Сырты – сүннет, іші – індет

Сәрсенбі, 20.04.2022

Ислам – бейбітшілік діні. Мұсылман кітабы Құранның әрбір сүресі ерекше Мейірімді, аса Қамқор Жаратушының атымен басталады. Мұсылманның сәлемінің өзі «әс-сәләму алейкум» деп Алланың амандығы мен есендігін, бейбітшілік пен тыныштық тілейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) адам тұрмақ жануарға да мейірімді болуды әмір етеді. Алайда, жат түгілі анасы бір бауырына қатігездік қайдан шығады? Оны дінімнің әмірі деп, жат ағым жетегінде кетіп, қателесуінің себебі неде?

Мұның екі маңызды себебі бар. Біріншісі, сырт көзге жат ағымдағылар ерекше тақуа, діндар боп көрінеді. Бірақ, тақуалығы алысқа бармайды. Діндарлығынан айырылып қалмауы үшін өзінің «қылмысын» түрлі себеппен «заңдастыра» бастайды. Бұл тақуалықтары фанатизмнің өзі. Өйткені, белгілі орта ғана қабылдаған бір топ ғалымның айтқанына көніп, айдауына жүреді. Ал, біздің ел қалыптасуына табиғиндерден бастап күні бүгінге дейінгі әлемдік ғұламалар үлес қосқан ханафи мазхабын ұстанады. 

Мұны сіз бен біз білеміз. Ал, жат ағым жетегіндегі мұны мойындамайды. Өйткені, ол үшін тек «ұстазы» ғана беделге ие. Оның қателігін тек «тайға таңба басқандай» етіп Құран мен хадистен ғана жауап беру қажет. Тіпті, хадистің айтпағы мүлде басқа деп оны да мойындамауы мүмкін. 

Әбу Сағид Худри (р.а.): «Біз Алла елшісі (с.ғ.с.) құзырында едік. Пайғамбар (с.ғ.с.) адамдарға зат үлестіріп жатқан. Сонда Бәну Тәмим руынан шыққан Зул-Хуайсира атты кісі келіп: «Ей, Алла елшісі! Әділ бол» деді. Пайғамбар (с.ғ.с.) оған: «Сорың құрысын! Мен әділдік етпесем, кім әділдік жасайды. Егер мен әділдік жасамасам сенің сорың құрып, ақырың жаман болар еді» деді. Сонда Омар: «Уа, Алла елшісі! Рұқсат етіңіз, оның басын шауып алайын» деді. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Тиіспе, оның жолдастары бар. Сендер олардың намаздарының жанында өз намаздарыңды, оразаларының алдында өз оразаларыңды түкке тұрғысыз деп білесіңдер. Олар Құран оқиды, бірақ оқығандары көмейінен ары аспайды. Олар діннен аңды тесіп өткен жебедей алыстай түседі. Жебенің ұшына қарасаң, еш нәрсе (қан) таппайсың...» деді.

Әбу Сағид: Мен бұл хадисті Алла елшісінен (с.ғ.с.) естігендігімен куәлік етемін. Әлидің олармен соғысқанын мен де Әлидің жанында болғанымды куәлік етемін. Ол адамды алып келуге бұйрық берді. Тұтқындалған адамға қарағанымда пайғамбар (с.ғ.с.) суреттеген кісіні көрдім» дейді (Бұхари).

Бұл оқиға пайғамбар (с.ғ.с.) Хунайн шайқасынан кейін төрт кісіге алтын үлестіріп бергенде орын алды. Алтынды Әли бин Әбу Толиб (р.а.) Йеменнен жіберген болатын. Ал, Зул-Хуайсира Тәмими жайлы Ибн Хажар: «Бұл кісі жайлы хадистерде анық дерек айтылмаған. Абдурахман бин Әбу Ниъмал-Мушар оны: «Екі ұрты шығыңқы, көздері үңірейген, маңдайы шығыңқы, сақалы қалың, шашын қырып тастаған, балағы түрілген» деп суреттеген.

Әбу Бәкра (р.а.) риуаятында: «Ұзын бойлы, қара кісі. Балағы түрілген, шашы қырылған және екі көзінің ортасында сәжденің ізі бар» ( Ахмед, Табари ) деп келтірілген. Абдулла бин Амр (р.а.) риуаятында: «Дала арабтарының бірі, дінге жақында ғана кірген» (Баззар, Табари) деп айтылған.

Риуаятта: «Ей, Мұхаммед! Уаллаһи, Алла саған әділ болуды әмір еткен болса, мен сенің әділдік еткеніңді көрмедім» (Баззар, Хаким) делінген.

«Оқыған Құраны көмейінен аспайды». Міне, бұл хадис жастардың аталмыш ағымға құштарлығының себебін ашық айтуда. Бір қарағанда, намазын керемет оқып, оразасына берік адамнан күдіктену мүмкін емес. Бірақ, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) олардың Құран оқитындығын, намазы мен оразасын көрген адам ерекше таң қалатындығын айтып ескертуде. Ал, оқыған Құраны тек тілінде қалып, діліне дейін жетпейтіні тағы бар. Алланың сөзін оқудан тіл дамыл таппаса, бірақ, Құран әмірлерін орындамайтын болса, мұндай жан ең бақытсыз. Құранның өзі ондай бейбақты лағынет етеді.

«Олар діннен аңды тесіп өткен жебедей алыстай түседі». Исламнан атылған жебе сияқты алыстай түседі. Сонымен бірге, садақты білегі мықты кісі тартса жебе киіктің денесін тесіп өткенде, жебеге қан жұқпай қалады екен.  Міне, сол сияқты бұл жат ағымдағылар өз намазы мен оразасынан иманы пайдалана алмайды. Олар мұсылманшылыққа ешбір қатысы жоқ бейнедегі бейшаралар боп қалмақ.

Қазақ даласына ислам нұры түскен күннен бергі ата-бабамыз ұстанған ханафи мәзһабымен жүру –  еліміздегі мұсылмандарға міндет. Оған көптеген дәлел айтуға болады. Бір сөзбен айтқанда, 12 ғасырға жуық елімізге Құран мен пайғамбар (с.ғ.с.) сөзін насихаттап келген бұл мектеп бүгінде біздің діни сауаттылығымызды қанағаттандыра алмайды дегенге есті адам сенбейтіні анық.

 

Руслан ҚАМБАРОВ,

исламтанушы 

Оқылды 1251 рет
  • Абу Ханифа(р ) бугинги мусылмандардын демократия еркиндиктерин (пикир, жеке бас, мулик, дин)пайдаланып, оган сенип, оган шакырып, оны колдап жатканына кандай уким шыгарар еди деген сурак бар?
  • Ассаламу алайкум! Неге тек Абу Ханифа мазһабымен қоса басқа да мазһабтарды халыққа үйретпейсіздер, сонда өздерінде таңдау болады емес па? Тек бір мәзһабты айта беріп, ертең біреу келіп, ақиқат мынау деп, басқа хадис алып келіп, сонымен қоса басқа радикалды сенімді кіргізсе, оның таңдауы соған ауады да соны мәңгі бақи дұрыс деп кетеді. Ненің ақ, ненің қара екенін тек мәзһабпен ғана шектеуге болмайды.
JoomShaper
Top