі бір деңгейде жастардың мінез-құлқына, тәрбиесіне де өз ықпалын тигізе бастады. Әлеуметтік желілер ақпарат алмасу үшін тиімді болғанымен, сол ақпараттардың дұрыс-бұрыстығы тұрғысынан қауіпті болуы да ықтимал. Осы салада елімізде де көптеген мәселелер көтеріліп, кейбір шаралар қабылданып та жатыр. Теріс бағыттағы діни ағымдарға тиесілі сайттар жабылып та жатыр. Дегенмен, бір сайт жабылғанымен бірнеше сайтар ашылып жатқандығын да назардан қыс қалдыруға болмайды.

Олай болса, жастардың діни бағдарын дұрыс бағытта қалай қалыптастыруға болады деген сұрақ туындайды. Бұл сұрақтың жауабы ретінде, дәстүрлі исламды дәріптейтін сайттардың санын молайту, олардағы деректерді толықтыру керек деп жауап беруге болады. Дегенмен, діни білімнің негізі қалыптаспаған жастарды әлеуметтік желі арқылы тәрбиелеу, дәстүрлі исламды түсіндіру қиынға соғары сөзсіз. Олай болатыны, еліміздегі діни сауаттылық деңгейі төмен болғандықтан интернеттен алынған материалдардың дұрыс-бұрыстығын саралай алмайды. Егер саралай алатындай деңгейде болса онда теріс ағымдарға бой алдырмасы хақ. Саралай алмағандықтан, түсінбегендіктен олар ізденісін жалғастыру барысында әртүрлі бағыттағы адамдармен танысуы мүмкін. Ал теріс діни ағымдар өкілдерінің белсенділігін назарға алатын болсақ, дәстүрлі дін ұстанушыларынан бұрын жастарға солар иелік етері даусыз.

Демек, ең басты мәселе тек дәстүрлі бағытты уағыздау ғана емес, жастардың қажеттіліктеріне жауап бере алатындай материалдарды орналастыру, тіпті арнайы мамандар арқылы сұрақтарға жауап беру, сандық және сапалық тұрғыдан қамтамасыз ету қазіргі кезде өзекті болып табылады.

 

Дінтанушы, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті философия кафедрасының аға оқытушысы  Кеңшілік Тышқан.

 

 

 

Оқылды 2676 рет
JoomShaper
Top