Білім – жан мен тән азығы

Дүйсенбі, 30.01.2022

Ислам ғалымдары ахлақты (әдепті) екі ғылымға бөліп қарастырды, яғни адамның «ішкі» рухани дүниесіне және «сыртқы» іс-әрекет пен қылыққа қатысты. Сөйтіп ішкі мен сыртқының бірлігі, түйсік пен амалдың қосындысы адамның этикалық өмірінің мәнін құрайды. Демек, адамның көзіне көрінетін және көрінбейтін екі бөлек дүние бар, яғни көзге көрінетін дүние – тән, көзге көрінбейтін дүние – адамның ішкі әлемі.

Себебі адам, көзбен көрінетін тәннен (денеден) және ақылмен пайымдалатын рух (нәпсіден) құралған. Бұлардың әрбірінің өзіне тән пішіні мен бейнесі бар. Оның бейнесі көркем немесе жаман болуы мүмкін. Ақылмен танылатын жанның қадірі, көзбен көрінетін тәннен жоғары тұрмақ.

Адамның жасаған қандайда бір амалы оның осы – жан дүниесіне, жүрегіне байланысты. Абай атамыз ынталы жүректің маңызын былай етіп көрсеткен:

«Алла деген сөз жеңіл,

Аллаға ауыз қол емес.

Ынталы жүрек, шын көңіл

Өзгесі хаққа жол емес.

Дененің барша қуаты

Өнерге салар бар күшін.

Жүректің ақыл суаты

Махаббат қылса тәңірі үшін...»

Ал енді рухани дүниені нұрландыру, жүректі мейірімді ету тәрбие мен білім арқылы іске асады.  Муғауйя (р.а.): «Пенденің жұмсақ мінезі оның надандығынан, ал сабырлығы оның шаһуатынан аспайынша, ол өз пікірінің дұрыс немесе бұрыстығын біле алмайды. Ал бұл нәрсе тек білімнің күшімен іске асады», – деп айтқан. Сондықтан да ислам ғалымдарды ардақтайды: «Білетіндер мен білмейтіндер бірдей бола ма?» (Зумар: 9). Ал енді «Таһа» сүресінің 114 аятында: «Раббым, білімімді арттыр! – деп айт», – деп бұйырады, яғни адам баласы білімді үйренуі және оны өзгелерге үйретуі лазым.

Әбу Хамид әл-Ғазали ілім үйреніп кейін басқа адамдардың үйренуіне жәрдемші болу, ең үлкен шарапат деген: «Үйретуші, шәкірт үшін бағыт-бағдар беруші. Ұстаз болу оңай шаруа емес, ол шәкіртке жол көрсетеді, өзінің бақылауында ұстайды. Шәкіттің ең жақсы түрде ілім алуына қажетті нәрсенің барлығын жасайды. Шәкіртті өзінен кіші санамайды, азар бермейді, дөрекі сөйлеп намысына тимейді. Керісінше көркем сөздер айтып, күлімдеп қарап, оны білім алуға жігерлендіреді. Білім үйренушінің теріс қылықтарын жаман екенін көрсетіп, түзетуге күш салады».

Біліммен сусындап, жаны мен тәні көркем тәрбие алған адам барлық уақытта өзгелер үшін үлгі. Бұған ислам тарихында мысалдар көп:

Әл-Қадисия шайқасында мұсылмандар Сад ибн Әбу Уаққас есімді сахабаның басшылығымен парсыларды жеңеді. Сөйтіп, ол (Сад ибн Әбу Уаққас) Кисра патшаның сарайына кіріп, олжаны жинайды да әскеріне таратады. Кейін мұсылмандардың ортақ қазынасының үлесін алып, халифа Омарға жібереді. Бұл олжаның арасында патшаның тәжісі, белдікгі және қылышы мен білезіктері бар еді. Олжа Мадина шаһарына келіп, Омардың қолына тиген соң, ол Әли ибн Әбу Талибке:

– Расында қауым, мұны сенімді болғандықтан жасады. Себебі олжа кемімей толық жетіпті – дейді.

Сонда Әли ибн Әбу Толиб араб халқы арасында нақыл сөзге айналған мына сөзді айтады: «Ей, мүміндердің әмірі! Сенің халқың қайрымды болды. Егер сен рукуғ қылсаң, сөз жоқ, олар да сенің артыңнан рукуғ қылады».

Басқаша айтар болсақ, сенің мұсылмандарға үлгі болғаның соншалық, олар сенің артыңнан барлық нәрсені қайталауға әзір. Себебі сенің мінезің де, білімің де кемел деп отыр. Сыртқы бейнесі мен ішкі дүниесі үйлесімді, мінезі көркем адам – үлгілі мұсылман. Егер мұсылман керісінше, уәдесінде тұрмайтын, сөзі дөрекі, қимылы қопал, екіжүзді болса, онда бұл – діннің соры. Діннен хабары жоқ немесе білімі аз адам адам мұдай кісіге қарап, барлық мұсылманға осындай баға береді. Демек, мұсылманның бейнесі де жақсы, ішкі дүниесі де жарқын болуы шарт. Бұл екеуі бірін-бірі толықтырады. Егер ол дүниелердің бірі кем болса, онда адамның басқалар үшін үлгі болуы қиын. Өйткені, оның бойындағы кемшілігі үнемі оның жақсы жақтарын жауып отырады. Ал енді жамандығымызды жабу үшін жақсылыққа, ізгілікке жақын жүруіміз керек.

Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Қайда болсаңдар да Алладан қорқыңдар! Жамандықтың артынан оны өшіретін жақсылық жасаңдар және адамдарды көркем мінезбен тәрбиелеңдер», – деп насихат айтқан. (Термези). Құрметті оқырман көркем мінезге жетелейтін негіздердің бірі,  білім. Күнәнің қаншалықты ауыр, ізгі амалдың қаншалықты сауап екенін біліп, соған сәйкес амал жасау, басқаларды жақсылыққа шақыру, жамандықтан қайтару, білгенді білмегенге үйрету, адамдар арасындағы қарым-қатынасты нығайту, қоғамда мейірімді күшейту білім және тәрбиемен іске асады. Рухани бай адамның жаны азғындамайды, бұзақылық жасамайды, қылмыстан алыс жүреді. Олай болса жастарымыз білім алу жолынан ауыт кетпесін деп сенеміз.

Жалғас Садуахасұлы, дінтанушы

Оқылды 167 рет
JoomShaper
Top