«Диуани хикметті» қазақ тіліне аударудың кейбір мәселелері

Сәрсенбі, 20.04.2022

Хикметтердің Қазан (1904) басылымына сүйене отырып жасаған аудармаларында өздерінен бұрынғы авторлардың (М.Жармұхамедұлы, М.Шафиғи, С.Дәуітұлы) аударма мәтіндерін қоса қамтыған Қ.Қари, Ғ.Қамбарбекова еңбегі (Тегеран, 2000 ж.) «Диуани хикмет» аудармалары тәжірибесіндегі ұжымдасудың өзіндік бір үлгісі болып табылады. Хикметтердің соңғы қос автор аударған нұсқаларында алдыңғы авторлар тарапынан жаңылыс аударылып келген жолдардың сәтті аудармалары едәуір.

Елік екі йашта кечтім ханмандын

Ханманым не көрінгәй бәлки жандын, –

деген жолдардың соңғы қатарын алдыңғы аудармашылар: «Мал-мүлкім не тұрады бір жанымнан»[1] деп келтірсе, Қ.Қари, Ғ.Қамбарбекова «Үй-ішімнен бездім бәлкім, тіпті жаннан»[2] деп аударып, түпнұсқадағы ойды дұрыс жеткізген. Тағы бір мысал:

Хам жаныңмын жананыңмын жаныңны бер,

Ху шамширін қолға алыб, нафсіңні қыр.

Алдыңғы үш автор аудармасы:

Жаныңмен, жананыңмен шыбын жаныңды бер,

Көңіл семсерін қолға алып, нәпсіңді қыр[3].

Қ.Қари, Ғ.Қамбарбекова аудармасы:

         Һәм жаныңмын, жананыңмын, жаныңды бер,

         Хақ семсерін қолға алып, нәпсіңді қыр[4].

Мұнда да соңғы аударма түпнұсқаға көбірек сәйкес келіп тұр (бұл жерде «жанан» сөзінің көне қолданыс стилінде тұрғанын ескеру керек). Тағы бір тұста «нәфсіға ұрсам табар» тіркесін өзге авторлар «нәпсімді ұрып, тебем»[5] деп жаңылыс аударса, Қ.Қари, Ғ.Қамбарбековалар «нәпсіге балта шапсам»[6] деп, түпнұсқа тіркестегі фразеологиялық компонентті сақтап, дұрыс мәнінде аударған.

«Диуани хикметтегі» әрбір сөздің мағыналық көп қабаты, терең мазмұны бар екеніне жоғарыда бірнеше рет назар аударылды. Сана сергектігінен бір сәт ажыраса, көсіліп келе жатқан аудармашының да қия басуы оп-оңай. Мұндай сүрінулер Қ.Қари, Ғ.Қамбарбекова аудармасын да айналып өтпеген. «Изім қылғай жүмлә құлға иман ата» («Ием қылғай барша құлға иманды сый») деген жолдар аудармада «Сөйлегенге, сөз дегенге иман арна»[7] деп, мүлде басқа ұғымға ауытқып кетеді.

«Уахши йаңлік елдін чықар, йүрсә болмас» деген жол «Жабайы еңлік жылдың өсіп шықса болмас»[8] деп берілген. «Секілді», «сияқты» деген ұғымды беретін «йаңлік» сөзін аударушылар «еңлік» (гүл аты) деп түсінгендіктен, хикмет жолының мағынасы тұтастай өзгеріп кеткен. Дұрыс аудармасы – «Жабайыдай (тағы сынды) елден шығар (кетер), жүрсе болмас».

«Суд у зиан болғаныны білмәс ерміш» («Пайда-зиян болғанын (екенін) білмейді екен») деген жолдар «Өзіне пайда екенін білмес деймін»[9] деп берілсе, «Бу дунйаны ишратыдын кечкән кіші» («Бұл дүниенің қызығынан (баз) кешкен кісі)» деген қатар «Бұл дүниені, бар қызықты кешкен кісі»[10] деп жаңылыс аударылған.

Келесі бір күрделілеу аударма Ә.Ибатов, З.Жандарбек, А.Нұрманова қаламына тиесілі (Алматы, 2000). Күрделілеу дейтініміз – аудармадағы стиль алалығы бірден көзге түседі. Әр автордың дербес жұмыс жасағаны байқалады. Өкінішке орай, қай хикмет аудармасы кімге тиесілі екендігі алғысөзде көрсетілмеген. Жалпы алғанда үш автор да жолма-жол аударма қағидасын ұстанған.

Түпнұсқаны өзіндік стилімен, бояуымен, мәнер-машығымен қабылдауда оқырман үшін де, зерттеуші үшін де жолма-жол аударманың (әріпқойлық аударма емес) негізгі роль атқаратыны даусыз – алдымен «не айтты?» деген сұрақ, содан кейін «қалай айтты?» деген сұрақ қойылуға тиіс. Соған сәйкес аталмыш еңбектің өзіндік жаңалықтары бар, сәтті аударылған тұстары едәуір. 2-хикметтің 16-шумағындағы көпше түрдегі іс-әрекетті білдіретін «ләр» жалғауының «олар» деген дербес ұғыммен аударылуы өте ұтымды әдіс: осы жалқы сөзді енгізу арқылы хикмет стилі, өлең ырғағы, түпнұсқадағы ой түгел сақталған:

Жаназасин оқыб йердән көтәрділәр,

Бір фұрсатта ұжмақ ічрә йеткүрділәр.

Рухин алыб алайынға кіргүзділәр,

Ол сәбәбдін алтмыш үчдә кірдім йергә.

Жаназасын оқып жерден көтерді олар,

Бір мезгілде ұжмаққа жеткізді олар.

Рухын алып жаннатқа кіргізді олар,

Сол себептен алпыс үште кірдім жерге[11].

«Жан берарда хақ Мұстафа қолұң тұтар» деген жолдардағы «қолұң тұтар» тіркесін өзге аудармашылар «қолын берер», «қолыңды ұстар» деп аударып келсе, «тұту» сөзінің көнере бастаған мағыналарының бірі «ұстау» екенін ескерген сөз болып отырған аударма авторлары «қолың тұтар» тіркесін түпнұсқадағы қалпында беріп, қазақы қолданысты орынды жаңғыртқан[12]. «Рәң-ройы» тіркесін аудармашылардың «реңі-райы» деп беруі де сәтті шыққан: түпнұсқадағы сөз қолдану әдісі сақталған әрі ұлттық ұғымымызда бар сөздердің тіркесу қабілеті жаңа қырынан ашылған[13].

Ұтымды қолданыстар енгізе білген аудармашылардың ұтылған жері хикмет аудармаларындағы ортақ мәселелерге байланысты болып келеді. «Баран сифат мәләматнің оқы тегді» жолдары аудармада «Боран сынды мәліметтің оғы тиді» болып шыққан[14]. «Баран» сөзі парсы тілінен аударғанда «нөсер» ұғымын береді. Аудармадағы «боранның» «нөсер» ұғымын алмастыра алмайтыны айқын. Ал сопылық терминологиядағы тұрақты ұғымдардың бірі – «мәләмат» сөзінің мәні – ұрыс-керіс, сөгіс, айыптау. Өзін-өзі сынау, сөгу, айыптау, өзгелердің ұрыс-керісі мен даттауына төзу – сопылықта нәпсіні тәрбиелеудің, өзіндік «менді» бақылауда ұстаудың бір әдісі болып табылады. Яғни, «мәләмат» ұғымының «мәліметпен» мүлде байланысы жоқ. Аудару барысында терминдік ұғымдарды түпнұсқадағы қалпында келтіріп, сөздік арқылы мәнін ашып отырудың тиімдірек болатыны осындай тұстарда байқалады.

«Ел-жұрт, әйел, үй ішінен болар безер» мәніндегі «Аһлу аял ханмандын болур безар» деген жолдар айтылмыш аудармада «Әйелдердің жанынан мүлде безер» деп беріліпті[15]. «Қулһуаллаһ субханаллаһ уирд әйләсам» жолдарындағы «зікір», «дұға» ұғымдарымен мазмұндас «уирд» сөзі аудармада «гүлге» айналып кеткен: «Қулһуаллаһ субханаллах гүлді ойласам» деп жазады авторлар[16].

«Хақ йандурған чырағ һәр кез өчәрмукин» («Хақ жандырған шырақ әр кез өшер ме екен?») жолдары аудармада «Назар тапқан шырақ әр кез ұшар ма екен?» болып шыққан[17]. Жансыз шырақтың Хақ назарын таба алмайтыны және ұша алмайтыны белгілі. Назар табу – сопылықтағы Хақ дидарын іздеушілерге қатысты ұғым. Бірақ мәтінде «шырақ» сөзінің адамға байланысты қолданылмағанына тірек нұсқадағы «йандурған» сөзі дәлел. Сондықтан түпнұсқа мен аударма мағыналық жағынан мүлде қабыспайды.

Хикмет аудармалары туралы сөз қозғағанда, жеке жинақ ретінде баспа жүзін көрмегенімен көпшілікке кеңінен таныс болып үлгерген ақын С.Нұржановтың аудармасына да тоқтала кеткен орынды. Аталмыш аударма хикмет түпнұсқасындағы мазмұнды, өлшемді және ең бастысы – рухты өзгертпей жеткізуге тырысуымен ерекшеленеді. Бұл тұрғыдан С.Нұржанов аудармасы ел аузында екшеліп, әнмен айтылып келген хикметтерге тән ауызекі аударма дәстүрін жалғаған деуге болады. Салыстырып көрелік:

                   Құл Хожа Ахмад, тағат қыл,

                   Өмрің білмәм неча йыл?

                   Аслың сенің аб уа күл,

                   Йана күлгә кетәр-а[18].

Аудармада:

                   Құл Қожа Ахмет, тағат қыл,

                   Ғұмырыңды қай жан санап тұр?

                   Топырақ пен судан жаратты,

                   Топырақ қайта жұтады. 

Аударма мәтін ел жадында жатталған Ясауидің бір үзік хикметіндегі: «Иллаллада пайда бар, Білмеген құлға не айла бар? Барар жерің қараңғы, Шамшырағың сайлап ал» деген жолдармен табиғи түрде үйлесіп жатады.

Хикмет аудармаларының бірінің авторы Ә.Жәмішұлы ел аузындағы  аударма-хикмет ретінде бала кезінен естіп өскен мынадай жолдарды келтірген еді: «Пайғамбары бір Алланың, Қорқып хақтан ұялмадым. Сахар тұрып, зар-зар жылап, Хаққа тағат қыла алмадым»[19]. Бұл жолдарды да 8 буынды Ясауи хикметтерінің ауызекі  аудармасының бір үлгісі ретінде қабылдасақ, өміршең туындыны санаға сіңірудің мұндай да әдістері бар екендігін пайымдауға болады.

Ендігі бір ерекше аударма – ақын Е.Дүйсенбайұлы жасаған хикметтердің көркем аудармасы. Көркем аударманың эстетикалық құндылығы жоғары, эмоциялық-экспрессивтік бояуы қанық, қазіргі оқырман қабылдауына жеңіл әрі әсерлі болып келеді:

Тариқаттың ләззатынан татқан жан,

Дүниесін дін жолына сатқан жан,

Күндіз-түні көзден жасы аққан жан

Қашан білер бұл жалғанның қадірін?![20]

Бірақ түпнұсқаның мәнер-машығынан, сөз саптау, ой толғау қисынынан алшақтап кететін айыбын аударма көркемдігі ақтай алмайды. Мына жолдарға назар аударайық:

Бір кем отуз йашқа кірдім, халім хараб,

Ишқ йолыда бола алмадым мисли тураб.

Халім хараб, бауырым кәбаб, көзім пыраб,

Ол сәбәбдін хаққа сығныб келдім мән-а. 

Торығып, жиырма тоғыз толдым жасқа,

Асықтық жолында өлмей болдым қасқа.

Арылмас азабы тұр сордың баста,

Сондықтан хаққа сыйынып келдім міне[21].

«Бір кем отыз» тіркесін аудармада сол күйі қолданған болса, одан аудармашы ұтпаса, ұтылмаған болар еді.  Бұл тіркес түпнұсқа авторының сөз қолдану мәнерін дәл беріп қана қоймайды, сонымен қатар оның көркемдік қолданыс ретінде де өзіндік орны бар.

Аудармадағы «қасқа» – юморлық реңкі бар сөз. Оны діни насихат мазмұнындағы шығармаға енгізу орынсыз. Ал «сор» сөзі сопылық контексте қолдануға мүлде келмейді. Сопылар ұғымында рухты кемелдендіру, өзін тану, Алланы табу жолында кешкен қиындық, тартқан азаптың барлығы сор емес, бақ болып саналады. Құдай жолы – бақыт жолы, ал тариқат ілімі «бақытқа жету ілімі» деп аталған. «Сор» сөзі мәтінге рухани мән емес, дүнияуи астар үстейді. Нәтижесінде түпнұсқадағы Аллаға деген ғашықтықтан өзін біржола ұмытып, топырақтай үгіліп кете алмаған дәрменсіз күйіне назаланған «халі – хараб, бауыры – кәбаб» сопының орнына аудармада маңдайдан арылмаған сорына налып, кәдуілгі пенделік мұңнан жеңілген торығушының бейнесі сомдалып шыққан, яғни түпнұсқадан едәуір мағыналық ауытқу бар.

Отуз йашда отун қылыб күйдүрділәр,

Жүмлә бүзрүк йығлыб дүнйа қойдырдылар.    

Отызда қу нәпсіні қойдым енді,

Рухтар отқа қақтап сойды мені[22].

Түпнұсқадағы «отун қылыб» тіркесі «отындай», «отын сияқты етіп» деген мағынаны береді, яғни теңеулік табиғаты өз ішінде қамтылған. Ал аудармадағы «отқа қақтау» – нақты іс. Оған «сойды» деген сөз қосылғанда мағына тіпті ауырлай түскен: Ясауиге «дүние ісін қойдырған» жолбасшы, қамқор рухтар аудармада қатігез, қанішер рухқа айналғандай әсер қалдырады.

                   Мен игірмә екі йашта фәна болдым,

                   Мархам болыб, чын дәртліккә дауа болдым.

                             Жігіт боп жиырма екіде қырға шықтым,

                             Кеудемнен дертке дауа сырды ашыппын[23].

Түпнұсқадағы автор-кейіпкер-Ясауи жиырма екі жасында рухани кемелдіктің биік дәрежесіне көтеріліп, таңдаулылардың үлесіне бұйырған «фәна филлаһ» – «Алламен бір болу», «Аллада еріп, жоғалу» мақамына қол жеткізген болса, аудармадағы азамат жиырма екісінде «жігіт боп», жаңа «қырға шығып» жүр. Айырмашылық жер мен көктей.

«Мейірбан боп, шын дерттіге дауа болдым» мәніндегі екінші қатардың «Кеудемнен дертке дауа сырды ашыппын» деп басқаша пафоспен аударылуы да түпнұсқадағы кейіпкер сезіміне үйлесіп тұрған жоқ. Түпнұсқада ұзақ мерзімді үдеріс, ал аудармада жаңа ашылған жұмбақ сыр суреттелген, хронотоп бірлігі өзгерген.

Және бір тұста көркем аударма иесі «Жан берарде хақ Мұстафа қолұң тұтар» деген жолдарды «Өлерде Мұстафа ма өкпелетер?» деп беріпті[24]. Түпнұсқадағы үміт пен сенімге, құрметке толы жолдар аудармада немқұрайдылық пен өзімсіну сарынына көшіп кеткен. Дін-мұсылманның шапағатшысы, адамзаттың ұлығы, рухани ұстаз, кемел тұлға – Мұхаммед пайғамбар хақында сопы ақын мұншалықты немкеттілікпен сөз саптамаса керек-ті.

Тұтастай алғанда Е.Дүйсенбайұлы аудармасында мағына мен мазмұннан гөрі пейіл мен пішінге көп назар аударылған сияқты. Аударманың көркемдігіне, оқырман сезімін баурап алар әсерлілігіне талас жоқ. Бірақ бұл әсер ортағасырлық діндар ақын Қожа Ахмет Ясауидің тағылымды хикметтері тудырған тылсым әсер емес, қазіргі заман ақынының шалқар шабытынан туындаған шалқыма әсер. «Дүниені мистикалық жолмен танудың өзге ешбір жолмен қол жеткізу мүмкін емес өзіндік әдісі бар»[25] [22,7]. Хикметтерді бірыңғай көркемдікке бейімдеу нәтижесінде түпнұсқа авторының ақындық  қолтаңбасы жоғалып, шығарма рухы солғындаған, діни таным туындысының басты құндылығы – мазмұнына нұқсан келген.    

«Диуани хикметтің» қазақ тіліндегі аудармаларына талдау жасау нәтижесінде тұжырымдалған қорытынды ойларға көшелік. Қазіргі теориялық  және тәжірибелік дайындығымыз «Диуани хикметтің» көркем аудармасын жасауға жеткіліксіз екендігі аңғарылады. Сөз өнерінің, өлең өнерінің туындысы болып табылатын хикметтерде көркемдік құралдар кеңінен қамтылған. Дегенмен белгілі бір қалыптармен шектелген діни поэзияны өз қалпынан шығарып, бірыңғай көркемдікке бейімдеу мәтінді негізгі мәнінен айырып, бітім-болмысынан мүлде алшақтатып жібереді.

«Диуани хикметті» аударғанда сондай-ақ стильді бірқалыпты сақтап отыру өте қиын. Өйткені хикметтер төл тіліміздің көне формасында жазылған шығарма ғана емес, ол мүлде басқа тарихи дәуірдің туындысы, қалыптан тыс контексі бар діни-сопылық дүниетанымның жемісі. Бұл фактілерді елеп-ескермей, көркем мәтіндерге қолданылып жүрген әдістерді «Диуани хикметке» қолдану әдістемелік тұрғыдан жөн емес. Бұған керісінше синхрондық және транспозициялық аударма әдістерін хикмет аудармаларына жақындату нәтижелірек болмақ.

«Диуани хикметті» аударудағы басты мәселелердің бірі және бірегейі – ақындық дарынға, мәтінді қабылдау, сезіну қабілетіне кенде емес авторларымызға хикметте қолданылған діни ұғымдардың, діни мазмұннан тыс араб-парсы сөздерінің, сондай-ақ біршама көне түркілік түбірлердің таныс еместігінің қолбайлау болып отырғандығы. Аудару барысында үлкен ізденістер жасап, хикметтердегі тіректік ұғымдардың мән-мағынасын ашуға тырысқан авторлардың да кеңінен көсіліп кете алмай, кібіртіктеп, бірді-екілі баламамен шектеліп қалатыны – Ясауи дәуіріндегі тілдік қолданыстар мен термин сөздердің мағыналарының арнаулы сөздіктер арқылы жан-жақты ашылмағандығының, олардың синонимдік қатарларының, мағыналық реңктерінің айқындалмағандығының салдары.

«Диуани хикметті» аудару үшін де, сол аударманы қабылдап, түсініп, тану үшін де үлкен дайындық қажет. Хикметтерді аударуға талпынушылардың араб, парсы, көне түркі тілдерінің білгірі әрі сопылық дүниетанымның қыр-сырын жетік меңгерген зерттеуші, сонымен бірге рухани тәжірибе жинақтаған тұлға, жүрекпен сезіну қабілеті дарыған ақын болуы қиын шарт. Көне діни мәтіндерді тәржімалаудың өзіндік деңгейлері, сатылары, баспалдақтары болуға тиіс. Сондықтан талапкер ақындарды хикметтермен жақындастыратын дәнекер дүниелер қажет-ақ. Әлемдік аударма тәжірибесінде «Диуани хикмет» тәрізді бірегей туындылардың болмыс-бітімін сақтай отырып, өз дәрежесінде аудару үшін алдымен қажетті сөздіктер жасау қалыптасқан. Көне орыс тіліндегі «Игорь полкі туралы жыр» тәрізді шағын мәтіндерді игеру үшін орыс зерттеушілері 15-ке тарта сөздік құрастырды. «Диуани хикметке» апарар баспалдақ та сөздіктер болмақ.

Алғашқы кезекте «Диуани хикметтегі» терминдер сөздігін құрастыру мәселесі тұр. Хикметтердегі термин сөздер бұған дейін де аударма мәтіндерімен бірге қысқаша сөздіктер түрінде және сопылыққа қатысты зерттеу еңбектерінде анықтама сөздік ретінде беріліп келді. Бірақ суфизм терминдерінің толыққанды сөздігі әзірге қазақ тілінде жарық көре қойған жоқ. «Диуани хикмет» мәтінін транскрипциялау мен аударудағы, талдап-түсіндірудегі қателіктер мен қайшылықтар осы терминдерді толық түсінбеуден, оның түрліше контекстегі қолданыстарының мәніне бойлай білмеуден туындайды. «Диуани хикметтегі» сопылық терминдер сөздігін құрастыру арқылы хикметтерге ұйытқы болған ұғымдардың, мәтіндегі тірек сөздердің мәнін ашып, қолданылу аясын айқындайтын, тек-төркіні мен дамытылу ерекшеліктерін саралап, болашақ зерттеулерге бағыт сілтейтін еңбек жасалады.

Екінші мәселе – хикметтердің түсіндірме және жиілік сөздігін жасау. Сөздікте діни терминдер ғана емес, хикмет мәтінінде қолданылған барлық сөз қамтылады және олардың діни поэзия контексіндегі ғана емес, қоғам өмірінің барлық салаларындағы қолданыстарының мағыналық реңктері ашылады, оларды салғастыру мен өзіндік ерекшеліктерін айқындауға мүмкіндік туады. Түсіндірме сөздік арқылы сондай-ақ «Диуани хикметтегі»  түркілік түбірлердің үлес салмағы айқындалады.

Үшінші кезекте сол дәуірде дүниеге келген Ясауи мәдениетіне тән бір-бірімен тығыз байланысты жазба еңбектердің синонимдер сөздігін жасау қажет. Аталмыш сөздік арқылы Ясауи дәуірінде түркі топырағына тән діни контексте қолданыста болған сөздердің барлық мағыналық сыңарларын анықтауға болады. Синонимдік қатарлар мен олардағы  доминантты сөздер арқылы Орта Азия шеңберіндегі Ясауи мәдениетінің белсенді сөздік қоры айқындалады.

Төртінші мәселе фразеологиялық сөздік құрастырумен байланысты. М.Қашқари сөздігінен бастап, Ж.Баласағұн, А.Ясауи, А.Йүгінеки, С.Бақырғани секілді бірегей тұлғалар туындыларындағы фразеологиялық тіркестерді жүйелеу тұрақты тіркестердің Ясауиге дейінгі, Ясауи қолданысындағы және Ясауиден кейінгі қалыптарын айқындауға мүмкіндік береді.

Ясауидің дағдылы қолданыстарды пайдалану, өңдеу, өзгерту ерекшеліктерін, өзіндік жаңалықтары мен дербес ақындық  қолтаңбасын, кейінгі ақындар дамытқан Ясауи дәстүрін анықтауда аталған сөздіктер маңызды роль атқармақ. Мұндай сөздіктерді дайындап, ғылыми айналымға енгізу тек Ясауи мұрасын немесе ортағасырлық діни туындыларды зерттеушілер үшін ғана емес, жалпы әдебиеттанушы, тілші, мәдениеттанушы мамандар үшін де, қоғам өміріндегі ең мәнді де жанды құбылыстар – әдебиетті, тілді және мәдениетті жасаушы әрі тұтынушы көпшілік қауым үшін де ерекше маңызды.

Қорыта келгенде, «Диуани хикметті» қазақ тіліне аударудың алыс та жақын екі бағыты бар деуге болады. Бірі – осыған дейін Ясауи хикметтерін аударуға атсалысқан авторлардан ұжымдық топ құрып, аудармаларды салғастыра отырып, әрбір хикметтің, әрбір қатардың ең сәтті аударма үлгілерін айқындау, соған сәйкес қажетті өзгертулер енгізу арқылы хикметтер аудармасының толық академиялық мәтінін ұсыну. Екіншісі – жоғарыда айтылған сөздіктерді даярлап, тек лексикографиямен шектеліп қалмай, мүмкіндігінше каталогизация және мәтінтануда (текстология) қордаланған мәселелердің де түйінін тарата отырып, болашақ сапалы аудармаларға жол ашу.      

Айнұр Әбдірәсілқызы

Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу

 және талдау орталығының директоры, филол. ғ. к.

 

 

 

 

 

 



[1] Сонда, 205 б.

[2] Диуани хикмет. (Баспаға әзір. Қ.Қари, Ғ.Қамбарбекова, Р.Исмаилзаде. Ауд. М.Жармұхамедұлы,  

       С.Дәуітұлы, М.Шафиғи, Қ.Қари, Ғ.Қамбарбекова). –Тегеран, Әл-Худа, 2000. 15 б.

[3] Қожа Ахмет Ясауи. Хикмет.  Жинақ. Алматы, 1998.  М.Жармұхамедұлы, М.Шафиғи, С. Дәуітұлы,  

       Е.Дүйсенбаев. 209 б.

[4] Қари Қ., Қамбарбекова Ғ.. Аталған еңбегі, 16 б.

[5] Жармұхамедұлы М., Шафиғи М., Дәуітұлы С. Аталған еңбегі, 207 б.

[6] Қари Қ., Қамбарбекова Ғ.. Аталған еңбегі, 15 б.

[7] Сонда, 85 б.

[8] Сонда,  85 б.

[9] Сонда, 30 б.

[10] Сонда, 85 б.

[11] Қожа Ахмет Иассауи. Хикметтер. (Дайын. А.Ә.Ибатов, З.Жандарбек, А.Нұрманова). –Алматы, Дайк-   

      Пресс, 2000.11 б.

[12] Сонда, 15 б.

[13] Сонда, 88 б.

[14] Сонда, 7 б.

[15] Сонда, 86 б.

[16] Қожа Ахмет Иассауи. Хикметтер. (Дайын. А.Ә.Ибатов, З.Жандарбек, А.Нұрманова). –Алматы, Дайк-   

      Пресс, 2000.159 б.

[17] Сонда, 157 б.

[18] Қожа Ахмет Иассауи. Диуани хикмет. –Алматы: «Арыс», 2001. 22 б.

[19] Қожа Ахмет Иассауи. Хикметтер. Ауд. Ә. Жәмішұлы. –Алматы: Өнер, 1995. 16 б.

 

[20] Қожа Ахмет Ясауи. Хикмет. Жинақ. Дайын. М.Жармұхамедұлы, М.Шафиғи, С. Дәуітұлы, Е.Дүйсенбаев.  

      –Алматы, Жалын, 1998. 131 б.

[21] Сонда, 47 б.

[22] Сонда, 47 б.

[23] Қожа Ахмет Ясауи. Хикмет. Жинақ. Дайын. М.Жармұхамедұлы, М.Шафиғи, С. Дәуітұлы, Е.Дүйсенбаев.   

       –Алматы, Жалын, 1998. 46 б.

[24] Сонда, 47 б.

[25] Хаққулов И. Ахмад Яссавий // Ахмад Яссавий. Хикматлар. (Нашр. тайер. И.Хаққулов). –Тошкент,   

      Ғ.Ғулом номидаги Адабиет ва санъат нашриети, 1991. 7 с.

 

 

Оқылды 136 рет
JoomShaper
Top