Оралдан Сирия асып, оралмады

Жұма, 08.04.2022

Елімізде дінімізді құрметтеуге барлық жағдай жасалса да, шалыс басып, шалт кетіп, шетел асқан мұсылман бауырларымыз, өкінішке қарай, баршылық. Жалған намыстың жетегіне еріп, Оралдан Сирияға кетіп, сол жақта марқұм болған cаралжындық жігіттің анасымен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Айбарша апа, қазаның арты қайырлы болсын. Балаңыз туралы қысқаша айтып өтсеңіз.

– Жолдасым 2005 жылы қайтыс болғанда, балаларым жас еді. Соларды өсірдім, өндірдім. Әділбек – баламның үлкені. Өте әдепті, тәртіпті болды. Орал педагогикалық колледжінде оқып жүріп, соңғы курсынан тастап кетті. «Мама, академиялық демалыс алдым, асықпай бітіремін ғой», — деді. Содан үйленді, немерелі болдым. Ата-енесімен бірге тұрды. Мешітке барып жүрді. Бокстан, таэквондодан хабары бар. Балаларымның ішіндегі маған ең жақыны да, сырласып, ашылып әңгіме айтатыны да сол балам еді.

– Сирияға кететіні туралы білдіңіз бе? Мүмкін ана жүрегі сезген шығар? Ол жаққа кетуіне не себеп болды деп ойлайсыз?

– Жоқ, білген де, сезген де жоқпын. Жағдайлары жоқ дейін десем, жұмыстары бар, саяжайлары бар, атасы жұмыста, енесі мүгедектігіне байланысты зейнетақы алады. Шет жерге кетпестен 1-2 күн бұрын немеремді алып үйге келіп, қонақ болып, әжесіне барды. Немерем аздап сырқаттанған соң, такси шақырып, Оралға кетті. Содан хабар болмай қалды. Төрт күннен кейін қызыма айтып, «Үйлеріне барып келші», — дедім. Қызым үйіне барса, басқа адамдар тұрып жатыр екен. «Бұл үйде ондай адамдар тұрмайды», — депті. Он-он бес күннен кейін балам өзі хабарласып, «Мама, біз кетіп қалдық, кешір», — дейді. Бұл 2013 жыл болатын. Басқа нөмірден хабарласты түннің бір уағында. Бір қаланы айтады, тіпті есімде жоқ. Аңырап, есімізден тандық та қалдық. Содан бері ішкенім ірің, жегенім желім болып жүрдім.

– Хабарласып тұрды ма? Соңғы рет қашан хабарласты?

– Үнемі хабарласып тұрды. Өткен жылы 9 мамырда соңғы рет хабарласты. Бір күні «Балаңыз соғыста қаза тапты» деген хабар келді. Ол жаққа ата-енесімен бірге кеткен екен. Екі группаласы шақырып алған деп айтады. Оны кейін білдім. Атасы да сол жақта қараша айында соғыста қаза тапқан. Құдағайым, келінім, немерем сол жақта. Немеремді сағындым, ең болмаса көріп, қолынан ұстай алсам, жарар еді деп жылап отырамын. Келінім сөйлесіп тұрады, немеремнің сөйлегенін телефонмен жіберіп отырады. Біздің отбасымызға өте ауыр тиді. Әсіресе, өзінен кейінгі інісі Жәнібегім қатты қайғырады. Өзінің бауырына, кішкентай інісіне сағынышын өлеңге қосып, үнемі жазып отырады. Оны оқып мен егілемін. Әбден шаршадым. Үшінші баламды үйлендірдім. Келінім балалар үйінде тәрбиеленген, қазір балам екеуі Бұлдыртыда шаруа қожалығында жұмыс жасайды.

– Өзіңіз, басқа балаларыңыз дін жолын ұстана ма? Бауырлары ағасы туралы не айтады?

– Өзім бір жыл болды намазға жығылғаныма. Бауырлары да дін жолында. Өзім дін істері басқармасы берген кітаптардан оқып үйрендім. Ағасын жоқтап, бауырлары егіліп отыр. Олардың мұндай жолға бармайтынына сенімдімін. Көріп отырып өлімге бармайтын болар, өздері менімен бірге еңіреп жылап отыр бауырларын жоқтап. Келінім 1994 жылы туған. «Елге қайтыңдар, немеремді көрейін» деп жазып жатырмын. Бірақ әзірге нәтижесіз.

– Жастарға, жалпы қоғамға не айтасыз?

– Мен баламның ол жаққа кететінін білмей қалдым, білсем, оған жол бермес едім. Қай ата-ана баласын ол жаққа біліп жіберіп жатыр дейсің. Жастарға айтарым, ақылдарыңнан адаспаңдар. Дұрыс жолмен жүріңдер. Ендігі жерде ата-аналар мен секілді баласын жоқтап жыламасын деп тілеймін. Қазір немеремнің амандығын тілеп, бір иіскеуге зар болып отырмын. Сондықтан ата-аналарға да балаларын қадағалап, мұқият болуын сұраймын. Ол жаққа жағдайы болмай немесе күн көре алмай кетіп жатқан жоқ. Жалған намысқа еріп кетіп жатыр жастарымыз. Ел болып, қоғам болып осының жолын кесуіміз керек.

Осы  жағдайға  байланысты  Қаратөбе  ауданының  теолог  маманы  Әмірбек  Әлібекұлына  жолығып,  пікірін  білген  едік.

– Жалпы, мұндай жағдай жалғыз Әділбектің басындағы ғана емес, діннен ешқандай хабары жоқ жастардың мәселесі. Өйткені, олар жиһад деген жалған ұранмен өзі туып-өскен елді мекенін тастап, Отанынан безіп, шетел асып, соқыр сенімге көзсіз еріп кетуде. Әділбек те сондай азаматтардың айтқанына көніп, ешкімнің ақылына құлақ аспастан, ар-ожданын аяққа таптап, шын намыстың ара-жігін ажырата алмай, жалған намысқа тырысып, осындай қадамға барған. Бұл жерде Әділбек діни ағымға ақылының таяздығынан емес, діни білімінің таяздығынан кетіп қалып отыр. Оның Сирия секілді мемлекетке баруы, тіпті, ата-анасының рұқсатынсыз баруы ҚМДБ тарапынан құпталмайды және ол ислам дінімізде де қатаң айыпталады. Сирияда болып жатқан соғысты Әділбек секілді жастарымыз дін үшін емес, өз мемлекетінде болып жатқан азаматтық соғыспен шатастырмауы қажет. Бір мысал айтайын: баршамызға, жалпы азаматтарға Отанын қорғау, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу – азаматтық әрі адамзаттық борыш. Ал сол азаматтар әскерге барудан қашады. Сөйтіп келіп, Сирия секілді өзге мемлекетте жиһад деп жалған антпен ұрандатып соғысуға құмар. Менің айтпағым, өз Отанын қорғай алмайтын – адам, өзге мемлекетті қорғамақ түгілі, пайдасын да тигізе алмайтындығы – ақиқат нәрсе. Ислам діні – қару алып, соғысуға емес, қалам алып, ғылым алуға үгіттейтін, насихаттайтын ең кемел дін.

– Ваххабизмнің салдары қандай?

– Ваххабизм – дін емес, қаржылық мақсатты көздейтін біреулердің саяси идеологиясын қоғамға күштеп тарататын саяси ұғым және исламның мақсат-мүддесін басқа арнаға бұратын, дінімізді қаралайтын ұйым. Белгілі бір адамдардың саяси шоғыры. Ваххабизмнің негізгі ошағы – Сауд Арабиясы мемлекеті. «Қазіргі қоғамда біз ғана тек таза дінді ұстанамыз» деп, қалғандарын адасушылықта санайтын адамдар тобы. Өйткені ислам дініндегі негізгі Құран-Кәрімді және пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерін дұрыс түсінбеудің салдарынан әрбір аяттың, хадистің астарлы мағынасына терең бойламай, тікелей мағына беруінде және солай қаз-қалпында түсінуінде жатыр. Олардың негізгі көріністері – қоғамды айыптау.

Намаз оқымаған адамды, ата-анасын кәпірге шығару. Осындай мәселеден келіп ислам дінін адамдарға қорқынышпен насихаттауында жатыр. Қазіргі қоғамда ваххабизмнің көріністерін діни үкімдерге қарап та ажы-ратуға болады. Қарапайым дау туындамайтын мәселелерде бүйректен сирақ шығарып, діннің әмірі мен тыйымдарын дұрыс оқымағандықтан, білмегендіктен, жалған пәтуа беріп, қарақұрым халықты да адастыруда. Мысалы, «Намаздан кейін бет сипауға болмайды, Құран оқып, кейін бет сипауға болмайды» деген түсініктерді тудырып, ғалымдар қаузап кеткен мәселені қайтадан өршітіп, өздерінше ғылымға, ислам дініне жаңалық енгізгендей түсініктерімен ерекшеленіп жүр. Негізінде бұл өзі – жеке тақырып. Бір том кітапқа жүк болар тақырып. Оны қарапайым халыққа ақпарат құралдары арқылы да насихаттаймыз деген ойдамын.

– Жастарымыздың дін жолын ұстанамыз деп теріс бағыттағы ағымға түсіп кетуіне не себеп деп ойлайсыз?

– Біріншіден, мұның да көптеген қырлары мен біз біле бермейтін сырлары көп. Дін – өте нәзік мәселе. Ол – үлкен ғылым саласы. Оны кез келген санасы саяз жастар да, орта буын аға да, жасы келген қария да дін туралы негізі болмаса, өз бетінше түсініп кете алмайтындығы анық. Біз тәуелсіз ел болып, еңсемізді тіктегенге дейінгі уақыттардан бұрын Кеңес өкіметінің бодауында болдық. Қарапайым халыққа дінді апиын деп түсіндіріп немесе дінге тыйым салған кездердің болғандығын білеміз. Соның салқыны тәуелсіздік алсақ та, қазіргі қоғамда үрей тудыруда. Қазір баласы дін туралы бір нәрсе айтып яки мешітке барса, «Барма!» деп тыйым салып жатқан ата-аналарды көресіз. Бірақ ертең баласы мешіттен емес, сол дінді көшеден үйренсе, адасса, кім жауап берген болар еді. Әлбетте, бұдан ешбір ата-ана өзін ақтай алмасы анық. Менің қысқаша айтпағым, біз өзіміздің рухани тірегіміз болған дінімізді бала жастан санасына ол түсінетін деңгейде айтып отырсақ, өзіміздің де дін туралы мағлұматымыз болса, бүгінгідей ағымдарға біршама тосқауыл болар еді. Дін мешіттегі молдаға яки намаз бен Құран оқитын адамға керек емес екендігі ақиқат. Ол біздің өмір сүріп отырған қоғамымызға қажет. Діни сауатты болсақ, өзімізді дұрыс жолға, кейін отбасымызды, қоғамды дұрыс бағыт-бағдарға, түсінікке, дініміз туралы адаспауға шақыра аламыз.

Сұхбаттасқан Нұрлан ҚҰМАРҰЛЫ,

БҚО, Қаратөбе ауданы

Оқылды 842 рет
JoomShaper
Top