«Диуани хикметті» қазақ тіліне аударудың кейбір мәселелері

Сәрсенбі, 16.03.2022

Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» туындысын аудару жұмыстары еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде ерекше қарқын алып келеді. 1990 жылдан бері «Диуани хикмет» аудармалары әртүрлі саладағы мамандар тарапынан жыл сайын дерлік жарық көруде. Мұның өзі аталмыш туындының тек әдеби мұра ретінде ғана емес, түркі халықтарының рухани мәдениетіне елеулі ықпал еткен Ясауи ілімінің жазба жәдігері ретінде де маңызы мойындалып, хикмет мәтінін игеруге деген рухани қажеттіліктің артып отырғандығының дәлелі.

 

Отандық ясауитануда хикметтердің жинақтық немесе ғылыми-сыни мәтіні жасалмағандықтан, қазақ тілді зерттеушілер мен оқырмандар түгелге жуық дерлік «Диуани хикметтің» қазақша басылымдарын қанағат тұтып, зерттеу жүргізуде. Ясауи мұрасына қатысты өзекті мәселелердің бірі осы қазақ тілді басылымдардың жай-күйіне байланысты туындайды. Осы орайда алдымен өзіміз қозғағалы отырған аударма мәселесіне қатысты негізгі ұғымдарға көз жүгіртіп өтелік.

Аударма теориясында аударма түріне қатысты «дәл аударма», «еркін аударма», «балама аударма», «әдеби көшіру» ұғымдары қолданылады. Дәл аударманы «сөзбе-сөз аударма», көркем аударманы «шығармашылық аударма» деп атау да кездеседі. Осы түрлерге қатысты «бара-бар аударма», «реалистік аударма» ұғымдарын қолданушылар да болды. «Қазақ  әдебиетінің жағдайында аударма жөніндегі біздің терминдеріміздің өзі әлі ғылыми тұрғыдан қалыптасып болған жоқ. Қолданылып жүрген атауларды кейде әр адам әртүрлі түсініп, әр түрлі пайдаланады»[1] деген тұжырымды көрнекті аударматанушы Ә.Сатыбалдиев бұдан жарты ғасыр бұрын айтқан болса, қазіргі аударма саласындағы жағдай сол кезеңдегіден  айтарлықтай өзгере қойған жоқ. Аталған түрлерді негізге ала отырып, аударма ісі лингвистикалық, әдебиеттік және машиналық бағыттарда дамыды. Әдебиетшілер аударманы әдебиет үрдісі деп қарастырып, көркем аударма теориясын ұсынса, лингвистер түпнұсқа мен аударма арасындағы сәйкестік нормасын сақтау туралы жүйе қалыптастыруды, контрастивтік лингвистиканы бөлек дамытуды және сөзбе-сөз аударуды талап етеді. Аударма теориясындағы тұжырымдарда бірізділіктің болмауы аударманың күрделі де көп қырлы табиғатынан туындайды. Белгілі ғалым А.В.Федоров: «Аударма тіл білімінің де, әдебиеттің де кей тұстарын қамтығанымен, жалпы алғанда филологиялық ғылым болып табылады»[2] десе, аударматанушы А.Лилова: «Аударма теориясы лингвистикаға да, әдебиетке де жатпайды, ол жеке-дара ғылыми пән. Аударма теориясының өзіндік шегі бар, ол лингвистикамен, әдебиетпен, эстетикамен, тарихпен, филологиямен, кибернетикамен, әлеуметтанумен, психологиямен байланысты болады»[3] деген пікір айтады. Осы орайда отандық зерттеуші Б.Дуанинаның: «Аударма теориясы бүгінгі күні өте құнды, тамаша тәжірибесі бола тұра, өзіне-өзі анықтама беруде қиын жағдайды басынан кешіріп отыр»[4] деген тұжырымына еріксіз тоқырауға тура келеді. Жалпы алғанда аударма мәселесі жеке пән ретінде де, салыстырмалы әдебиеттану негізіндегі пәнаралық деңгейде де зерттеу нысанына айналған.

Дегенмен аталмыш қағидалар мен тұжырымдар бір тілден екінші тілге аудару мәселесіне және негізінен алғанда көркем аудармаға қатысты болып келеді. Ал «Диуани хикмет» және жалпы ежелгі мәтіндер аудармаларына келгенде бұл тұжырымдарды осы қалпында пайдалану мүмкіндігі шектеулі. «Диуани хикмет» біздің ана тіліміздің (демек, барлық түркі халықтары тілінің) көне формасында жазылған дүние болғандықтан, оны қазіргі қазақ тіліне бейімдеуде «аудару» деген ұғымды қолданудың өзі күмәнді. Бұл үдеріс «аударудан» гөрі «Диуани хикметтің» қазақша нұсқасын жасау» деген қолданысқа көбірек сәйкес келетін секілді. Бауырлас түрік, өзбек ғалымдары хикмет жинақтарын шығарушыларды «баспаға дайындаушылар» деп атағанда осы ерекшеліктерді ескерген болса керек. Тілдік ұғымдарға сақ отандық әдебиеттанушы ғалым Қ.Өмірәлиев өз кезінде «Оғыз қаған» эпосына қатысты «аудару» ұғымын емес, «қазіргі қазақ тілі нормасына түсіру» тіркесін қолданған болатын[5]. Ұлы істерде ұсақ ұғымдар болмайтынын ескерсек, ежелгі мәтіндер аудармасына қатысты сәтті балама табу қажеттігі күн тәртібінен түспесі анық.

Сонымен, қазақ тілді қалың оқырман мен зерттеуші ғалымдарды Ясауимен байланыстыратын басты дәнекер – «Диуани хикметтің» қазақ тіліндегі аудармалары қай деңгейде деген мәселеге келейік.

«Диуани хикметтің» ғылымға белгілі қазақ тіліндегі алғашқы аудармасы – 1901 жылы Қазан баспасынан жарық көрген Маңғышлау Тынышлықұлының еңбегі. Өз кезеңіндегі қазақ аудиториясының сұранысын қанағаттандыра білген  аталмыш туындының аударма тарихында өзіндік орны бар екендігі даусыз. Дегенмен аударма тәжірибесі толыспаған тұста жасалған бұл жұмыстың бүгінгі кәсіби аударма талаптарына жауап бере алмауы да заңды. Араб әрпіндегі қолжазба күйінде сақталған М.Тынышлықұлы аудармасын ғылыми ортаға алғаш таныстырған көрнекті әдебиетші Х.Сүйіншәлиев: «Ол аударманың өзін қазіргі тілге аудармаса, көпшілікке түсініксіз» деп атап көрсеткен болатын[6]. Аталмыш аударманы негізге ала отырып, жекелеген зерттеулер жазылғанымен (А.Ахметбек), ол қазіргі әліпбиге түсіріліп, ғылыми айналымға енгізіле қойған жоқ. Мақсатымыз – оқырман қауымға кеңінен таныс, қолданыстағы хикмет аудармаларын талдау болғандықтан, М.Тынышлықұлы аудармасын зерттеу нысанынан тыс қалдырып отырмыз (Хикмет аудармаларына деген сұраныстың ХХ ғасырға дейін де болуы заңды, сондықтан бізге белгісіз ілгеріректе жасалған аударма нұсқалардың әлі де табылуы мүмкін екендігін  айтып өткен жөн).

1990 жылдан бері хикмет аудармаларының қазақ тілінде жиырмаға жуық басылымы жарық көрді. Соның ішінде М.Жармұхамедұлы, С.Дәуітұлы, М.Шафиғи дайындаған аударма 3 рет қайта басылды. Хикмет аудармаларында жолма-жол аударма, көркем аударма, еркін аударма түрлерінің тәжірибесі қалыптасты (хикметтерге қатысты «сөзбе-сөз аударма» орнына «жолма-жол аударма» ұғымы қолданылады). Әрбір аударма өзіндік ерекшеліктерімен, аударма тәжірибесіне толымды үлес қосуымен құнды.

«Диуани хикметтің» жекелеген аудармалары бұған дейін де бірнеше рет талдау назарына ілікті. М.Жармұхамедұлы, М.Шафиғи, С.Дәуітұлы аудармасының үзінділерін алғаш рет «Парасат» журналында жариялай отырып, белгілі ақын Ә.Тәжібаев кезінде: «Мына оқырман назарына ұсынылып отырған ғазал тобы – әбден піскен, ой жағынан да, поэзия жағынан да жетілген нәрсе емес, кейде толық өлең болып оқылса, кейде ырғағы жетпей жатқан сөзбе-сөз аудармадай шоқырақтап қалады. Мен мұндай аудармалардың да жарияланып, көпшілік талқысына түсуін қостаймын»[7] деп жазған болатын.

«Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымы» атты іргелі зерттеу авторы Д.Кенжетай аталған еңбегінде: «...Ясауи хикметтерінің қазақ тіліндегі аудармаларына келсек, транскрипциясының қателіктерін қоспағанда, көптеген терминдер мен діни және сопылық дүниетанымдық ұстындардың негізгі мазмұнынан айырылғандығын көруге болады. Бұл «Диуани хикметтің»  қазақша нұсқасының қайта қолға алынуы керектігін көрсетеді»[8] деп жазса, әдебиет зерттеушісі Т.Қыдыр өз мақаласында хикметтердің М.Жармұхамедұлы, М.Шафиғи, С.Дәуітұлы, Қ.Қари, Ғ.Қамбарбекова жасаған аудармаларына қысқаша шолу жасап, бірқатар қателіктерді атап көрсетті[9].

«Диуани хикметтің» қазақ тіліндегі аудармалары және әдеби байланыстар проблемасы» тақырыбында кандидаттық диссертация жұмысын жазған (2000 ж.) Р.Чакыр зерттеуінде хикметтердің сол кезге дейін жарық көрген кейбір аудармаларына сипаттама жасалды. Өкінішке орай, С.Битенұлы аудармасын асыра бағалап, ал Х.Иманжанов еңбегін «шалажансар аударма», Ж.Әбдірашев аудармасын «Х.Иманжанов аудармасының ізіне ерген сырғыма аударма», Е.Дүйсенбайдың көркем аудармасын «байбалам салып келген аударма»[10] деп бағалаған зерттеушінің аталмыш аудармаларға қатысты өз пікірлері де сын көтермейді. Қазақ тілінің қисынын, сөздік қорын, қазақы сөз саптау мәнерін жеткілікті дәрежеде игермесе де, хикмет аудармаларына төрелік айтуға тырысқан Р.Чакыр өзінше байлам жасап, жаңа аудармалар жасаумен болған. Х.Иманжанов аудармасы жайлы сөз қозғағанда зерттеуші: «Жолма-жол аудармада дәл берілмеген сөздер жүр» дей келіп, «мен-а» сөзін «оны», «хикмет» сөзін «хикмат», «талапты» сөзін «талиблер» деп аударуды (қазақшаға – !) ұсынады[11]. «Сөзни айттым һар ким болса дидар талаб» («Сөзді айттым кімдер болса дидар  талап») деген жолды «Сөзді дидар етейін әркім үшін айтып» деген қисынға келмейтін аудармамен беруді жөн санайды. «Діл» сөзінің қазақы қолданыста бар екенін мойындамайтын автор оны «көңіл» сөзімен ауыстыруды талап етеді; «ақыл-ес» сынды қазақтың қос сөзін өз бетінше бұрмалап, «ақыл мен ес» деп «жөндейді»; «жаннан тойдым» тіркесін қате аударылған деп «дәлелдеп», «іштен тойдым» деп түзетеді; қазақша мәтінде «жарақ» деп берілген сөзді (түпнұсқада – «йарақ», яғни «керек-жарақ» мағынасында) «дайындық» сөзімен ауыстырады[12]. Ең түсініксіз мәселе сол – зерттеуші «Диуани хикметтің» қазақ тіліндегі аудармаларын оның түпнұсқасымен емес, К.Ерасланның мүлде басқа нұсқаға сүйеніп жасаған түрік тіліндегі хикметтер транскрипциясымен салыстырып талдаған және бұған қандай негіз бар екенін түсіндірмеген. Р.Чакыр тарапынан К.Ераслан транскрипциясы түпнұсқамен салыстырылмаған, оның да өзіндік қателері болуы мүмкін екендігі ескерілмеген.

Р.Чакырдың қате тұжырымдарын атап көрсетудегі мақсатымыз хикметтердің қазақ тіліндегі аудармаларын кемшіліктен ада етіп көрсетіп, ақтап алу емес. Мақсат – объективті талдаудың, автор мен оқырман арасында дәнекер болудың салмағы зерттеушіге түсетіндіктен, кесімді сөз айтатын тұлғаның өз зерттеу объектісіне қатысты қателікке көп ұрынуы ғылым үшін келеңсіз әрі қауіпті жайт екенін ескерту.

Хикмет аудармалары туралы сөз еткенде ескеруге тиіс бір нәрсе бар. Діни таным мәселесі күні кешеге дейін отандық ғылымда лайықты түрде зерттеле алмады. Дерек көздері тым тапшы салаға қатысты аударма жасаушылар сопылық ілім жөнінде жүргізіліп жатқан зерттеулермен қатар, жарыса әрекет етті. Өз кезегінде мұндай еңбектерді ерлік ретінде бағалауға болады. «Диуани хикметке» қатысты ақпарат кеңістігін бос қалдырмай, оқырмандар сұранысын өз уақытында қанағаттандыруда аталмыш аудармалар үлкен роль атқарды. «Диуани хикметті» аудару ісінде 15 жылдық тәжірибе қалыптастырған да осы еңбектер. Дегенмен сопылық дүниетанымға қатысты ұғымдар мен ұстанымдар беймәлім, деректер мен дәйектер айтарлықтай тапшы болған тұста дүниеге келген аудармаларда бүгінгі күн көзімен қарағанда транскрипцияшылар мен аудармашылар тарапынан едәуір қателіктер жіберілген. Аудармалар сапасы мен түрінің әркелкілігі де оларға бірыңғай ұнамды баға беруге бөгет жасайды. Аударма істеріне қатысты санамаланған объективті себептерге қоса ең басты субъективтік себепті – «аудармашының мінсіз мүсінші емес, құндылықтық-психологиялық бағыт-бағдары түпкі нәтижеге әсер ететін»[13] өзекті пенде, өз дәуірінің перзенті екенін назарда ұстауымыз қажет.

Аталмыш аудармаларды зерттеу нысанына алғандағы біздің мақсатымыз – аудармаларды сөзбе-сөз салыстырып талдау емес, олардың өзіндік жетістік-кемшіліктерін саралай отырып, аударма сапасына тұтастай баға беру, жинақталған тәжірибеге сүйеніп, келешек жұмыстар бағытын айқындау. Зерттеу көлемі көтермейтіні себепті аудармаларға талдау жасауда біздер көлемді әрі маңызды нұсқаларға кеңірек тоқталып, өзгелеріне жалпы сипаттама беріп өтпекпіз. Тірек нұсқасының транскрипциясы немесе литографиясы берілмеген аудармаларға талдау жасалмайды, авторы ортақ аудармалардың бір ғана басылымы негізге алынады. Хикмет аудармалары хронологиялық  ретіне сәйкес қарастырылады. Тірек нұсқамен қатар қойып салыстыруды қажет ететін тұстарда алдымен негізге алынған нұсқаның транскрипциясы, соңынан талдауға алынған автор аудармасы беріліп отырады. Ескерте кететін бір жайт: жоғарыда айтылғандай «Диуани хикмет» қолжазбаларының көптігі және сенімді нұсқаның қалыптаспағандығы себепті хикметтерге қатысты «түпнұсқа» сөзі шартты түрде, яғни «тірек ретінде алынған нұсқа» деген ұғымда қолданылады.

«Диуани хикметтің» қазақ тіліндегі алғашқы аудармасын қарағандылық кенші, еңбек ардагері С.Битенов жасады. Аталмыш салада арнаулы дайындығы жоқ болғанымен өзіндік ізденісімен көлемді дүние тудырған автор еңбегінің ең үлкен маңызы тың салаға түрен салуында деп бағалауға болады. Негізге алынған басылымға сілтеме жасалмағанымен, 149 хикмет пен мінәжаттың толық аударылуына қарап, хикметтердің Қазан (1904) басылымынан аударылғанын шамалауға болады. «Даналық жолы» деген атпен «Орталық Қазақстан» газетінің 27 санында тұтас жарияланған бұл дүние жолма-жол аудармаға жатады. Алғаш оқығаннан аңғарылатыны – авторға сопылыққа тән тірек ұғымдардың толық таныс еместігі. 1-хикметтің 2-шумағындағы «Сөзні айтдым һәр кім болса дидар талаб» деген жолдарды автор «Сөзін айттым болса әркім талапқа сай» деп аударады. Алла дидарын көруді өмірлік мұраты етіп, рухын кемелдендіру, жалғыз Хаққа ұласу жолында дүние қызығынан баз кешкен «дидар талап» мүридті жай пенделік өлшеммен «талапқа сай» етіп аудару түпнұсқадағы ойды басқа арнаға бұрып жіберген. Сопылық танымдағы бірегей ұғымдар – «ғаріп» сөзі – «ғарыш», «мақам» сөзі – «маңай», «кемел» сөзі «қамал» болып аударылып, өзіндік мәнінен айырылып қалған. Бұл – жоғарыда айтылған сопылыққа қатысты ақпарат кеңістігіндегі ақаудың айқын салдары. Битенов аудармасында түпнұсқадағы ой мен сезімді дәл бере білген тұстар да кездеседі:

Ғарыш үстінде намаз оқып, тізе бүктім,

Риза болып Хаққа бағып, жасым төктім,

Жалған ғашық, жалған сопы көрдім, сөктім,

Сол себептен алпыс үште кірдім жерге[14].

Мұндай сәтті аудармалар әдетте қазіргі тілдік қолданысымызда бар сөздер топтасқан шумақтарға сай келеді. Бұл – С.Битенов аудармасына ғана емес, хикмет аудармаларының бәріне дерлік тән құбылыс. Айтылмыш аудармада автордың өзі түсінбеген сөздерді аудармай, түпнұсқадағы қалпында қалдыруы жиі кездеседі. Қарадүрсіндікке салынып кететін тұстары да аз емес:

Бәтен бұзып, зәһер түзе ғалым болсаң,

Руза махшар қолыңды алар таңда барсаң.

Ойламай «нәде мәт»деп жолда қалсаң,

Жан мен ділде «һай» зікірін айт, достылар[15].

С.Битенов аудармасымен қарайлас дүниеге келген тағы бір аударма – Х.Иманжановтың «Қырық хикметінен» автордың діни сауаты барлығы, үрдісі үзілмеген сопылық жолдың жөн-жосығынан азды-көпті хабардар екені көрінеді. Дегенмен аудармада алалық көп: кей тұстары жұтынып тұрса, енді бір жерлерінде ой шашырап сала береді. Мәселен:

Шын ғашықты Алла сүйіп пендем дейді,

Орта жолда қалмасын деп қамын жейді.

Жалғаншылар дидарын көрмеймін дейді,

Ғашық жолында мықты болып тұрдым міне[16],–

сынды жұп-жұмыр өлең тудырған автор аудармалары кей тұста:

Дәруіштікті нақты біл қырар уһуа сәні дәруіштер...

...Қысасы иегінде, табысы белінде осындай дәруіштер[17],

деп шатқаяқтап шыға келеді. Мұның өзі аудармаға кәсіби көзбен қарамаудың салдары екені даусыз.

Жолма-жол аудармалар қатарына жататын Б.Сағындықов аудармасы түпнұсқадағы ойды дұрыс түсініп, дұрыс жеткізе білуімен ерекшеленеді. Шағын аударманы жасау барысында автордың көп ізденгені байқалады: хикметтердің арнайы сөздігі жасалмағанын ескерген автор сөздің барлық мағынасын бір жол ішінде ашуға тырысқан, өлеңдік формаға байланбай, табиғи мағыналық аударма жасаған. Әр қатары аяқталған сөйлем болып келетін хикметтерді сол қалпында, көбіне-көп қарасөз ретінде аударған:

Ахир заман умматлар дунйа фани билмаслар

Кетканларни көрубан андин ибрат алмаслар

Ақырзаман үмбеттері дүниені фәни (өткінші) деп білмейді,

Өлгендерді көрсе де одан ғибрат алмайды[18].

Немесе:

Тоғру йурган ашықлардин худа разы,

Ашықлар иши асан емас қылма базы,

Йалғанчылар ашықмын дер аллаһ қазы,

Иманыни пучук пулға сатар ермиш.

Тура жүрген ғашықтарға құдай разы,

Ғашықтардың ісі оңай емес, ойын етпе.

Жалғанды жақсы көрушілер ғашықпын дейді,

                                                   бірақ алла қазы,

           Иманын соқыр тиынға сатып кетеді[19].                    

Табиғилығы көңілге қонғанымен, аударушының әдісін толығымен құптау қиын. «Жалғаншылар» ұғымындағы «йалғанчылар» сөзін «жалғанды жақсы көрушілер» деп шұбалта аударуы сәтті шықпаған. Сондай-ақ ұйқас түзуші түбірлерді сақтай отырып, олардың мағынасын жақша ішінде немесе сілтеме арқылы беріп отырса, мұндай әдіс аударманы қарабайырлықтан құтқарған болар еді. Аталмыш аудармада транскрипциялауда жіберілген қателіктер салдарынан жаңылыс аударылған тұстар бар. «Өз отыға (өз отына)» деген тіркес «өз өзига («өзіне өзі»)» деп транскрипцияланса, «сынар ерміш («сынайды екен»)» тіркесі «санар ермиш» («есепке алады») деп беріліп, сол ұғымда аударылған[20].

Ә.Жәмішұлының (Абрахмат Жамалиддин) аудармасы (1995) өзбек ғалымдары транскрипциялаған нұсқаны негізге алған. Алғысөзден аңғаратынымыздай, автор хикметтердің көркем аудармасын жасауды мақсат еткен. Жалпы алғанда Ә.Жәмішұлы түпнұсқадағы ойды, сезімді, мәнер-машықты сақтауға тырысқан. Хикметтерді бірыңғай көркемдікке көшіруден аулақ. Еркін аудармаға сирек барады. Көбіне-көп термин сөздер ұғымға ауыр соққанда немесе түпнұсқадағы ой қазақы пайымдауға сәйкес келмеген тұстарда шығармашылық еркіндікпен аударған. Мысалы, «Дунйадағы қурту-құшлар берді сәләм» деген жолдардағы «қурту-қушлар» тіркесін аудармашы «ұшқан құс, жүгірген аң»[21] деп келтірсе, «Аллаһ дибан хақ йолыда жаның  бергіл» дегенді «Алланың ақ жолын тұтып, жаның бергін»[22] деп аударады. «Нағыз таза күйінде еркін аударма да, сөзбе-сөз аударма да әдебиет тарихында кездеспейтінін»[23] ескерсек, Ә.Жәмішұлы аудармасы айтылған тұжырымның тәжірибе жүзіндегі айқын бір көрінісі іспетті дүние.

«Сачу-сақал көб ақарды, көңлім қара,

Руз махшар рахм етмәсәң, халім табаһ.

Саңа аян амалсызбын, көбдүр гүнаһ,

Жүмлә мәләк йазықларим білді дустлар» жолдарын автор төмендегіше аударған:

           Сақал-шашты ақ басты, көңілім нала,

           Махшар күні сенерім – бір Алла.

           Өзіңе аян, күнәм көп менде енді бар ма шара,

           Періштелер бәрін тіркеп қойды, достар[24].

Осы шумақта қазақшаға сөзбе-сөз аударуға болатын мәтінге автор өз жанынан бірнеше сөз қосқан. Қарабайыр болып көрінуден сақтанып, арнайы алмастырулар жасалған болуы мүмкін. Бірақ алмастырулар түпнұсқадағы сөздің түпкі мәнін ашып бере алмаған. Екінші жағынан «көркемдіктің басты бір шарты – қарапайымдылық»[25] екенін хикметтерді аударушылар ескере бермейтін тәрізді.

7-хикметті Ә.Жәмішұлы 15-16 буынды өлең жолдарымен аударған. Мағынаны толық ашып беруде аудармашы ізденісінің – буын санын ұзарту әдісінің өзіндік артықшылығы болғаны аңғарылады:

Көзім йұмұб та ашқұнча йетті алтмыш,

Белім бағлаб мен қылмадым бір йахшы іш,

Кеча күндүз биғам йүрдім һәм йаз уа қыш,

Бір уа Барым, дидарыңны көрәрмін му?

           Көзді ашып-жұмғанымша алпыс жас та келіп жетті,

           Осыншама өмір сүріп, бір жақсы іс қылсам нетті?

           Күні-түні бейқам жүрдім, жаз да өтті, қыс та өтті,

           Пәруардігар, көрер ме екем өзіңнің дүр дидарыңды?[26]

Автор мақсат еткен көркем аударма талабы түпнұсқаға біркелкі бағынуға мүмкіндік бермегенімен, тұтастай алғанда аудармада түпнұсқаның рухы сақталған. Ұйқас – толық, пішін қатаң қадағаланбаған: мазмұнға сәйкес қажет тұстарда буын санына, өлең ырғағына өзгерістер енгізіліп отырған.

Дегенмен алдыңғы аудармалардағы тәрізді сопылық терминдердің, араб-парсы сөздерінің таныс еместігінен туындаған қателіктер Ә.Жәмішұлы аудармасында да кездеседі. Бір ғана мысал келтірелік:

Тағу ташға башын ұрыб, бехұд болыб,

Ахлу аял ханмандын өтәр, достлар.

           Тау мен тасқа басын ұрып, ұйқы көрмей,

           Әйел қауымын аялап өтер достар[27].

«Бехуд» сөзі парсы тілінен аударғанда «дел-сал», «ес-түссіз» ұғымдарын береді. Ал «Ахлу аял ханмандын өтәр достлар» деген жолдың дәл аудармасы – «Ел-жұрт, әйел, үй-ішінен безер, достар». Аударушының түпнұсқадағы ойдан мүлде алшақтап кеткені былай тұрсын, оған қарама-қарсы ұғым тудыратын аударма жасағаны қарусыз көзге де аңғарылады.

1993 жылдан бері төрт рет басылым көрген М.Жармұхамедұлы, С.Дәуітұлы, М.Шафиғи аудармасы қазіргі «Диуани хикмет» аудармалары ішіндегі ең сапалысы деуге болады. Жолма-жол аударма қағидасы сақталған бұл дүние стиль біркелкілігімен ерекшеленеді. Қолжазбатанушы, ақын және әдебиет зерттеушісі бірігіп жасаған ұжымдық еңбектің кәсіби деңгейі жоғары. Қысқа мерзім ішінде бірнеше мәрте жарық көріп үлгергенінің өзі бұл аударманың көпшілік тарапынан жылы қабылданып, сұранысқа ие болып отырғанының дәлелі. Дегенмен жоғарыда айтылған «Диуани хикметтің» күрделі де көп қабатты мәтініне аталған авторлардың да толығымен бойлай алмаған тұстары кездеседі. Мысалы, «Налышыға нале қылур хафтум табақ» («Налысына нала болар жеті қат көк») деген жолдарды авторлар «Жылағанға сыйға тартар жеті табақ» деп аударыпты[28]. Тағы бір тұста «Халиқымдын хабар йетті шәкір болдым» деген қатар «Халқымнан хабар жетті, риза болдым» деп беріледі[29]. Бір ғана әріптен (и) кеткен қателік «Жаратушы» (арабшада – «халиқ») ұғымын «жаралушыға» (арабшада – «халқ») айналдырып жіберген. Дұрыс аудармасы: «Жаратқаннан хабар жетті, риза болдым (шүкірлік еттім)».

Уа дариға, өтті өмрім, қане тағат,

Тағатлықлар Хақ қашыда хош сағадат.

           Уа дариға, өтті өмірім, қане тағат?!

Қанағатшыл хақ қасында хош-сағадат[30].

Соңғы қатардағы «тағатлықлар» сөзі аудармада «қанағатшыл» болып шыққан. Аудармашылар сөз қайталаудан қашқақтап, «тағаттылар» сөзінің орнына мақсатты түрде жаңа сөз қолданса керек. Дегенмен хикметтердегі қайталаулардың сол қайталанушы сөздің әсерін күшейтіп, контекстегі маңызын аша түсу үшін қолданылған көркемдік әдіс екенін ұмытпаған жөн.

Көңіл көзі йаратмайын тағат қылса,

Даргәһыға мақбул болмас білдім мән-а, –

жолдарының алғашқы қатарын авторлар «Көңіл көзін жаратпаймын тағат қылса» деп аударады[31]. Бұл тұста аудармашылар алғашқы жолдың синтаксистік тұрғыдан аяқталмаған қатар екенін, оның толық мәні келесі жол арқылы ашылатынын назардан тыс қалдырған тәрізді. Дұрыс аудармасы: «Көңіл көзі жаратпастан (ұнатпастан, шын ниет етпестен) тағат қылса, (Хақ) дәргейінде қабыл болмас білдім мен-а» болуға тиіс («йаратмайын» сөзі кей нұсқаларда «йарутмайын» – «жарытпастан» деген ұғымда қолданылған).

 

(Жалғасы бар)

 

Айнұр ӘБДІРАСЫЛҚЫЗЫ,

Дін мәселелері жөніндегі

ғылыми-зерттеу және талдау

орталығының директоры

 



[1] Сатыбалдиев Ә. Рухани қазына: Көркем аударма мәселелері. –Алматы: «Жазушы», 1965. 84б.

[2] Федоров А.В. Искусство перевода и жизнь литературы. –Ленинград, 1983. С. 327

[3] Лилова А. Введение в общую теорию перевода. –Москва, «Высшая школа», 1985. С.40.

[4] Дуанина Б.И. Неміс прозасын қазақ тіліне аударудың өзекті мәселелері. Канд. дисс. –Алматы, 2004. 12 б.

[5] Өмірәлиев Қ. «Оғыз-қаған» эпосының тілі. –Алматы, «Ғылым», 1988. 7 б.

[6] Сүйіншәлиев Х. Ғасырлар поэзиясы: Зерттеулер. –Алматы: «Жазушы», 1987. 129 б.

[7] Ахмет Йассауи ғазалдары. Ауд. М.Жармұхамедұлы, М.Шафиғи, С.Дәуітұлы  // Парасат, 1991, №8. 7 б.

[8] Кенжетай Д. Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымы. Түркістан:  Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-   

      Түрік университеті, 2004. 15б.

[9] Қыдыр Т. Ясауиді қай деңгейде таныдық? // Түркістан, 2004, 7 қазан. 4 б.

[10] Чакыр Р. “Диуани хикметтің” қазақ тіліндегі аудармалары және әдеби байланыстар проблемасы. Канд.    

      дисс. –Алматы, 2000. 128 б.

[11] Чакыр Р. “Диуани хикметтің” қазақ тіліндегі аудармалары және әдеби байланыстар проблемасы. Канд.    

      дисс. –Алматы, 2000. 72 б.

[12] Сонда, 74, 119 бб.

[13] Швейцер А.Д. Теория перевода. –Москва, 1988. С. 8.

[14] Қожа Ахмет Яссауи. Даналық жолы. Ауд. С.Битенұлы. // Орталық Қазақстан, 1990, 25 ақпан – 2 сәуір.

[15] Қожа Ахмет Яссауи. Даналық жолы. Ауд. С.Битенұлы. // Орталық Қазақстан, 1990, 25 ақпан – 2 сәуір.

[16] Қожа Ахмет Ясауи. Қырық хикмет. (Ауд. Х.З.Иманжанов). –Түркістан: «Әзірет-Сұлтан» тарихи-мәдени 

      қорық музейі, 1991. 14 б.

[17] Сонда, 32 б.

[18] Ахмет Яссауи. Даналық кітабы: үзінділер. (Ауд. Б.Сағындықов) // Қыраубаева А. Ежелгі дәуір әдебиеті. – 

      Алматы, Ана тілі, 1991. 131 б.

 

[19] Ахмет Яссауи. Даналық кітабы: үзінділер. (Ауд. Б.Сағындықов) // Қыраубаева А. Ежелгі дәуір әдебиеті. –

    Алматы, Ана тілі, 1991. 125 б.

[20] Сонда, 144 б.

[21] Қожа Ахмет Иассауи. Хикметтер. Ауд. Ә. Жәмішұлы. –Алматы: Өнер, 1995. 30 б.

[22] Сонда, 55 б.

[23] Талжанов С. Көркем аударма туралы. –Алматы, «Қазмемкөркемәдеббас», 1962. 24б.

[24] Қожа Ахмет Иассауи. Хикметтер. Ауд. Ә. Жәмішұлы. –Алматы: Өнер, 1995. 37 б.

[25] Көркем аударманың кейбір мәселелері (мақалалар жинағы) –Алматы, 1957. 108 б.

[26] Жәмішұлы Ә. Аталған еңбегі, 43 б.

[27] Сонда, 72 б.

[28] Қожа Ахмет Ясауи. Хикмет. Жинақ. Алматы, 1998ж. М.Жармұхамедұлы, М.Шафиғи, С. Дәуітұлы,   

    Е.Дүйсенбаев. 179 б.

[29] Сонда, 195 б.

[30] Сонда, 197 б.

[31] Сонда, 245 б.

Оқылды 413 рет
JoomShaper
Top