Шаянның уын қайтарған «Фатиха» сүресі

Бейсенбі, 26.01.2022

Құранның адам баласы үшін шипа екеніне дау жоқ:

«Құраннан, иман келтіргендер үшін шипа және мейірім түсіреміз» (Исра: 82).

Біз өзіміздің ғибратты әңгімелерімізде Құран аяттарының адам үшін қаншалықты шипа екені туралы айтып келеміз. Сондай ғибратты әңгімелердің бірі, пайғамбардың (с.ғ.с.) кезінде болған мына оқиға:

Бір күні сахабалар сапарға шығады. Күн бата демалулары үшін олар яһудилердің қоныстанған ауылына тоқтайды. Сахабалар бұл ауылға құдайы қонақ болып барады. Бірақ ауыл тұрғындары оларды қабылдамай елді-мекеннің сыртына шығарып жібереді.

Сол арада яһудилердің көсемін шаян шағып алады. Олар оның уын қайтару үшін ем жасап әбден әлекке түседі. Бірақ, мұның барлығы оңды нәтиже бермейді. Олардың арасынан біреулері:

–Қап, әлгі жолаушыларды ауылда алып қалғанда, бәлкім олардың бірінен мына дертке қарсы дәрі-дәрмек шығарма еді! – деп сан соққандары да болды.

Сөйтіп яһудилер ауылдың шетіне уақытша тұрақтаған әлгі сахабаларға келіп:

–Ей, жамағат! Біздің көсемімізді шаян шағып алды. Қолымыздан келгенін жасадық. Шарамыз таусылды. Сендердің біріңде бұған ем қылатын нәрсе бар ма? – деп өтініш білдіреді.

Сахабалардың арасынан біреуі тұрып:

Ия, бар. Аллаға қасам, мен дем саламын! Бірақ, біз сендерге құдайы қонақ болып барғанымызда сендер бізге жылы шырай танытпадыңдар. Сол үшін сендер бізге ақы төлейсіңдер, әйтпесе дем салмаймын – деп шарт қояды.

Яһудилер мұның ақысына біршама қой беруге сөз береді. Әлгі сахаба барып, шаян шаққан яһудиге «Фатиха» сүресін оқып үрлейді. Ол дертінен айығып, орнынан тұрып, жүріп кетеді. Яһуди қауымы келіскендей әлгі сахабаға қойларын береді. Сахабалардың бірі:

Бұл қойларды бөліп алайық – деген ұсыныс айтады. Құран оқыған сахаба:

Жоқ, Алланың елшісіне (с.ғ.с.) барып, хабар бермейінше бұлай жасамаймыз – дейді. Олар келісіп, пайғамбарға (с.ғ.с.) болған жағдайды баяндайды. Сонда Алланың елшісі (с.ғ.с.):

Оған дем салу керектігін қайдан білдің? – деп, кейін:

Олжа сендердікі, оны бөліп алыңдар – деп олардың олжалап алып келген қойларын бөліп алуларына рұқсат береді (Бұхари, Мүслим).

Міне, құрметті оқырман әңгңмедн көргеніміздей Құран – шипа. Егер пенде Құранды ықыласпен оқыса, Алла қаласа дертіне шипа табары сөзсіз. Біз тек «Фатиха» сүресінің ғажайып бір ғана қырын көрдік. Алланың Кітабы сыр мен ғажайыпқа толы.

Жалғас Садуахасұлы, дінтанушы.

Оқылды 663 рет
JoomShaper
Top