Жастардың діни танымы қалай қалыптасуда (кеше және бүгін)

Дүйсенбі, 08.09.2021

Жастар еліміздің болашағы. Ертеңгі ел тізгіні ұстайтын тұлғалар. Осы орайда олардың дүниетанымы ел болашағы үшін аса маңызды мәселе. Қазірде жастар арасында дінге, имандылыққа бет бұрғандар аз емес.

Дегенмен Қазақстандағы таралып жатқан көптеген дәстүрлі емес ағымдар да өз қатарын жастар есебінен толықтырып жатқандығы баршаға аян. Дәстүрлі емес діни ұйымдар Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі жылдарынан бастап кеңінен тарала бастады.

Дәстүрлі емес діни ұйымдардың ұйымдастырушылық құрылымы, дәстүрлі діндерге қарағанда, бұл дүниедегі табыстар мен о дүниедегі жеңілдіктерге бағытталған нарықтық қатынастарға анағұрлым сәйкестелген. Бұл ағымдардың ең негізгі көңіл бөлетін әлеуметтік демографиялық топ ол – жастар. Олар түрлі жағдайларға икемделіп, елдегі әртүрлі топтардың психологиялық ерекшеліктерін ескере отырып әрекет ете алады. Олар жастарға, олардың ауыспалы талаптары мен талғамдарына баса назар аударады. Алматы қаласындағы «Қазақстан жастарына діни ұйымдардың ықпалы» атты тақырып бойынша ҒЗО жүргізген зерттеулер дәстүрлі емес діндердің, соның ішінде жаңа протестанттық діни ұйымдар мүшелерінің басым көпшілігі жастардан құрылғанын анықтады. Бұл феномен былай түсіндіріледі: «Бұл жерде жастардың бойына тән жалпы қарсыластық қасиет, «басқалардан ерекше болуға талпыныс» ықпал етеді (респонденттердің жауаптары бойынша). Сонымен бірге, жас адамдар «дәстүрлі емес» діндер тарапынан жастарды өздеріне тарту үшін қазіргі психологиялық технологиялар қолданылатынын, діни ағымдардың уағыздаушыларының психологиялық дайындығы жоғары екендігін атап көрсетті».

Бұған біздің ойымызша бірнеше негіз бар. Ең негізгісі жастар қандай да бір мемлекеттің, халықтың болашақ басқаратын тұлғалары, яғни олардың санасына құйған ақпарат, ертен жемісін береді. Бұл стратегиялық ұзақ мерзімді жол, яғни қандай да бір идеологиямен тәрбиеленген жас, ертен билік басына келіп жатса сол бағытты ұстанушылардың сөзің сөйлеп, идеяларын қолдайтындығна еш күмән жоқ.

Екіншісі, ол жастардың санасын улап, сол мемлекеттегі саяси тұрақтылықты бұзу, сонымен қатар тұрақсыздықты пайдаланып билік басына өздері таңдаған адамдарды қою, қазіргі әлемдегі саясаттың ең танымал тәсілі елде ірткі тудыру арқылы басқару, иелік ету екендігін аңғару қиын емес.

Үшіншісі, жастардың түп тамырын жойып, рухани негізіне балта шауып мемлекеттің болашағын мүлдем дүбәрә халге жеткізу, сол мемлекеттің азаматтарын тек құлдық санамен тәрбиелеп, келешекте өз керегіне жарату. Бұл жәй ғана біздің болжамдарымыз. Дегенмен, жастардың діни танымын қалыптастыруда дәстүрлі емес діндер мен ағымдардың белсенділігін ешкім жоққа шығара алмайды. Олай болса, уақыт күттірместен діни білім беру мәселесін түбегейлі шешу, медреселердің сапасын арттыру, жастарға ең бастапқы діни көзқарасты мектепте қалыптастыру сияқты маңызды шараларды қолға алған жөн.

Дінтанушы, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті философия кафедрасының аға оқытушысы Кеңшілік Тышқан.

 

 

 

Оқылды 997 рет
JoomShaper
Top