Қазақ мұсылмандық тарихындағы жиһад түсінігі

Сәрсенбі, 11.11.2021

Ең алғаш жиһад түсінігі Түркістан аймағындағы есепсіз “рибаттардың” (теккелердің) исламды жаюдағы орны мен маңызында нақты көрініс тапты.Исламның алғашқы таралу дәуірінде рибаттар шекаралық қалқан яғни, “кіші жиһад” қызметін атқарса, кейіннен шекарадан ішкі аймаққа айналғанда “ұлы жиһад” яғни, нәпсінің тәрбиеленуімен айналысқан суфилердің теккесі ретінде діни сопылық тәлім-тәрбие ошақтарына айналған.

XІ-шы ғасырларда рибат бұрынғы мағынасын жоғалтып, медресе, мектеп, теккені білдіретін суфилік діни ұғым ретінде қолданыла бастады. Өйткені осы ғасырларда дінді “кіші жиһад” арқылы емес, “ұлы жиһад”, яғни адамның көңілін, рухани әлемін жаулауды мақсат еткен сопылық дүниетанымдық ағымның тариқаттар кезеңі басталған болатын. Осы ғасырда Мавераннахрда он мыңнан астам рибаттар мен теккелердің болғандығын Ибн Халлиқанның рисаласы да растайды. Тарихта түріктер арасында сопылық дүниетанымның жайылуы мен тариқаттар дәуірінің басталуы құбылысы Қожа Ахмет Иасауи атымен тығыз байланысты. Иасауи тариқаты оның ілімінің қалыптасу процесін айқындайтын негізгі көрсеткіш болып табылады.

Мужахада, жихад ұғымдары қазақ мұсылмандық түсінігінде ең ұлы (жихад) соғыс нәпсіге  қарсы  ашылған күрес. Мужахада мақсаты, тақуа болу үшін жасалады. Бұл күрес шариғаттың (бұйрықтарына) заңдарын орындап, жүректі таза ұстау үшін, нәпсіні тәрбиелеуге негізделген. Бұған уара(тақуа) да делінеді; екінші тура жолда (әділет жолында) жүру үшін жүргізіледі,  үшінші суфи-әулие болу үшін жүргізіледі.

Адамның рухани жихад жариялауы “ерікті өлім” жолына түсіп, яғни нәпсіні тізгіндеуіне, асқан асулары мен дарияларына жинақтауыш термин ретінде “рухани жоғарылау жолы” (сайр-ул ‘уружи) деп те атайды. Осы рухани даму жолының асулары–нәпсіні тәрбиелеуді мақсат ететін рухты тәрбиелеудің техникалары мен жаттығу (риязат) және нәпсімен күрес (мужахада) әдістерін таңдаған суфилерде “нафс-ул ‘аммара”, “нафс-ул лаууама”, “нафс-ул мулхима”, “нафс-ул мутма‘инна”, “нафс-ур радиййа”, “нафс-ул мардиййа” және “нафс-ул камила” деп аталатын рухты нәпсіден арылту мәртебелері; ал “махаббат”(ғашықтық) пен “рухани шабыт” (жазб-экстаз-транс) әдісін таңдаған сопылық мектептерде “қалб”, “рух”, “сыр”, “сырдың сыры (сирр-ус-сир)”, “һафи”, “аһфа” (лати’ф-ус ситта-алты рух дәрежелері) деп аталатын рухани күмбездер (перделер) бар. Адам осы кедергілер мен дариялар арқылы рухани кемелдену жолынан өтіп, нәтижеде кемел адам (ал-инсан-ул камил) мақамына ұласады. Бұл рухани жолды жүріп өту осы жазып, сипаттап отырғанымыз сияқты оңай шаруа емес, әрине. Бұл жол — өте терең махаббат пен ерік-жігер, сабыр мен қайрат қажет ететін, соқпағы бітпес, соңы жоқ жол. Адам менмендіктен арылмай, дүние мен материядан қол үзбей, қысқасы қалбті Тәңірден басқа барлық нәрселерден арылтпай тұрып, бұл жолдың сүрлеуінде жүрудің өзі бос әурешілік. Сонымен қатар бұл жолда ұстазсыз, пірсіз жол табу да мүмкін емес. Бұл ауыр жолдың азығы да, көлігі де адамның қалбіндегі — махаббат. Махаббатсыз адамдық та, Хаққа қауышу да жоқ.

Иасауи философиясындағы Болмыстың жаратылуы мен тіршілігінің себебі — адам. Адам әлемнің “құтбы”, яғни әлемнің тірегі, орталығы, астанасы. Ол сырттай халықпен, іштей, яғни рухымен Хақпен біртұтас. Рухымен Тәңірге қауышқан адам синагокта, мешітте, монастырда, пұтханада қай жерде болмасын “өз үйінде” сияқты сезінеді. Өйткені оның ұғымында діннің барлығы да адамды Тәңірге бағыттауды қамтамасыз ете алады. Сондықтан бұл жол қал емес хәл ілімі.

Жалпы ислам мәдениетінде кемел адам сипатын адамзат тарихында ең жоғарғы дәрежеде көрсете білген тұлға Хз. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар. Хз. Мұхаммедтің (с.ғ.с.) руханияты (рухы, нұры, ақиқаты) болмыстардың пайда болу мәртебелерінің алғашқы сатысын (ат-та‘ййунат-ул ’ула), ал тарихи болмысы болса пайғамбарлық шынжырының соңғы буынын (хатам-ул ’анбиййа’и) құрайды. Хз. Мұхамметтен бұрын да Тәңірден талай пайғамбарлар (124000 пайғамбар) “аян” әкелгенмен ұмытылып қалып отырған. Құран — Тәңірлік ақиқатты ұмыттырмайтын Тәңірдің сөзі. Құранның жеті атының бірі–Зикр (еске салу) болуының себебі де сондықтан. Адам араб тілінде ұмытқан немесе ұмытшақ (нисйан-инсан) деген мағынаға келетіндігі туралы тафсир кітаптарында айтылады. Иасауи дүниетанымында адамның осы “ұмытшақтығымен” жихад жасау үшін ерекше методология ойлап тапқан. Оны зикр (еске алу) теориясы деп атайды. Зикр арапша еске алу, терең ойлау, естен шығармау, өткен хәлдерді ұмытпай тағылым алу сияқты мағыналарды білдіреді. Зікір рухтың дамуы үшін азық. Зікір, сұхбат, рухани шабыт сияқты техникалар мен құралдардың мақсаты —  Құранда айтылатын “тасқа айналған, бұзылған, тұмшаланған, ауруға шалдыққан жүректі” айықтырып, сауықтырып емдеу, ондай жүректі Тәңірді сүйе алатын дәрежеге жеткізу. Яғни зікір — санадағы шаң-тозаңдарды сілкіп, “алғашқы ақиқаттарды” санада, рухта қайта жаңғырту, әрі рухтың Тәңірмен болған бірлігін баянды қылу үшін ұмытшақтық пен ғафлеттен құтылу болып табылады. Түпкі мақсаты — “ал-мисақ” әлеміндегі алғашқы рух хәлімізді еске салу, соған оралуға кедергі келтіретін барлық күнә-жамандық атаулыдан қашуды, нәпсіден арылуды әрдайым адамға ескертіп отыру. Сонымен қатар зікір ислам дүниетанымында қалбті Тәңірге бағыттаушы ең басты ғибадат болып табылады. Өйткені зікір адамның “иман” дәрежесінен “ихсан” мәртебесіне көтерілуіне ықпал ететін рухани қуаттың көзі.

Иасауидің діни тәжірибесінде адамға ішкі тазалық, рухани тыныштық, бақыт сыйлайды. Ал ішкі тыныштық адамға үш түрлі пайда береді: бірінші, адамның рухы мен сана әлемінде тепе-теңдік орнайды; екінші, адам өзін қоршаған сыртқы әлеммен үйлесімділікте болады; үшінші, Тәңірмен рухани тұтастықта болу арқылы кемелдікке (құлдық дәрежесіне) жетеді. Өзін іштей арылтып кемелдікке жеткен адам “қоғамға” оралады. Өзінің бойындағы танымдық-моралдық, кісілік құндылықтары арқылы қоғамдық дерттің дауасы болады. Осы жолда оның ең басты ұстанымы — “үлгі болу, басқаларға өнеге көрсету”. Ол үшін де риязат жихад шарт. Сопылықтағы ұстаз бен шәкірт арасындағы байланысты, ондағы сұхбат-диалог және оқу-тәрбие методының жүйелі түрін осы Иасауи мұрасынан көруге болады. Бұл методтың басты ерекшелігі — адамзатқа үлгі болу, яғни өзің жасап үйрету және көрсету арқылы тәрбиелеу.

Досай КЕНЖЕТАЙ,

Философия және теология

ғылымдарының докторы, профессор

 

Оқылды 1080 рет
JoomShaper
Top