Министр Нұрлан Ермекбаев Әзербайжан елшісін қабылдады

Сәрсенбі, 01.03.2017
Министр Нұрлан Ермекбаев Әзербайжан елшісін қабылдады

Астана. 1 наурыз. E-ISLAM – ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев Әзербайжанның Қазақстандағы Елшісі Рашад Маммадовпен кездесті, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Сұхбат барысында тараптар Қазақстан-Әзербайжан қарым-қатынасының өзекті мәселелері, сондай-ақ дін, азаматтық қоғам салалары мен жастар саясатын одан әрі дамытудың бағыттары бойынша пікір алмасты.

Н.Ермекбаев террорлық және діни экстремистік қауіп-қатерлерге қарсы тұруға бағытталған аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тетіктерін анықтау екі елдің алдында тұрған негізгі мәселелердің бірі екендігін атап өтті.

Осы орайда Министр діни бірлестіктермен өзара ынтымақтастық практикасы аясында тәжірибе алмасудың қажеттілігіне назар аударды.

Өз кезегінде Р.Маммадов Әзербайжанның екі елдің игілігіне бағытталған Қазақстанмен әріптестік және өзара тиімді қарым-қатынасын нығайтудағы ұмтылысын атап өтіп, еліміздің ұлтаралық саясатын жүзеге асырудағы күш-жігерін жоғары бағалады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар конфессияаралық диалогты тұрақты өткізіп тұруға, сондай-ақ мемлекеттік-конфессиялық қатынастар саласында тәжірибе алмасу үшін екі елдің өкілдерін іссапарға жіберіп тұруға уағдаластыққа қол жеткізді.

Айта кетерлік жайт, 2017 жыл Әзербайжанда «Ислам ынтымақтастығының жылы» деп жарияланды және оның шеңберінде әртүрлі іс-шараларды өткізу, соның ішінде мұсылман елдерінің мәдениет, азаматтық қоғам және жастар өкілдерінің іссапарларын ұйымдастыру жоспарлануда.

Оқылды 103 рет
JoomShaper
Top