Шейх Мұхаммед Садық Мұхаммед Юсуфтың өмірбаяны (1)

Сенбі, 06.02.2022
Шейх Мұхаммед Садық Мұхаммед Юсуфтың өмірбаяны (1)

Шейх Мұхаммед Садық Мұхаммед Юсуф (Алла оны рақым етсін)

Туылған күні, айы, жылы: 15 сәуір 1952 жыл (19 Рәжаб, хижраша 1371 жыл)

Туған жері: Өзбекстан, Әндіжан облысы, Асакин ауданы, Ниязбатыр елдімекені

Ұлты: өзбек

Діні: Ислам

Сенім бойынша мәзһабы: Әһлү сүннә уәл жамағат, матуридия

Фиқһ бойынша мәзһабы: Ханафи

Тасаууф бойынша мәзһабы: Нақшбанди

Шейхтың өмірлік ұраны: «Бір Әһли сүннет уәл жамағат сеніміне біріккен барлық фиқһ мәзһабтары мойындаған ақида бірлігі негізіндегі таза сенім мен ақидаға ие болып, таза да шынайы исламға ұмтылу; Құран мен сүннетті оқып үйрену, меңгеру, оған еру; ислами ағарту жұмыстарын жүргізіп, төзімділік пен бауырластықтың рухын қалыптастыру, бізге дейінгі өткен тақуа бабалардың ізінен ілесу; діни сауатсыздықты жою, әр түрлі діни алауыздықтар мен жік-жікке бөлінуді тоқтату, фанаттылық, қоғамға кесірін тигізер жаман бидағаттар (дінге енгізілген жаңалық) мен көзсіз наным-сенім, ырымдардың көзін жою».

Меңгерген мамандықтары: дағуат (насихат), тәпсір, хадис, усул, фиқһ, ақида, тасаууф, араб тілі.

Тұрғылықты мекен-жайы (тұрған жерлері): Өзбекстан Республикасы (Әндіжан облысы, Асакин ауданы, Ниязбатыр елдімекені; Әндіжан облысы, Мархамат ауданы, Қарақорған ауылы; Әндіжан облысы, Бұлақбашы ауданы; Бұхара, Ташкент), Ливия Республикасы, Түрік Республикасы, Сад Арабия Корольдігі.

Атқарған қызметтері: ұстаз, кейіннен Имам Бұхари атындағы Ташкент Ислам Институтының проректоры және ректоры, Орта Азия және Қазақстан мұсылмандары Діни Басқармасының Мүфтиі; КСРО Жоғарғы Сотының халықтық депутаты.

Дүниеден өткен жылы: 10 наурыз, 2015 жыл Ташкент қаласында (19 Жұмадул әууәл, хижраша 1436 жыл).

 

Жерленген жері: Ташкент қаласы, Кукча сілемі (массив), «Шейх Зайнуддин» бейіті.

 

Шейх Мұхаммед Садық Мұхаммед Юсуф (Алла оны рақым етсін)

 

Шейх Мұхаммед Садық Мұхаммед Юсуф (Алла оны рақым етсін) өз дәуірінің ұлы ғалымдарының бірі, сондай-ақ, муджәддид, муфассир, мухаддис, фақиһ, ойшыл, муршид, захид, ұлы қайраткер және көрнекті ислам діні мамандарының бірі болды. Ол КСРО Жоғарғы Сотының халықтық депутаты, Орта Азия және Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Мүфтиі және тәуелсіз Өзбекстанның ең алғашқы Мүфтиі, көптеген беделді халықаралық ислами мекемелер мен ұйымдардың ортақ құрылтайшысы әрі мүшесі, өзбек тілінде сөйлейтін халықтардың діни жолбасшылары, жетекшілері болды.

 

Шежіресі және туылуы

Шейх Мұхаммед Садық Мұхаммед Юсуфтың шежіресі:

Маралбай

Мырзабай

Араббай

Қаламбай

Эшбута

Кушбута

Байбута

Мұхаммед Юсуф

Мұхаммед Садық

 Шейх Мұхаммед Садық Мұхаммед Юсуф 1371 жылы 19 Рәжабта (15 сәуір 1952 жыл) Өзбекстанның Әндіжан облысы, Асакин ауданында, діни ілімі бар ғұлама кісінің отбасында дүниеге келген. 1959 ұстаз Мұхаммед Юсуф Әндіжан облысы, Бұлақбашы ауданына имам-хатиб болып сайланып, діни қызметіне байланысты сол жерге отбасымен бірге қоныс аударады. Ұстаз Мұхаммед Юсуф 45 жыл бойына Бұлақбашы ауданында имам-хатиб болып қызмет етеді және өзіне сеніп тапсырылған сол мешітте, жұма күнгі уағызын жүргізіп жатқан кезінде дүние салады.

 

Балалық шағы

Шейх Мұхаммед Садық Мұхаммед Юсуф (Алланың оған мейірімі болсын) Аллаға деген тақуалық пен шынайылық сезімі орнаған отбасында дүниеге келеді. Оның әкесі Байботының ұлы Мұхаммед Юсуф Әндіжан облысындағы көрнекті ғалым, ғұламалардың бірі болатын. Мұхаммед Юсуф Алланы ұлықтаған, ардақ тұтқан адам ретінде белгілі болды және ол дін қызметінде табандылық көрсетіп, бұл жолынан еш жаңылған жоқ, әрдайым діннің, халықтың игілігі үшін еңбек етуге тырысты. Оның анасы Тилақбердіқызы Сабирахан өте қарапайым әрі шынайы, дүниауи игіліктерге қатысты өте нысапты, ұстамды жан болған, Аллаға шынайы құлшылық етуге талпынған, өте қайсар әйел болған. Мұхаммед Юсуф ұстаз бен Сабирахан бала тәрбиесіне қатты мән берген. Анасы ұлын дәретсіз емізбеген және екеуі де балаларын бір сәтке де үлкендердің бақылауынсыз қалдырмайтын. Ұстаз Мұхаммед Юсуф ұлы Мұхаммед Садықтың білім алуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаған, оның мектептегі оқуына да бірдей үлгеріп, сонымен қатар үйде де өз алдына ілім үйреніп, оқуы үшін барлық жағдайды жасаған.

Шейх Мұхаммед Садықтың ең алғашқы ұстазы өзінің әкесі болатын және дін ілімінің бастапқы негіздерін де бірінші рет әкесі үйретіп бастаған. Соның ішінде, Қасиетті Құран, араб тіліне қатысты өзге де бастауыш пәндер, соның ішінде сарф пен наху ілімдері бойынша ұстаз Мұхаммед Юсуфтан тәлім алады. Мұхаммед Садық бала кезінен бастап өте көп оқыған. Оның білімге, білімнің қайнар көзі — кітаптарға деген құштарлығының қатты болғандығы соншалық, ол кітаптан басын алмайтын. Ұйқыдан көзі жұмылғанша отырып, түн ортасына дейін оқитын болған.

Бұған қоса оның әкесі, ұстаз Мұхаммед Юсуф өзге ғалымдарға қолдан келгенше көмегін беріп, есесіне олар оның сүйікті ұлына берекет тілеп, дұға ететін болған.

 

Студенттік шақ

Орта мектепті тәмамдаған соң 1970 жылы Мұхаммед Садық Бұхарадағы «Араб әлемі» («Мир Араб») медресесіне оқуға қабылданады. Ол кезде медреседегі оқу мерзімі жеті жыл болатын. Сол кездегі Мұхаммед Садықтың игерген білімін медресенің 4-курсын тәмамдаған оқушылардың білімімен теңестіріп, оны бірден 5-курсқа қабылдайды. Нәтижесінде ол медреседегі оқуын үш жыл ішінде бітіреді. Медреседегі өзге де студенттер оның сабақтағы, жалпы оқудағы үлгеріміне қарап, оны «үздік» деп атап кетеді.

Ұстаз Мұхаммед Юсуф ұлының ілімнің тұңғиығына үңіліп, көп білім алып, Алланың ақ жолынан таймауында өзінің күш-жігерін аяған жоқ. Оның әрбір жетістігіне куә болып, бәрін сырттай бақылап жүрді (кейде тіпті өзге адамдар арқылы болса да). 1973 жылы Шейх Мұхаммед Садық медреседегі оқуын аяқтаған соң, Жоғары Мағхадда – Имам Бұхари атындағы Ташкент Ислам институтында ислами білім игеру жолын одан әрі жалғастырады. Қабылдау емтихандарын жоғарғы бағаға тапсырған ол бірден 3-курсқа қабылданып, екі жылдан кейін мұндағы оқуын да тәмамдайды.

Сонымен қатар, оқудан тыс уақытында жеке ұстаздан қосымша сабақ алып оқиды. Оны барлығы үлгерімі ең үздік студент ретінде тани бастайды. Ол отырған-тұрған жерінің бәрінде кітап оқуды әдет етеді – он минуттық қоңырау үзілістерінде, тіпті азан мен намазға бастайтын тәкбір арасындағы аз ғана уақытта да кітап оқитын болған.

1975 жылы институттағы оқуын аяқтаған соң Мұхаммед Садық ең алғашқы еңбек жолын «Кеңес Шығысының мұсылмандары» атты журналда жұмыс жасаудан бастайды.

1976 жылы Орта Азия және Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының жолдауымен Триполидегі (Ливия) «әд-Дағуатул Исламийа» универститетіне оқуға түседі.

Аталмыш оқу орнында оқитын барлық студенттердің ішінде Мұхаммед Садық Мұхаммед Юсуф өте ұқыпты да қабілетті студент ретінде танылып, көптің арасынан ерекшелене бастайды. Ол бірде-бір сабақтан қалмайтын және осының өзі оның бағдарламаға енгізілген барлық пәндерді толық меңгеріп, емтихандарды сәтті тапсыруына жеткілікті еді. Оқу орнында оқытылатын бағдарламадан бөлек, универститеттегі ұстаздарынан қосымша сабақ алады. Оған қоса, өз бетімен көптеген ғылыми еңбектер оқитын болған. Дәл сол кезде ол оқуда оқитын кітаптарынан тыс, күніге 100 бет көлемінде оқуды өзіне әдет әрі міндет еткен.

1980 жылы Ливиядағы университетті өзге студенттер арасында ең жоғарғы баллмен тәмамдаған соң Мұхаммед Садық үлгерімі бойынша бірінші орын алып, универститеттің қаржылай сыйлығымен марапатталады.

Студенттік шағы тәмам болса да, Мұхаммед Садық Мұхаммед Юсуф білім алуын жаны жер бесігіне жеткенге дейін тоқтатпайды. Ғылыми дискуссиялар мен әр түрлі тақырыптарда еңбектер жазудан бөлек күн тәртібі өзге де қауырт жұмыстарға толы болғанымен, ол өмірінің соңғы күндеріне дейін кітап оқып кеткен. Сондықтан болар, ол қай жерге сапар шекпесін, сапарынан қайтарда өзімен бірге «базарлыққа» тек кітаптар әкелетін және әрбір жаңасын ашып оқитын.

 

Атқарған қызметтері

1980 жылы Ливиядағы университетті тәмамдаған соң Шейх Мұхаммед Садық Мұхаммед Юсуф Отанына оралып, мынадай қызметтерді атқарады:

1981 жылдан бастап Имам Бұхари атындағы Ташкент Жоғары Ислам Институтында ұстаз болып жұмыс жасайды.

1982 жылдан бастап Имам Бұхари атындағы Ташкент Жоғары Ислам Институтының проректоры болып сайланады.

1984 жылдан бастап аталмыш оқу орынның ректорлығына сайланады.

Ол Ташкент Жоғары Ислам Институтында бірнеше пәндерден, соның ішінде тәпсір, хадис, Құран ғылымдары, ақида және фараизден сабақ береді. Ислам Институтының оқыту бағдарламасына көптеген жақсы жаңалықтар, өзгерістер енгізіп, бірқатар жаңа ислам пәндері мен сәйкес оқулықтар бойынша оқытуды енгізеді. Мысалы, ол енгізген пәндердің бірі – бұл «Улумул Құран», «улумул хадис», ақида, сондай-ақ, тәпсір мен хадис бойынша «Рәуәиул баян», «Манхалул хадис» және басқалар. Институттың жаңа оқыту жоспарын әзірлеген Шейх бұнымен қатар, тыңдармандарды да бірқатар ғылыми әрі пәндік әдебиеттермен қамтамасыз ету мәселесін шешеді.

1989 жылдың 6 ақпанында өткен Орта Азия мен Қазақстан мұсылмандарының ортақ съезінде Мұхаммед Садық Мұхаммед Юсуф Орта Азия мен Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы әрі Мүфтиі болып сайланады.

1989 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің халықтық депутаты болып сайланады.

1993 Діни басқарманың басшысы қызметін тоқтатып, отставкаға шығады.

Орта Азия мен Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы әрі Мүфтиі қызметінде болған кезінде, ол мұсылмандардың діни құқықтарын иеленуі жолында кездесетін кедергілерді жоюға күш жұмсайды, яғни мұсылмандардың діни білім алуына жағдай жасап, ислам мәдениетін қайта қалыптастыруға көңіл бөледі. Мүфти әрі КСРО Жоғарғы Кеңесінің халықтық депутаты ретінде сол кездегі Үкіметке барлық әлем мұсылмандарыың өмірі жайлы толық баяндама жасап, олардың құқықтарын қайта қалпына келтіру және құқықтарының қорғалуын сұрайды. Осыдан кейін мемлекеттің мұсылмандарға қатысты саясаты оң бағытта өзгере бастайды. Мешіттер салуға, ислами оқу орындарын ашып, діни әдебиеттер басып шығаруға, сондай-ақ мұсылманның кеңес билігі кезінде тыйым етілген өзге де діни құлшылықтарын атқаруына рұқсат етіледі.

Шейхтың депутаттық сұранысы бойынша КСРО мұсылмандарының қажылық ұйымдары туралы жарлық қабылданады. Бұл шамамен сексен жылға жуық уақыт осы бір керемет құлшылықты атқару бақытынан айырылған миллиондаған мұсылмандарды шын бақытты еткен еді. 1990 жылы Сауд Арабиясына жолға шыққан КСРО-ның барлық бірінші қажылары Сауд Арабиясының королі Фахд ибн Абдулазиздің қонағы болады. Оларға сондай бір керемет қонақжайлылық танытылады және бұл 1993 жылға дейін жалғасады.

Islam.uz сайтынан тәржімалаған Tamshy.kz

Оқылды 331 рет
JoomShaper