Исламдағы бауырластық баспалдақтары

Жұма, 03.02.2022

«Адамшылдықтың алды – махаббат, ғаділет, сезім»

(Абай)

Махаббат – бауырластық мәселесіндегі ең маңызды қасиеттердің бірі.Сол себепті мұсылмандар өзін жақсы көргені сияқты басқаларын да жақсы көріп, оған жәрдем беруі тиіс. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Сендердің ешбірің өзі жақсы көрген нәрсесін бауыры үшін де жақсы көрмейінше толық иман келтірмейді», – деп айтқан (Бұһари, Мүслим).

Өйткені, дінде «Алла үшін жақсы көру», «Алла үшін дос болу» сияқты т.б. ұғымдар бар. Бұлар адамдардың арасын түрлі жолдармен біріктіреді, жарастырады. Бізде халық арасында «құдай үшін»  немесе «құдайдан қайтады» деген сияқты сөз тіркестерінің де шығу тегі осындай мағынадағы аят-хадистерге байланысты болса керек.

Абай атамыз өзінің қырық бесінші қара сөзінде осындай махабат адамгершіліктің мазмұны екенін басып айтады: «Адамшылдықтың алды – махаббат, ғаділет, сезім. Бұлардың керек емес жері жоқ, керіспейтұғын да жері жоқ. Ол - жаратқан тәңірінің ісі».  Ал енді осындай махаббатқа қатысты имам Термезидің жинағында Муғаз ибн Жәбәлдің мынадай хадисі келеді: «Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Ей, Алла! Маған Өз махаббатыңды, Сені сүйген пенделеріңнің махаббатын, Сенің махаббатыңа жақындататын амалды жақсы көруімді нәсіп ет! Махаббатыңды маған салқын судан да жақсы көрсет!», – деп дұға қылатын» – дейді. Демек, махаббаттың діндегі орны айырықша. Қатыгездік, тас жүректік, кешірімсіз болу, мейірімсіздік сияқты т.б. жаман  қасиеттер мұсылман баласына жат.

Исламдағы бірін-бірі жақсы көрудің келесі баспалдағы – адамдардың өзара сыйластығы мен сыпайылығы. Бауырластық тек сөз жүзінде қалып қоймауы қажет. Діндегі жақсы сипаттардың бірі – адамның сөзіне сайкес амал етуі, яғни айтылған сөзді іс жүзінде орындау, қолдану. Ол үшін бізге бір нәрсені жаңадан ойлап шығарудың қажеті жоқ, бар болғаны пайғамбардың көрсетіп кеткен сара жолымен жүру, соған сәйкес амал ету.

Мұсылманның мұсылман алдындағы міндетін айқын көрсететін әйгілі хадистердің бірі былай деп келеді: «Мұсылманның бауыры алдында алты міндеті бар. Олар: оның берген сәлеміне жауап беру; шақырылған жерге бару; егер бауыры кеңеске мұқтаж болса, онда оған  шынайы кеңес беру; егер бауыры түшкіріп, «әл-хамду лиллә» (Аллаға шүкір) десе, оған «ярхамука Алла» (Алла сені жарылқасын), – деп жауап беру; егер ол ауырып қалса, оны зиярат ету; егер бауыры қайтыс болса, оның жаназа намазына қатысу».

Әрине, Исламдағы бауырластықтың шарттары осы алты талаппен шектелмейді. Бұлардың тысында да мұсылман бауыры үшін не істеуі қажет екенін көрсететін көптеген хадистер бар мысалы:  «Егер кім сендерден өз бауырын Алла үшін жақсы көрсе, онда оған жақсы көретінін айтсын» (Әбу Дәуіт). Оны Алла үшін сыйлайтынын айтып, жақсы қарым-қатынас жасауға шақырады. Сонымен, адамдар арасында Алланың разылығын қалайтын ізгі кісілер жетерлік. Олардың жақсылары сонша, өзінің қымбат уақытын, маңызды шаруасын екінші орынға қойып, басқа адамның қажеті үшін жеке малын сарп қылады, тамағын береді, үйін ұсынады. Өйткен, бауырына демеу болу, оған жәрдем көрсету – дін исламдағы бауырластық баспалдақтары болып табылады. Егер мұсылман бауыры қиын жағдайға тап болса, басқалары оған қолынан келгенше сөзімен және мүлкімен жәрдем көрсетеді.

Сөзімізді нақтылау үшін тарихтағы оқиғаға көз салайық. Мұхаммед ибн Иазид ән-Нахуй есімді ғалым «Дәлилу әс-Саилин» атты кітапта былай дейді: «Мен Халилге бардым. Ол шағын кілемшенің үстінде отырған еді. Мені көрген ол ығысып, маған орын берді. Мен оның онсыз да тар жерін, одан әрі тарылтқым келмей, қасына отырудан бас тарттым. Сөйтсем ол мені қолымнан ұстап, өзіне жақындатты да: «Бір-бірін Алла үшін жақсы көрген пенделерге иненің тесігі де тар болмайды. Бірін-бірі жек көрген адамдар үшін дүниенің кеңдігі де түк болмайды», – деп айтты».

Халқымыздың төбе биі Төле би: «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал орнынан тұрып сәлем береді», – деп тегін айтпаса керек. Бұл алыстан жол жүріп келген жолаушыға құрмет, мейманға деген қонақжайлылық әрі мұсылманның кемелдігін көрсетеді. Бұған қоса діндегі сәлем берудің маңызын аңғартқандай. Біздің аталарымыз дін мен дәстүрді жетік үйлестіре білген. Өйткені, келесі хадисте: «Жаным уысында болған Затқа қасам етемін! Сендер иман келтірмейінше жәннатқа кірмейсіңдер. Бір бірлеріңді жақсы көрмейінше иман келтіре алмайсыңдар. Сендерге көмек беретін нәрсе туралы айтайым ба, ол – өз араларыңда сәлемді тарқатыңдар», – деп айтқан.

Түсініктеме: хадистің арабша нұсқасында «әфшус -сәләма» деп келеді, қазақша мағынасы – сәлемді тарқатыңдар. Араб тіліндегі «сәләм» сөзінің келесі мағынасы – бейбітшілік. Сондықтан хадистегі «әфшус-сәләма» сөз тіркесі – бейбітшілікті тарқатыңдар – деген мағынаны да білдуруі әбден мүмкін. Сол себепті бұл хадистің басқа аудармаларында бейбітшілікті тарқатыңдар деп келеді. Мұндағы бейбітшілік дегеніміз – адамдар арасында махаббат орнататын барлық ізгі амадар, жақсы сөздер. Хадистің түпкі мағынасы, адамдар бір-бірінің арасында сәлем беріп, жақсы сөздер айтып, ізгі амалдар жасасын дегенді білдіреді.

Тіпті, жасы кіші байқамай, сәлем бере алмай жататын жағдайда, аталарымыз ашу шақырмай, ақырын ғана: «Ау, пәленшежан, амансың ба, үлкен жігіт болдың ба?» деп, еркелетіп, өзіне қаратып амандасқан. Бұл бір жағынан қазақтың көрегенідігін көрсетсе, екінші қырынан діндегі жұмсақтықты білдіреді. Адамдардың бір-бірімен мұндай мәміле жасауы қоғамда өзара достық пен келісімді нығайта түсері сөзсіз. Осындай дәстүр ұрпақтар арасында сабақтасық жалғасын табады деп сенеміз.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ, дінтанушы

Оқылды 199 рет
JoomShaper
Top